- 26 нау. 2016 00:00
- 215
Президент Үкіметке еліміздің мектептерінде үздіксіз Интернетті қамтамасыз етуді тапсырды
Бүгін Парламенттің VI шақырылымының бірінші сессиясының ашылуына арналған ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке еліміздің барлық мектептерінде үздіксіз Интернетті қамтамасыз етуді тапсырды.
Ғалымдардың болжамына қарағанда, 2020 жылға қарай Жер халқының елу пайызын сандық технологияларды меңгерген балалар құрайтынына тоқталған Н. Назарбаев, «мектеп оқушыларының жаңа толқынына толықтай сандық технологиялар әлемінде өмір сүруге, білім алуға, cондай-ақ жұмыс істеуге тура келеді. Сондықтан мектептерді ақпаранттандыруды жалғастыру қажет. Онсыз білім беру саласында жаңа мақсаттарды шешу мүмкін емес. Екі жарым мың мектеп Интернетке қосылған, қосымша тағы да 1,5 мың мектепті қосуға қаржы бөлінді. Үкіметке әкімдіктермен бірлесе барлық мектептерде Интернеттің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді.
Бұл ретте Президент ұлттық операторлар әлеуметтік жауапкершілік танытып, мектептерге арнайы тарифтер ұсынуы керектігін атап өтті.