Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 20 минут бұрын)
"Қатарымызға қош келдің, Мәке!" – Бақтияр Сәрсекбаев Михаил Шайдоровты құттықтады

Бейжің Олимпиадасының чемпионы, қазақстандық боксшы Бақтияр Сәрсекбаев Италияда өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарында алтыннан алқа таққан мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровты ерекше құттықтады. Ол жас спортшыға арнаған жылы лебізін білдіріп, алдағы жолына ақыл-кеңесін айтты.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шынайы құттықтау

«Жарадың, Миша! Олимпиада чемпионы атану оңай емес екенін, қиын да ауыр жолдан өтпей, алтын медальді жеңіп алу мүмкін еместігін дәлелдедің! Сен өткен жолдан мен де, басқа да Олимп шыңын бағындырған ағаларың да өткен. Талай рет көкірегімнен итеріп, аяғымнан шалғандар болды. Сынып кететіндей кездер де жеткілікті болды, бірақ сол қиындықтарға сынбай, арманыма жеттім», - деп жазды Бақтияр Сәрсекбаев.

Спорттағы қиындықтар мен қолдау

Ол өзінің спорттық жолында кездескен қиындықтарды еске алып, Михаил Шайдоровтың да осындай кезеңдерді бастан кешкенін айтты. «Сенің де 5 жыл бұрын көргеніңді кейбіреулер жарыса жазып жатыр. Бәріміздің басымыздан өткен... Сол кездегі басшылардан да қайыр көрген жоқпыз. Бірақ Аллаға шүкір, заман өзгеріп, спортқа деген көзқарас жақсарды. Қазақ спорты еңсесін көтеріп, әрбір жарыстан жақсы жаңалықтармен оралып жүрміз», - деп толықтырды Олимпиада чемпионы.

Жас чемпионға ақыл-кеңес

Бақтияр Сәрсекбаев Михаил Шайдоровтың Олимпиада шыңын бағындыруына көп адамның септігі тигенін атап өтті. «Әлі жассың ғой, алда әлі алар асуың көп. Келесі Олимпиада алтынын да сыйларсың бізге! Мишабай, Мәке, бүгін – сенің күнің, сенің екінші туылған күнің. Бұл күн қайтып келмейді, ұзаққа да созылмайды. Қазіргі көкке көтерген халық, сәл шалыссаң, жүндей түтеді. Бауырым, аңқылдаған түріңді көріп, жүрегім езіліп қуандым, осы қалпыңда қал! Ешкімнің жетегінде кетпе! Түн баласы ұйқы көрмей, сенің тілеуіңді тілеген халқыңның қуанышын су сепкендей еткісі келгендерден аулақ бол! Қош келдің Мәке, қатарымызға!», - деп жазбасын аяқтады.

Жаңалықтар

Жарнама