Орыстардың құдалығы, 1-мамырға арналған көрініс, частушка
Орыстардың құдалығы
(Мектеп сахнасына арналған көрініс)
(Сахнаға Оля атты орыс әйел шығады.)
Оля:
— Ой-батюшки! Мамочка родная! Надя, Наденька?!
(Сахнаға екінші әйел шығады) Надя:
— Сәлем бердік Оля әпке! Не боп қалды? Тыныштық па?!
Оля:
— Ой-Надянка, менің саған айтар керемет жаңалығым бар!
Надя:
— Ммм, Петрович алтын балық аулап алды ма? Әлде тауығыңыз алтын жұмыртқа туды ма?
Оля:
— Тілің ащы сенің Наденька! Серёжам «үйленем» дейді.
Надя:
— Ооо, мәссаған, құттықтаймын! Кімге?!
Оля:
— Иван Василевичтың қызы Вероникаға!
Надя:
— Охо! Ең сұлу қызға көзі түсіпті ғой Королевичтің.
Оля:
— Соған құдалыққа апаратын дәмді каравай керек болып тұр. Ауылда ең дәмді, ең тәтті, ең жұмсақ, ең биік көтеріліп пісетін сенің каравайың болғандықтан... өзіңе келдім Наденька?! Қолымды бос қайтармассың.. деп өтінем..?!
Надя:
— Ммм, қашанға керек?
Оля:
— Бүгін кешке дайын болса?! Түнделетіп көзге түспей барып қайтсақ деп едік.
Надя:
— Ұн бар, бірақ сүт пен қаймағым болмай тұр. Айтпақшы жұмыртқа да керек?!
Оля:
— Біздің үйде пісіруге қалайсың?! Қаласаң өзіңе де біреуін пісіріп ал! Тек бүгін кешке дейін дайын болса?!
Надя:
— Ай, жарайды. Онда құдалыққа мені де ерте барасыздар! Қызық көріп қайтайын.
Оля:
— Әрине қымбаттым! О не дегенің?!
Надя:
— Онда кеттік!
(Екеуі сахнадан кетеді.)
ІІ - сахна
(Сахнада қыздың әкесі, анасы, әжесі, қызы төртеуі шай ішіп отырады. Осы кезде біреу есік қағады. Қыз атып тұрып сахнадан кетіп қалады. Анасы қызына таңдана қарап, басын шайқайды да):
— Кім екен бұл түнделетіп есік қаққан? Тыныштық па?
(Сахнаға каравай ұстаған Оля, Надя, күйеу жігіт, әкесі шығады.)
Оля:
— Тыныштық, тыныштық!
Жоқ іздеген жоқшылармыз.
Біздің ханзадамыз су жағасынан сұлу бақыт құсын көрген екен. Қасына таяй бергенде құс шошып, ұшып кетіпті. Қолында тек құстың қауырсыны ғана қалыпты. Сұрастыра келе, сол бақыт құстың осы үйде тұратынын білдік. Ханзадамыз «бақыт құсын алмай кетпеймін!»- деп тұр. Бізде — ұл бар, сізде — қыз бар. Верониканы айттыра келдік?!
Анасы:
— Пах, шіркін! Кім көрінген айттыра беретін, біздің қыз оңай олжа болды ғой бұл ауылға! «Ханзада»- деп қояды. Көрейік ханзадаңызды?! Ұнамаса, бірден қуып шығам! Ренжімеңіздер!
Оля:
— Ханзадамыз екі иығына екі жігіт мінгендей күшті, реңді, сұлу жігіт. Анау-мынау қызды менсіне қоймайды. Ерте келдік өзін. Серёжа, алдыға шық!
(Ең артта тұрған жігіт ұялып алдыға шығады. Қыздың анасы жігітке бастан-аяқ бір қарап):
— Болады екен! Сұлулығын езіп ішпейміз? Қолынан не келеді?
Оля:
— Не келеді дерің бар ма? Серёжа егін ексе бітік шығады. Шалғымен шөп шапса, алдына адам түсірмейді. Күрессе — бәрін жығады. Ойын-тойдың гүлі. Ысқырығы тау асады.
Қыздың әжесі:
— Жарайды, жарайды! Мақтауын асырдыңыз! Жетеді!
Надя:
— Айтпақшы неге Серёжаны ғана сөз қылып тұрмыз? Қызды неге көрмейміз?! Бәлкім көзі қыли, аяғы қисық, түрі көріксіз шығар?!
Қыздың анасы:
—Тфу-тфу! Тілім тасқа! Қызым, бет біткеннің сұлуы! Тал бойында бір мін жоқ! Вероника, бері кел!
(Сахнаға төмен қарап Вероника шығады.)
Оля:
— Ой, тамаша! Қандай сұлу қыз?! Бақытты бол қызым!- дейді.
Надя:
— Ия, сұлулығында мін жоқ! Бірақ Серёжаға сұлуынан гөрі, ас дайындай алатын, шаруаға пысық, іске икемді жар керек?! Егіс басына шықса, көмек берер жәрдемші, нан жауып, іс тігетін шебер әйел керек! Қыздарыңыздың қолынан не келеді?
Қыздың анасы:
— Қызымызды жастайынан еңбекке баулып өсірдік. Күндіз бау-бақшаны баптап, бөшкеге варение-солениесін басса, түнімен кесте тігіп, тор тоқиды. Киімін де өзі тігіп киеді.
Қыздың әжесі:
— Сиыр да сауады, көмбеге нан да жабады. Қолы алтын. Вероника, қызым. Тіккен кестелеріңді әкелші...?
(Вероника ұяла басып, төмен қараған күйі кесте немесе торды алып келеді. Анасы қолынан алып, қонақтарға көрсетеді.)
Оля:
— Тамаша! Керемет! (Вероникаға жақындап келіп):
— Вероника, сен Серёжаны өзіңе қожайын етуге разысың ба?-деп сұрайды.
(Вероника үндемейді.)
— Вероника, сен Серёжаны өзіңе қожайын етуге разысың ба?-деп, екінші рет сұрайды.
(Вероника үндемейді.)
— Вероника, сен Серёжаны өзіңе қожайын етуге разысың ба?-деп, үшінші рет сұрайды.
Вероника:
— Разымын!- деп ұяла сыбырлайды.
Надя:
— Көз тимейсін! Ханшайым да, ханзада да отбасын құруға дайын екен! Рұқсат етсеңіздер, жастарға бата беріп, бақыт тілесек?!
Қыздың анасы:
— Ой, ұмытшақ басым! Сіздерді дастарханға шақырмаппын ғой? Ғафу өтінемін! Дастарханға келіңіздер!
ІІІ-сахна
(Барлығы жағалай дастархан басына жайғасады. Осы кезде Серёжаның әкесі былай дейді):
— Құрметті құдалар! Нан мен тұздарыңызға рақмет! Енді Вероника бізге каравай турап берсе?! Бізді қалай атайды? Кім деп қабылдайды? Соны айтса?!
Оля:
— Дұрыс! Бізге қалай құрмет көрсететінін көрейік?
Надя:
— Қане, Вероника?! Біздерге каравай тарата ғой!
(Вероника каравайды үлкен төрт бөлікке бөліп, біреуін қайын атасына беріп тұрып):
— Дәмнен ауыз тиіңіз! Бұдан былай сізді өз әкемдей көріп, «Батюшка» деп атаймын - дейді. (Барлығы ой-бәрекелді! Жарайсың! - деп қол шапалақтайды. Вероника келесі нанды енесіне ұсынып):
— Дәмнен ауыз тиіңіз! Бұдан былай сізді өз анамдай көріп, «Матушка» деп атаймын - дейді. (Барлығы қол шапалақтап, «дұрыс», «жарайсың»- дейді. Қалған екі бөлек нанды Серёжа Верониканың ата-анасына дәл осылай ұсынады. Олар «рақмет Серёжа» - деп, наннан ауыз тиеді.)
Надя:
— Ал құдалар, жастарға ақ тілегімізді айтып, үйлену тойға даярланайық?! - дейді.
(Барлығы):
— Жастар бақытты болсын!
— Ұзақ өмір сүрсін!
— Ұрпағы көп болсын!
— Тек қуанышты өмір сүрсін!- деп бата береді.
(Осы кезде частушканың әуені басталып, барлығы 1-мамырға байланысты ән айтып, билеп шығып кетеді.)
Бірінші мамыр құтты болсын,
Барлық ұлттар тату болсын.
Орыс-қазақ мәңгі дос боп,
Мамыражай заман болсын!
* * *
Бірінші мамыр келгенде,
Мән береміз киімге.
Осы әсем көйлектерді,
Неге күнде кимеске?!
* * *
Әр ұлттың киімі,
Жарасады өзіне.
Анам орыс болған соң,
Орыс деп ойлар мені де!
Бірақ қазақ қызымын,
Мұсылманның бірімін.
Менен мықты жан болмас,
Озық болса білімім!
* * *
Жер бетінде адамзаттың,
Бәрі туған бір атадан.
Ұлтқа, руға бөлінбейік,
Араздасып болып надан!
* * *
Бұл мектепте орыс, ұйғыр,
Түрік, татар қыз оқиды.
Қазақ тілде білім алып,
Өздерін жат сезінбейді!
* * *
Жасай берсін татулық,
Жасай берсін тыныштық!
Мамыражай заман боп,
Арта берсін туыстық!
Г. Қасенбай
29.04.2023
Тапсырыс берушілер үшін байланыс номерім: +77002303625