- 19 шіл. 2022 00:00
- 229
Қажымұқан
Қажымұқан теңдессіз палуандығымен қатар, дінге де жақын, иманды жан болғанын дәлелдейтін естеліктер де баршылық. Бірінші әйелі, орыс қызы Надежда Чепковскаяны алғанда өзге қазақ зиялыларындай Қажымұқан да некесін мұсылманша қидырып, әйеліне Ислам дінін қабылдатады. Надежда атты есімін өзгертіп, ардақты Пайғамбарымыздың алейһиссалам сүйікті қызы Фатиманың атын бергізеді. Кейін халық оны «Бәтима» атап кетеді. Бұл туралы Надежда «Күш атасы» кітапта: — «Қажымұқан өте сымбатты, бойшаң, қараторы жігіт болатын. Мен оны бір көргеннен-ақ ұнатып қалдым. Цирк ойыны мен күресі екі айға созылды, біздің танысқанымызға да екі айдай уақыт болды. Осы мерзім ішінде екеуміздің арамызда махаббат оты тұтанып, өмірлік дос болуға бел байластық. Қажымұқан мені өз еліне, Омбыға алып баратынын айтты. Мен болсам, Мұқанға сенгенім соншалық, ұлты, салты басқа адам болса да енді маған ешкімнің зекіп сөйлеп, зәбірлік жасай алмайтынына көзім жеткендіктен шексіз қуаныш үстінде едім. Әлі есімде, Омбыға келген соң ғана өмірімнің өзгеріп, нұрланып, шаттыққа, жақсылыққа бөленгенін сездім. Қазақ халқының жайдары жүзді меймандостығы, бауырмалдығы бірден баурап әкетті. Омбы қазақтары мені басқа ұлттың баласы деп жат көрмей бауырына басып, туысқандай қарсы алып, «келін келді, той болады» деп қуанысып жатты. Омбыға келгеннен соң көп ұзамай, мені мешітке апарып Хасен деген молдаға некемізді қидырды. Сол күннен бастап мен «Қажымұқанның зайыбы — Бәтима» атандым», — деп еске алады. Қажымұқанның бұл әйелінен туған екі ұл — Халиолла мен Ғабдолла.
Қажымұқан 1948 жылы қайтыс болды. Оның көзін көрген көнекөз қариялардың көпшілігі бүгінде тірі. Палуанның ұлы Айдарханның досы болған Әшімбай ақсақал: «Қазандағы ет піскенше Айдархан екеуміз ойнауға кеттік. Келсек, ата төсекте домбырасын шертіп жатыр екен. Ет жеп болған соң ол кісі қорылдап ұйқыға кетті. Ұйқысынан оянып, дәрет алып намаз оқыды. Құлшылық жасап болып төмен қарай жүгіріп түсіп ат арба сүйреп әкелген кір тасын көтере бастады», — деген естелік айтқан.