Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қазақ журналистикасындағы тілдік қателер мен тіл дәрежесі

Мақалада Қазақ журналистикасындағы тілдік мәселелер мен олардың дәрежелері қарастырылған. Аталмыш жауапкершілік пен экран алдындағы этикеттегі тіл тазалығының өзекті мәселелелері талқыланады. Мақаланың мақсаты тіл тазалығының маңыздылығын жеткізу.

Кілт сөздер: Журналистика, тіл, эфир, тілдік қате, әдеби норма, стильдік қате, этика, мәдениет, сөз дәрежесі.

Қазақ журналистикасы маңдай алды 19 ғасырдан бастау алып келе жатқаны белгілі. Бірақ содан бері бірталай уақыт өтіп, Тәуелсіздігімізді алып, цензура біршама жеңілдетілді. Сөз бостандығы беріле бастады. Алайда журналистикадағы осындай еркіндіктер өзінің  теріс салдарын әкеліп жатыр. Мысалы қазақ журналистикасының статистикасы қазір біразға төмендеп кеткен. Теледидар көріп, газет оқып, радио тыңдап жатқан адамдарды сирек кездестіріп жатамыз. Бұл қазақ журналистикасының сапасының төмендегенін білдіреді. Ал оның төмендеуінің үлкен себептерінің бірден бірі – тілдік қателер. Тілдік қате – адамдардың сөйлеу тілінде жіберіп жататын нормадан ауытқуы. Бұл ауытқулар журналистерден де естіліп жатыр. Ақпараттық шығарылымдардың «роботтандырылған» жүргізушілерінің дәуірі келмеске кеткен. Көрермен ендігі жерде қағазға қарап жаңалық оқып отыратын қимылсыз қыздар мен жігіттерді көргісі келмейді.[1;115] Сол себепті босаңсыған журналистика дәуірінде журналистеріміз сөздерін әсемдегілері келіп, қате қолданыстармен сөйлеп жатады. Сырт көзге үйреншікті, еш әбестігі жоқ жағдай болып көрінгенмен, іс жүзінде құлаққа жағымсыз, паразит сөздерден арыла алмай жүрген кедей тілдің көрінісін жасап жатамыз. Қазақ тілі - өте бай тіл. Сол бай тілдің ішінен өзімізге салмақ салып, көркем сөйлейміз деп үстімізге ауыр жүк түсіреміз. Алайда журналистер өздерінің беріп отқан ақпараттары қарапайым қазақтың қара сөзімен де есітер құлақ пен көрер көзге жететінін аңғармай жатады. Тілдік талғам – тілді, сөзді жұмсап үйрену, жаттығу арқылы қалыптасатын қасиет. Стилистикалық қатенің өзге қате түрлерінен басты ерекшелігі де осында – тілдік талғамсыздықтың көрінісі болуында. Сол себептен де стилистикалық қатенің болмауын қадағалайтын стилистикалық норма тілдің қатысымдық сапаларының қатарына жатады. Стилистикалық қателердің алдын алып, олармен үнемі күрес жүргізіп отыру жалпы халықтың сөйлеу мәдениеті мен стилистикалық сауаттылығын көтереді. Халықтың тілді қолдана білу мәдениеті күллі қоғамның рухани сауаттылығының көрінісі әрі өлшемі болып табылады. Тілде неғұрлым жиі ұшырасатын нормадан тыс ауытқулардың алдын алу үшін стлистикалық және стилистикалық емес қате түрлерін ажыратып алу қажет.[2] Көп журналистеріміз эфир алдында да, мақала жазғанда да тілдік нормадан ауытқып түрлі стильдік қателердің орын алуына себепкер болып жатады. Мысалы «Дұрыс сөйлейік» бағдарламасына келген тіл маманы – Анар Мұратқызы да өзінің қателесіп жататынын айтты: «Жасыратыны жоқ, оның танымалдылығы соншалық, тіпті кейде мен де байқамай «Үлкен рақмет» деп қалам. Сол кезде менің әріптестерім мені жөндейді: Бұл калька ғой, «Большое спасибо» дегеннен шыққан. Қазақтар үлкен рақмет айтпайды, қазақтар көп-көп рақмет айтады» деп. «Көп рақмет» деген таза мына қазақы ұғымдағы алғыс білдірудің формасы. Сондай-ақ мына «Кеш жарық» деген де, тура осы біздің қазақи форма. Былай қарағанда, логикаға салсаңыз, кешіңіз жарық болмайды ғой, бірақ «Кешің жарық болсын!» деп тілейді. Ал бірақ бір өкініштісі, біз кейде мына орыс тілінің әсерімен «Қайырлы кеш!» деп айтып қалып жатамыз. Осындайлардан сақ болу керек.» [3]  Тілдің осындай ауытқулары белігілі бір адамнан туындайтыны белгілі. Ал журналистен шыққан бір тілдік қате біршама адамдардың қате сөйлеп жүрулерінің үйреншікті жағдайына алып келуі мүмкін. Сол себепті тіл тазалығының, әсіресе журналистикадағы тіл нормасының сақталуы өте маңызды. Мысалы «және» сөзіне қазір екінің бірі «де» деген күшейтпелі шылауды жалғап жатамыз. Алайда екі шылау бір қолданыста жүрмейтінін бәріміз де білеміз. Осындай қателердің стильдік қолданыстағы бірнеше түріне мысал келтірейік.

Лексикалық қателер:

- сөздің мағынасын білмей тіркестіру: «Кеше ғана университет есігін аттағанда»;

- сөздің мағынасының нақты қолданылмауы, күңгірт болуы: «Жігіт жігерлене жұтынды», «... ұйқылы көзбен сабақққа келіп, аузын ашып сабақ айтады, айтпаса ол да жоқ»;

- Паронимдердің (дыбысталуы жақын, бір түбірлес, жалпы грамматикалық белгілері ортақ, қолданылуында мағыналық ерекшеліктері бар сөздер) қолданысы: «Төсек жаңартты» (жаңғыртты).

ә) фразеологизмдерді қолдануда кететін қателер:

- тұрақты тіркес мағынасының контекске сай келмеуі: «Қысылтаяң қатал жағдайда қайрап, егеп «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендей ерге, елге медет болып, адамның ақиқат пен шындыққа, ақылдылық пен қайраттылыққа меңзеп отырады.

Б) морфологиялық қателер:

- зат есімдерге септік жалғауының дұрыс жалағанбауы: «ХХІ ғасырдың мақсаты осы, өмірде сау сәбиді өмірге келтіру, ішімдік пен есірткіден аулақ болу»;

- сын есімнің шырайларын орынсыз қолдану: «Мен оны өте қатты сыйлаймын».

в) синтаксистік қателер:

- сөз тіркестірудің нормаларының сақталмауы, бағыныңқы мен басыңқы сыңарлардың араларының тым алшақ болуынан мағына байланысының нақтылығының болмауы;

- сөйлемдегі сөздердің орын тәртібінің сақталмауы: «Көшеде бір қарапайым өзімен-өзі кетіп бара жатқанда адамды бір полиция қызметкерлері көріп қалады». [2] Осындай және өзге де қателердің орын алуы айтылып жатқан ақпараттың ауыр жетуіне себепші болады. Журналистердің сөз әбестігі кейде конфликтіге ұласып жатады. Журналистің басты міндеті – ақпаратты тарату, ғадауат тілін (жаулық тілі) қолдану арқылы қоғамдағы түрлі топ өкілдерінің арасындағы қарым-қатынасты ушықтыру емес.[1;151] Кейде тілдік қателердің салдарынан журналистер қоғамда дау туындатып, түрлі топ өкілдерінің араларынан дау шығарып жатады. Себебі тілдің сауатты болуы, ақпараттық сауаттылыққа жетелеп, ақпарат жеткізудегі бейтараптық тарапты ұстап қалатын бірден бір мүмкіндік. Журналист тілдік қателер мен паразиттердің қаншалықты зиян екенін түсінбесе, онда оның жұмысы өзіне қаншалықты қиын екенін аңғармауы мүмкін. Мысалы, теледидар дикторлары «мектеп қабырғасы» деген тіркесті түрлендіріп «аурухана қпбырғасы», «әкімшілік қабырғасы» деген түрлі қате қолданыстарды жасап жатады. Одан бөлек «және» сөзінің «және де» деп «де» деген демеулік шылауды жалғап жатады. Бірақ, тіпті, қазақ тілінің грамматикасындағы нормада жалғаулық шылау мен демеулік шылау бірге жалғанып келмейтінін барлығымыз білсек те, қате қолданыс жасап жатамыз. Әдеби тілдің, әсіресе, оның жазба түрінің жетілген шағында қоғамдық қызметі артып, жұмсалу аясы кеңейе түседі. Ол өзі қызмет етіп отырған қоғамның ресми тіліне айналады. Соның негізінде ол мемлекет тарапынан жүргізілетін барлық ресми іс қағаздарының, әр түрлі әдебиеттің, баспасөздің, оқу-ағарту жұмысының, ғылым-білімнің тілі болып қалыптасады. Әдеби тілдің қоғамдық қызметінің артуына байланысты оның стильдер жүйесі қалыптасып, дами түседі, саралана түседі [2]. Сол себепті де қазақ журналистикасы да қаншалықты тіл тазалығын ұстанса, қоғамның да сөйлеу тілі бір нормаға түсіп сараланатын болады. Сөздің салмағы қаншалықты ауыр болса, оған артылатын жауапкершілік те дәл сондай ауыр. Тілдің тазалығы – ұлттың дамуы. Қазақ тілінің де қалыптасқан нормасы бар екенін ескеріп, мемлекеттік тілдің дәрежесін түсірмеуді бірге қадағалайық.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әділ Джалилов. Қазақстандағы практикалық журналистика. «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығы, – Алматы, 2017.-170 бет.
2. Тілдік және стилистикалық қателіктер, олардың алдын алу жолдары.// URL: https://vikidalka.ru/2-99028.html
3. Сөйлеу тіліндегі қателер. / Аудиокітап // URL:  https://kitap.kz/music/9/76-soyleu-tilindegi-qateler

Тұран Университетінің 3 курс студенті - Бектурова Фариза, Ғылыми жетекші, доцент - Әлміш Жадыра Талғатқызы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама