Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 21 сағат бұрын)
Қазақстанның губерниялық һәм уездік исполком төрағаларының құлақтарына

Жақын арада Қазақстанның әр жерлеріне барып қайтқан аймақтық қызметкерлердің айтуларына қарағанда, Қазақстанның әр жерінде әлі де жарамсыз істер бар көрінеді.

Қостанай губерниясына барып қайтқан Қазақстанның саяси жайын басқарушы жолдас Качирин айтады: «Елде болыстық исполкомдардың төрағалары өздері байлардан болмаса да, байларсыз, ақсақалдарсыз еш істі өз беттерімен шешіп, өз беттерімен басқарып кете алған жоқ көрінеді», — дейді. Және елде бұрынғыдай милицияның жүгенсіз кеткені көрінбесе де, өтірік өзін-өзі «милициямын» деп жүргендер де бар көрінеді», — дейді. Бұл—бір.

Ақтөбе губерниясынан Қазақстанның орталық комитетінің басқармасының мүшесі Fабдолла Асылбеков қайтты. Ол былай дейді:

«Ақбұлақтың уездік исполкомында бір қазақ жоқ. Ақбұлақ уезінің тұрғындарының көбі қазақ. Мен жатқан ауылға бір күні милиционер болып бір орыс жігіті келді. Қару-жарағы бар. Ақырында сұрастырып келсек, милиционер емес екен. Келгенде қазақтарға айдаһардай ақырып келді...» — дейді.

Бұл — екі.

Және бір уездік исполкомның төрағасы жазады:

«Қазақстанның бас мекемелерінің қаулыларының көбін губернияларда кешіктіріп, көңілсіз қарап, көбінесе іске асырмай босқа қалдырды...» — дейді.

Бұл — үш.

Және Орал губерниясына барып қайтқан Қазақстанның бақылау комиссары жолдас Әлібеков айтады: «Налог (салық) дұрыс жиылмайды екен. Налогты жинағанда налогты төлеген кісіге жинаушылар квитанция беріп отырмайды екен...» —дейді.

Бұл — төрт.

Және Ақмола, Қарқаралы уездерінен һәм Торғай, Атбасар уездерінен жазады:

«Ұрлық, барымта күшейді. Халық кедей болды, тыю жоқ: әлсіз адамның тіршілік қылып күнелтуі қиын болды, жергілікті үкіметтің бұған қарсы еш қылғаны жоқ, елге шыққан милиция болса істейтіндері турашылық болмайды», — дейді. Міне, бұл — бес.

Осының бәрі рас. Бұл хабарларды айтушылар да, жазушылар да — жауапты қызметкерлеріміз.

Мұндай әңгімелер Қазақстанның әр жерінде-ақ болуы мүмкін. Бірақ біздің таңырқайтынымыз мынау:

Осы, жоғарғы айтылған жерлердің, губерниялық, яки уездік исполкомдарының бастықтары (төрағалары) қазақтың тұрмысын, жайын, заңын, мінезін білетін қазақ азаматтарының міндеттері мұндай істерді жоқ қылу. Бұлардың міндеттері жігерлі әрекет қылып, мұндай қисық істерді түзету.

Міне, осыны губерниялық әм уездік исполкомдардың, әм ол исполкомдардың төрағаларының құлақтарына саламыз.

Келесіде бұл туралы не болғанын тағы да жазамыз.

03.08.1923 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама