Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қара бала

Дүйсенді ауылының қатындары да, еркектері де «Қара бала»» дейді. Қара бала деп атандырып жүрген кебіне қатындар. Дүйсеннің өзінің түрі де қатындардың сөзін расқа шығарарлық. Тышқан көзденген, бет-аузы бір уыс, қатқан қара; бойы тапалтақ, жүрген-тұрғанда ықшам-ақ. Мінезі де бала секілді. Ауыр айттың деп кектемейді, арсалаңдап күліп жүргенін, көресің.

Қара балаға қатындар үйір, үйіне қыдыра барса ананы әпер, мынаны әпер деп жұмсап болады. Қара балада арлану жоқ, айтқандарының бәрін істейді. Кейде бұлданып: «Сендердің жалдап қойған малайларың емеспін ғой» десе, қатындар қағыңғырлап қарғап болады.

Іңірдегі шайды ішіп алған соң Қара баланың кәсібі ауылды қыдыру. Бір үйден шығып, екінші үйге барып, кезеді де жүреді. Сол кезумен жүріп ауылды тегіс жатқызып, үйіне жарық сөнген соң келіп, пештің жанындағы ескі тулақты сипалап жүріп тауып алып, қисайып жата кетеді. Жұрттай жанын баптау, төсек салып шешініп жату — Қара баланың әдетінде жоқ. Кейде кәрі шешесі келіп:

— Шешініп жату дегенді білмейсің, биттеп-құрттап жүргенің, сен неғып адам боласың, — деп сөгіп те алады.

Ауылды кезгенде, Қара бала әңгіме бақпайды. Әңгімеге үйірлігі жоқ. Барған үйінің еркектері бір нәрсені сөз қылып отырса, Қара бала оны тыңдауға жалығып, әйелдер жағын айналдырады. Нан илеп жатқан, от жағып отырған әйелдердің жанына қатарласа отырып аузына келгенін сапырады. Үй оңаша болса, өлең де айтып жібереді. Ондайда көбіне әйелдердің өздері сұрап айтқызады. Қара баланың өлеңдері ауыл әйелдерінің бәріне таныс.

— Қара бала, өлең айтып жіберші, десе, оқтауды домбыра қылып ұстап, Қара бала бар даусымен шырқап жібереді.

Мінгенім көш алдында құла жирен,

Қатындар, ынтық болсаң әнімді үйрен.

Бір көріп дидарыңды сөйлеспекке,

Әдейі ат терлетіп келдім үнден.

Құла атым құлынында арда емген,

Бәйгеде мың сан аттан озып келген.

Сақтаулы өлгенімше мықты белгі

Жан қалқа, орамалың өзің берген.

Қатындар, сен де сәлім, мен де сәлім,

Бұл елге сен болмасаң келмес едім.

Қайырылып ақша беттен бір сүйгізсең,

Жетпесе нақ ажалым өлмес едім...

Бұл Қара баланың күнде айтып жүрген өлеңі. Мұның тыңдаушыларға ешбір парыз-қарызы жоқ сияқты. Қара баланың өзіне де солай көрінеді. Бірақ, кейде осы өлеңді айтып отырғанда, Қара баланың ойына бірдеме түсіп кеткен секілденеді. Қара бала ойлаған ойын біреу сезіп қалды ма дегендей, ондайда жан-жағына жалтақтап қарай береді. Бетіне тура қарап отырған адамды көрсе, осы құрып қалғыр сезіп қалмаса игі еді дегендей, бетіне қан жүгіріп, қызара бастайды.

Түн еді, ауылды бірсыпыра қыдырып, енді үйіне қайта бергенде, Қара бала Балғабайдың үйінің терезесіндегі жылтыраған отты көрді. Жатпағанын білген соң барып біраз отырғысы келіп, жарым жолдан бұрылды. Лапастың түкпірінде жатқан сабалақ жүнді қара ит қараңғыдағы дыбыспен азырақ ырылдай түсті де, Қара бала екенін сезгендей үнін өшіріп, қайтадан бүк түсіп орнына жатты...

Үйде жалғыз Балғын еді. Көрші үйіне қонақ келіп, Балғабай сонда ет жеймін деп қыдырып кетіп, Балғын жалғыз отыр еді. Төсегін салып, киімін шешініп, енді жата беремін дегенде, есіктің алды тықырлаған соң Балғабай шығар дегендей мойнын созып қарай бергенде, арсалаңдап Қара бала келіп кірді.

— Өй, қағынғыр, сен екенсің ғой.

— Е, немене, менен басқа күткенің бар ма еді?

— Бар еді, дұрыс айттың, — деп Балғын күлімсіреп, көрпесін жамылып жата кетті. Көрпеден көзі ғана көрінеді. Көрпеден көрінген көз күлімдеп, Қара баланы тесіп бара жатқан секілді.

Балғын былайша ажарлы адам, қызыл шырайлы, қыр мұрынды, көзі күлімдеп жайшылықтың өзінде де адамды өзіне тартып тұратын секілденуші еді. Қара бала Балғынға үйір болып, араласқысы да келетін. Бірақ Балғабайдың мінезі жаман, үйіне біреу келсе, әсіресе, жастау бозбала келсе, қабағын қарыс жауып түнереді де отырады. Қара балаға да сондай пішін көрсетіп жүріп «ыржаңдай беріп жын қақты ма?» деп бір күні жекіріп те тастаған. Содан бері Қара бала бұл үйге сирек қатынаушы еді...

— Қағыңғыр, ауылды кезесің де жүресің, осы сен не іздейсің?! — деп Балғын тағы көзін күлімдетті.

— Ойбай, жеңеше, менің іздейтінім көп қой.

— Ал, немене, айтшы!?

— Қазір айтуға болмайды.

— Неге?

— Оңаша айтамын.

Балғын сықылықтап күлді. Күлісі Қара баланың ішін өртеп жібергендей болды.

— Байғұс-ау, осыдан оңаша жер болушы ма еді, бүкіл үйде екеуден-екеуіміз-ақ емес пе? — деді.

Қара бала сөз таба алмай қалды. Жайшылықта әзілдескенде судай сіміретін сөзінің бірі де жоқ, бәрі де Балғынның отты көзінің лебімен әлдеқайда бытырап қашқан секілді.

Етпетінен жатқан күйі Қара бала басын азырақ көтеріп, көзінің қиығымен Балғынға қарады. Балғынның отты көзі көрпеден жылтырап, әлі күлімсіреумен жатыр екен.

— Неге қарадың, бірдеме айтайын дедің бе?

Балғын даусын шығарың қырап күлді де:

— Жарайды, айтпай-ақ қой, оңашада айтарсың. Әлгі келіп қалар, үйіңе қайт! − деп, көрпесін бүркеніп, іргеге қарай аунап жатты...

***

Қара балада мал дегенде торы ат, сынық мүйіз қоңыр сиыр, қара баспақ бар. Қара баспақ төзіне емес, ұзатқан апасы биыл жаз төркіндеп келіп, соған беріп қойған.

Қораға жапсыра үйген азғана салам, құрақ шөбі бар. Үш мал бірдей бос жүрген соң шөпті белдеулеп, көбін жерге төсек қылып, таптап тастаған. Шашылған шөпті жиып, малдың туратын жерін күре деп шешесі неше рет айтса да, Қара бала орындаған емес. Орындамаймын демейді, мойны жар бермейді. Таңертең тұрып қыдырса, оралып үйіне келгенше кеш болады.

Байдың үйіне Дуаннан келе жатқан бір төре түстеніп, содан ет асаймын деп отырғанда, күн батып та кетті. Жұрт сан-сапалақ болып малын қамап жатқанын көрген соң торы ат пен қоңыр сиырға рақымы түсіп, қамап тастайыншы деп албарға келді. Қоңыр сиырды қақпалап қораға айдай бергенде, албарыныл сырт жағындағы үй төбесінде жүрген Балғынды көрді. Пештің мұржасын ашып жүр екен. Мұржаны ашып болып, Қара баланы көріп азырақ кідіріп тоқтаған сияқтанды. Қара көлеңке тартқан кез ғой, көзінің күлімсіреген-күлімсіремегенін Қара бала айыра алмады. Бірақ Балғынның үйіне барғанша асықты. Қоңыр сиырды кіргізіп, қораның аузын жабуға да шыдай алмай, шомнан қарғып түсіп, Балғынның үйіне жетіп келді. Үй іші қара көлеңке. Пештің алдына жүресінен отырып, Балғын от тұтатып жатыр екен, саңылтырға тиген от лапылдап сәулеленіп, Балғынның бетін Қара балаға жарық еткізді. Балғын бұрылып қарап:

— Сенбісің! — деді, — отыр, тоңып келген шығарсың, отқа жылын...

Балғынға қатарласа жүресінен Қара бала да отырды. Саңылтырға тиген от дүрілдеп жанып, қою түтін кейде лап беріп пештің аузынан кейін тебеді. Ащы түгін көзге, мұрынға кіріп, булықтырған кезі де болды...

Балғын Қара балаға кішкене қарап отырды да:

— Оңашада айтам деген сөзің бар еді ғой, енді айтшы! —деді.

Қара бала келуін келсе де, осыны айтайыншы деп ыңгайланған сөзі жоқ еді, сондықтан мүдіріп қалды.

— Жеңеше, бүгін ағам келмейді ғой, ә?

— Келмес.

— Жалғыз жатуға қорықпайсың ба?

— Қорықсам сен барсың ғой, келіп жатарсың, — деп Балғын Қара балаға қарап күлімсіреді.

Екеуі біразға шейін тағы біраз үнсіз отырды. Малдан қалған ескі саңылтырды Балғын пешке құшақ-құшағымен тығады. Зулап жанған от бетті қыздырып, тызылдатып барады.

— Сен мені «жеңеше» дейсің, өзіңнің жасың нешеде?

— Жиырма екіде.

— Қағыңғыр-ау, менімен түйдей құрдассың ғой...

Пешке саңылтырды сымбалап толтыра түсіп, Балғын тағы да сөзге кірді.

— Жамансың ғой, замандастарыңмен ойнап-күлуді де білмейсің.

— Ұялам ғой! − деп Қара бала күрсінді.

— Несіне ұяласың? Менімен түйдей құрдассың, замандас адамның ойнап-күлгені ұят бола ма екен?!

Қара бала бұған қарсы айтуға сөз таба алмады. Басы тұманданып, ақыл-ойының қайда кеткенін де білмеді.

Қолы өзінен-өзі барып Балғынның қолын ұстады.

— Өй, ақырын, ауырттың ғой.

Балғын ашуланып қалды ма екен деп Қара бала сезіктене сескеніп те кетіп еді, күлімсіреп отырғанын көрген соң, көңілі орнына түсті...

* * *

... Біреу аңдып тұрғаннан жаман Қара бала сезіктене түседі. Лапасқа кіргенде, сыбдырын білдірмеймін деп аяғын ұшынан ғана басты. Буыны қалтырап, аяғы сүйретіліп, жүруге келмейді... Есікке келіп тұтқасын ұстаған соң азырақ тұрып демін алды. Бәрінен қиыны есікті ашу болды. Ашар-ашпасын білмей екі ойланып бірсыпыра тұрды. Есікті ашып қалған ыңғайда жылы леп бетке соғып, бойын жандандырған секілденді... Қалтыранған күймен ептеп қана басып, пешке келіп сүйенді. Жерде жатқан саңылтыр сыбдыр етсе, Қара баланың жаны шығып кете жаздайды... Пешке таяу Балғынның төсегі.

Мынау қарауытып жатқан Балғын болса керек.

Демін білінер-білінбес қана қылып алып жатыр...

Қара бала тізерлеп отырып, қолымен қарманып еді, Балғынның қолына кез болды. Жылы, жұмсақ қол Қара баланың қолын қысып, күйдіріп бара жатқан секілді...

Содан былай төсекке қалай жатқанын, қалай құшақтасқанын, қалай сүйіскенін — Қара бала бірін де білген жоқ...

... Терезенің алды тықырлап барады.

— Ойбай-ай, ағаң болмаса игі еді! — деп Балғын басын көтеріп-ақ алды.

Шақыр-шұқыр дыбыс лапастың ішіне келіп қалды.

— Масқара болдық, ағаң екен, қағыңғыр, қараңды батыр! — деп Балғын жыламсырап сала берді.

Есіктен шығуға болмай қалды. Терезені бұзудың тағы жөні жоқ, Қара бала сасқалақтап:

— Енді қайтем? деді.

Жоғал, қараңды батыр, ана пештің қуысына кір!

Жаман тонын қаудырлатып, пешке бетін жырғыза-мырғыза Қара бала пештің қуысына кіріп те кетті...

Қатқан етігі шықырлап, үйді басына көтеріп Балғабай келді. Қалтыранып, сасып, төсекте отырған күйі Балғын қарсы алды. Даусы шығар-шықпас болып:

— Бөтен біреу ме деп зәрем кетті ғой, түнде келетін болған соң айтып кетсең қайтетін еді? — деп Балғын наз қылған болды.

Киімін шешінбестен жанына келіп:

— Қорықпа, мен ғой... Жолдағы ауылға қона кеткенімде де болатын еді, жалғыз жатуға сені қорқар деп қонбай келгенім ғой, − деді.

Балғын қорқыныштан құтылып, еркіндеуге айналды.

— Тоңып келген шығарсың, өзім шешіндірейін, − деп Балғабайдың белбеуін шешіп, күпісін жеңінен тартты. Балғабай етігін қазан пештің қуысына апарып қояйын деп еді:

— Сен шешіне бер, өзім апарып жаяйын, — деп Балғын етікті ала жөнелді! Қуыста бүк түсіп Қара бала отыр еді. Етікті жайып жатып, «дыбысыңды шығарма» дегендей боп, Балғын оны төбесінен басып-басып қойды...

Төсекке жатысымен Балғын байын құшақтап, аймалап сүйді. Келгеніме қуанып қалды ғой деп Балғабай насаттанды. Бірақ, Балғынның сүюі шын сүю емес еді. Қосылғандарына жеті жыл екен. Балғабай биыл 47-де, содан бері бүйтіп жақсы көрсе қайда қалған?..

Балғын, шынында, Балғабайды Қара баланың орнына құшақтап сүйіп жатыр еді...

Таң қараңғысы кезінде, Балғабай әбден ұйықтады-ау деген шамада, Қара бала сүйретіліп орнынан тұрды. Ептеп есік ашып, тысқа шықты. Үркер құлдырап батуға барып қалған. Аспан жүзі самсаған жұлдыз. Үн жоқ, дыбыс жоқ, тымырсық аяз, тынық түн.

Қара бала құрысқан бойын жазып керілді, есінеді. Манағыдай қорқу жоқ, адымдап басып үйіне келді. Тері тулақтың үстіне кеп етпетінен сұлай кеткенде, Балғын құшақтай алып, сүйіп-сүйіп алған секілденді...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама