Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 5 сағат бұрын)
Қалажан қашқан

Ертеде біреудің Қалажан деген келіншегі болады. Қалажан көрікті, сымбатты болса керек. Ол тұрмысқа шыққаннан кейін қосағына көңілі толмай, ауыл арасының Кит деген жігітімен күйеуінен жасырын көңілдес болады. Қалажанның күйеуі үйде жоқта Кит келіп-кетіп жүріп, екеуінің көңілі одан әрмен жақындаса береді. Ақыры екеуі қашуға келісіп, келісімді күні Кит келсе, Қалажанның күйеуі тағы да жоқ екен дейді. Киттің жетектей келген атына Қалажан мініп, Кит өз атына мініп қашады. Екеуі ауылдан шыға бере үйге жеткен күйеуі қашып бара жатқан екеуін көреді де, есік алдындағы бақанды ала сап арттарынан қуады. Қашып бара жатқан жолдарында әжептәуір терең өзен бар екен. Егер өзеннен аман-есен өтіп кетсе, онда бұларды ұстай алмайды. Екеуі өзенге келеді де, тіреліп қалады. Не де болса өту керек болады. Қалажан атына қамшы басады да, өзенге түсіп кетеді. Аты малтып отырып аман-есен ар жаққа өтіп, артына қараса, Кит әлі тұр екен. «Қуғыншы кеп қалды, тез өт»,—деп дауыстайды. Бірақ Кит өтуге батпайды. Өстіп тұрғанда қуғыншы келіп Китті ұстап алады. Жүрексіз Кит Қалажанның күйеуіне де күш көрсетіп, қарсыласа алмайды. Күйеуінен безіп, қолынан ұстап ере қашқаны Киттің әлсіздігін көрген Қалажан іштей күйіп, қайта өтіп келеді де, қолы байлаулы жатқан Китке қарап: «Абыройымды айрандай төгіп, жылы орнымды суытып ере қашқаным Кит пе десем, ит екен ғой», — деп бетіне түкіріпті. Қалажанның күйеуі сыбызғышы екен, менсінбей қашқан әйеліне арнап осы күйді тартып, «Қалажан қашқан» атапты да: «Аңсағаның Кит болса, арам өлерсің, осыңмен-ақ кете бар», — ауылына қайтқан дейді.

 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама