Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Отан үшін

Қазақтың мемлекеттік Академиялық драма театры кеше жас драматург Ә. Әбішев жолдастың «Отан үшін» атты жаңа темада жазылған пьесасын қойды.

Жас драматургтың театр искусствосындағы алғашқы адымы — жаңа спектакльді көруге біз де асықтық. Біз де театрға келдік.

Міне Академиялық театр, міне оның өзіміз көріп жүрген залы мен таныс сахнасы. Фойе толған адам, бәрі де сахнаның ашылуын асығып күтіп отыр. Сахна ашылды. Зрительдердің көзіне 1916 жылдың бір аянышты суреті жарқ ете қалды.

Екі талай кезеңде ел бастаған қазақ халқының адал ұлы Серғазы, оның қасына ерген сарбаздар. 1916 жылдың қара түнегі түтеп соғып тұрған кез. Қазақ халқының басына туған ажал қайғы, қанды шердің үсті. Серғазының қолында мылтық, белінде қылыш. Қалың елдің тілегі үшін, бостандық үшін, басын майданда елімге байлап, патша әскерлеріне қарсы соғыс ашты.

Тауда бекіністе жатыр. Қасында сенімді сарбаздары, әйелі, емшектегі ұлы — Еркін.

Шымылдық ашылғанда пьеса біздің көз алдымызға осы суреттерді елестете, осы сияқты аянышты халды көр¬сете жөнелді. Жазушы 1916 жылдың эпизодын жаңа әдіс, жаңа приеммен жазуға тырысқан.

Майдан үстінде ерлікпен өлген Серғазы, оның артында жесір қалған әйелі, жетім баласы, қанды қол Құртымбет, зарлап қалған ана мен баланы өлімнен айырып қалған мейрімді ержүрек солдат көптің көз алдынан тізбектеліп өтіп жатады. Бұл картинада ірі уақиғаның, ұлы істердің әлі алда жатқандығы көрінеді.

Зритель жетім қалған бала мен жесір қалған әйелдің жайы не болар екен деп, олар қандай қиын қыстаулардан өтеді екен деп күтіп отырады.

Екінші картина. Сахнаға пионерлер шығады. Пионерлерді ертіп жүретін көмір өндірісінің қарт жұмысшысы – Керім. Бұлардың жүрген жері 1916 жылдың майданында халық батыры Серғазы өлген жер.

Таудың бір жерінде 1916 жылғы өлген құрбандардың ескерткіші жазылған тас. Оның қасына келген пионерлер: «Төгілген қан босқа кеткен жоқ...» деген сөзді оқып масаттанады. Балалар ол жазудың мәнісін Керімнен сұрайды. Керім тастағы жазуды өзі жазғанын, бұл жерде өлген Серғазы батыр екенін айтады. Сонымен қатар осы қалаға оқудан қайтқан Серғазының инженер баласы Еркіннің келе жатқанын, соны қарсы алғалы тұрғанын айтады. Еркінді қарсы алу. Оны күткен адамдар. Еркіннің анасы, баяғы жауыз Құртымбет, оның асыранды қызы – Еркіннің сүйгені Гүлжан, шахтер Керім, партком секретары Егорина т. б. Бұлар асығып күтіп тұрғанда Еркін келеді. Мәз-мейрам, қуаныш. Бұрынғы бандит, қазір шахта бастығы болып алған Құртымбет Еркінге жақындығын айтып, құшағын жаяды. Өз еркіне көндіріп, айтқанына жүргізбек болады. Осыдан былай қарай пьесада махаббат пен өндірістегі тартыс қатар шиеленісіп өрши береді.

Бір жағы — сахнаның бас инженері зиянкес — Данко, Құртымбет, Шалабайлар. Екінші жақ — партком секретары Егорина, жас инженер Еркін, шахтер Керім, НКВД начальнигі. Екі ортада Еркіннің сүйгені Гүлжан. Міне, осыдан бастап жаңа тартыс, жаңа уақиға өрістей береді. Тартыстың объектісі — зиянкестер жауып тастаған қара шахта. Еркін бастаған топтың қара шахтаны ашу, ондағы толып тұрған көмір байлығын отанымызға беру планы мен зиянкес Данко, Құртымбеттің ол шахтаны жабу планы. Егер аша қалған күнде шахтаны бүлдіру, өрт шығару, шахтаға түскен Еркіндерді құртып жіберу планы шиеленісіп жүріп жағады. Оның аяғы барып зиянкестердің шахтада өрт шығаруы менен ол өрттен күні бұрын біліп, сақтанған Еркіндердің аман қалуымен тынады. Ақыры сол уақиғаның зиянкесі Құртымбет, Данколар ұсталып, Еркін өзінің сүйген қызы Гүлжанмен қосылып барып уақиға аяқталады.

Пьесаның қысқаша мазмұны осылай. Жас драматург Әбішев жолдас өзінің пьеса жазудағы алдына қойған мақсатын дұрыс орындап, пьесаны қызықты етіп драмалық жолмен ойдағыдай шығара алған.

«Отан үшін» постановкасын зрительдер қызыға қарады.

Енді театр коллективі туралы, оның жас авторға көмегі, ойыны, сахналық оформлениесі туралы бір-екі сөз айта кетелік.

Бұл постановкені көргенде театр коллективінің көп жұмыс жасағандығы байқалады. Өйткені, біріншіден пьесаны жазушы Әбішев жолдас жас автор болса, екіншіден, ойнаушылардың көпшілігі ылғи жастар. Бұл постановкені қоюға постановщик режиссер Насонов пен режиссер ассистенті қызметін атқарған М. Шамова жолдастар да көп еңбек сіңіргені байқалады.

Әсіресе жас художник Өскенбаев пен Силаев жолдастардың жасаған декорациясы өте ұнамды, өте жақсы шыққан.

Ал артистердің жеке рольдерін орындау жағын айтсақ: өз ролін ұнамды етіп жақсы орындаған Жағда. Құртымбет ролін атқарған Жағда жолдас актерлік шеберлігін, ысылғандығын, әрбір жаңа типті өз бойына қондырып ала қоятындығын, өзі атқарып жүрген ролін кеңінен түсінетіндігін көрсетті.

Егорина ролін ойнаған Сәбира, Шалабай ролін ойнаған Сейфолла өз ролдерін ойдағыдай атқарып шықты. Еркін ролін атқарған Ә. Сабырбаев жолдастың қимылдарында, сөйлеген сөздерінде ерсілеу көріністері болды. Оның қуанған, ренжіген, сүйінген жерлерінде де сөздері бір қалыпта шығып уақиғаға үлесімді образ таба алмағандығы көрінді. Бұл әрине түзелетін кемшілік.

Еркіннің сүйген қызы Гүлжан болып ойнаған Абдуллина өз ролін көбінесе сылбыр атқарды.

Қорытып айтқанда театр коллективі бұл постановкені әжептәуір творчестволық табыстармен қоя алды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама