- 03 ақп. 2018 00:00
- 349
Қазақстанда компьютерлік бағдарламалау бастауыш сыныптан оқытыла бастайды
Бүгін Алматыда өтіп жатқан «Жаһандану дәуріндегі цифрлық күнтізбе» форумында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев цифрлық жобаларды жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.
Вице-премьердің айтуынша, мемлекет цифрлық технологияларды дамытуға барынша күш салып отыр.
«Балаларды бастауыш сыныптан бағдарламалауға үйрететін боламыз. Жоғарғы сынып оқушыларына кәсіпкерлік бойынша тәлім алу маңызды. Олар стартапты, өндірісті қалай бастау керектігін білуі тиіс. ЖОО-ларда барлық мамандықтар бойынша ІТ-технологиялардың оқытылуын қадағалаймыз. Мамандардың ІТ саласында алған білімін жетілдіруге күш саламыз», - деді Асқар Жұмағалиев.
Бүгінде Қазақстан электронды үкіметті дамыту бойынша рейтингте 33-орында тұр.
Айта кетейік, форум барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев елімізде мемлекеттік қызметті автоматтандыруды 80%-ға жеткізу көзделіп отырғанын айтқан болатын.
«Бізге арнайы телекоммуникациялық инфрақұрылым керек. Елді мекендердің барлығында кең жолақты интернет болуы тиіс. Оптикалық талшықтар кірмейтін жерлерге 2020 жылға дейін спутниктік байланысты пайдаланатын боламыз. Цифрландыру технологиясын енгізу өндірісті бірнеше есе арттыруға септігін тигізбек. Сондықтан, үкімет инновациялық экожүйе құрып отыр. Осы мақсатта елдегі жас білікті мамандарды ынталандыру қолға алынған», - деді А.Жұмағалиев.
ҚазАқпарат