Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қалдырған ізің мәңгілік...

«Қалдырған ізің мәңгілік...» «Шын асылды тот баспайды»-халық мәтелі. Бостандық ожбб мектебінде бастауыш сыныптар мұғалімі болған марқұм апайым Алтынай Абашқызына арнаймын. ........ Алғашқы ұстаз............. Ия , осы бір ауыз сөзді естіген шақта- бар жан-дүниеңді ақтарып, ой теңізіне -қиял кемесімен балалық атты әдемі әлемге қалай сүңгіп кеткеніңді де аңғармай қаласың! Себебі, алғашқы ұстазыңды есіңе алғанда, ең алдымен көз алдыңа құлдыраңдаған сәби кезіңдегі алғаш мектеп атты үлкен орданың есігін имене ашып, жүрегің дүрсілдей, алдыңда мейірлене күліп, жылы жымиған апайыңның жүзіне өзіңше балалық сақтықпен барлай көз тастап, өз балалық таным-түсінігіңе сай зерттеу жасай бастайсың...... Ұстаздың бар бітім-болмысы, тұлғасы, жүріс-тұрысы, сөз саптау мәнері, дауыс ырғағы,бәрі-бәрі балалық пәк жүрегіңнің түкпірінен орын ала берері сөзсіз....... ...Арада сынаптай сырғыған зымыран-уақыттың жалына жармасқан мектептегі бал-балалық сәттерің сыңғырлаған күміс қоңырау үнімен бірге қол бұлғап қоштасып, өмір айдынына қанат қағасың... Жігіттік, бойжеткендік, кемел шақтық өмір өлшемдері саған берілген ғұмыр беттеріне өз өрнегін салған шақтарда, артыңа бір сәт ойша көз жүгіртіп, тәтті естеліктерге толы өзің өтіп кеткен аялдамаларға қайта ораласың....... Ия ,мұның бәрін неге айтып отырмын, себебі мен де барша екі аяқты пенделердей сол балалық шаққа саяхат жасау арқылы –алғашқы ұстазымды есіме алғым келеді. Мен сонау 1977 жылы 1-қыркүйекте Бостандық орта мектебінің 1-сыныбының табалдырығынан аттаған 1-ші «б» сыныбының 27 шәкіртінің бірі едім. ...Әлі есімде, әдемі гүлді кофта мен қара белдемше киген, шашын желкесіне әдемілеп түйген апай біздерді сапқа тұрғызып, алғашқы қоңырау салтанатынан кейін сыныпқа кіргізді.Мектепке жетектеп әкелген әке-шешемізге тығыла отырып, апайға сәл қорқынышпен, жүрексіне қарап отырғанымыз..... Апайымыздың мейірімді қоңыр үні-бізді өзіне баурай берді.... Бұл апайымыз- біздің алғашқы ұстазымыз-Алтынай Абашқызы Дүйсенова еді.... Алтынай десе- алтын айдай еді-ау, аяулы ұстазым! Бойындағы бар ерік-жігерін аямай, шәкірттерін білім әлеміне қызықтырып,оқытып қана қоймай, өнерге де жанын салып үйрететін. Мектепте өтетін барлық шараларға бізді өзі әзірлеп, көркемсөзді дауыс ырғағын келтіріп, мәнерлеп оқуға,би билесек- саз ырғағына сай қолымыз бен аяқ қимылының үйлесіміне, ән салсақ-даусымыздың ырғағына өте қатал талап қоя білетін және жалықпай үйрететін! Тіпті үзіліс кездерінде де қызықты ойындар ойнатып, немесе,әдемі ертегі, әңгіме кітапшаларын таратып беріп,сурет,еңбек сабақтарында әдемі ойыншықтар жасауға, оюлар оюға үйрететін, сондай қызықтыратын! Апайымның тапқырлығына, бәрін білетіндігіне, қолынан бәрі келетініне ерекше таң қалатынмын. Іштей «мен де апайым сияқты боламын» деген балалық арманым сол кезден бастау алған... Алтынай апайымның өн бойына бар өнер түйісе тоғысқан еді десем, артық болмас. Себебі-апайым мектеп ұжымы мерекелік концерт беретін болса, хорда –дирежёр,домбырамен ән салу, бишілер ансамлі құрамында би билеу, көркемсөз оқу,бәрі-бәрінде жүретін, осы өнердің қай-қайсысы да қолынан келетін! Міне, мектепті бітіргеніме 30 жыл болса да, Алтынай апайымның кейбір сөздері, жүрісі, көз алдыма,ән айтқандағы дауысы кейде құлағыма келгендей болады.Бұл –шәкіртінің жүрегінен ұмытылмастай орын алған Ұстаз тұлғасының Ұлылығы емес пе?! Мақтанғаным емес, сол апайымның жаттатқан кейбір әндері менің әлі есімде, кейде өз балаларыма «менің апайым жаттатқан еді»- деп айтып берсем, сенер-сенбестерін білмейтін.Бұл да ұстаз еңбегінің бала санасына өшпестей жазылған еңбегінің куәсі болар... Әлі есімде, Орал педучилищесінде студент болып жүріп ауылға келгенімде апайыма амандасып шығуға бардым. Апайым мені қуана қарсы алып,досындай жақын тартып,бар ақылын айтып, өзі оқыған училищесі, өзін оқытқан ұстаздары туралы сұрастырып,өзі де студенттік шағына оралғандай бал-бұл жанып,әңгімелескен еді.... Қоштасқан сәтте мені өзіне жақын тарта құшақтап, «айналайын, аман жүр, мені есіңе ала жүр, ұмытпағаныңа ризамын!» -деп еді... Апайымның жанары сондай нұрлы, шуақты, мейірімге толы болатын...Арада қанша жылдар өтсе де мен алғашқы ұстазымның аялы үлкен көздерін, бидай өңі мен шашын түйген келбетін мәңгі ұмытпаймын! Алтынай Абашқызы- менің идеалым болып мәңгі қала береді! ....Бұл күнде мен де сол балалық арманым орындалып, сан шәкірттің алғашқы ұстазы атандым. Бірақ, сол өзімнің алғашқы ұстазымдай қаншалықты бола алдым, білмеймін.Себебі, алғашқы ұстазым мен үшін- қайталанбас, сан қилы дарын иесі, білімдар,ғазиз жан! Егер де ұстаздық еңбегімде сәл биіктен көрінер болсам-ол сіздің жемісіңіз,сіздің жетістігіңіз деп білемін, аяулы ұстазым! Өкініші мен қуанышы алмағайып араласқан мынау өмірден сіздің ерте кеткеніңіз,өте өкінішті! Әйтпесе, сіздің алар асуыңыз, шығар тауыңыз биік болатынына кәміл сенемін. «Шәкіртсіз-ұстаз тұл» деген дана халқымыз, бұл күндері сіздің ізіңізді алдыңыздан түлеп ұшқан қаншама шәкіртіңіз жалғастыруда.Олар барда- сіз де барсыз, ұмытылмайсыз! Сіздің адами болмысыңыз, дегдар тұлғаңыз ешқашан аласармай, рухыңыз мәңгі биікте болады, асыл жан, аяулы ұстаз! Бұл шығармам-сізге деген шәкірттік ескерткішіміз болсын.... Өзіңізге деген шәкірттік сағынышпен еске алған 1977-1980 жылғы шәкірттеріңіз атынан - Темірғалиева Меңдігүл Мұханбетжанқызы. Сатыбалды нжбб мектебі, Казталов ауданы, БҚО.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама