Парықты пайым, парасатты пікір керек
С. А. Белгілі қаламгер, байыпты қайраткер, білікті саясаткер ретінде аса зор сенім артып, халық қалаулыларының тұңғыш кәсіби парламенттің жетекшісі етіп сайлағанына қуанышымызды білдіріп, сізді бұрын да құттықтаған едік. Енді сол сезімімізді ресми түрде білдіріп, құрметті де күрделі қызметіңізге игі жемістер тілеуге рұқсат етіңіз, Әбеке!
Ә. К. Рахмет! Бәрі де қайырымен болсын! Шарафаты баршамызға бұйырсын!
С. А. Қазақ атамыздың «атқа міндің – ажалға міндің» деген бір дана сөзі бар. Ел басқарып, биліктің қос тізгінін тең ұстауға тиіс азаматтың ұдайы қылпып тұрған ұстараның жүзінде жүргендей болатынын осыдан артық қалай айтып жеткізерсің. Өйткенмен, елің сенім артқан соң нар жүгін де қайыспай көтеруге тура келері хақ. Сонда да өзімен өзі оңаша сырласып, басы бос, уақыты көп болуын қалайтын жазушыға басшылықтың бедел тәжі ауыр тиіп жүрген шығар деп те ойлаймыз. Әлде қаламгер пешенесіне қашан да халыққа қызмет ету жазған ғой, «екі есеп – бір есеп» деп ұзақты күн мәжіліс жүргізуге ет үйретіп, кендігіп кеттіңіз бе?
Ә. К. «Адам қырық күннен соң тамұққа да үйреніп кетеді»,– дейді ғой. Бірақ, ол қағида саяси қызметке жүрмейтін сияқты. Ел тағдырына барып тірелетін әр мәселе қаралған сайын сират кәпірдің үстінде келе жатқандай сөзінесің. Жауапкершілік пен енжарлықтың ешқашан тіл табыса алмайтындығы да осыдан шығар.
С. А. Міне, жаңа парламенттің жазғы әрі алғашқы сессиясының үш айға созылған мәжілістері аяқталып, күзгісіне де әзірлік жүріп жатыр. Әрине, депутаттар айтысып-тартысып қана тарқамай, қыруар мәселе қарап, қаншама құжаттар қабылдады. Жасыратыны жоқ, біраз жұрт: жарым жартысы жоғарыдан түскен тізім сайланған бұл «қалтадағы парламент» болып, Президенттің айтқанына көніп, айдауына жүріп, бұйдалы ботадай байпаңдайды да отырады,– деп даурығып еді. Бірақ халық қалаулыларының бұл толқыны олар айтқандай қой аузынан шөп алмас, қозыдай момақан бола қойған жоқ. Тіпті депутаттардың бір тобы үндеу тастап, елдің тығырыққа тірелуіне тікелей кінәлі деп республика үкіметінің орнынан кетуін талап етті. Сол сәт жұрт ақыры немен бітер екен деп демін ішіне тартып, тына қалғанымен, қалауының дұрыс шыққанына көз жеткізіп, сөзін сөйлер азаматтардың барлығына тәубә дескен-ақ шығар. Шындық шыңына шығарар сондай пікір таластарының үстінде шыңдалады ғой депутаттар да. Олай болса Жоғарғы Кеңестің әрбір сессиясы өз алдына бір мектеп емес пе? Сондықтан алғашқы сессияның халыққа, ол қалап сайланған азаматтарға не беріп, не қойғанын өз аузыңыздан естісек дейміз.
Ә. К. Жаңа Парламент – төбеден түскен парламент емес. Оның қандай болатыны былтыр қабылданған Ата Заңымызда айқын көрсетілген-ді. Тәуелсіздікті нығайту, жүріп жатқан саяси, экономикалық, құқықтық реформаны одан әрі тереңдету – жаңа парламенттің тарих алдындағы парызы. Оның үстіне, ол еліміздің әл-ауқаты төмендеп, адамдардың әлеуметтік ахуалы қиындаған кезде іске кірісті. Мұндай жағдайда жұмысын бастаған жаңа парламенттің мейлінше талапшыл болары өз-өзінен түсінікті. Менің әріптестерім де бұны бірден ұқты Сайлау өте сала таратылып берілген елуден астам заң жобаларын қарауға кіріспей, үкіметтен өзі жүргізіп отырған реформаның жаңа байыптамасын талап етті. Ол – орынды талап еді. Ал үкіметтің орынынан кетуін талап ету мәселесіне келетін болсақ, конституцияда парламентке ондай өкілеттік берілмеген-ді. Сондықтан да, «қырық екінің» үндеуі әуелі комитеттерде, сосын жалпы мәжілісте байыпты талқыланды. Қабылдайтын құжаттың ақырғы нұсқасын қабылдау үшін комитеттер мен депутаттық фракциялар өкілдерінен үйлестіру тобы құрылды. Бұндай талапшылдықтан атқарушы өкімет те зиян шекпеген сияқты. Президент тұңғыш рет парламентке жолдама жіберді. Онда экономикалық реформаны одан әрі қалай өрістетуге байланысты өз топшылаулары мен тұжырымдамаларын баяндады. Парламентке келіп сөз сөйлеп, ағымдағы мәселелер турасындағы пікірлерін ортаға салды. Президент пен парламенттің арасындағы төрт сағатқа созылған «сұбхаттың» екі сағаттан астамы депутаттардың қойған сауалдарына жауап беруге арналды.
Парламентпен қарым-қатынастың мұндай үрдісіне үкімет те көшті. Екі айдай бір-бірімен араласып жарымаған парламенттік комитеттер мен министрліктер бірте-бірте қоян-қолтық жұмыс істеуге дағдыланды. Оған Министрлер Кабинетінің дағдарысқа қарсы жаңа байыптаманың жобасын, оны экономикалық дәйектейтін Меморандумды, 1994 жылға арналған бюджетті талқылау шешуші әсер етті. Аталмыш құжаттар әуелі комиттетерде талқыланды. Оған премьер-министрден бастап, тиісті үкімет мүшелері ат салысты. Комитеттерде айтылған пікірлер мен ұсыныстарды сараптайтын үйлестіру тобы құрылды. Ол топ әр ұсынысты жан-жақты талқылап, бүгін таңда қалай жүзеге асыруға болатындығының ықтимал шешімін белгіледі. Кейін аталмыш жобалар парламенттің жалпы жиынында кеңінен талқыланды. Бұл талқылау айдан астам уақытқа созылды. Ондай байыпты талдау-талқылаусыз асығыстыққа, үстіртікке жол берілер еді. Парламенттің тұрақты қызмет істейтін кәсіби үрдіске көшірілгендегі ең басты мақсаттың өзі сол еді. Осыны түсінбей жаңа парламентті «жайбасарлыққа, орынсыз қазымырлыққа жол беріп отыр» деп айыптау – демократиялық парламентаризмнің табиғатын түсінбеуден туындап жатқан ұшқары пікірлер.
Ондай ұшқарылық депутаттар тарапынан да, үкімет тарапынан да, қоғамдық пікір тарапынан да аз ұшырасып жүрген жоқ.
Біздің балауса демократиямыз балалық ауруларынан «түгел арылды» дей алмаймыз. Кеңестік кеңістіктегі кейінгі жылдарғы саяси орнықсыздық мұндай өтпелі кезеңде болмай қоймайтын экономикалық дағдарысты пайдаланып, билікке таласты әсіресе өршітуден етек алып отыр. Біреулерге нарық ұнамайды. Біреулерге демократия ұнамайды. Біреулерге тәуелсіздік ұнамайды. Біреулерге бүгінгі билік басында отырғандар ұнамайды. Бәрі де өзін «оппозициямыз» деп атайды. Осындай жағдайда билік институттарының өзара қырғи-қабақтығы қосылса, экономикалық дағдарыс саяси дағдарысқа ұласып шыға келеді. Оған ұрынбас үшін қоғамда қанша ағым, қанша пікір болса, соның бәрі тоғысатын парламентке айырықша байыптылық пен байсалдылық керек. Ауызға қақпақ салудың қажеті жоқ. Айтылатын пікірлер айтылсын. Сыналатын жәйіттер сыналсын. Анықтылық пен ақиқаттылық ахуалы орнатылсын. Бірақ, соның бәрі дүрдараздық пен шамшылдықты өршітуге емес, жағдайды мұқият талдап, ықтимал шешім қабылдай алатындай іскерлікке бағытталсын.
Ол үшін қоғам бастан кешіп отырған жағдайда ненің бірінші кезекте, ненің екінші кезекте тұруға тиісті екенін түбегейлі анықтап алмай болмайды.
