Қарақыз
1
Шынарды біздің ауылдың үлкен-кішісі түгелдей Қарақыз дейтін. Тек мен ғана Қарақыз демей, «апа», не Шынар деп атын атайтынмын.
Көрші едік. Менен он жастай үлкен еді. Мені ол туған бауырындай көретін. Мен де оған үйір едім. Шешем «ізіне ерген не інісі, не сіңлісі жоқ, сосын сені қара тұтады ғой, қайтсын» деп отыратын. Әкесі соғыста хабарсыз кеткен, бір үйде шешесі екеуі ғана. Соғыс кезінде мектепті тастап, майдандағы ер-азаматтар орнын басып, колхоз жұмысына араласып кеткен. Оқи алмай қалғанына өкініп, «жетіншіден әрі оқи алмадым ауылдан ұзап... ой, жағдай киын болды ғой, елдің қарны тойғаны осы ғана» деп, менің кітаптарымды бірге оқысып, «жақсы оқы, жақсы оқысаң адам боласың» деп ақылын да айтып қоятын. Дастан, қисса дегендерге құмар-ақ. Ауылдағы Ахмет деген жыраудан жазып алған бес-алты дәптердей қиссаларым бар. Көбіне маған соны оқытып, «даусың әдемі, нашына келтіріп оқисың» деп мақтап, ұзақ тыңдайды.
Шынар бүйрек бет, бітік көздеу қарақыз еді. Осы түсінің қаралығына қарап жұрт қарақыз атап кеткен-ау деймін. Он үштердегі кезім, көп нәрсені біле бермейім. Жиырма төрттегі Шынарды ауылдың әйел-еркегі. «Отырып қалды. Көк етікті табылмайды, көн етіктіге бармайды. Енді сүйтіп жүріп «кәріқыз» атанады» деп өсектейтін. Шынарды аяйтын менің шешем ғана. «Қайтсін енді, құрбыларының көбі соғыстан оралмай қалды. Шал-шауқанға қалай барсын. Майданнан бірен-сараң аман келген жігіт кімге жетсін» деп аяйды.
Мен де аяймын. Шынарды «кәрі қыз» деп мазақтағандармен төбелесуге бармын. Бірде әлде кім оның есігіне:
Ауылымның қонған жері Қосмолады,
Жиылып Қосмолаға қос қонады.
Түйенің арықтаған өркешіндей,
Емшегі кәрі қыздың бос болады,—
деп жазған қағаз қыстырып кетіпті, «Дөң асқандағы» өлең. Шынар бір түрлі мұңайып маған көрсетті. Жазуды таныдым. Бізбен бірге оқитын Айтбай деген бір бұзақы бар еді. Соның жазуы. Қағазды қолыма ұстай барып, «мынаны сен бе жазған» десем, «иә, мен» дейді танауын көтеріп. Содан екеуміз жатып кеп төбелестік. Мұрным даладай қан болды. Бірақ, өзі үшін төбелесіп, таяқ жегенімді Шынарға айтқаным жоқ.
Шынар апам тезірек күйеуге шықса екен деп тілеп жүрем. Кейде қиялыммен, кейде түсімде күйеуге ұзатып жатам. Күйеуге тиіп жатқан қыздарды көріп те жүрем. «Солардан Шынардың несі кем?!» деп ойлаймын. Әдемі, тәуір жігіт көрсем, соларды Шынарға ішімнен теліп, өз-өзімнен қуанып жүрем. Олар ажарсыз деп жоламайтын да шығар-ау. Көп жігіттер алдымен түріңе қарайды екен. Ажар дегенге мен ой жібере бермейім. Шешемнің «ажарына ас құйып іше ме, мінезін айт. Шіркін, Шынардың мінезі-ай, біреудің маңдайы жарқырап тұр ғой» дейді. Мен.де сол мінезін жақсы көрем. Бірақ мінезі қаншама жібектей болғанмен Шынар қалтарыста ұмыт қалған заттай елеусіз қала береді.
Бір күні мен Шынарға еріп шілдеханаға бардым. Торсықбай деген бригадирдің әйелі ұл туып, сол шілдехана жасаған. Күзді күні, күріш орақтың кезі. Қызыл іңір шақ еді. Шам жаққалы есік алдында, секла сүртіп жатқанмын. Шынар келді. Күріштің басында жатқан. Біраздан бері көріспегенбіз, сағынып қалыпты:
— Қалай, оқуың жақсы ма? — деп маңдайымнан сипай, бетімнен сүйді. Алақаны жарылып кетіпті, шытынаған жарық іздері маңдайыма түрпідей тиді.
— Апатай, алақанын, жарылып кетіпті ғой. Мұздай шық қойсын ба, ертеңгісін бау деген су боп жатады, — деді ол. — Апаң қайда?
— Кәпіратіпке кеткен. Қазір келеді. Жәй сұрадыңыз ба?
— Жарық майы бар ма екен?
— Ә, шілдеханаға барады екенсіз ғой.
— Иә. Сен де жүр, Сабыр, менімен. Бізді үлкендер елемейді, баласы. Тойдағы біздің орнымыз босаға. Ал оған еріп барсам, босағада қалмаймын. Қасынан тастамайды. Тездетіп шам жағып шешемнің сандықшасын астаң-кестең ғып аударып-төңкеріп жарық майын тауып бердім.
Соғыстан кейін ауылда той-томалақ жиі болып тұратын. Кит еткен сылтау табылса ойын-той: майданнан аман келгенге той, үйлегенге той, балалы болғандар шілдехана жасайды.
Ауылда ойын-тойдан қалмайтын жігіттер мен қыздар, сосын біз, балалар. Шақырған, шақырмағаны сөз емес, қылқиып жетіп барамыз.
Төбеден баданадай-баданадай жұлдызы жарқыраған қою қараңғы түн. Торсықбайдың екі бөлмелі тамы алдындағы ошақта лапылдап жанған от. От жарығында қалбаңдаған көлеңкелер. Жарқын шыққан қаңғыр-қаңғыр дауыстар. Сыңқ-сынқ күлкі. Үй сыртында сойылған малдың қан-жынына таласып, ырылдасқан иттер. «Осының ішінде менің де Құржолым бар-ау» деп қойдым үй жанына келгенде мен.
Шынар сәнденіп бар тәуірін киінген. Тобығына түскен ұзын, қос етек ақ көйлек, кек қамзол, қою, қолаң қара шашын жуан арқандай ғып еріп арқасына құлатқан. Сарғыш шұлық, жалпақ табан ескілеу қара туфли киген. Мен өйтіп тыраштанғаным жоқ. Маған бәрібір. Мектепке киіп жүрген киімім үстімде.
Шілдехана иесі Торсықбайдың әйелі Балапан Шынардың құрбысы, екі балаға ана боп қойған.
— Әй, бикеш, неғып кешіктің? Таранып жүргеніңде той тарқар, — деп ол күліп, наз айтып жатыр.
— Жұмыстан кеш келдім, — деді Шынар.
Қоржын там. Қарсы есік екі бөлме екеуі де лықа толған адам. Он, жақтағы үйден Ахмет жыраудың әуезді қоңыр даусы естіледі. Кете Жүсіптің термесін лекітіп төгіп отыр. Есікті ашып тастаған, босағада топырласқан бала-шаға, адам бас сұға алар емес. Балапан сол жақтағы бөлменің есігін ашты.
— Мында кір, — деді Шынарға.
Мен Шынардың қолынан ұстай алдым. Көкнада қалып қоям ба деп қорқып кеттім. Ол қолымнан жетектеген күйі ішке ертіп кірді.
Бөлме іші тола қыз бен жігіт. Екі жерден шам жағыпты. Ортада дастарқан. Қырман ғып төккен бауырсақ, кеспе-кеспе қазанжаппай. Қауыншек пен құрт. Шақпақ қант. Біреулер шай ішіп, біреулер арақ иен шарап отыр.
Қайқы тұмсықтау жалпақ қара жігіт дүкенші Ботпан нсік жақта үш-төрт стакан мен кеселерге арақ пен шарап құйып, жағалатып отыр. Сол елден бұрын:
— О, қарақыз келді ғой. Төрлет! Төрлет! — деп елпеңдей қалды.
Дастарқанның есік жақ қапталындағылар ығысым бізге орын берді. Мен шөпжелке қыздардан жоғары, кеудеге таман шығып кеткеніме масаттанып қалдым. Бәрі ауылдың қыз-жігіті. Тек бізге қарама-қарсы төрде бұрын-сонды мен көрмеген бейтаныс, жұқалап, ақсары жігіт отыр. Қою сарғыш шашын кейін қарай жатқыза тараған, қушық беттеу, өткір қыр мұрын. Кішкентай жылан көзі жылт-жылт етіп күлімдейді. Киімі әдемі: ақ көйлек, бауырсақ жағасына шоқпардай қызыл галстук байлаған. Қара костюмін ыссылаған соң ба желең жамылып алыпты.
Бейтаныс жігіт бізден көзін біразға дейін аудармады. Кіп-кішкентай боп неғып жүр деп маған қарап отыр ма деп қысылып барам. Әлде, Шынарға қадалып отыр ма? Ол бетіне жарықмайды аямай-ақ жаққан екен, жүзі сәуле түскен шыныдай жарқырап тұр. Өзі төмен қарап үндемейді.
— Шай ал, Қарақыз.
Шынарға кесе келді. Маған кесе жетпеді. Мен бауырсақ жеп отырдым. Жігіттер жағы көп сөйлейді, ду-ду.
— Ал, алып жібер.
— Баланың бауы берік болсын де!
— Шілдеханада ішпегенде қайда ішесің - деп арақ алдына барғандарды кеу-кеулеп дабырласып қалады. Енді бірде самаурын түбінде сызықша қара мұртын жалғыз қолымен әлсін-әлсін сипап қойып, қызара бертін отырған Торсықбайды ортаға алады.
— Торсекеңе толтырып күй. Енбек со кісінікі ғой.
— Бұл үйдің биі Балапан. Соны шақыр,— десіп дауыр-дауыр күліседі.
Қыздар жағы аз сөйлейді. Шетінен ызылып қалған. Алдына келген шарапты да алмайды. Стаканный шетіне өрімдерін тигізіп қайтып беріп жатыр. Еркектер ғана іркілмейді. Кейі кесемен, кейі үлкен қырлы стаканмен тамшы қалдырмай төнкеріп тастайды.
Белуарынан шарап құйған бір қырлы стакан Шынардың да алдына келіп қайтты. Жігіттер мен келіншектер жабыла кеукеуледі. Keп қолқалағанның бірі тердегі бейтаныс жігіт:
— Алып жібер, қарындас! Жүзімнің суы ғой, ештеңе етпейді,— деп қылқылдап отырып алды. — Ең болмаса бір ұрттаңызшы.
— Қарақыз ер едің ғой, ен, болмаса қонақ үшін бір жұтшы, — деп Ботпан да ыржаңдап күліп, қолындағы арақ құйған кесесін шошаңдатып қоймайды.— Туу, сендей қазақтың қызы қазір ақ арақтың өзін тартып жібереді, о, несі-ай,— дейді өкпелеп.
Қызыл шарап тәтті дейді ғой. Неге іше салмайды екен. Ана Ботпанның келіншегі өзінен қалысар емес. Дөңгелекше аққұба жүзі албырап, балқып отыр. Содан кем бе, қарақыз... Ішімнен Шынарға мен де ұрысып қоямын. Шынар әзер дегенде теріс қарап отырып бір-ақ жұтты. Соның өзіне төрдегі бейтаныс жігіт:
— Рахмет, қарындас, міне бұл мәдениеттілік, — деп мәз боп қалды.
Дастарқан жиналған соң ойын басталатын болды. Ботпан мен әлгі бейтаныс жігіт тысқа шығып келді. Ботпан қызған. Шарқ табақтай бетіндегі жайын аузы жиылмайды. Мені қасына шақырады. Қолыма сүлгі есіп ұстатты.
— «Кел сақина» ойнаймыз. Сен бала қарап отырма, міне дүре. Мен қазір сақина жасырам. Сен менің орныма іздейсің.— Ботпан орнынан тұрып, отырғандарды әр қайсысының уысына бір нәрсе тастағандай түгел жағалап шықты.
Ботпан — алаяқ жігіт. Сақинаның өзі іздеуге ерініп, мені жұмсап отыр. Мейлі. Қайта мен оған қуанбасам, ренжігенім жоқ. Ойынға араласа алмай, шошиып отырғаннан бұл жақсы ғой.
— Менен баста, — деген Ботпанның тосқан алақанына дүремен сарт еткізіп салып қалдым.
— Әй, байқа, қырамысың,— деп ол қолын от тигендей тартып алды. Қуанғанымнан қаттырақ ұрып жіберіппін.
— Қоңырда,— деді Ботпан қонақ жігітті нұсқап.
Қонақ жігіт алақанын жайды. Алақаны аппақ, үлпілдеп тұр. Қатты ұруға аядым. Жәймен ғана сылқ еткіздім.
— Кімде?
— Шынарда, — деді ол.
— Қарақыздың атын бұл қайдан біледі? Бұрыннан таныс па екен? Шынар айқыш-ұйқыш шытынаған қөңтақа алақанын тосты. Оның да алақанына жәй соқтым. Желігіп отырғандар:
— Әй, қатты соқ, әкең болса да аяма!
Мына іздеуіңмен биыл таптырмайды, — десіп жамырасты.
Шынар Ботпанның келіншегін сілтеді.
Жігіттерден іздемейсің бе, мені көргенше, — деп, ол сықылықтай күліп «әй кімге беріп едің» деп қылмия қарап, күйеуін шынтағымен наздана түртіп қойды.
Қатты соқтым. Келіншек - алақанына шоқ түскендей ыршып кетті.
— Мына жүгірмектің қолы қатты ғой. Сақина мына Бригад қайнағада,— деп Торсықбайды иегімен нұсқады.
Ойын қызық. Әр алақанды бір ұрып, терлеп-тепшіп болып жүрмін. Кейбіреулер қадалған жерінен қан алмай тынбайтындай сілтеген адамынан қайтпай қасарысады. Алақанын аямайды. Қонақ жігіт өзіне барса тек қарақызға сілтейді. Шынар көзінің астымен бір қарып жымияды да, басқа біреуге аударып жібереді.
