- 19 нау. 2023 00:00
- 254
Қазақ спорт журналистикасының негізі болған Сейдахмет Бердіққұлов
Заманында спорт сүйер қазақ қауымына мақала жазған Сейдахмет Бердіқұловтай қазір журналист жоқ шығар. Технологиялар дамыған заманда газетке спорт мақаласын жазу қалып барады. Қазір спорт сүйер қауым барлығын тікелей эфир немесе қайталаулардан көре алады. Футбол сүйер Сейдағаң заманында болып жатқан ойын жайлы газетке мақала түрінде бергенде, ешбір тікелей эфирден кем түспеген. Оқырмандар мақаланы оқыған сәтте дәл сол алаңда өздері отырғандай сезімде болған. Себебі футбол сүйер адамды тек дәл сондай адам түсінеді.
Әлем чемпионатында бірінші болған және сол туралы қалам тарқан алғашқы қазақ дәл сол Сейдағаң. Сейдахмет Бердіқұлов Әлем чемпионатында екі мәрте болды, 1966 жылы Лондонда және 1970 жылы Мексикада. Сейдахмет Бердіқұловтың ойын туралы жазған мақаласынан шаңы да қалмайтын, футбол сүйер қауым ондай газетті қалдырсын ба.
Журналист Сейдахмет Бердіқұловтың «Пеленің 12 қатесі» атты мақаласы кезінде ауыздан ауызға тарады. Кез-келген адам Әлемдік деңгейдегі ойыншы Пеле жайлы сыни мақала жаза бермейді. Себебі, Пеле барша футбол қауымы мойындаған ойыншы, ал Сейдағаң Пеленің қателігі жайлы жазды. Бұл мақаласына француздың «Экип» атты атақты спорт журналы кыр соңына түсті. Себебі айдан анық, бұндай тың мақаланы барлық спорт журналдары қалар еді. Сонымен қатар Сейдахмет Бердіқұлов ағамызға осы мақаласы үшін қомақты қаржы да ұсынған. Бірақ Сейдағаң бас тартқан. Сейдаған Пеленің өзімен де таныс болған және бірге түскен суреті де бар. Сейдағаңның осы жазған мақаласынан кейін Пеле өз қолымен: «Менің жасыл алаңдағы әріптесім айтқан 12 қатеге түгел құлдық ұрамын» деген қолтаңба жазған.
Қазіргі қазақ спорт журналистикасында Сейдағаңдай жазар ешкім жоқ. Себебі қазір тек маңызды сәттер мен ойын нәтижесін жазып, қысқаша ғана шолу жасайды. Сейдахмет Бердіқұлов қазақ спорт журналистикасының алтын қазығы.
Ахметқазы Бекзат, журналистика факультеті 2-курс