Өз басым, бүгін таңдағы ең басты мәселе – тәуелсіздікті нығайту деп білемін. Өйткені, мемлекетіміздің егемендігі мен тәуелсіздігі қазіргідей дүрбелең кезде тек қана бір ғана халықтың емес, Қазақстанды мекендейтін барша азаматтардың өмірлік мүддесін қамтамасыз етудің кепілі болып табылады. Қазақстанда тәуелсіздіктің жағдайы орнықпай тұрып, демократия да, нарық та ойдағыдай өрістеп кете алмайды. Ол үшін жаңа қабылданған Конституциямыздың өзекті қағидаларын көздің қарашығындай қорғай білуге үйренуіміз керек. Қай мәселені талқылағанда да, ең алдымен, тәуелсіздікке нұқсан келмеуіне баса зер салуымыз керек. Әсіресе, билік орындарының өзара қарым-қатынасында бұл қағиданы мейлінше берік, мейлінше нәзік ұстана білуіміз керек. Ондай салиқалы мінез әуелі парламенттен табылуы керек. Билік бөлісу қағидасы үш билік орынының маңыз-мақсатын анық айқындап берген-ді. Қоғамның кәмелетке толған ересек мүшелерінің тікелей дауыс беруімен сайланатын атқарушы билік мандаты Президентке берілген-ді. Оған мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатын белгілеу тапсырылған-ды. Бірақ, ол саясат Конституциямен сәйкесіп, халық мүддесіне қайшы келмейтіндей заңдық негізде жүзеге асуға тиісті. Ол үшін елдін ересек азаматтары тікелей дауыс беру жолымен заң шығаратын орын – жоғарғы Кеңесті сайлады. Сондай демократиялық жолмен қабылданатын заңның қалтқысыз орындалуын қадағалау соттық билікке жүктеледі. Бәрі де – басы ашық мәселе. Бірақ, ескі қоғамдық тәжірибе әлгіндей атымен жаңа қағидалардың өзін бөркін айналдырып, көне сүрлеулерге қарай итермелей береді.
Ішкі, сыртқы саясатты белгілейтін атқарушы өкіметтің, соның құқықтық негіздерін белгілейтін заң жобаларын әзірлеп ұсыну әлемдік тәжірибеде кеңінен таралған. Бірақ, соны Конституцияның «рухы» мен «әрпіне» қатаң үйлестіріп, қоғам мүддесіне терең орайластыра, жан-жақты пайымдап қабылдау – парламенттің тел ісі. Бұл арада олар бір-біріне әрі сарапшы, әрі жәрдемші. Мәселе тағдырын ықпалдастық пен талапшылдықтың ара-жігін айқын ажыратып, шебер үйлестіре білу шешеді. Біздің балауса демократиямыз бәр-бәр уақытта осыған жете мән бермей, орашолақтыққа ұрынып қала береді. Ықпалдастықты ымыраластықпен шатыстырып алатын атқарушы өкімет «жан торсық парламент» жасауға ұмтылса, талапшылдықты тікбақай текетіреспен, тайталастықпен шатыстырып алатын заң шығарушы өкімет мемлекет пен қоғам тағдырын екіұдайлылыққа апарып ұрындыратын «қос өкіметтілік» дертін ушықтырады.
Бұның екеуі де біздің көсегімізді көгертпейді. Оған алыс, жақын көршілеріміздің жеп жатқан опықтары айқын сабақ бола алады. «Билік монополизміне» үкіметіміз де, парламентіміз де үйір болмауға тиісті. Бірін бірі үркіту, бірін бірі аударып салу әуелі өкімет тұрақсыздығына, артынан тәуелсіздік баянсыздығына ұрындыруы мүмкін.
Кез келген заң жобасын талқылағанда үкіметтің сәл нәрседен апши қалатын кінәмшілдіктен, ал парламенттің жөнді-жөнсіз баса көктей жөнелетін «саяси әупірімдіктен» бойын аулақ ұстағаны дұрыс.
Кемел демократия елдерінде үкімет парламентпен ақылдаспай, бір де бір шараны жүзеге асырмайды, ал парламент кез келген заңның кез келген бабына әуелі үкімент келісімін алмай тұрып, өзгеріс енгізе алмайды. Өйткені, қоғам мүддесін мемлекет мүмкіндігімен үйлестіре алмаған жерде орнықтыдық ахуал табан тіреп тұра алмайды.
Мұндай өзара қадағалау заңның қапысыз дайындалып, қапысыз пайымдалып қабылдануына, кейін қалтқысыз орындалуына кепілдік береді. Сонда ғана үкімет пен Парламент қырғи-қабақтыққа да, ымырашылдыққа да ұрынбай, «Конституциялық сиысымдылыққа» негізделген іскер қарым-қатынас орната алады.
Біз мұндай қарым-қатынасқа енді үйреніп келеміз. Жаңа Праламент тек бюджетті қабылдау үстінде бұрын қабылданған ондаған құжаттың күшін жоюға тәуекел етсе, ол жұрт айтып жүргендей, тап онша «жұмсақ Парламент» бола қоймағаны. Ал атқарушы өкімет тап сондай талқы мен талдауға шыдай білсе, оның да жалына қол апартпастай «шу асауға» айналып кете қоймағаны. Ендеше, екі тарап та бірлесе ойласып-пайымдаудың, бірлесе талдап-талқылаудың пайдалы екендігін ұғына бастады деген сөз.
