Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 43 минут бұрын)
Қазақстандық азамат мемлекеттік рәмізді құтқарып, айыппұлға тартылды: Не болды?

Жетісу облысындағы Жансүгіров ауылының тұрғыны Данияр Бейсқалидың мемлекеттік гербті қоқыс үйіндісінен тауып, оны қалпына келтіріп, үйіне іліп қойғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 50 АЕК көлемінде айыппұл төлегені туралы ақпарат желіде қызу талқыға түсті. Бұл жағдайға қатысты облыстық полиция департаменті түсінік берді.

Бұған дейін 37 жастағы азамат 2022 жылы қоқыс алаңынан мемлекеттік гербтің макетін тауып алғанын, оны жөндеп, үйіне іліп қойғанын айтқан болатын. Алайда, төрт жылдан кейін оның әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 458-бабы бойынша 216 250 теңге айыппұлға тартылғаны хабарланды. Бұл әрекеті мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдаланбау деп танылған.

Бұл шешім көпшіліктің наразылығын тудырды. Азамат мемлекеттік рәмізді қоқыстан тауып, оны қалпына келтіргені үшін неге жазалануы керектігі туралы сұрақтар қойылды. Бұл жағдай тіпті Мәжіліс кулуарларында да талқыланып, Ішкі істер министрінің орынбасарына сауал жолданды. Ол Данияр Бейсқалидың әкімшілік жауапкершілікке сот шешімімен тартылғанын айтты.

Шынайы себеп: Мемлекеттік рәмізді қорлау

Кейіннен Жетісу облыстық полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсінік беріп, тараған ақпараттың дұрыс емес екенін және халықты шатастыруы мүмкін екенін мәлімдеді. Полицияның хабарлауынша, азамат мемлекеттік рәмізді тапқаны үшін жазаланбаған. Оның жауапкершілікке тартылуына басқа да мән-жайлар себеп болған.

«Мемлекеттік рәмізді тапқаннан кейін азамат оған немқұрайлы қарайтынын білдіретін әрекеттерге барған. Соның ішінде, оғаш қалпында суретке түсіріп, рәмізді бұрмалап қолдану элементтері бар суреттерді жариялаған. Уәкілетті органның ұсынысы бойынша бұл әрекеттерге құқықтық баға берілді. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, бұл мемлекеттік рәміздерге деген құрметсіздік, яғни оны пайдалану тәртібін бұзу болып саналады және заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады», - деп хабарлады полиция департаменті.

Осы факті бойынша Данияр Бейсқали әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Өңірдегі полиция заң аясында әрекет етіп жатқанын және тек тексерілген, ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды.

Жаңалықтар

Жарнама