tengrinews.kz
- 01 сәу. 2026 05:30
- 21
Петропавлда қыдырып жүріп тауып алған темекіні шеккен бойжеткен жансақтау бөліміне түсті
Петропавл қаласында көшеден тауып алған темекіні шеккен бойжеткеннің жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түсті. Бұл туралы Петропавл қалалық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметі хабарлады.
Ауруханаға жеткізілген қыздың бойында діріл, бас айналу және қорқыныш сезімінің күрт артуы байқалған. Өзінің айтуынша, ол көшеден тауып алған темекіні шеккен. Нәтижесінде, қыздың ағзасында белгісіз заттың улы әсері мен интоксикация белгілері анықталды. Оған қоса, қыздың анемиясы да бар болып шықты.
Жас қыздың жағдайы тез арада нашарлаған соң, дәрігерлер дереу жансақтау бөліміне орналастырды. Бір тәулік бойы жансақтау бөлімінде бақылауда болған науқас, кейін төрт күн бойы терапия бөлімінде ем алды. Жағдайы тұрақталған соң, қызды үйіне шығарып жіберді.
Дәрігерлер белгісіз немесе тыйым салынған заттарды қолданудың қаншалықты қауіпті екенін атап өтті. Олардың айтуынша, бір реттік әрекеттің өзі жүрек пен тыныс алу жүйесінің жұмысында ақауларға, паникаға, бағдардан жаңылуға және өмірге қауіп төндіретін жағдайларға әкелуі мүмкін. Заттың құрамын бақылау мүмкін емес, сондықтан ағзаның реакциясын болжау да мүмкін емес.