Ақыры сақина Шынардан шықты. Қонақ білгендей қадалған екен. Қыр ізінен қалмағасын Қарақыз сақинаны қонаққа берді. Сақинаны алған қонақ жігіт:
— Мен сақина жасырмай тұрып әуелі бір ән салып берейін,— деді.
Жіңішке, ащылау дауыспен шырқап ән салды. Сыр бойында көп айтылатын ән — «Шынар-ай», Шынарға көзі жылтылдап қарап-қарап қояды.
Ахау, айдай Шынар-ай
Әркім бір сізге құмар-ай
Қайтсем бір көңілім тынар-ай.
Шынар әнді езіне арналғандай кере ме, көйлегінің етегін шұқылап, қысыла түседі.
Қонақ жігіт Шынарға неге көз тастай береді? Мен қашан ойыннан қайтқанша қонақ пен Шынардың қас-қабағын аңдумен болдым. Қонақ оған күлімдеп ұзақ қарады. Елден қысылмайды. Шынар болса, оның тесіле бергенінен ыңғайсызданып, тіпті бүгіліп кеткен. «Жұп қалау» ойынының кезінде қонақ жігіт пен Шынар қатар отырды. Қонақ жігіт әлде не күбірлеп жатыр. Мен алысырақ отырмын. Естімеймін не дейтінін. Қарақыз анада санда жымиып ернін жыбырлатады. Не деп отыр екен?
Шілдеханадан түн ортасы ауа қайттық. Шынар екеуміз есік алдына шыққанда бізге қонақ жігіт ере келді. Шынар онымен қоштасқан да жоқ, қолымнан ұстап алды да мені дедектетіп сүйрей жөнелді.
— Шынар! Шынар! — деп айқайлап қала берді қонақ жігіт.
— Неге қаштың! — дедім мен былай шыққан соң оның қылығына таңданып.
— Қорықтым, — деді Шынар.
Қорыққаны нес? Әп-әйдік болып та қорқа ма екен? Жігіттерден қорқып күйеуге шықпай жүрген жоқ па екен, осы Шынар, деп ойладым мен. Ол менің ойымды сезіп қалғандай жымиып, мойынымнан құшақтап, қысып қойды.
2
Қонақ жігіт көз алдымнан шықпай қойды. Күлгені әдемі. Ішіне тартып тұрғандай, жылы. Осы әп-әдемі жігіттен Шынар неге қашады!.. Ал осы жігіт Шынарға үйленем десе ше?! Ой, онда тамаша болар еді-ау, Сосын оны ешкім де кәріқыз демес еді.
Мен мектептен үйге қайтып келе жатып та осыны ойлаумен болдым. Қонақ жігіт қайда екен? Ауданға кетіп қалған шығар. Сауда орнының қызметкері деді ғой.
Ботпанның дүкені мектептен қайтатын жолда, Балажарманың терістік бетінде. Бала біткен мектептен қайтарда дүкенге бір кірмей кетпейтін әдетіміз. Ештеңе алмасақ та әр жылтыраққа бір қарап, әр нәрсені бір түртіп, қотыр тайлақтай бір-бір сүйкеніп шықпасақ көңіліміз көншімейді. Ботпан «топырламай, құрыңдар түге!» деп күнде айдап салады. Кейде үйімізден жұмыртқа ұрлап әкеліп өткізіп, конфет, пряник алып жейміз. Мұндайда ол қумайды, қайта жайын аузы жайылып, жымыңдап қалады.
Бір топ бала дүкенге кірдік. Түс еді. Екі-үш әйел сауда жасап жатыр екен. Ботпан есіктен топырлай кірген бізге жақтырмай алара қарап қойды да, өлшеп тұрған тауарын дар еткізіп ашулана жыртты. Жанында түндегі қонақ жігіт сөреге асылып әлдене жазып тұр. Біздің шуымызды есітіп ол да басын көтерді. Мені көріп күлімдеп сала берді:
— Әй, Сабыр, бері кел, — деп шақырды.
Алдына бардым. Қол берді.
— Амандаспаймыз ба, бірге жатқан жоқпыз ғой.
Неткен кішіпейіл, өзі қолдасып, сәлемдесіп жатыр.
— Сабақтан шықтыңдар ма?
— Иә.
Нешінші оқитын ең? Алтыншыда дейсің бе? Бері кел, бері.— Ол мені ішке, дүкенге жалғас, қума қойма етегіне ертіп кірді. Сосын «тұра тұр» деп арқамнан қақты лыпылдап шығып кетті. Жүрісі шапшаң. Қолында бір ыстай конфеті бар, жылпылдап күліп қайтып келді.
— Мә, сөмкеңе салып ал, — деді.
Meн сөмкеме салып алдым. Сарғыш қағазға түрген, орып жүрмесең, тіске жабысатын конфет. Біз оны «сағыз конфет» дейтінбіз. Мен Қоңырды Жақсы көріп қалдым.
Ол Шынарды сұрады.
— Ораққа кетті, — дедім мен.
— Кешке келе ме?
— Жоқ. Қос басында түнейді.
— Сен, Сабыр, бір нәрсе айтсам орындайсың ба?
— О, не? Айтыңыз.
— Әуелі орындайым деші.
— Өзі құпия нәрсе. Сен құпияны сақтай аласың ба?
— Сақтай алам.
— Ендеше.— Ол қалтасынан бір конвертті алып маған берді.— Мына хатты Шынар апаңа бер. Еш жанға көрсетпе?! Жарай ма?
— Иә,— деп хатты сөмкемнің ішіне кітап арасына тығып қойдым. Шынар апама хат апарып беру маған бір түрлі қызық көрініп кетті. Қарақыз қуанар ма екен хат алғанда?!
— Ешкімге көрсетпей апарып берем.
— Ой, молодец! — деп ол мені арқамнан қағып қойды.— Мен бүгін кетем. Енді бір жетіде қайтып келем. Сен осында дүкенге соғып тұр. Жарай ма?
Ботпан балаларды қуып жіберіпті. Маған жақсы раймен қарап, жымыңдап қалды. Мен тысқа шықтым.
Сөмкемді ашып, бір түйір конфетті аузыма салып, сорып келе жаттым... Қонақ жігіт қу болмасын. Маған хат апару үшін конфет берген шығар-ау? Бала деп алдағаны ғой... Аяқ астынан жыным келіп, сөмкемдегі конфеттерді шашып тастағым кеп бір тұрдым.
Бірақ, тәтті конфетті көзім қимады.
3
Қоңыр қаладан ораламын деген күні Шынар да орақтан ауылға қайтып келді. Қоңырдың келетін күнін мен де санап жүргенмін.
Кешкілік. Үйдің ортасындағы ондық шам түбінде етпеттеп кітап оқып жатқанмын. Шешем ошақ басында, қазан қырып отыр. Шақыр-шұқыр құлағымды тесіп, төбе құйқамды шымырлатады. Шынардың келгені тәуір болды, мазасыз үннен құтылдым.
Шешем екеуі біраз әңгімелесті.
— Орақтың бітетін күні бар ма?
— Әзір бітетін емес. Күріш көтере алмай жатып қалған, оруы киын боп жатыр.
— Біздің үйдегі ағаңды көрдің бе?
— Көрдім. Күні-түні қырман басында.
— Үйі барын ұмытқан жоқ па екен әйтеуір. Өзің киім-кешек ауыстыра келген шығарсың.
— Жоқ, бір жола үйге келдім. Бригадир осы жақтағы қора-қопсыға болыс деп жұмсады.
— Оның жақсы болған екен.
Шынар әдейі сұрап келген ғой. Қоңырдың хатын сол күні-ақ апарып бергенмін. Көкемді сылтау ғып қос басына бардым.
Орақ орып. жүрген боп, оңашада Шынардың қолына хатты ұстата салдым.
— Кеше тойдағы жігіт берді, — дедім. Шынар шошыған жоқ. Ешкім көріп тұрған жоқ па дегендей айналаға алақтап бір қарады да, хатты жан қалтасына сүңгітті. Күн мен желге тотыққан қарасұр жүзі кешкі шапақпен тот басқан темірдей күреңіте құбылды.
Хатты мен Шынарға бермес бұрын ашып оқып алғанмын. Өліп-өшіп жазған екен. Кей жерін күнделік дәптеріме кешіріп жазып алып қойғанмын. «... Мен сізді көзіңізге көзім түскен сәтте-ақ ұнатып қалдым. Өмір сапарына серік іздеген арманды жан едім. Сол арманым сіз екенсіз, сол іздеген серігім сіз екенсіз. Өмір деген киын, әрі ұзақ сапарда бір-бірімізге. серік болайық, арманым. Мен сізге ғашықпын...» Одан соң ол қалаға кететінін жазып, «сентябрьдің жиырма бесіне ораламын. Оралғанша ойланып жүрсін деп хат жолдап отырмын» деп аяқтаған.
Қоңырды Шынар да ұнатқан ғой. Ұнатпаса әдейі ауылға сұранып келер ме еді.
Шынар кеп аялдамады.
— Жәй келіп пе ең? — деді шешем.
— Секла түспеп пе екен дүкенге?.( Сабырдан білейін деп келіп едім. Түспепті,— дедім мен.
Біздің шекесі сынық бір секла бар еді, соны алмамын деп шешем, ауызғы үйге Шынарды ертіп шығып кетті.
Шамның секласын емес, Қоңырдың келген келмегенін білейін деп соққан шығар-ау. Мектептен қайтарымда жолшыбай дүкенге кіргенмін. Ботпан езуі жайылып: «әй, Қоңырды іздеп келдің бе? Ертең келеді» деген. Соны айтайын деп мен де тысқа шықтым.
— Апатай.— Жүгіріп қуып жеттім.— Мен дүкенге соқтым. О кісі ертең келеді.
— О кісіде жұмысым қанша. Қызықсың-ау, Сабыр, сен де,— деп күліп кекілімнен сипады Шынар. Сосын құшақтап бауырына қысты да: — Хатты ешкімге айтушы болма,— деді сыбырлап.
Ертеңіне тағы дүкенге соқтым. Қоңыр келген екен. Мені көріп туған інісі әскерден келгеннен бетер қуанды.
— Сабыр. Сабыржан, бері кел, — деп өткен жолғыдай ішке, қоймаға ертіп кірді.— Шынар орақтан келді ме?
— Келді.
— Үйінде ме?
— Жоқ, қора жөндеуге кетті.
— Кешке келе ме?
— Келеді.
— Шешесі үйінде ме?
— Үйінде.
Ол ойланып қалды. Шешесін неге сұрайды? Шынарда көңілі барын айтайын деді ме екен? Шешесінің, ашуы қатты. Есітсе, бәрін бүлдіреді ол.
— Шешесіне айтпаңыз, — дедім мен қорқыта.
— Нені?! Ә... Жоқ, шешесіне айтып жын ұрып па мені... Мен басқа бір нәрсе ойлап отырмын,— деді де ол орнынан тұрып кетті. Қабырғаға сүйеп, кірестеп қойған жәшіктердің бір қуысынан қағазға оралған әлденені алып келіп, маған берді.
— Сабыржан, мынаны еш жанға көрсетпей Шынарға бер. Базарлығым деп айтты де. Жарай ма?
— Иә.
— Сосын шешесі бір жаққа кетсе, сен маған айт, мақұл ма? Мен осы ауылда оншақты күн боламын.
— Мақұл, айтайын,— дедім. Шынармен оңаша тілдескісі келеді-ау, шамасы.
— Сабыржан сүйте ғой. Күндіз осында магазинде болам, ал кешкілік Ботпандікіндемін.
Ол маған тағы да конфет берді. Өткен жолғыдан жақсы, көкала қағазға түрген шоколад конфет. Бір уыстай. Ішім тәуір көріп тұрса да «алмаймын» деп қарсыласып ем, ол зорлап қалтама тығып жіберді.
Былай шыға шоколадтың біреуін тіске бастым, - Базарлығы не екен? Есіл дертім керсем екен дейім. Ашып көрейін десем олай-бұлай жүріп жатқан адамдар байқап қала ма деп қауіптенем. Ашпақ түгіл, өзім ұрлық істеп келе жатқандай қуыстанам, сөмкемді жамбасыма қысып-қысып қоямын... Ақыры шыдамадым. Жолда біреудің жаңадан-салып жатқан тамы бар еді. Белуардан кесегін өріп қойған. Соның жанына келдім. Жан адам жоқ. Маңайда да ешкім көрінбейді. Зып беріп ішіне кірдім. Отыра қап аштым. Бір шыны иіс су, үш бұрышты шыны. Сыртында шашына гүл қыстырған әдемі бір қыздың суреті. «Қармен» деген жазуы бар. Ірі тіс тарақ, бір қалбыр жарық май. Алақандай дөңгелек айна. Күн сәулесі айна жүзінде ойнап жарқ-жұрқ етеді. Айнаға қарасам, өңім құп-қу, көзім бақырайып тұр..., «Мына жігіт мырза екен» деп ойлаймын.
Енді жиып алып тұра бергенімде әлде кімнің: «Әй, біреудің жаңа салған тамын бүлдірейін дедің бе?» деген даусын есітіп, үңірейген терезе орнынан тысқа атып шығып, қаша жөнелдім.
Шынар жұмыста. Тезірек базарлығын тапсырсам дейім. Шешем керіп қалса, құрыдым ғой. Күн батып шам жағылғанша үйден бір аттам шықпадым. Екі көзім сөмкемде. Кітап оқыған боп соған қадалдым да отырдым. Шешем «Әй, саған бүгін бір тыным бопты ғой. Неғып үйкүшік боп отырсың, ойнамай» деп еді. «Үйге тапсырманы көп берді» деген сылтау айттым.
Ымырт түсе сөмкемді көтеріп Шынардікіне келдім. Шынар да, шешесі — етженді қара әйел де үйінде екен. Мен барған соң шешесі:
— Екеуің кітап оқып отыра тұрыңдар. Мен аққатынға барын біраз шер тарқатып қайтайын,— деп кетіп қалды.
«Ақ қатыны» — менің шешем. Сұрағанға — тілеген. Жақсы болды.
Менің келгеніме қуанып елеңдеп отырған Шынардың алдына базарлықты жайын тастадым.
— Апатай, мен саған базарлық әкелдім.
— Немене қалаға барып па ен?
— Жоқ, Қоңыр ағам беріп жіберді.
Шынар жаюлы жатқан базарлықты көріп көзі күліп, қызарып сала берді. Қолын созып барып, тартып алды. сосын маған қарады.
— Алыңыз, бәрі сіздікі.
Шынар орнынан ұшып тұрып, мені құшақтап, бетімнен, маңдайымнан сүйді. «Айналайын, Сабыртай» деп уана күбірлеп сүйеді.
— Ал, мынадан қалағаныңды ал.
— Алмайым.
— Ал, Сабыртай, ал.
— Алмайым, өзіңізге бәрі керек.
— Біреуін алшы. Алмасаң өкпелеймін.
Қайсысын алсам екен? Айна дұрыс-ау, бет-аузыңды көріп жүруге жақсы. Бет сыя болады кейде. Күн сәулесін түсіріп, біреудің көзіне шағылыстырып ойнасаң қандай. Бірақ... айна ұстағанды балалар жабылып мазақтайды. «Айнаға қарайды, жігіт» деп күліседі. Кекілімді тарауға тарағы да жақсы ғой...
— Тарақты сен ал,— деді оның өзі де.
Мен тарақты алдым. Шынар базарлықты сарғыш гүл төгілген ақ көйлегіне орап, корзинка түбіне салып тастады. «Қоңырды енді жақсы көретін шығар» деп ойладым мен.
— Дастандарыңды әкелдің бе? — деді ол көңілденіп.
— Жоқ.
— «Қыз Жібегіңді» әкеш, оқиық.
Мен үйге барып әбден умаждалып, алба-жұлбасы шыққан ескі дәптерлерімді әкелдім. Түннің бір уағына дейін ол маған «Қыз Жібек» жырын оқытты... Мен содан көзім ұйқыға кеткенше Қоңырды Төлегенге ұқсатумен жаттым. «Бекежан сияқты біреу оны өлтіріп кетіп жүрсе...» деп бір сәт шошына ойладым. Бірақ, қарақызға онымен таласып жүрген еш жанның жоғы есіме түскенде барып тынышталдым.
4
Түсте мектептен келіп, тамақ ішіп отыр ем. Тыста шешем мен әлде кімнің дабырлай сөйлескен дауысын есітіп, құлақ түрдім.
— Қалаға қазір жүресін бе? — дейді шешем.
— Иә, нағашым кенжесіне келін түсірген екен. Соған азанда телефон ұрыпты.
— Құтты болсын! Жақсылық қой.
— Кешкісін Шынар қорқар, Сабырды жібер, серік болсын.
Жеп отырған нанымды қолыма алып тысқа шықтым. Олардың көзіне түспей, бопыр қораны тасалап, дүкенге шаптым.
Үзіліс. Дүкен жабық, ішінен іліп алыпты. Әрі-бері тықыршып жүріп-жүріп, бір кезде есігін тықылдаттым.
— Сабыр батыр ғой, — деді Ботпан.
Терезеден Ботпан ыржыяды. Шайнаңдап бір нәрсе жеп:
— Е, бе-ер, кел! — Сөреге Мініп отырған Қоңырдың қолында стакан. Аузында тамақ.
Олар арақ ішіп жатыр екен.
— Арақ ішпейсің бе? — деп әзілдеп қасына шақырды Қоңыр.— Ал жақсылық хабармен келдің бе, айта бер. Ботпан өз адамымыз, қорықпа.
Сеніңкіремей Ботпанға бір қарап алдым да, Шынардың шешесінің қалаға жүргелі жатқанын айттым.
— Шын ба? — Ол сөреден жерге қарғып түсті.— Сабыр, молодец! — Құшақтап бетімнен сүйді. Арақ исі қолқамды қауып, жеркеніп кеттім.
— Кешке Ботпандікіне кел. Мені ертіп барасың. Жарай ма?
— Мақұл.
— Кәне, мына жақсы хабар үшін жүз грамнан қағып жібермейміз бе? — деп екі қырлы стаканға бөтелке түбінде қалған арақты бөліп құйды да, Ботпан екеуі соғыстырып қағып жіберді.
— Конфет же,— деді Қоңыр ішкенде иіскеген конфетін маған ұсынып.
Алмадым. Қоңыр ыңғайсызданып қалды ма сықылықтап күле береді.
— Жақсы, онда. Кешке ел орынға отыра Ботпандікіне кел. Еңбегіңді жемеспін,— деді.
Қызық адам екен. Еңбегіңді жемеспін дегені несі? Мен не еңбек етіп жүрмін, осы?
Түн. Тас қараңғы. Аяқ жол көрінбейді. Қап-қара аспанда құрттай быжынаған жұлдыздар. Мұндай түнде үй арасында ауыл адамы болмаса бөтен кісінің жүруі екі талай. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп. Мен ертіп бармасам, Шынардың үйін Қоңыр мына жеті қараңғы да өлсе де таба алмайды. Біреу-міреуге еріп келген күнде де менің тайыншадай қарала төбетім түнемелік ауыл маңына жан жолатпайды.
Мен Қоңырды ертіп келетінімді Шынарға айтқаным жоқ. Айтсам «ертіп келме» деп ұрысып тастар дедім. Ертіп әкелейін, екеуі оңаша сөйлессін. Шынар апам қашанға жалғыз жүреді деп те ойладым.
Қоңырды ертіп шықтым. Ептеп қызулау ма дейім. Ауызы арақ исі мүңкіп: «Сенің бұл қызметіңді екі дүниеде ұмытпаспын-ау», «Ер мойнында қыл арқан шірімес, тірі жүрсем бір реті келер-ау» деп бөсіп келеді. Қараңғыға көзі үйренбей жазық жолдың өзінде-ақ қайта-қайта сүріне берген соң ол менің қолымнан ұстап алды.
— Жолды қалай көріп келе жатсың-ай, мен түкті көрсем бұйырмасын, — деп қояды. — Сен нағыз жігіттің сырттаны болайын деп тұр екенсің. Талай қызды құртасың ғой.
Мен оның мына сөзін жақтырмадым. Үндегенім жоқ.
— Сенің итің қабаған дейді ғой,— деді ол. Бәрін қайдан біліп алған. Қу-ау, өзі.
— Иә, қабаған.
— Қараңғыда кеп бас салмай ма?
— Мен тұрғанда қаппайды.
Жолды мен де көріп келе жатқаным жоқ. Аяқ үйреніп, кәділге жатталып қалған. Біздің үйдің жанына өте Көргенімізде қараңғыдан бір нәрсе солаң ете қалды да қыңсылай кеп маған асыла кетті. Құтжол.
— Ойбай! — деп шыңғырып жіберді Қоңыр.
— Қорықпаңыз. Қайта қорықсаңыз қабады.
Иттен зәресі қалмай қорқады екен. Безгек тиген адамдай қалтырап менің сыртыма тығыла береді. Мен «Кет! Кет!» деп төбетімді қуып тастадым.
Шынардың есігі ілулі екен. Қақтым.
— Бұ кім?
— Мен ғой, апа.
— Сабырмысың? Әлгінде ғана іздеп барып кеп ем, — деп сөйлеп есік ашты.
Менің жалғыз емес екенімді көріп сасып қалды. Шашы қобырап, бұрымы тарқатылып мажырасын жүр екен. Жүгіріп төргі үйге сүңгіп кетті.
— Жоғары шығыңыз,— дедім мен өз үйіме ертіп келгендей ақ, состиып тұрған Қоңырға.
Ол төр алдындағы көрпеше үстіне барып малдас құрды. Үсті басын тәртіпке келтірген Шынар шықты.
— Саламатсыз ба, Шынар? — деді Қоңыр.
— Саламатсыз ба? — деді Шынар даусы естілер естілмес.
Мен де тізе бүккенмін. Шынар «мұның не» дегендей көзінің астымен маған қарап қойды.
— Ғафу етіңіз, қарындас, қатар-құрбы болған соң шақырусыз-ақ келіп қалдық,— деді Қоңыр терезе алдында бұрымының ұшын саусағына орап, төмен қарап тұрып қалған Шынарға. — Отырыңыз. Әңгімелесіп отырып қайтайын деп келдім.
Шынар есік жақтағы жатаған кесек пеш түбіне бір тізелеп ызылып жаймен ғана жайғасты. Мен орнымнан тұрдым. Қоңыр маған әлгінде «отырып жайласқан соң, сылтау тауып шығып кетерсің» деген.
— Қайда барасың? — деді Шынар шошынғандай.
— Қазір келем. Апама айтпай кетіп ем
— Кел, кешікпе.
Мен тысқа шықтым. Жарықтан шыққан мезетте көзім дым көрмей қалды. Әлде кім кеп көкірегімнен итеріп тұра қалғандай боп қорқып кеттім. Сөйтсем, қыңсылағанынан білдім, мені іздеп, айналшықтап жүрген төбетім екен.
Үйге барғаным жоқ. Үйдің сыртында жаңадан салатын тамға кесек құямыз деп үйген топырақ бар еді. Құтжолымды ертіп, сол үйіндіге шығып отырдым. Құтжол қыңсылап, үсті-басымды жалап, еркелейді. Терезесінен шам жарығы жылтыраған Шынардың үйі жаққа қарап әлсін-әлсін үріп қояды, ол үйде бөтен адамның қалғанын біліп түр. Ақылды ғой менің Құтжолым.
Менің екі көзім жылтыраған терезеде. Олар неғып отыр екен? Не сөйлесіп жатыр екен? Шынар апам Қоңырды жақсы көре ме? Жек көрсе бірден қуып шығар еді ғой. Ал жақсы көрген күнде мен құсатып оның да маңдайынан, бетінен сүйер ме екен? Әй, қайдам...
Меңіреу түн. Жым-жырт тыныштықты бүзып жүрген менің төбетім ғана. Құтжол әлсін-әлсін қараңғыға сүңгіп жоғалып кетеді де сәлден соң қынсылап қайтып оралады. Шамасы Шынар үйін бағдарлап қайтады-ау деймін. Қанша ақылды дегенмен ит адамдар тірлігін қайдан ұқсын. Ана шам жанған үйде үлкен әңгіме боп жатқанын, ертең Шынар апам күйеуге шықса, айран-асыр той болатынын қайдан білсін. Мұның ойы — Қоңыр шықса, тек бас салу ғой. «Қоңыр жақсы, оған тиме» дедім итіме басынан сипап.
Мен аспанға қарайым. Танадай-танадай үлкен жарық жұлдыздар. Неткен көп... Жігіт болған соң мен де үйленер ме екенмін?! Сонда мен кімге?.., Мен жұлдызға үйленем? Ха-ха! Жо-жоқ, Қыз Жібекке үйленем... Құтжол бетімнен жалап тұр. «Кет! Тфу... Кет!» Шынар үйінің шамы сөнер емес. Туу, ұзақ әңгімелесті ғой. Бұ несі? Әлде апатайым Қоңырға дастан оқытып отыр ма?.. Әнеукүні қорқам деп еді, әлде қорқып бір бұрышқа тығылып қозғала алмай отырған шығар. Қой, барайын тезірек... - Аяғымды мысықша ұрлана басып жаймен кеп есігін тарттым. Ішінен іліп алыпты. Күбірлеген дауыс, Қоңырдың даусы. Не айтып жатыр деп әрі-бері құлағымды тосып ем, ештеңе ести алмадым. Біреу-міреу келіп қалар деп іліп алған шығар. Оңаша сөйлесейін деген ғой...
Үйге қайттым. Шешем жатып қалыпты. Есіктің ілмегі бос, сырттан сұқ қолымды тығып аша беретінмін. Қалтамдағы тарақпен сырт еткізіп аштым да орныма тым-тырыс жата қалдым. Түнімен жайсыз ұйықтадым. Бір рет әлде неден шошып ояндым. Енді бірде Қоңыр Шынардың аяқ қолын байлап алып қашып барады екен. Мен қуып келем. Итімді де айтақтаймын. Үрген даусы естіледі, бірақ өзі көрінбейді. Мен өкшелеп, қолымды создым. Қанша созсам да қолым көтерілмейді, жаны жоқ секілді. Сөйтсем, түсім. Оң қолым астымда қалыпты.
Азанда мектепке бара жатып, Шынар апамдікіне соққам есігі құлып. Ертемен жұмысқа кетіпті. «Шынар апам енді күйеуге шығатын болды!» Жүрегімді қуаныш кернеп, лүпілдейді. «Қарақыз күйеуге шығады!» деп айқай салғым келеді.
Бірақ, мен ешкімге тіс жарғаным жоқ. Есім бар ғой, ым білмегендей жүре бердім. Қоңырды тағы да төрт-бес үн қатарынан ертіп келдім. Олардың әңгімесі «Қыз Жібек» дастанынан да ұзақ екен. Кеш сайын мен үйдің сыртындағы төбешікке шығып, қашан ұйқым келгенше Шынардың терезесін аңдып отыратын болдым. Кейінгі екі түн олар шамды сөндіріп қойып әңгімелесті. Қайтсін, біреудің көзіне түсіп қаламыз деп қорыққан шығар.
5
Бес-алты күннен соң Қоңыр кетіп қалды. Шынар апам бір түрлі ұялып, жүзі жанып жүрді. Тура қарамайды. Жігітпен оңаша әңгімелескеніне ұялады-ау деймін. Не жайлы сөйлескендерін айтпайды. Өзі айтпаған соң. Бір күні өзім сұрадым.
— Апатай, Қоңырға шығасын ба?
Ол ернін тістеп күлді.
— Шығамын, — деді. — Имандай сырым, Сабыр. Тісіңнен шығарма. Мерекеге алып қашам деді.
Октябрь мейрамына жиырма шақты-ақ күн қалған. Шынарды қимай, жүрегім сыздап ауырып кетті. Шынымен кетер ме екен деймін қиналып.
— Жақсы көресің бе?
— Сен ше? — деп ол өзімнен сұрады.
— Жақсы көрем,— дедім мен.
— Менде... Тісіңнен шығарма, — деп тағы жалынды ол. — Кететін күні өзіне айтам.
— Шешеме айтпайсың ба?
— Жоқ.
