Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қазақстанда жоғарғы медициналық колледждер құрылмақ - ДСӘДМ

Қазақстанның 10 медициналық колледжі мейіргерлік іске оқытудың финдік тәжірибесін енгізе отырып, жоғарғы медициналық колледждер болып қайта құрылады, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.

«Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі «Мейіргерлік іс» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриатты енгізу бойынша жобаны жүзеге асыруды 2014 жылы эксперименталды тәртіпте 6 мемлекеттік медициналық колледж базасында: Астана қаласының медициналық колледжі, Көкшетау медициналық колледжі, Қызылорда медициналық колледжі, Павлодар медициналық колледжі, Республикалық орта медициналық және фармацевтика қызметкерлерін дайындау мен қайта даярлау колледжі, Батыс Қазақстан медициналық колледжі бастады», - делінген ведомство хабарламасында.

Аталған оқу орындарында фин сарапшыларының қатысуымен әзірленген «Мейіргерлік іс» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриат бағдарламасы енгізілмек.

ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында ҚР ДСӘДМ мамандары JAMK және Lahti (Финляндия) қолданбалы ғылымдар университеттерінің әріптестерімен бірлесе отырып, ҚР-дағы мейіргерлік білім беру жүйесін жетілдірудің 2016-2019 жылдарға арналған жол картасын жасады.

Қолданбалы бакалавриат бағдарламасы еуропалық директиваларға сай дуалды білім беру қағидаларын қарастырады. Оның ішінде оқу сағаттарының 60-70%-дан кем емес, (оқу мерзімі 3,5 жыл) көлемінде білікті тәлімгердің басшылығымен емханалық базада өндірістік практиканы жүзеге асыру да бар. Аталған бағдарлама ЕуроОдақ елдерінде кеңінен таралған, сонымен қатар, практикалық әзірлігі басым жоғары білікті мейіргерлерді дайындауға бағытталған.

Ведомствода айтып өткендей, «Мейіргерлік іс» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриат жоғарғы медициналық колледж түлектері ауруларды дәрігерге дейінгі тексеру, алдын ала диагноз қою, бейінді мамандарына консультацияға бағыттау, балалар және ересек тұрғындар патронажы, дәрігердің бақылауымен дәрілік тағайындауларды жазу сынды мейіргерлік қабылдау үшін кәсіби машықтарды игеріп шығады.

Қазіргі таңда фин және отандық мамандар «Мейіргерлік іс» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриаттың біріктірілген бағдарламасын әзірлеуде. Аталған бағдарлама бойынша бұдан бұрын білім алған мейіргерлер бір жарым жылдың ішінде қосымша оқу арқылы өз кәсіби машықтарын дамыта алады.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда 26 мемлекеттік және 37 жеке медициналық колледж бар. Олар жыл сайын орта есеппен 12 мың орта буын медициналық қызметкер дайындайды. Бүгінде орта медициналық персонал сала қызметкерлерінің ең көп санатын құрайды, олардың саны шамамен 160 мың маман.

 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама