tengrinews.kz
- 27 мам. 2026 09:00
- 15
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі барша мұсылмандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының құттықтау хатында айтылғандай, Құрбан айт мұсылман әлемінде ерекше орын алатын, зор ықыласпен күтілетін мереке.
«Бұл мереке мейірімділікке, жанашырлыққа, рухани кемелденуге, өзара құрмет пен сенімге, ынтымаққа шақырады. Құрбан айттың қасиетті күндері бір-бірімізге қолдау көрсетудің, аға буынды қадірлеудің, елдің игілігі жолындағы ортақ жауапкершіліктің маңыздылығын еске салады. Бұл – әділдікке, таза ниетке, гуманизмге негізделген исламды терең түсіну мен саналы түрде қабылдау кезеңі», - делінген хатта.
Президент өз сөзінде исламның және басқа да дәстүрлі діндердің прогрессивті құндылықтарының халқымыздың рухани дамуына, ұрпақтар сабақтастығына, қоғамдағы бірлік пен келісімге берік негіз болатынын атап өтті.
«Біз үшін Отанның егемендігі мен тәуелсіздігінен асқан ештеңе жоқ. Конституция – халқымыздың күнделікті өмірінің айнасы, біздің бірегейлігіміздің өзегі. Сондықтан ұлттық бірлікті нығайту, этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың мызғымас басымдығы және аса маңызды конституциялық міндет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елдегі тұрақтылық пен үйлесімділікті сақтау әрбір азаматтың парызы екенін айтып, жаһандық сын-қатерлерге толы қазіргі кезеңде бұл – Отанымыздың одан әрі өркендеуінің негізі, Әділетті, Прогрессивті Қазақстанды құрудың басты шарты екенін баса айтты.
«Бірлік пен жасампаздық патриотизмінде біздің басты күшіміз бар екеніне сенімдімін. Барша отандастарыма зор денсаулық, бақыт және игілік тілеймін! Құрбан айт мерекесі құтты болсын!» - деп түйіндеді Президент.