— Неге?
— Қоңыр айтпа деді. Той жасап жайласқан соң, апаңды қолымызға аламыз деді.— Шынар көзінің жасын бір сығып алды.— Апамды қимаймын.... Сен... Сендерді де...
Шынарға қосылып менің де жылағым келді. «Апатай» деп құшақтай алдым. Ол төсіне маңдайымды басып, құшақтап ұзақ отырды.
— Сабыржан, шығарып саласың ғой, ә,— дей береді қайта-қайта.
— Шығарып саламын.
Шынар кететін күнді тағатсыз күттім. Бірақ, Қоңыр жуық арада келмеді. Мереке өтті. Апатайым екі көзі төрт болды. Тыншымай маған келеді жүгіріп:
— Дүкенге соқтың ба?
— Соқтым.
— Келіп пе?
— Жоқ.
Шынар сырқат адамдай қабағы қатып кетті. Күліп, жайраңдап жүретін еді, лезде еңсесі түсті. Шешесі біздікіне күнде келеді. «Жалғыз қызымды да құдай көп көрейін деп жүрме деп қорқам. Сырқат-ау дейім. Тәбетім жоқ деп тамақ ішпейді. Түн баласы көз ілмей аһылап-үһілеп шығады. «Не болды, құлыным?» десем, «апа, ауырып жүрмін» дейді. Қай жері ауыратынын айтпайды. Жүрегінде бір запыран бар ма, лоқсып құса алмай қиналады.
Қоңыр суға батқан қара тастай хабарсыз кетті. Неге келмейді? Шынар қатты зарықты. Әне-міне дегенше тағы да екі айдай уақыт өтті. Бір күні Шынар.
— Сабыржан, Ботпаннан сұраш, хабар бар ма екен? Адресін біле ме екен, сұраш,— деді жабығып отырып,
Ботпаннан сұрап едім, ол мені мазақ қылды.
— Алда жеңгетайым-ай конфет жегің келген екен ой, — деп сықақтап күледі.
— Конфетің керек емес маған. — Ашуым келді.
— Қоңыр енді көкек айында келеді. Апаңның аузын үп шығысқа қаратып кетті ол.
— Не дейсіз?!
— Солай деймін. Қоңырдың әйел-бала шағасы бар.
— Өтірік айтасыз,— дедім. Сенгенім жоқ. Шынарды алып қашады ол.
— Ашу үстінде шынымды айтып қойғанымды соңынан аңғардым.
— Қарақызды ала ма, өзінің алма мойын, ақ маңдайы тұрғанда?! Қық-қық... –
— Алады.
— Әй, ашық ауызым-ай... Аламын деп алдамаса қыз өнетін бе еді, қалайда құрығына түсірген жігітті айт, сабаз.
Ызақор едім. Алқымымды өксік алды. Енді болмаса ;өзімнен жас ытқиды. Сыртқа ата жөнелдім. Не сенерімді, не сенбесімді білмейім. Сып-сыпайы Қоңырдың жылы күзі, іші-бауырыңа кіріп тұратын күлімдеген көзі елестейді. Ондай да «өтірік» деймін өзіме өзім. Қыт-қыттап күлген Ботпан елестейді. Ол сәт мойныма су құйылғандай жерге қарайым.
Ботпан сөзін Шынардан жасырдым.
— Білмейді,— дедім.
— Адресін де білмей ме?
— Иә...
Шынар тұнжырап үнсіз отырып қалды. Ұзақ отырды. Іс ойлағанын қайдам? Мен де үндемедім. Қимылдасам өтірігімді байқатып алатындай тырп етпедім. «Ботпан айтқан сұмдықты есітпесе екен, есітпесе екен» дей бердім ішімнен.
6
Бәрібір мен айтпағанмен Шынар өзі біліп алыпты. Бірде кешкісін келіп:
— Сабыр бүгін біздің үйге жатсыншы,— деді шешеме
— Барсын. Бара ғой, Сабыржан.
Шынардың жүзі жабығыңқы еді. Өсек шыға бастаған. Шешем мен көршідегі бір келіншектің пыш-пыштасып отырғанын естігенмін. «Масқара... Масқара» дегендерін құлағым шалған. Шешем Шынарға көзінің астымен мүсіркей қарап қойды. Шынар назары пәс, тура қараған жоқ.
Шынардың шешесі бір жаққа кеткен. Жататын мезгіл боп қалған. Шынар үнсіз маған төсек салып берді. Мен де ештеңе дегенім жоқ. Әлгі Ботпанның хабарынан кейін әлденені бүлдіріп алғандай Шынардан қашқақтап, үндемей жүретінмін. Үнсіз шешіндім.
Далада ұйытқыған боран. Ақпанның бораны. Қыс өзінің ақырғы ашуына мінгендей екі-үш күннен бері ақтүтек көз аштырмай тұр. Тыстағы қора қамысын, шөп-шаламды тысырлатып уілдейді боран. Үй іші де салқын. От аз жағылған-ау шамасы. Тоңып көрпе астына қойып кеттім. Шынар күйбеңдеп кеп жүрді. Біресе төргі үйге кіреді, біресе мен жатқан бөлмеге келеді. Әр затты бір ұстайды. Пешке жалпылдақ отын салды. Сонан соң төргі үйден әлденелерді әкеп, пешке тықты. Көзім шалып қалды, иіс су шынысы, қалбыр мен айна. Анадағы Қоңырдың базарлығы. Әлсін-әлсін үһілейді. Өз төсегіне бармай, менің қасыма келді. Қисайып жатты, мені құшақтады. Құшақтады да солқылдап жылап қоя берді.
— Апатай жылама, неге жылайсың?
Ол иығы селкілдеп өксіп, менің басымды төсіне басты. Жанып тұр. Денесі от секілді. Менің де көңілім бұзылды.
— Апатай жыламашы.
— Жылау маған аз, мұнан да өлгенім жақсы еді.
— Неге апатай?
— Масқара болдым ғой мен, масқара...
«Алам деп алмай кеткеннің несі масқара. Қоңыр болмаса, басқа адам құрып қалып па? Күйеу таба .алмай қалам дей ме екен?» деген ойлар келеді маған.
— Сен, Сабыржан, жассың ғой, көп нәрсені түсінбейсің. Апатайын сорлап, қарабет боп қалды ғой.
— Қойшы апатай.
— Мен қарабетпін. Өзімді ұстай алмадым. Тілі майда екен. Буын құрттай түсті ғой... Сеніп қалдым ғой, — деп өксіп, солқылдайды.
Саңлаудан түскен жарық секілді ішім бір нәрсені сезеді. Шынардың опық жеп, өкініп жатқанын байқайдық. Сол неменің хатын неге тасыдым, неге ертіп келдім деп өз-өзімді іштей жерлеймін. Шынардың алдында өзімді кінәлі санап қысыламын.
— Мен. Мен оның жаман екенін білмедім ғой.
— Кім білді дейсің. Білсем, маңайыма жолатам ба?
— Қап, мен Құтжолға талататын ем білгенде.
— Айналайын, Сабыржан,— деп ол маңдайымнан сүйді. Демі де ыстық. Аузынан жалын шығатындай.— Менің сен сияқты бауырымда болмады ғой. Апама не бетімді айтам...— Ол тағы жылады.— Мен құримын. Ит екеш ит те өлігін көрсетпейді.
Шошып кеттім. Өліп қалар деп қорықтым.
— Апатай, айтпашы ондайды.
— Мен ертең кетем. Көз көрмес, құлақ естімес жерге кетем. Сені Сабыр әдейі қоштасқалы шақырдым.
— Кетпе, апатай! Қайда барасың? Кетпе, — деп қатты құшақтап алдым.
— Кетпеске болмай қалды ғой, Сабыржан. Енді ұйықта. Мен сенің қасында жата берейін. Иә ма?
Ол басымнан сипады. Тыста боран уілдейді. Тынбаған. Кей-кейде біреу жаймен ғана қаққандай боп терезе тысырлайды. Тыста әлде кім тұрғандай елеңдеймін. «Терезені қағып, Қоңыр жетіп келсе тап қазір» деп қиялдаймын.
Өстіп жатып қай кезде ұйықтап кеткенімді өзім де білмейім. Азанда оянсам, Шынар жоқ қасымда. Жүгіріп төргі үйге бардым. Жоқ. Даладан да таба алмадым. Үйге келіп шешемнен сұрадым:
— Жұмысқа кеткен шығар, — деді ол.
Шынар сол түні жоқ болып шықты. Қайда кеткені белгісіз ізім-қайым жоғалды.
7
Жаманат жата ма?! Шынар жайлы әңгіме ертеңіне қаулады. Бәрінен де шешесі байғұсқа қиын болды. Иығы түсіп бүгіліп кетті. Кейде қызын қарғап: «Құдай маған тесік моншақ бергенше соқыр ұл неге бермедің»,— деп зарлайды. Өзін осындай күйге салған шұнақ құдайды қорғайды. «Байымнан бір айырдың, баламнан екі айырдың, уа шұнақ құдай, не жазып ем мен саған!» деп көз жасы төгіп, адамның аза бойын қаза қылады. Біздің үйге көп келеді. Кейде «Қайтейін, ең болмаса намысын жоқтайтын ізінен іні де ерте алмадым мен сорлы» деп бетін жыртады.
Мұндайда адам шыдап тұра алмайды. Мен де ішімнен жылаймын. Қоңыр кездессе түтіп жермін-ау деп кіжінемін.
Бір күні мен Қоңырды Ботпанның дүкені алдында жүк тиеген машинадан түсіп жатқанын көріп қалдым. Баяғы қалпы. Күлім-күлім етеді. Ештеңе көріп білмегендей. Біреудің масқара болғаны, қайғысы оның ойына кіріп шықпайтындай. Қасындағы біреулермен сықылықтап күліп барады. Күлгені әйелдің күлкісінен аумайды екен. Япыр-ау бұрын неғып байқамағанмын... Жорғалап басып дүкенге кіріп кетті.
Ызам келіп тұр. Жүгіріп барып жағасынан ала кеткім келеді. Бірақ әлім жете ме? Әлің жетпейді деген бір күдік, мені тежейді. Енді қайттім? Ә, таптым! Біздің класта төбелескіш Қосан дейтін бала бар еді. Ызғып соған келдім.
Ол Шынар өсегін естігенмен оқиғаның бас-аяғынан бейхабар. Мен жасырғаным жоқ, асығып-үсігіп бәрін айтып бердім.
— Нағыз фашист екен ғой,— деді ол Қоңырды.
Ол жек көрген адамын фашист деп мұқататын.
— Екеуміздің әліміз жете ме, сабасақ?
— Жетеді. Сабаймыз, — деді ол.
— Жүр. Кеттік ендеше.
— Басында кепкесі бар ма?
— Қайдағы кепке. Қыста адам кепка киюші ме еді? Басында елтірі құлақшын.
— Қап, кепка болғанда төмен басып жіберіп... Көзіне кигізіп жіберіп... Қашан көрем дегенше ұрып тастайтын ек.
— Қыш жинап алайық. Шөкелеуге керек болады.
— Дүкенде адам көп пе?
— Көп.
— Олардың көзінше қалай тиісеміз.
Бұ жағын ойламаппын. Оңаша шықса жақсы. Болмаса ел көзінше тапа талтүсте тиісу киын.
— Мылтықпен қорқытсақ қайтеді? — деді ол әлде не ойына келгендей күлімдеп,— мылтықпен ауыл советке айдап барсақ қайтеді, азғын, фашист деп...
— Оған мылтық қайда? — Қосанның тапқырлығына ырза болдым. Міне қызық, айдап апарамыз да ауыл Совет председателіне бәрін айтып береміз. Соттасын, қамасын итті.
— Бізде мылтық бар.
— Оғы бар ма?
— Жоқ.
— Онда неғылдық?
— Ой, оқсыз-ақ зәресін ұшырамыз. Мылтық кезесек майма, оғы бар ма, жоқ па, ол қайдан білсін.
— Жүр, кеттік!
Қосан әбден тот басқан жалғыз ауыз он алтыншы құс мылтығын асынды. Мен Құтжолымды ертіп, қалтамды қышқа толтырып алдым. Жолшыбай ұшырасқандар күледі. «Әй, аңға шықтыңдар ма?» Біз үндемейміз. Дүкенге таяндық. Жүк тиеген машина көрінбейді.
— Қап, айрылып қалмасақ болар еді?
— Сен байқап кел, бар ма жоқ па? — деп Қосан Құтжолды ұстап, дүкеннің тасасында қалды.
Мен жайымен келіп есіктен сығаладым. Саусағының ұшына «тіф-тіф» деп түкіріп қойып, ақша санап тұрған Ботпаннан басқа ешкім көрінбейді. Ол менің сығалағанымды байқап қалды.
— Әй, жеңгетай, сығаламай бері кел.
Ішке кірмедім. «Жеңгетай» дегені өңменіме оқтан қадалған жоқ. Жылауға сәл-ақ қалдым. Ызадан қалшылдап кеттім. Жұдырығыммен есігінің сыртынан рет өткізіп бір қойдым да жүре бердім.
— Кетіп қалыпты,— дедім Қосанға келіп.
— Қап...
Біз басымыз салбырай үйге қайттық. Құтжол «жолдарың болмады ма» дегендей бізге әлсін-әлсін мойнын бұрып бір түрлі мөлие қарайды да алдымызға түсіп құйрығын бұлғаңдатады. Кімге тиісерімізді білмегендей з жолда ұшырасқан қатқан қайыршық қарды тепкілеп келе жаттық. Бірімізге-біріміз тіл де қатқанымыз жоқ.
... Арада бір жыл өткенде барып Шынардың хабары шықты. Өзінен бір жарым мүшел үлкен біреуге тұрмысқа шығыпты. Құдалар келіп, Шынардың шешесін кешіріп кетті. Біз болсақ келер жылы Сырдарияға салынып атқан Тасбөгет құрылысына көштік.
Міне содан бері жиырма жылдан асыпты. Содан қайтып мен Қарақызды да, Қоңырды да ұшыратқан емеспін. Бірақ со бір оқиға есіме түссе, қаным тасып қараптан-қарап отырып ашуланамын. Әлде кімді шапалақпен тартып жібергім кеп кетеді.