Қазақ ғалымы Швецияда су тазартудың экологиялық таза әдісін ойлап тапты
Профессор Гүлайым Сейсенбаева 35 жыл бұрын С.М. Киров атындағы ҚазМУ (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) химия факультетін бітірген соң табысты ғылыми-зерттеу қызметін бастады. 1990 жылдардың аяғында отандасымыз Швеция ауыл шаруашылығы университетінің шақыруымен Швецияға кеткен болатын. Қазір ол суды дәрілік препараттардан табиғи материалдармен тазартудың әдістерін зерттеумен айналысады әрі осы білімдерін Қазақстанның жоғары оқу орындарына беруге асық. Г. Сейсенбаева өзінің жобасы, инновацияларды елімізде іс жүзіне енгізу мүмкіндіктері және Швециядағы өмірі туралы әңгімелеп берді.
Суды дәрілерден тазартудың қажеттігі туралы
Соңғы кезде бүкіл әлемнің ғалымдары суды фармокологиялық препараттардан тазарту проблемасының үстінде бас қатырып жүр. Әсіресе, дәрілердің химиялық және биологиялық ыдырауға беріктігі толғандырады. Еуропада жануарлар мен өсімдіктердің етінен белгілі мөлшерде медикаменттер табылып отыр.
«Егер біз суды дәрілерден тазарта алсақ, табиғатта төзімді бактериялар айтарлықтай азаяр еді. Ауырмайтын адамдардың ағзасына да сумен бірге, сондай-ақ балық және жануарлар еті арқылы дәрі түспейтін еді», - деп әңгімесін бастады ғалым.
ДДСҰ есебі бойынша, антибиотиктерге төзімділік бүгінде адам денсаулығына мейлінше қауіп төндіріп отыр. Дәрі-дәрмек нәтижелілігінің төмендеуі салдарынан жұқпалы ауруларды, мәселен, өкпе қабынуы, туберкулез, гонорея және сальмонеллезді емдеу барған сайын қиындай түсуде.
«Біз ауызсуды ауыр металдардан, дәрілерден, ең алдымен, диклофенактан, парацетамол және тетрациклиннен тазарту идеясын ұсынып отырмыз. Ағын суларда бұлар көп мөлшерде кездеседі», - дейді Швеция ауыл шаруашылығы университетінің профессоры.
Суды тазарту үшін ғалымдар бактериялар мен өсімдіктердің негізінде алынған табиғи материалдар - энзимдерді қолданады. Тасымалдаушы матрицаға бекітілген бұл ферменттер ауыр металдарды да, дәрілерді де іліп әкете алады. Олар адам денсаулығына да, қоршаған ортаға да қауіпсіз әрі экономикалық жағынан да тиімді.
«Біздің инновация энзимдерді біріктіру әдісіне негізделген, бұл ферменттердің ұзақ уақыт бойы төзімділігін сақтап, металдардан әсерленгіштігінің барынша төмен болуына мүмкіндік береді», - дейді зерттеуші. Оның айтуынша, жаңа әзірлемелер Стокгольм суды тазарту станциясында сынақтан өтіп жатыр.
«Біздің әрбір энзим қандай да бір нақты дәріге бағытталған, бірақ біз мұнымен шектелмей, бірден бірнеше дәріге әсер ете алатындай көпфункциялы ферментті табуды көздеп отырмыз. Әзірше бұл бағытта кейбір жетістіктерден де кенде емеспіз», - дейді ғалым.
Инновацияларды Қазақстанда қолданудың перспективалары
«Біздіңше, бұл технология Қазақстан үшін маңызды. Тұрғындар көптеген дәрі-дәрмек түрлерін тұтынады, кейде дәрігердің нұсқауынсыз да ішіп жатады. Ал антибиотиктердің кейбірі өте төзімді келеді, олар адам ағзасынан кейін қоршаған ортаға шығады», - дейді Г. Сейсенбаева.
Ғалым инновациялық технологияны суды өнеркәсіптік тазарту үшін ғана емес, медициналық мекемелердің ақпасуларын фильтрлеуге де, тіпті ғарыш технологияларына да пайдалануға болатынын айтады.
Зерттеуші жоғары оқу орындарының арасындағы Линней-Пальме бағдарламасына қатысуға өтініш тапсырған. Егер бұл нәтиже беріп жатса, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлескен жобаны іске асыру мүмкіндігін береді. Ол жобаның мақсаты ауызсуды тазарту саласындағы зерттеулер болмақ.
Жұмыстың тағы бір бағыты - суды мұнай өнімдерінен тазарту үшін табиғи материалдар негізінде адсорбенттер шығару. Осы технологияға ҚБТУ қызығушылық танытып отыр.
Отандасымыз, зерттеуші қызметімен шектелмей, Қазақстан университеттерімен ынтымақтастықты нығайту арқылы студент алмасуды қолға алуға ынталы болып отыр. Әсіресе, Швеция ауыл шаруашылығы университетімен қоса тағы екі швед жоғары оқу орны «Болашақ» бағдарламасы ұсынатын университеттер тізіміне енген соң, осы бастаманың өзектілігі арта түсті.
«Мен келер жылы ҚБТУ-да лекциялар курсын оқимын. М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік-Қазақстан мемлекеттік университетіне де баруым мүмкін», - дейді профессор.
Қазақстандағы ғылымның дамуы туралы
Г. Сейсенбаеваның пікірінше, қазірде Қазақстанның ғылыми әлеуеті артып келеді. Ел ішінде де, шетелдерде де қазақстандық ғалымдар табысты еңбек етуде.
«Бірнеше жылдан бері Қазақстанда химия саласындағы ғылыми жобаларға сарапшы болып отырмын. Жыл сайын ғылыми жұмыстардың сапасы артып келеді. Соңғы кездері тың идеяларды ұсынатын жас ғалымдардың көбейе бастағаны қуантады. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасы жемісін береді деп сенемін. Білім қуғандар әлемнің үздік университеттеріне барып, заманға сай білім алып қайтуда, өз елінде заманауи технологияларды енгізуге ұмтылуда», - дейді ғалым.
«Биыл ғалымдарымыздың ғылыми еңбектерін қызыға оқыдым. Басқа ғылым салаларындағы ахуал қандай екенін білмеймін, бірақ химияда біз дұрыс бағыттамыз», - деп сенеді Г. Сейсенбаева.
Сонымен қатар ол елімізде ғылыми зерттеулерге құйылатын қаржыны арттыру қажеттігін, өйтпегенде, білім иелерінің шетелге кетуі мүмкін екенін айтты.
Өзі туралы қысқаша
Г. Сейсенбаева Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқып, 1989 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Мәскеу таңдамалы химия технологиялары институтында жұмыс істеп, 90-жылдардың аяғында Швеция ауыл шаруашылығы университетіне шақырту алды. Ғалымға докторлық дәреже сонда, 2004 жылы берілді.
«90-жылдар есіңізде шығар? КСРО ыдырағаннан кейін ауыр кезеңдер басталды, жалақы төмен еді, кейде ақша да төлемейтін. Тіпті ғылым академиясындағы жалақыға күн көру мүмкін емес еді, сондықтан да кеттім», - деп түсіндірді ғалым өз таңдауын.
Г. Сейсенбаева Скандинав еліне жалғыз кеткен жоқ. ММУ аспирантурасында оқып жүргенде танысқан өмірлік жолдасы қазір Швециядағы университетте онымен бірге жұмыс істейді әрі ЖОО институттарының бірінің директоры.
Әрине, жоғары білікті маманды Швеция құшақ жая қарсы алды. Отандасымыздың тұрмысы да жақсарып шыға келді. Оның айтуынша, алғаш келгендегі қиындықтарының бірі - жаздыгүні түнде ұйықтау болыпты.
Швед асханасы да отандасымызға о баста ұнай қоймапты.
«Тамаққа үйренісу қиын болды. Бастапқы да маған барлығы, тіпті нан мен шұжық та тәтті сияқтана берді. Бір күні «strong» (ащы - авт.) деп жазылған қыша сатып алдым да, енді тәуірірек бірдеңе жеймін деп ойладым. Сөйтсем, қышаның өзіне бал қосылған екен», - дейді ол.
«Қазір Швецияда кез келген тамақты табуға болады. Ол кезде ондай тамақтар тек арнаулы дүкендерде ғана болатын. Бұрындары жылқы еті болатын, қазір таппай қойдым. Қазыны көргем жоқ мұнда, оны үнемі өзім әкелетінмін», - дейді Г. Сейсенбаева.
Автор: Тимур Дюсекеев, ҚазАқпарат