С. А. Сонымен, жаңа парламент бұрыннан бар жаттанды жолмен жүрмей, соныдан соқпақ салды дейміз ғой. Шынында да үкімет бір емес, екі дүркін есеп беріп, қазіргі қиындықтан шығудың жолдарын қарастырған бағдарламасын да баян етті. Елбасының өзі сессия жұмысына жиі араласап, күн тәртібіндегі көкейтесті мәселелер жөнінде үнемі пікірін білдіріп отырды. Үкіметтің алаңсыз жұмыс істеп, жағдайды оңғаруы үшін он бес ай мұрсат беруді өтінді. Ал осы он бес айдың ішінде қазір де құлдырап, шыңыраудан бір-ақ шыққан жағдайымыздың түзеліп кетеріне өз басыңыз сенесіз бе? Әлде бұл да баяғы созбұйдаға салар үйреншікті ұзын арқан кең тұсау болып шыға ма?
Ә. К. Он бес айдың тап онша көп уақыт емес екендігі рас. Мұндай мерзім ішінде талай нәрсені бүлдіріп үлгеруге болатын шығар. Ал, бірақ, көп нәрсені түзетіп үлгеруге болатындығына күмәнім бар. Оның үстіне, бізде орын алып отырған дағдарыс тек кейінгі кезеңдегі емес, жылдар бойғы келеңсіздіктердің нәтижесі ғой. Европаның ондаған тіпті жиырмалаған мемлекеттері сиып кететін кең байтақ қазыналы территорияда айналасы жиырма миллион адамды киіндіріп-тойындыратындай жағдайдың жасақталынбай келгендігі – жылдар бойы қаншалықты күйікі экономикалық саясат жүрігізіліп отырғандығына айқын дәлел бола алғандай ғой. Демек, қыруар байлықты игеру емес, иемдену ғана көзделген ғой. Былайғы дүниеде тұтас ұлттық территориялар түгілі шағын аймақ, жекелеген қалалардың өзі табиғи, моральдық ресурстарын игере отырып, басқа аймақтармен өзара тиімді ықпалдастық орната отырып, өзін-өзі қамтамасыз ету саясатына көшіп жатқанда, бізде күллі экономикалық түзілім бар байлықтың бәрінің үстінде отырып, барған сайын өзінен-өзі кіріптар бола түсуге негізделген ғой. Сонда қазір қит етсе, «қалыптасқан экономикалық байланыстардың бұзылғанын» айтып, бар қырсықтың бәрін соған жауып бағатын сабаздардың нені көксеп, неге өкініп жүргеніне таңымыз бар. Өйтіп, бар кесепаттың сырын бүгін қолымыз әзер жетіп отырған тәуелсіздікке жаппай, ежелден бері етек жеңімізден бірдей тартқылап келе жатқан кіріптарлықтан іздеуіміз керек. Тәуелсіздікке емес, басыбайлылыққа негізделген экономикалық саясат қана, қазіргідей тығырыққа әкеп тірей алады. Жылдар бойы мүмкіндігі есепке алынған-мен, мүддесі есепке алынбаған аймақтар ғана күндердің күнінде тап осылай сазға отырып қалады. Өйткені, кіріптар экономикадан тәуелсіз экономикаға кешпей тұрып, ешқандай елдің, ешқандай өлкенің көсегесі көгере қоюы мүмкін емес. Ал, біздің Қазақстанның бұл мәселеде де әрдайым қайдағы бір «қағынған» саяси авантюралардың сынақ алаңына айналып келгендігі мәлім. Әрідегілерді былай қойғанда, күні кешегі қайта құрудың бастапқы кезеңіңде де, ол тап сондай «қатерлі саяси сынақ алаңына» айналып кете жаздады. Атақты «желтоқсан эпопеясы» да содан өрбіді, қазір де ондай сойқандықтан күдерін үзе қоймаған күштер аз емес. Қайта құрудың көсемдері ұлт аймақтарын «саяси есеңгіретуді» қамтамасыз ете алмағанмен, экономикалық есеңгіретуді қамтамасыз етіп үлгерді. Олардың тұсында басталған экономикалық реформа, әсіресе, кәсіпорындар туралы заң экономиканы басқаруда бұрынғы орталықтың қолынан шығып бара жатқан тізгінді енді тәуелсіз мемлекеттердің де қолына тигізбеуді көздеген боп шығып отыр. Олар бұрынғы ведомстволық өзімшілдікті кәсіпорындық өзімшілдікпен аластырылып үлгерді. Сөйтіп, кейінгі жылдары көптеген кәсіпорындар «өзі би, өзі қожа» дәурен кешті. Өзіне өзі қызмет етуді мұрат тұтып, өзі тұрған территорияға қызмет етуді ұмыта бастады. Қымбат минералдық ресурстар солай талан-таражға түсті. Көптеген қаржы сыртқа солай шығып, солай қайтпай қалды. Есеп сұрайтын бұрынғы үрдіс пен бұрынғы құрылымдар жойылды. Экономиканың дамуын үйлестіріп, жаңа үрдіс пен жаңа құрылымдар жасақтала қоймады. Жасақталғандары да іске кіріспей жатып, керекті тәжірибе жинақтап үлгермей жатып, қайта құрылып, қайтадан өзгеріске ұшырап бақты. Ұлттық байлығымыздың есебі мен айналымының ізінен адасып қалатындай жағдай орнады. Қараптан қарап иесізденіп бара жатқан территория, иесізденіп бара жатқан ресурстар, иесізденіп бара жатқан экономиканы туғызды. Оған меншік реформасының кешеуілдеуі де аз себепші болған жоқ. Мұндай дүдамал ахуалды экономика мен өкімет билігіндегі ашқарақ күштер пайдаланды. Біреулердің орынсыз тез байып, екінші біреулердің орынсыз тез кедейленуі содан етек алды. Мұндай «экономикалық» жүгенсіздіктің одан әрі асқындауы адамдардың тұрмысына, халықтардың бостандығына, мемлекеттердің тәуелсіздігіне ешқандай қауіп туғызбауы ақылға сыймас еді. Экономикалық даму жүйе таппай тұрып, қоғамдық даму да жүйелі өрістей алмасы белгілі.
Тәуелсіз мемлекет тәуелсіз экономика саясатын жасақтай алмай тұрып, ойдағыдай өрге басып кете алмақшы емес. Бұрынғы жоспар жоғалды. Ендігі экономикаға тек жүйелі қаржы саясаты ғана жүйелі ықпал ете алады. Өткен күзде ұлттық ақшамыз шығарылғанға дейін өз экономикамызды қаржыландырудың тізгіні, түптеп келгенде, өз қолымызда болған жоқ-ты. Теңгенің шығуы – экономикалық тәуелсіздік жолындағы ең бірінші шешуші қадам еді. Кейбір ішкі, сыртқы іріткі күштердің барлық қиыншылықтардың бәрін ұлттық теңгенің шығарылуынан көріп, өршеленіп бағуы да тегіннен тегін емес-ті. Алайда, одақтың құлауына да, қалыптасқан экономикалық байланыстардың үзілуіне де күні кеше шығарылған ұлттық валюталардың ешқандай қатынасы жоғы өз-өзінен түсінікті мәселе. Ол – себеп емес, салдар. Енді болары болып, қояры қойып қойған тарихи процестерге кінәлілерді іздеп, онсыз да ыңғыршағы шығуға айналған адамдар мен халықтарды бір-біріне жауықтырғаннан жағдай түзелмейді. Жағдай түзелсе, жау іздеумен емес, тығырықтан шығарар жол іздеумен, кеткен кемшіліктерден дұрыс қортынды шығара білумен түзеледі.
Әрине, үкімет сұрап отырған он бес айдың ішінде әбден ойран ботқасы шыға жаздап, ойсырап, қалған экономикамыздың барша олқылықтарын орынына келтіру еш мүмкін емес. Ондай үкімет жоқ. Ондай үкімет болмайды да. Бірақ сол мерзім ішінде дағдарыстан шығар жол тауып, оны тәжірибеде сынап көріп, алғашқы қорытындыларын шығара бастауға әбден болады. Қазақстан үкіметі де соған бел буып отыр. Егер он бес ай ішінде қолға алып жатқан шаралары көңілге үміт орната алса, үкіметтің діттеген жерден шыға білгені. Ал орната алмаса, онда уәде құдайдың аты деген ғой... Уақыт көрсете жатар. Алайда, белгілі бір меже белгілеудің өзі де саяси шешімділіктің көрінісі болса керек. Біз бұл арада одан гөрі басқа бір мәселеге көңіл бөлгеніміз дұрыс сияқты. Ол әлгі он бес айдан кейін үкімет атқарған істерді бағалағанда қандай қағида ұстану керектігі.
Меніңше, он бес айдан кейін біз үкіметтен көп ештеңе сұрамай, бір-ақ мәселені сұрауымыз керек сияқты. Ол – Қазақстанның ұлттық дәулетін жылдар бойы рәсуа қылып келген экономикалық кіріптарлық саясатын экономикалық тәуелсіздік саясатымен алмастыратындай бағыттама жасақтай алды ма, жоқ па?
Біз, ең алдымен, өз экономикамызды өз игілігімізге қызмет еткізуге үйренуіміз қажет. Ол үшін әр аймағы, әр тарапқа тартып, көрші мемлекеттердің көрші аймақтарымен көбірек ықпалдасып, өзара ықпалдаспай келген Қазақстан облыстарын бірімен бірі етене байланыстығы бір тұтас экономикалық кеңістікке айналдыруды талап етеді. Ол үшін мемлекетіміздің өндіргіш күштерін тәуелсіздік талаптарына лайықтап қайта орналастыру, экономикалық, тіпті саяси-территориялық түзіліміне айта қаларлықтай өзгерістер енгізу керек болар. Өйтпейінше, энергетикалық, тасымал-байланыстық тәуелсіздікке, табиғи байлықтарымызды игеру мен өңдеуді жарасымдандыруға жетіле алмаймыз.
Екіншіден, экономикалық байлығымыз геосаяси жағдайымызды жақсартуға, жан-жағымызбен тату-тәтті көршілік, қалған дүниемен тиімді қарым-қатынас орнатуға жұмсалуға тиісті. Ол – тек өз экономикамызды осы заманға лайықтап, ұтымды дамыта алсақ қана мүмкін нәрсе. Бұл үшін осы заманғы технология мен басқару жүйесі керек. Ол осызаманғы экономиканы дамыта білген кеңістіктермен тығыз ықпалдаса білуді, шикізатымызды тұрақты валюта мен осызаманғы технология рыногына тікелей шығарар сындарлы жүйелер табуды бірінші кезекке қояды. Өйтпейінше, біз дәстүрлі экономикалық қатынастармен аймақтық рынок қыспағынан шыға алмай, қайдағы бір қасында отырып, «шөміштен қыту», «түтікті бұрай сап, қаралай дымыңды құрту» саясатының қитұрқыларынаң құтыла алмаймыз.
Қысқасы, үкімет экономикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етудің жолын таппай тұрып, дағдарыстан шығудың да жолын таба алмайды. Сондықтан, экономикалық реформаны ең басты арнаға – экономикалық тәуелсіздік арнасына бұру керек.
С. А. Депутаттардың дені сайлау алдындағы айтыс-тартыстың от-жалынынан шарпылмай, алқынбай аман өткендер екені даусыз. Сөз жоқ, олар сайлаушылар алдында қазіргі ахуалды өгертіп, жұрттың жай-күйін жақсартамыз деп үйіп-төгіп уәде беріп, қыруар аманат арқалады. Кейбір депутаттардың сайланып алған соң көнекті сырттан салып, біздің міндетіміз жеке аймақтың тұрғындарына бірдеңе жасап беру емес, кәсіби парламент мүшесі болғандықтан көптің көңілінен шығар заңдар әзірлеу деп сайлаушыларына жоламай қоятыны бар. Осы жол оларды қалың бұқараға бүгінгі хал-жайды ұғындырып, парламенттің қам-қарекетінен хабардар ет деп, каникул күндері өз округтарына жібергендеріңіз өте орынды болған. Өмірді білмей тұрып, көңілден шығар заң жасау деген ойға қонбайды да ғой. Жалпы, кәсіби депутаттың қызметі заң жобаларын әзірлеп, сарапқа салып, талқылап талдаумен ғана шектелуге тиіс пе?
Ә. К. Қоғамдық орнықтылық Конституция шындап қастерленген жерде ғана жүзеге асады. Ұлттық парламентіміздің басты сипаты Ата Заңымызда айтылған. Енді арнайы Конституциялық заң қабылданбақшы. Оның пайымдамалық негізі әлемдік парламентаризм тәжірибесіне сүйенері даусыз. Депутат қоғам мен мемлекет тағдырының барлық саласына да араласып, ықпал ете алады. Тек мүлтіксіз заң шығарып, оның қалтқысыз жүзеге асуын қатаң қадағалау арқылы ғана ықпал ете алады. Әйтпесе, ол салалық, аймақтық, таптық-жіктік лоббидің, топтық эгоизмнің қаруына айналып кетуі де ғажап емес. Парламент пен депутат өз белсенділігін конституциялық өкілет шеңберімен шектей білсе ғана, қоғам мен мемлекетте заңдылықтың нығаюына ойдағыдай үлес қоса алары сөзсіз. Жалпы, парламент пен депутат қай мәселеде де заң сыйлау мен заңдылықтың өнегесін көрсеткені абзал.
С. А. Депутаттардың жұмысын ұйымдастырып жүйеге келтіріп отыратын Жоғарғы Кеңестің комитеттері бар. Оларға күнбе-күн басшылық жасап, бағыт беру үшін Үйлестіру кеңесі құрылды. Бұрын осындай міндеттің бәрін Төралқа атқарушы еді. Оның атын Үйлестіру кеңесі деп өзгерткенмен не ұттық? Аты өзгергенмен заты өзгеше болды ма? Екеуінің арасындағы айырмашылық қандай? Әлде бәрі де жаңаша болсын деген дақпырттың дүрмегі ме бұл да?
Ә. К. Жоқ, бұл да кәсіби парламенттің табиғатынан туындап жатқан өзгеріс. Бұрын анда-санда бір жиналатын заң шығарушы өкімет ағымдағы саясатқа өзінің тұрақты құрылымдық бөлігі – Төралқа арқылы ғана араласа алатын еді. Ал қазіргі күнбе-күн тұрақты жұмыс жасап отырған кәсіби парламент күнбе-күнгі ағымдық саясатқа тікелей араласа алады. Сондықтан да оның Үйлестіру кеңесіне тек үйлестірушілік міндеттер ғана жүктеледі. Ал, оның бүгінгі өкілеті сол үйлестірушілік маңызын түгел қамтып, түгел қамтамасыз ете алып отыр ма? Жоқ па? Әлде бояушы бояушы дегенге, сақалды да бояп, үйлестірушілік кеңестің ұйымдастырушылық өкілетін тым қолдан тарылтып алмадық па? Ол – өз алдына мәселе.
С. А. Парламенттер де бір-бірімен тығыз байланыс жасап тәжірибе алмасып, бірін-бірі байытып отыратын тірі организм тәрізді ғой. Бұрын Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің Жоғарғы Кеңестері келелі бір мәселелерді келісіп шешу үшін бас қосатын парламентаралық ассамблея болушы еді. Соның бір мәжілісі бұрнағы жылдары біздің Алматыда өткені бар. Жаңа парламентіміздің сол ассамблеяға көзқарасы қандай? Алдағы уақытта оған деген көзқарасы қай тұрғыда болуы керек деп ойлайсыз?
Ә. К. Әрбір өркениетті мемлекет мемлекетаралық ықпалдастықтан бас тартпайды. Парламенттері де солай. Біз парламентаралық байланыстың барлық саласына да белсене ат салысуға әзірміз. Ондаған мемлекеттердің парламенттерімен тікелей байланыс жасайтын тұрақты топтар құрдық. Парламентаралық байланыстың халықаралық ұйымдарымен де, европалық ұйымдармен де, аймақтық ұйымдармен де қарым-қатынасымыз жақсы. ТМД елдерінің парламентаралық ассамблеясымен барлық деңгейде байланыс жасап келеміз. Көптеген депутаттарымыз аталмыш ұйымдардың басқарушы орындарына мүше.
С. А. Әбеке, «бір кемеге мінгеннін жаны бірге» дегендей, екеуміз де шықсақ – шыңымыз бір, құласақ – құзымыз бір Қалам аулының адамдарымыз. Сенеріміз де, сүйенеріміз де, құралымыз да, тұмарымыз да – тіл, кәдімгі анамыздың ақ сүтімен дарып, санамызға сіңген туған тіл. Сол тіліміз бұдан бес жыл бұрын мемлекеттік мәртебе алғанда, одан бері алтын әріппен Ата заңымызға жазылғанда қандай қуанып едік. Өткен сессияда сөйлеген сөзінде Президентіміз сонымыз асығыстық болыпты, бұл мәселеге қайта бір оралып соғу керек дегендей сыңай танытты. Ашығын айтсам, осы сөз бауырын жаңа ғана көтеріп, тәй-тәй басуға енді-енді талпына бастаған тіліміздің тілегін тілеушілерге қатты батты. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруге байланысты орыс тілділер шет қақпай бола бастады деп байбалам салып, араға от тастап, дүрдараздықты қозыруға тырысушылардың далбасасына шынымен-ақ сеніп қалды ма екен деп дал болып жүр жұрттың бәрі. Халқымыздың оннан жетісі орысша сөйлесе, жиналыстарымыздың оннан тоғызы орысша өтсе, орыс тілі қалай шетқақпай болмақ? Тіпті Жоғарғы Кеңестің мәжілістері түгел дерлік орысша өтпей ме? Мүйізі қарағайдай қазақ депутаттарының өзі көпке түсінікті болсын деген желеумен орысша жортақтай жөнелетіні қайда? Қазақ тілінің шекесі шылқылдап отырғаны осы ма сонда? Әлде орыс тұрғындарынан саны екі жарым миллиондай артық қазақтардың олардан мектебі көп пе? Жоқ. Ал, қазақшадан орысша басылымдардың саны әлдеқайда артық. Өстіп отырып Конституцияға өзгеріс енгізудің қажеті болар ма екен? Осы женінде ойыңызды білгіміз келеді.
Ә. К. Менің бұл мәселедегі көзқарасым қаламдастарыма да, қандастарыма да, отандастарыма да аян. Оны тіл туралы заң қабылданғанда да, Ата Заңымыз қабылданғанда да, Жаворонкова деген депутаттың байбаламшыл мәлімдемесіне жауап бергенде де құлтасыз ортаға салғанмын. Сол пікірім пікір. Оны өзгертетіндей объективті де, субъективті де себеп жоқ. Қазақстанда қазір қолданылып жүрген тіл саясаты – біздің мемлекетіміздің бүгінгі ахуалына сәйкесе алатын бірден бір ықтимал саясат. Оны өзгерткеннен дау көбеймесе, азаймайды. Бүгінгі таңда бізде тілге тіреліп тұрған ештеңе жоқ. Оны билік жолындағы таластың арзан ойыншығына айналдырғысы келетіндерге өркениетті түрде тойтарыс бере алсақ, бүгінгі замандастың да, ертеңгі ұрпақтың да сауабына қалар едік.
