Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қазақтың Абайы

        «...Жүрегімнің бойына терең бойла,

        Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

        Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

        Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.»

    Бұл сөз ақын Абайдың сөзі, өзінің жүрек ақтарысы. Жанының айнасы. Абай болашаққа осылай хат жолдады. Бұл өткен ғасырлардан бүгінгі өмір сүріп жатқан біздерге арналған жолдауы. Сол кездегі қиыншылық торлаған заманда адамдарға өз жанының сәулесін төгіп, күн шығатын жақты көрсеткісі келді.

     18 тіл білген әдебиетші, профессор Құдайберген Жұбанұлы «Абай қазақ әдебиетінің классигі»  атты мақаласында былай деп жазды: «Абайдың ақындығын, басқа қасиеттерін былай қойып, тек әдеби тілімізді жасаудағы еңбегінің өзін ғана алсақ та, ақымыз кететін түрі жоқ.»

     Оның үстіне Абайдың ірі болғаны, оның өлеңі болсын, қара сөзі болсын, бұрынғы халық ақындарынан да, шағатайшыл молда ақындарынан да озып шығып, соны жол салғанын ескерсек Абайдай бейнелі сол кезде қазақ ақындарынан ғана емес, көрші елдерде де болып жарымағанын көру қиын емес.»

    Тарихшы Тұрсын Жұртбай «Бесігіңді түзе» кітабында былай деп жазады: «19 ғасырдың шығысы мен 20 ғасырдың кірер тұсындағы өліара дәуірде алты миллион жан салығын төлеген қазақ жұртының арасында Абаймен теңгерілетін беделді тұлға болған жоқ.»

      Тарихшы неге бұлай дейді. Оның себебі анық. Ол ұлты үшін жаны ауырды:

       Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы,

       Салқын, қуыс-өмірі, я қараңғы.

       Білім де жоқ, білімге сенімде жоқ,

       Өңірсіз қартаяр деп бір балаңды.

       Бала мінез, ойыншы бұрынғылар.

       Аңқау екен, мазақтап соны сынар.

       Артқа қарап, ақпейіл шалға күліп

       Абұйырсыз, атақсыз көрге құлар.

      Абай осындай жағдайда ұлт болашағын ойлады. Қазақтың бәрі білім алса, кедей атымен болмаса, басқа елдермен тең болса, өнерге жақын болса деп армандады. Замандастарының арасында ақынды түсінгендері де, түсінбегендері де болды. Түсінбегендері үстінен арыз жазды. Түсінгендер оның жанына жиналып шәкірті болды.

      Қандай жағдайда да Абай өз арманынан бас тартқан жоқ. Абай адамдарға:

     «Адам болам десеңіз,

      Оған қайғы жасағыз,

       Өсек, өтірік, мақтаншақ,

       Еріншек, бекер, мал шашпақ,

       Бес дұшпаның, білсеңіз»

       Адамның бойындағы жағымсыз қасиеттерді сынға алды. Абай қазақтың дамуы үшін, оның басқа елдер қатарына жетуі үшін, бұл әдеттердің дертке айналып кетпеуі үшін барынша қарсы шықты. Сондай жағдайда халқының жоғын жоқтап «Қара сөздерін»  дүниеге әкелді.

      Абайдың осы бір ұлтым деген жанкештілігін Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхтар Әуезов сынды озық ойлы азаматтар жүрегімен түсіне білді. Сол кезде осындай азаматтар Абайды ұстаз тұтты. Оның халқым деп соққан жүрегінің жалыны мен жарығын бүкіл қазаққа таратуға тырысты. Солай болды да. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов бүкіл өмірін Абайдың рухани жолдауын келесі ұрпақтарға жеткізуге арнады. «Абай жолы» роман-эпопея жазды.

      Ұлы Абайдың арман-өсиеті осылайша ұрпақтан ұрпаққа жетіп, Қазақ іргелі ел болып, өз егемендігін алуға қол жеткізді.

Қазіргі таңда егемен еліміздің алдында көптеген алынар асқарлар тұр. Бұндай шыңдарды тек рухы күштілер ғана ауыздықтай алады. Демек, бүгінгі таңда да Абай біздің жанымызда.

      Ал Абаймен еліміздің болашағы жарқын болары сөзсіз!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама