Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қазақстандық ғалымдар онкология ауруын диагностикалауға арналған ерітінді жасады

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары жатыр мойны обырын кешенді диагностикалауға арналған ерітінді жасап шығарды.

Екі жыл бойы ғылыми қызметкерлер сауықтыру орталығының өкілдерімен бірлесе цитология саласында сұранысқа ие сұйықтық құрамын жасады.

Нәтижесінде олар бұрын шетелден алынып келген өнімді өз елімізде шығарды. Енді ғалымдардың бұл жаңалығы медициналық қызметтің құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Өйткені ол қаржылық жағынан да, географиялық жағынан да қолжетімді бола түспек. Ғалымдардың айтуынша, ерітіндінің сапасы шетелдік аналогтардан кем түспейді.

«Ғалымдарымыздың жасап шығарған туындысы импортты алмастыру мәселесін шешеді. Осы зерттеудің нәтижесінде биоматериалды сақтауға арналған бекітуші ерітіндінің оңтайлы құрамы жасалды. Бұл биоматериалдарды тұрақтандыруға және тасымалдауға мүмкіндік береді, яғни онкологиялық ауруды одан әрі диагностикалау үшін жатыр мойнына жақпа ретінде пайдаланылады. Бұл әзірлеменің бірегейлігі — қатерлі ісікті тез диагностикалау мәселелерін кешенді түрде шешу болып табылады», -деді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Ұлттық ғылыми зертханасының кіші ғылыми қызметкері Айдана Имашева.

Айта кетейік, ғалымдар тобы өздері әзірлеген бекітуші ерітіндіге патент алды. Нәтижесінде бұл өнім Қазақстан Республикасының дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізіліміне енгізілді. Қазіргі таңда жоба коммерцияландыру сатысында. Сонымен қатар ғалымдар басқа да биологиялық материалдарды сақтау ерітіндісінің құрамын жақсарту барысында жұмыс істеуде.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама