- 30 там. 2021 00:00
- 151
Қаракесек Тіленші би
Арғын қаракесек Бекболат бидің бәйбішеден тоғыз ұлы болыпты, тоқалдан Тіленші деген бір ұлы және бір қызы болыпты. Би қартайыпты. Тұрғылас арғынның жақсылары көрісе келіп: «Жасыңыз болса жетіп келе жатыр, орныңызды ұстап, кісі болуға балаларыңыздың қайсысын ұйғарып жүрсіз? Көзіңіздің тірісінде бата берейік деп келіп едік», — дейді. Бекболат толғанып үндемейді, көзін жұмып отыра береді. Сонда арғындардың Бекболаттан жауап күтіп отырғанын, бидің Тіленшіні айтайын десе бәйбішеден жасқанып отырғанын шымылдықтың ішінде кесте тігіп отырған қызы біледі. Қыз шыдамай шымылдықтың бір шетін көтеріп, жиылған кісілерге қарап: — «Қаракесектен шығып, он екі баулы арғын сендерді әкем (Бекболат) билеуші еді, әйел де болса, әкемді шешем билеуші еді, әкем шешемнен қорықпаса айтпайтын несі бар? Тоқалдан туды демесе, Тіленші жанның ел ұстамайтын несі бар?» деп шымылдықты қайта жапты дейді (қыз Тіленшімен бірге туысқан екен).
Манадан томсарып отырған Бекболат көзін ашып: — «Баламның сөзі рас, сол немеден үмітім бар еді, бірақ ел жұмысынан ойлаған ойы жоқ, қойшы-қолаңшымен ойнай беруші еді, бойын ұстай білмеуші еді», — дейді. Сонда бәйбішесі: — «Сол немеден менің де үмітім бар еді, түсімде бидің ақ бура иесі бар еді, оның ақ тайлақ иесі бар еді, әлі тұрып, әлі шөге беруші еді, елді бір бұзып, бір түзей ме деп ойлаймын» — дейді.
Тіленші қайда? — дегенде, Нұрадан жылқы суара кетіп еді, дейді. Отырған арғынның игі жақсылары енді оған өзіміз барып жолығып, сол судың жағасында тілеу қылып, бата берейік десіпті. Бекболат бәрі жүздей кісі аттаныпты. Келсе, жылқысын суға жауып шығара салып, Тіленші өзен бойындағы қойшылармен алысып-жұлысып ойнап жатыр екен. «Ағаларың келді» деген соң киініп, алдарынан шығып, Тіленші сәлем беріпті. Сонда арғынның әлгі жақсылары Тіленшіге тұс-тұстан: — «Әкең Бекболат қартайды, он екі арыс арғынды билеп еді, адам бола ма деген баласы сен едің, қойшы-қолаңшымен алысып-жұлысып жатқаның мынау», — деп ұрыса бастайды.
Тіленші тосып алып, айтатын арызым бар деп, ұлықсатпен сөйлепті:
— «Әкем Бекболат еді, он екі арыс арғын сені билеп еді, арғындардың жуаны келсе, қабағын ашып, жадырап отырып сөйлесіп, арыз-мұңын тыңдаушы еді. Нашар, жіңішке атаның балалары айдаһардай көріп, айбатынан жасқанып, алдына келмейтін еді. Келсе, арыз-мұңын жөндеп, бойын билеп айта алмай, көбі арам өліп кете беруші еді. Сонда ойлаушы едім: сондай өнерді қолға берер күн болса, арызы жете алмаған нашарлар жасқанбай, арманын айтатын кісі болсам деп: соның үшін осы бастан бұлармен ойнап, бойын үйір қылсам, қорықпай арыз арманын айтар еді, арам өліп кетпес еді деген ойым» — депті.
Арғындар: — «Балам, біз мұныңды білген жоқ едік, сенікі мақұл екен» деп бата берісіп, тарқасыпты.