Қазақстандағы суицид жағдайы...
Қазақстанда 2020 жылдың мамырында 46 адам өзіне қол жұмсаса, 2021 жылдың дәл осы айында суицид жасағандар 53-ке жеткен. Бұл - тек ресми ақпарат. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әр 40 секундта бір адам өзіне қол жұмсайды.
Қазақстандағы суицид көрсеткіші қандай?
Finprom.kz зерттеушілерінің 2021 жылы мамырда жариялаған дерегінше, Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасындағы суицид саны бір жылда 15%, суицидке тырысқандар саны 5% көбейген.
2021 жылдың қаңтарынан сәуіріне дейін елімізде кәмелетке толмағандар арасында 53 суицид әрекеті жасалды. Бұл былтырмен салыстырғанда 15,2% жоғары. Оның ішінде 32 ұл, 21 қыз бала бар. Өз-өзіне қол жұмсау әрекетін тағы 120 адам жасаған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 5,3% көп. Олардың ішінде 21 ұл мен 99 қыз бала бар. Олардың көбі толыққанды отбасыда өмір сүрген.
Сонымен қатар Қазақстан балалық шақтың ұзақтығы мен қорғалуы бойынша 180 елдің рейтингісінде 50-орынды иеленді. Балалар арасындағы суицид 100 мың тұрғынға шаққанда — 1,3%.
Адам неге суицид жасайды?
Суицид — адам өзіне қол жұмсауы, зиян келтіруі, өзін әдейі және қалауымен өлтіруі. XIX ғасырда Еуропа елдерінде бірте-бірте көбейе бастады. «Суицид және жаппай қол жұмсау» кітабының авторы Джоост Мерлоның айтуынша, дүниежүзі адамдарының 80%-і суицид туралы ойлағанын мойындайды. «Ешбір топ, ұлт немесе адамдар тобы бұл «қоғамның кешірілмейтін күнәсінен» ада емес», — дейді ол.
Адамның өзіне қол жұмсауы әлеуметтік жағдайы мен статусына, өмірдегі құндылықтарына, мінезіне және психологиясына қарай әртүрлі болады. Суицидтің себептерін мынадай мысалмен көрсетуге болады.
Жеке басындағы және отбасындағы конфликтілер. Оған дұрыс қарым-қатынастың болмауы, зорлау, қорлау, реніш, көзіне шөп салу, қызғану, ажырасу, жақын адамы қайтыс болуы, басқалардың мінезі мен әрекетіне қанағаттанбау, жалғыздық, оқшаулану, басқалардан қамқорлық болмауы, сәтсіз махаббат және тағы басқа оқиғалар жатады.
Адамның психика жағдайы. Адамның психикасы, оған қойылған диагнозы және тағы басқа психикалық ауытқулар суицидке себеп болуы мүмкін.
Денсаулық жағдайына байланысты. Денсаулығы нашарлауы, нақты аурудың болуы (әсіресе емделмейтін аурулар), физикалық жағынан азап көруі, туғанынан келбетіндегі, денесіндегі ерекшеліктер, мүгедектік.
Мінез-құлыққа байланысты әрекеттер. Бірнәрседен қатты қорқу, басы дауға қалып, соттан, жауапкершіліктен қашу, белгілі бір әрекеті үшін өзін айыптауы және тағы басқа.
Кәсіби жағынан қалыптасқан келеңсіздіктер. Оған жұмыстағы немесе оқудағы сәтсіздік, беделінің болмауы, бірнәрсені төлеуге қабілетсіздігі, қатаң талаптар және тағы басқалар жатады.
Суицидке себеп болуы мүмкін тағы бір оқиға — материал жағдайының нашарлауы. Табысынан айырылуы, несие мен коммунал қызметтерді төлей алмай, қаражат жоқ болудың салдарынан жағдайдың нашарлап кетуі.
Психологтар мен суицидті зерттейтін мамандар шашамен осындай себептерді алға тартады. Бірақ бұдан басқа да жағдайлар, оқиғалар, біреуге оғаш немесе қызық көрінген оқиғалар да адам өзіне қол жұмсауына итермелеуі мүмкін.
Балалар арасындағы суицидтің себебі қандай?
Дүниежүзілікденсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2016 жылы әлем бойынша 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер алкогольдің ауыр түрін қолдануы 13,6% көлемінде тарады. Ұйым мамандарының айтуынша, мұндай оқиға жасөспірімдерге үлкен қауіп төндірді.
Жасөспірімдердің темекі мен есірткіні қолдануы да ерекше алаңдаушылық туғызды. Жастар арасында көп тараған есірткінің түрі — каннабис. Тіпті оны 15-16 жастағы жастардың 4,7%-і кем дегенде бір рет қолданған. Ал темекі шегетін ересектер оны 18 жасқа толмай тұрып татып көрген.
Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зорлық-зомбылық жасау — өлім ықтималдығын арттыратын қауіпті мінез-құлық деп есептейді. 2016 жылы адамдар арасындағы зорлық-зомбылық жасөспірімдердің өлімінің екінші себебі болды. Ал жалпы дүниежүзінде 15-29 жас аралығындағы адамдардың өлімінің екінші себебі — суицид.
Қалай суицидтің алдын алуға болады?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілі бір қадамдар арқылы әлемдегі өзіне қол жұмсау көлемін азайтуға болады деп есептейді. Ол үшін ұйым мамандары суицидтің алдын алу шараларына қолдау көрсету үшін өзінің LIVE LIFE тәсілін ұсынады. Бұл әдіс төрт стратегиядан тұрады:
— қауіпті препараттар мен атыс қаруы сияқты суицид құралдарына қол жеткізуді шектеу;
— суицид туралы хабарлауға жауапкершілікпен қарау қажет екені туралы бұқаралық ақпарат құралдарымен түсіндіру жұмыстары;
— жасөспірімдердің әлеуметтік және эмоционал дағдысының дамуына ықпал ету;
— суицид туралы ой мен мінез-құлықтан зардап шегетіндерді ерте анықтау, бағалау, қолдау және қадағалау.
Қайта-қайта әрекет ету қаупінің жоғары болуына байланысты суицид жасауға тырысқан адамдар үшін медицина қызметкерлерінің үнемі байланыста болуы, оның ішінде телефонмен және үйге бару арқылы және жергілікті қауымдастықтардың қолдауы өте маңызды.