Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қарағаш

Мектептiң қасындағы қарағаш,

Қара көзiңдей қарарас.

(Маралтай).

 Бiздiң ауылда тарлау бiр көшеде жалғыз өсiп тұратын қарағаш болған.

Мүмкiн, ол бәйтерек шығар, әлде тарихқа бай терек шығар, әйтеуiр, мен үшiн қарағаш едi. Кәрiлiгiнен болар, жаз айларында аз ғана уақытқа жайқалатын да қайтадан қалпына келетiн. Жұқалтаң жапырақтарының ғұмыры қысқа-тын. Селдiр бұтақтары да қап-қара едi. Бiрақ, осы қара ағашқа бiраз қыз-жiгiттер басқа көзқараспен қарайтын. Өйткенi ол басқа тал-теректей елеусiз емес едi. Қасынан өткен әрбiр адам әлдененi есiне алатын. Бiр жерiнде құпия сыр жатқандай қарайтын. Қысқасы, жанарларға жылы ұшырап тұратын. Осы қарағашқа қатысы барлар оның өздерiне деген ыстықтығын сезiнушi едi. Көбiне-көп жастар.

Бала күнiмде көршiнiң менен үш-төрт жас үлкен қызы болған. Сол қызға әдемi бiр жiгiт келiп жүретiн. Екеуi қол ұстасып кетiп бара жататын. Қыз бен жiгiттiң қол ұстасқанын қызық көретiн мен және менiң қатарластарым олардың артынан аңдитын едiк. Қоршау-қоршаудың iшiмен баяу басып жүрiп, қара ағаштың айналасындағы тасаларға тығылатынбыз. Бұл — бiз үшiн қиын да қызықты һәм ауырлау операция едi. Бәрiмiз де көрiнiп қалмауға тырысатынбыз. Тек әр жерлерден қылтиған бастар ғана көрiнетiн. Жаңағы бiздiң нысанамыздағы қыз бен жiгiт қарағаштың түбiне келiп аялдайтын. Өздерiне ғана белгiлi ұзақ-сонар әңгiмелер айтатын. Бiз естiмей тыңдайтынбыз. Бiзге күбiрлегендерi мен күлгендерi ғана емiс-емiс естiлетiн. Бiрақ, анық ештеме де ести алмаймыз. Сонда да жалықпаймыз.Үнсiз мүлги түсемiз. Себебi, әрқайсымыз iшiмiзден бiр нәрсе күтетiнбiз. Тағатсыз күтетiнбiз. Не күтетiнiмiздi бiр-бiрiмiзге айтпаймыз. Және оны бәрiмiз де бiлетiн едiк. Бiрақ, бiз асыққанымызбен, жiгiт мүлдем асықпайтын. Әлден кейiн қызды ақырын құшақтайтын. Өңкей бiр балалар делебемiз қозып, алақанымызды ысып-ысып қоямыз.

— Бастайды, қазiр…, — дейтiн едi қасымдағы бiреуi жымың етiп.

— Ненi?.. — деймiн мен бiле тұра бiлмей. Ол болса:

— Ненi болушы едi… кинодағыдайды,.. — дейдi сол жақтан көзiн алмаған күйi. Бiрақ, ол екеуi түктi де бастамайтын. Аяқтарын асықпай басып, үйлерiне қарай аяңдайтын. Бiз үстi-басымызды қағып тұрып жiгiттi жетi атасынан боқтайтынбыз.

— Шiркiн, оның орнында мен болсам ғой… — дейтiн едi бiрi ойынан хабар берiп. Оның орнында болса, батырымыздың не iстейтiнiн бәрiмiз бiлемiз. Себебi, бәрiмiз де сол ойдамыз. Анау әдемiше қызды қатты құшақтап алып, кинодағыдай сүймекпiз. Мiне, дүниенiң қызығы. Бәрiмiздiң кенеземiз кеуiп, аузымыздың суы құрып аңсағанымыз осы.

Өзiмiз сүймесек те сүюге жағдайы бар жаңағы жiгiттiң сүйгенiн қалаймыз. Соның өзi ләззат сияқты. Бiрақ, ол да тегi…

Осы әдетiмiзбен талай күнiмiз өттi. Бiз есейдiк. Бозбалалыққа ендi ғана аяқ басқан жеткiншектердiң алғашқы қызығушылығын оятқан, тiптi солардың ұғымында Қозы мен Баяндай болып, мәңгi бiрге ғұмыр кешетiндей көрiнген ол екеуi де екi бөлiнiп кеткен… Жiгiтiмiз күндердiң күнiнде басқа бiр қызға үйлендi. Ал, қызымыз Алматыда алаңсыз оқуын жалғастыра бердi. Екеуiнiң арасында не болды, неге ренжiстi, ол жағы бiзге белгiсiз. Бiлуге құштарланбадық та.

* * *

Нәйлә екеумiз қараңғы түнде алаңсыз ұзақ қыдырдық. Әдемi әңгiмелерiмiз де көп айтылды. Сырымыз да таусылар емес. Аппақ қарды аяусыз кешiп келемiз. Түн рахатын бөлiсiп, үнсiз өбiсiп те қоямыз. Ешкiм бара бермейтiн тарлау бiр көшеге бұрылдық. Әудем жердегi теректi көрсетiп:

— Ана бiр қарағаштың астында тұрайықшы. Әйтпесе, мына қар екеумiздi басып қалар, — дедi ол. Бiз жапалақтап жауған қар түйiршектерiнен тасаланбақ болып қарағашты паналадық. Ол менiң әңгiмелерiмдi тыңдап тұрып өзi де әлденелердi сөз қылып кеттi. Ойында ештеңе жоқ, жаны таза. Ал мен болсам, сонау бала кезiмiздегi кiршiксiз елестерге ерiп кеттiм.

…Ол екеуi де дәл осы жерде тұратын едi. Бiз болсақ анау жерде тығылып жататынбыз. Бiр кездегi сол екеуiндей Нәйлә екеумiз де ұзақ сонар әңгiме айтып тұрмыз. Бiрақ, бiздi аңдып жатқан бiр кездегi өзiмiздей балалар көрiнбейдi. Олар неге аңдымайды екен? Бәлкiм бұлар үшiн бұндай жағдайлар қызықсыз шығар. Бұл күнгiнiң балаларын компьютер ерте есейтiп жiбердi ғой. Бiздер үшiн керемет едi. Уақыт-ай десеңшi. Кеше ғана едi ғой. Анау жерде жатып алып, осында тұрған жiгiттi “ынжық” деп кекеткенiмiз. Сонда мен: “Қазақтар сүйiсушi ме едi. Егер, олар сүйiссе қазақ болмай қалады ғой. Кинодағы адамдар ғана сүйiседi ғой” деп ойлаушы едiм. Мiне, ендi, сол сүйiстiң де қазаққа жат еместiгiн толық түсiнген кез де келдi. Әсiресе, достарыма қосылып: “шiркiн, сенiң орныңда болсам ғой…” деген ышқынысым есiме түскенде өзiмдi-өзiм ұстай алмай күлiп жiбердiм. Нәйлә аң-таң.

— Не болды? — дейдi.

— Түк те болған жоқ, — дедiм. Оның бiлгiсi келгенiмен, мен айтпай қойдым.

— Жәйдан жәй сау адам күледi ме? — дедi.

— Онда жындымын, — дедiм.

— Қойшы! Мен сенен адам құсап сұрап тұрмын. Сен болсаң қылжақ қыласың, — деп өкпелей қалды.

Мен оған амалсыздан айтпақ болдым. Осы теректiң түбiне күнбе-күн түн сайын қыз бен жiгiттiң келiп тұратынын, бiздiң оларды аңдитынымызды, бүгiнгi тұрған екеумiздi бiр кездегi бiз сияқты балалар неге аңдымайды екен деп ойлағанымды, тезiрек сүйiссе екен деп жатқанымызда екеуiнiң түктi де тындырмай үйлерiне кетiп қалатынын, жiгiттi “ынжық” деп боқтайтынымызды, бәрi-бәрiн айтып бердiм. Ол қызыға тыңдады. Бәрiн айта келiп: — “Шiркiн, сенiң орныңда мен болсам ғой” деушi едiм. Ендi сол жiгiттiң орнында тұрмын, — дедiм күлiп. Ол болса:

— Сенi де бiреулер боқтап тұрмасын. Не қарап тұрсың, кел ендi, — дедi әзiлдей күлiп. Мен оны құшағыма қысып, ұзақ сүйдiм. Әзiлi қандай әдемi. Ұяңдау және шынайы.

Ол әлден уақытта:

— Арманың орындалды ма? — дедi.

Мен оған:

— Оны менен емес, андып жатқан батырлардан сұра, — дедiм. Екеумiз қосарлана күлдiк.

— Бiрақ, бiздi ешкiм де аңдып жатқан жоқ қой, — дейдi.

— Мейлi. Әйтеуiр, мен өз рөлiмдi толық орындадым. Андымаса өздерi бiлсiн, — дедiм.

— Екеумiз сол екеуiнiң жолын қуыптық қой. Осы теректiң бұрынғы қожайындары үйленiп пе едi?

— Жоқ, екеуiмiздiң өз жолымыз бар. Олардың жолымен жүрмеймiз.

— Неге? Сен оларға қызығып өспеп пе едiң?

— Иә, бiрақ…

— Не бiрақ?

— Ол екеуi ренжiсiп кеткен. Олардың жолын бермесiн. Менiң сенiмен ренжiскiм келмейдi. Осы теректiң жанынан кетейiкшi, — дедiм сөзiмдi аяқтауға демiм жетпей аптығып. Бойымды үрей билеп, әлденеден күдiктенiп, мазам кеттi.

— Теректiң не қатысы бар? — деп ол маған үнсiз ердi.

— Қардың астында жүрген жақсы ғой, бiр орында тұра бергенше, — деп алдай салдым.

* * *

Арада тағы да жылдар өткен. Көшеден өтiп бара жатып баяғы сол қара ағашқа кезiктiм. “Одан берi де екi жыл болыпты-ау” дедiм күбiрлеп. Бойымды сағыныш па, әлде мұң ба, бiртүрлi жылы сезiм кернедi.

Ауылды сағынып-ақ қалыппын. Алматыда жүргенде анда-санда қарағашты есiме алып қоюшы ем. Ендi, мiне, жанында тұрмын. Екi жыл бұрын Нәйлә екеумiз осы қарағаштың түбiнде тұрып едiк. Сол кезде әлденеден секемденгендей ме едiм? “Оған қара ағаштың не қатысы бар?” — деп едi ол. Мен “Олардың жолын бермесiн” деген едiм.

Қарағаш… Ұзындығы бiр құлаштай ғана боларлық түбiртегi қалыпты. Кесiп тастаған екен. Отындыққа керек болған ғой.

Е-е… Сөйтiп қарағаш та жанып кеттi де. Бiраз уақыт үнсiз тұрдым.

Қайдағылар есiме түсiп, көңiлiм құлазыды.

“Нәйлә қазiр қайда жүр екен?

Сенiмен ренжiскiм келмейдi демеп пе едiм? Амал не?..

Хош, қара ағаш!

Бақытты бол, Нәйлә…”

Артыма қарай-қарай қарағаштан алыстап бара жаттым. Ол да үнсiз қоштасып тұрғандай…

Бiр күнi бала күнiмде аңдып жүретiн көршiнiң қызымен кездесiп қалдым. Бiраз әңгiмелестiк. Әңгiме арасында: — Бұрын сендердi аңдушы едiк. Қарағаштың түбiнде тұрушы едiңдер ғой, — дедiм.

— Кесiп тастапты ғой оны, — дегенде, мен шынымен таң қалдым. Ауылға барғанда оны бұл да көрген екен. Бұл да мен сияқты қимастықпен қараған екен. Ұмытып кеткен шығар десем. Қарағаш бұған да ыстық болғаны ғой. Түсiндiм…

“Менiң жасыммен шамалас,

Құрбым едiң ғой — қара қас.

Қамығып қалған жоқ па екен?

Қасынан өтсең сипай сал,

Менiң шашымдай… Қарағаш! — деп көсiлiптi Маралтай ақын. Осы ақынның да өзiнiң қарағашы болған сияқты.

Нәйлә, сен де сөйт! Қасынан өтсең, қарағашты сипай сал. Қамығып қалмасын…


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама