- 05 жел. 2019 00:00
- 258
Қараңғы бөлменің құпиясы
Бүгін армансыз ойнадым. Балалармен бірге Түйемойнақтың тоғайына барып, қарақатқа әбден тойдық. Көкем мен апам болса, қанша жалынсам да, жібермес еді. Олар таң алакеуімінен тұрып аудан орталығына кеткен. Ертең бір-ақ қайтады. Ал әжем өте жақсы адам. «Бірдеңеге ұрынып қалмасаңдар болды. Барсаң, барып кел» деген.
Күні бойы байқамаппын, үйге әбден шаршап қайттым. Әжем алдыма әкеліп қойған асты ішуге шамам келмей, отырған жерімдегі көрпешеге қисая кетіппін. Әжем мені қалай көтерсін? Тек басымның астына жастық салып, үстіме көрпе жауыпты.
Түннің бір уағында шырт ұйқыдан оянып кеттім. Кешке дейін жеген қарақаттан болса керек, тілім аузыма сыймай шөлдеп жатыр екенмін. Бөлме тастай қараңғы. Көзге түртсе көргісіз. Ашық терезеден салқын самал есіп тұр. Біздің үйдің жанынан ағатын кішкентай арықтың суы сылдырап жатыр.
Сусын ішіп келейін деп орнымнан көтерілгенім сол еді, еденге бірдеңе жалп ете қалғандай болды. Қорқып қалдым. Көрпешеге жүрелей отырып алып, тың тыңдай бастадым. Ас үйден әжем жатқан бөлмеге барайын десем, орнымнан тұруға батылым жетпеді. Тіпті шөлдегенімді де ұмытып кеттім. Ойыма ертегілердегі құбыжықтар орала береді. Ойламайын десем, болмайды. Біреу түртіп қалса, баж ете қалайын деп отырмын. Әйтеуір не керек, көрпешеге көміліп, таңды да атырдым.
Орнымнан тұрып бір аттап едім, дәл түндегідей бірдеңе еденге тағы да сарт ете қалды. Селк етіп, дыбыс шыққан жаққа қарадым — құрбақа. Кәдімгі құрбақа. Маған тесірейе қарап қалыпты. Алқымы бүлк-бүлк етеді.
Мен күліп жібердім. Құрбақа еденді сартылдатып, есікке қарай секектей жөнелді.