Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Премьер-министр мұғалімдердің жалақысын өсіру жөнінде тапсырма берді

Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев құзіретті мемлекеттік органдарға мұғалімдердің жалақысын көтеруді тапсырды.

"2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен 1-ші, 2-ші, 5-ші және 7-ші сынып ұстаздарының лауазымдық жалақысын 30 процентке көбейту керек. Ал 1 қыркүйектен бастап аталған шаралар 3-ші, 6-ші және 8-ші сыныптар бойынша атқарылуы шарт", - деді Б.Сағынтаев.

Үкімет басшысының айтуынша, ағымдағы жылда ұлттық біліктілік тесті енгізіледі. Соның аясында мұғалімдердің категориялары анықталады. Жаңа жүйе бойынша өз категориясын растаған ұстаздардың жалақысы 30 проценттен 50 процентке дейін өседі. Аталған жұмысқа ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Еңбек және әлеуметтік даму министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен ҚР Қаржы министрлігі жауапты.

Айта кетейік, биылғы Жолдауда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұғалімдердің жалақысын көтеруді тапсырды. "Жаңартылған мазмұн дегеніміз - халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Бұлар біздің балаларымызға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады.

Сонымен қатар 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді тапсырамын. Категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру керек. Бұл педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратын болады. Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өседі. Бұл үшін биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажет", - делінген Жолдауда.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама