- 20 қар. 2016 00:00
- 233
Павлодарда Торайғыров оқулары өтті
Халықаралық Торайғыров оқулары осымен сегізінші рет өтті. Аталмыш шара қазақтың біртуар ұлының есімімен аталатын Павлодар мемлекеттік университетінде дәстүрге айналған.
Осы жолғы конференция барлық қазақстандықтар үшін айтулы күн - ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай өтті.
«Тәуелсіздік үні - тарихи кезең, ата-бабаларымыздың сан мыңдаған жылдардан бергі арманының орындалған күні. Бұл мереке аясында Сұлтанмахмұттың лирикалық өлеңдері республиканың барлық сахналарында орындалады деген ойдамын. Өйткені ол Тәуелсіздікті жырлап өткен ақын»,-деді ПМУ-нің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Нұрлан Ержанов.
Сұлтанмахмұт Торайғыров ұлттық әдебиеттің негізін салушылардың бірі ғана емес. Оның есімі тәуелсіздік пен рухани жаңарудың символына айналған.
Шара барысында Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к. профессор Айман Зейнулина Торайғыровтың шығармашылығы жөнінде әңгімелесе, профессор Айтмұхамбет Тұрышев өзінің сөзінде қазақ ақынының мәдени, рухани мұрасын талдады. Оқулардың ресми бөлімінде осы шараның құрметті қонағы, Загреб университетінің профессоры Младен Кучинич та сөз сөйледі.