С. А. Кемел жазушы, терең тарихшы деп Сізді қаламгер қауым ел басшылығындағы өзінің өкілетті өкілі санайды. Және туған әдебиетіміз бен мәдениетіміздің жағдайын өзіңізден жақсы білетін жанашыр жақын кемде-кем шығар. Сондықтан сырымызды да, мұңымызды да, шынымызды да өзіңізге айтамыз. Бір ғасырдан астам бірде патшаның, бірде басқаның қысымында болып, қыспағын көріп, дінінен де, тілінен де көз жазып қала жаздаған жұрт енді-енді еңсе көтеріп, оң-солын танып, тарихына зер сала бастап еді, мына таршылық заманға тағы да тап келді. Ең азы кітап табудың өзі қиын болып қалды. Өнер ордаларының болашағы және бұлдыр. Ана тіліміздегі баспасөздің халі тіпті мүшкіл. Баспасөз бен баспалар жөнінде, мәдениет мәселелері жайында заңдар әлі жоқ. Осылар жөнінде Жоғарғы Кеңестің не ойлағаны бар?
Ә. К. Ондай заңдар болады. Дайындалып жатыр. Қабылданатын да шығар. Мәселе сол заңдардың ойдағыдай жүзеге асуында. Ол үшін азат қоғам, азат сана керек. Ол тек тәуелсіз мемлекетте ғана мүмкін бола алады. Ендеше, тәуелсіздік жолындағы қиыншылықтарды тұрмыстың қиыншылықтарымен шатыстырып алмағанымыз жөн. Тұрмыстың қиыншылығынан тәуелділік жағдайында да құтылуға болады. Ал тәуелділіктің қиыншылығынан тек тәуелсіздік қана құтқара алады. Тәуелсіздік – қан да төкпей, қарын да ашырмай оңай жете салатын арзан мұрат емес. Кеше тарихымызды зерттеуге көп мән берсек, осыны қапысыз ұғыну үшін ыждағат еттік қой. Бүгін сондай қиын тарихи мүмкіндікті оңай тәрік етіп алмауымызға баса көңіл бөлгеніміз дұрыс.
С. А. Жоғарғы Кеңестің жұмысын баспасөз бір сыдырғы жазып келеді. Әлбетте, олардың кейде асыра сілтеп әсірелеп жіберетіні, кейде қазымырланып кетіп, құлдыратып жіберетін сәті жоқ емес. Сөз бостандығын ұшқары түсінетін кейбір басылымдардың биліктің төртінші тармағымыз деп, сынағанның жөні асыға салынып, тисе – терекке, тимесе – бұтаққа дегендей, басқа-көзге қарамай, ұрғылай беретіндері де бар. Бірақ, қайсысы болсын, парламент қызметін назардан тыс қалдырмауға тырысатыны анық. Осы орайдағы өз пікіріңізді ортаға салар ма едіңіз.
Ә. К. Қазір сынағысы келген кісіге мін көп. Өкпелегісі келген кісіге де себеп жеткілікті. Ал жағдайды түсінгісі келген кісіге сабыр керек. Байыбына бармай тұрып, байбаламдай жөнелгеннен не тауып жатырмыз? Бардан айырылмасақ жоққа ие боп, қарқ қылдық па? Қазіргідей жауапты кезеңде парықты пайым, парасатты пікір қат. Баспасөзден де күтеріміз сол. Әлеуметтік дарақылыққа емес, әлеуметтік салиқалылыққа қызмет еткенін қалар едік.
С. А. Сіз «Ақиқат» журналына ішіктің ішкі бауындай жақын адамсыз, Алқа мүшесі әрі белгілі авторысыз. Журнал бұрын Жоғарғы Кеңестің қарауында болатын. Кейінгі кезде қалыптасқан жағдайларға орай қазір Министрлер Кабинеті құрылтайшы болып отыр. Бірақ бағыт-бағдары сол баяғы қалпы. Рас, парламент жұмысын жүйелі жазып, сессиялардан ұдайы есеп беріп отыруға айында бір шығатын журналдың мүмкіндігі бола қоймас. Бірақ халық қалаулыларының арасындағы ой-пікірдің кеніндей азаматтардан іргемізді аулақ салмақ емеспіз. Журнал жұмысын жетілдіріп, мазмұнын байыта түсуге өзіңіз қандай ақыл қосар едіңіз?
Ә. К. Журналдың басты мұраты – халқымыз бен қауымымызды тәуелсіздікке, демократияға, әлеуметтік әділет пен экономикалық белсенділікке баулу болғаны жөн. Әсіресе, аталмыш құбылыстарды теориялық тұрғыдан терең пайымдауға баса көңіл бөлген дұрыс. Парламентке көрсетілер көмектің ең үлкен түрлі – парламентаризм табиғатын кеңінен түсіндіру деп білер едім. Сіздің басылымның бұл мәреден шыға білеріне сенімім кәміл.
Сұхбатты жүргізген Сарбас Ақтаев, «Ақиқат» журналы, № 10, 1994 жыл.