Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 55 минут бұрын)
Қазақстанда жаңа жүйе іске қосылды: 20 балл жинаған жүргізушілер көлік жүргізу құқығынан айырылады

Енді тәртіпсіз жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер 20 балл жинаса, жарты жылға жүргізуші куәлігінен айырылады немесе оны алу мүмкіндігінен қағылады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов мәлімдеді.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жүргізушілерге арналған жаңа жүйе

Елімізде жол ережесін бұзушыларды анықтау мақсатында жаңа жүйе енгізілді. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында пилоттық режимде сыналып жатқан бұл жүйе бойынша, бір жыл ішінде 20 балл жинаған жүргізушілер көлік басқару құқығынан алты айға айырылады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында айтты.

Балдар тек сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін ғана есептеледі. Бұл жүргізушілерге шешімді шағымдауға мүмкіндік береді. Алты айдан кейін жүргізуші куәлігін қайта алу үшін жол ережесін білуден емтихан тапсыру қажет болады.

Жаяу жүргіншілер де жауапкершілікке тартылады

Қызықтысы, бұл жүйе әлі жүргізуші куәлігі жоқ жаяу жүргіншілерге де қолданылады. Егер жаяу жүргінші немесе басқа да жол қозғалысына қатысушы 20 балл жинаса, оларға алты ай бойы жүргізуші куәлігін алуға тыйым салынады.

Пилоттық кезеңнің қорытындысы бойынша, жүйелі бұзушыларға қатысты психологиялық бағалауды енгізу мәселесі де қарастырылмақ.

Орташа жылдамдықты бақылаудың жаңа учаскелері

Олжас Бектеновтің айтуынша, орташа жылдамдықты өлшейтін жолдардың жалпы ұзындығы қазіргі таңда 2,1 мың шақырымға жуықтайды. Алдағы уақытта бұл жүйені тағы 1,5 мың шақырымға ұлғайту жоспарланып отыр. Оның ішінде «Қызылорда – Арал», «Қостанай – Троицк», «Ақтөбе – Орынбор», «Балқаш – Бурылбайтал», Тараз қаласы айналма жолы, «Қостанай – Денисовка», «Шу – Бурылбайтал», «Қандыағаш – Мақат» жолдары бар.

Заңға бағынған жүргізушілерге жеңілдік болмайды

Бұған дейін сенаторлар айыппұлдардың өзі жеткіліксіз екенін айтып, заңға бағынатын жүргізушілерді ынталандыруды, мысалы, айыппұлдарды 50 пайызға жеңілдіруді ұсынған болатын. Алайда, Премьер-министр бұл ұсынысты қабылдамады. Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде мұндай ынталандырулардың бұзушылықтарды азайтатыны туралы дәлелдер жоқ. Жол ережесін сақтау – жүргізушінің міндеті, оны үшін марапаттаудың қажеті жоқ деп есептейді.

Дегенмен, Бектенов елімізде сақтандыру жүйесі арқылы экономикалық ынталандыру бар екенін еске салды. Жақсы тарихы бар жүргізушілер үшін сақтандыру құны төмендейді, ал бұзушылар үшін ол қымбаттайды.

Жаңалықтар

Жарнама