Қазақтың қарғыс сөздері
Қарғыс — зәбір-жапа шегіп, қорлық көрген, азапталған адамның жәбірленушісіне ашынып айтқан зілді кейіс сөзі, лагнеті. Қазақ халқы қарғысқа өте абайлап қараған. Сондықтан қазақ ұрпағына «қарғыс алма, алғыс ал» деген өнегелі өсиет қалдырған. Қарғысты айтқанда дұшпанының артынан топырақ шашатын, алақанын теріс жаятын. Сол себептен кейде оны теріс бата деп атаған. Қарғыс, шынтуайтында, жалпақ көпшілікке емес, ар-ұяттан безген елдің нақтылы бір жауына арналады. Қазақ халқы үшін сондай дұшпандардың бірі — малдың ұрылары. Оны былайша қарғап-сілеген:
Менің ақ байталымнан жеген етің — қан болсын,
Үйіңді құйын құлатып, аузы-басың шаң болсын.
Қарғыстың тілі айшықты да ащы, тиіп кетсе, қиып кететін нағыз қиғыр тіл. Батаны тілдің балы десек, қарғысты уы деуге болады.
Қарғыс қоғамдық өмірден әлдеқашан ығысқанымен, оның мәтіндері тіліміздің байлығы мен шешендік қуатын байқататын, ұлтымыздың төл дүниетанымынан, салтынан дерек беретін құнды тарихи-рухани ескерткішке айналып отыр.
Қарғыстар:
Саған қылғанды тас қылсын,
Көңілін сенен пәс қылсын!
Құлындатып, биелетіп,
Боталатып, түйелетіп,
Саған қастық қылғанды
Моласына үйелетіп,
Көлдетіп көзін жас қылсын!
*** *** *** ***
Қиналған кейбір кезіңде,
Қасыңа досың бармасын.
Опасыз болып жүрсең сен,
Ел болып әр кез қарғасын!
*** *** *** ***
Саған қас қылған кісінің
Базарға барып аты өлсін.
Ерте кетіп қайтқанда,
Үйіне келсе, қатыны өлсін!
Өзіне тышқақ тисін,
Өңменіне пышақ кірсін!
Тышқағы тыйылмасын,
Төсегі жиылмасын!
Шаңырағы шартылдап,
Шаңдырына қадалсын.
Босағасы борпылдап,
Борбайына қадалсын.
Күлдіреуіші күрт сынып,
Борша етіне қадалсын!
Аллаху акбар!
*** *** *** ***
1. Адамға қастық етсең, екі дүниенің қызығын көрмей өт.
2. Ақ сүтімнің айы ұрсын.
3. Албасты басқыр.
4. Ант ұрсын.
5. Арақтан өлгір, өлігіңе жан бармағыр.
6. Арам қат.
7. Аруақ атсын.
8. Аруақ ұрсын.
9. Аузың асқа жарымасын, көтің атқа жарымасын.
10. Аузыңа қан толсын.
11. Аузыңа қара қан толғыр.
12. Аузыңнан шығып жаныңа жайылсын.
13. Аурудың безгегіне, әйелдің мүйізгегіне жолыққыр.
14. Ауысып кеткір, жынды.
15. Аяқтағы суға тұншығып өл.
16. Базарға барсаң, атың өлсін, үйге келсең, қатының өлсін.
17. Бақытың тайғыр, шошқа.
18. Барғаныңнан келме.
19. Бармасаң, бадал, қара жерге қадал.
20. Басқан жерің қылмыс болып, түрмеден басың кетпегір.
21. Басың даудан кетпегір.
22. Басың желкеңе шыққыр.
23. Басың кеткір, жүгірмек.
24. Басыңды ит жегір.
25. Батпақтан шықпағыр.
26. Бауырың қан боп ақсын.
27. Бауырыңнан қағынғыр.
28. Бетпақ, бетің қара болғыр.
29. Бүйіріңнен қолың кетпесін.
30. Бір қайғыңды екінші қайғың басқыр.
31. Бір түндік келгір.
32. Дәмім ұрсын.
33. Дегеніңе жетпе.
34. Досыңнан қасың көп болғыр.
35. Екі дүниеде жүзің қара болсын.
36. Етпеңнен түсіп есіңнен танғыр.
37. Жабығыңнан жалын шықсын, уығыңнан өрт шықсын.
38. Жабығыңнан су шықсын.
39. Жабысқыр.
40. Жағың қарыссын.
41. Жағыңа жылан жұмыртқаласын.
42. Жазаңды Құдай берсін.
43. Жалғызың жайрағыр.
44. Жалмауыз, шешек.
45. Жаның жаһаннамға кетсін.
46. Жатқаныңнан тұрма.
47. Жексұрын күшік, желкең қиылсын.
48. Желкең қиылсын.
49. Жемтігіңді ит жесін.
50. Жер бауырлап қал.
51. Жер жастан.
52. Жер жұтсын.
53. Жерге жабысқыр.
54. Жерге кір.
55. Жерге қадал.
56. Жермен-жексен болғыр.
57. Жетпей желкең қиылғыр.
58. Жеті қабат жер ұрсын.
59. Жолыңа жуа бітсін.
60. Жуадай солғыр.
61. Жұлының үзілсін.
62. Жұмыртқаң тесіліп, шыбын-шіркей шаққыр.
63. Жүрсең, жолың болмағыр,
Отырсаң, орның болмағыр,
Жатсаң, жарың болмағыр.
64. Жігіт іздеумен күнің өткір.
65. Ит бауырыңды тартқыр.
66. Иттен туған ит.
67. Кебініңді жалма.
68. Көгермегір.
69. Көзің алдыңа түскір.
70. Көзің аққыр.
71. Көзің ашылмағыр.
72. Көзің көр болсын.
73. Көзің көріп, көңілің ұстамағыр.
74. Көзің шықсын.
75. Көзіңді ақ қыл қаптасын.
76. Көзіңе көк шыбын үймелегір.
77. Көзіңе көр топырғы құйылсын.
78. Көзіңмен көріп, қолыңмен ұстама.
79. Көк шешек келгір.
80. Көк шешектен өлгір.
81. Көріңде өкір.
82. Көтің түссін.
83. Көтіңнен қағынып, доктордан басың кетпесін.
84. Күлдей пәле жұққыр.
85. Күлің көкке ұшсын.
86. Күлің көмір болсын.
87. Кіріңді же.
88. Кісіге тілеген пәлең өзіңе келсін.
89. Қабырғаңнан қабірің қыссын.
90. Қағыңды келгір, көк шешек.
91. Қаңғырып өлгір.
92. Қара қағынды.
93. Қара түйнек болғыр.
94. Қара шашың қанға боялсын.
95. Қара-түйнек келсін.
96. Қарашығың батсын.
97. Қарғысың қара басыңа болсын.
98. Қарныңа қара пышақ енгір.
99. Қасып-қасып қаның шыққыр,
қаси алмай жаның шыққыр.
100. Қолың көтіңе жетпесін.
101. Қорасанның қоры шықсын.
102. Құдай атсын.
103. Құдай ұрсын.
104. Құдайдан тап.
105. Құдайдың қаһарына жолық.
106. Құйын соғып, делбе болып қалғыр.
107. Қызғанғаның қызыл итке жем болсын.
108. Мазаң кеткір.
109. Мал-басыңның игілігін көрме.
110. Мешел болғыр.
111. Мойның үзілсін.
112. Мысың құрысын.
113. Ойламаған жерден өлім тапқыр.
114. Отырған орныңда қатып қалғыр.
115. Өлігіңді көрейін, жалмауыз.
116. Өмір бойы аурудан айықпағыр.
117. Өмірің өксумен өтсін.
118. Өмірің өшкір.
119. Өмірің ұзаққа жетпегір.
120. Өміріңде ізгілік көрме.
121. Өсектен басың кетпегір, жақсыға қолың жетпегір, жексұрын.
122. Өтірікші, жалқау, басқа семірген қаның тасып өлгір.
123. Пәледен басың кетбегір.
124. Сен мені зарлатсаң, сені Құдай зарлатсын.
125. Суға батып, күлге аунағыр,
126. Суға кеткір.
127. Сүйгеніңнен айрыл.
128. Сібірге кеткір.
129. Табаныңнан сауғыр.
130. Табаныңнан тартыл.
131. Табаныңнан тозғыр.
132. Табаның жер тартқыр.
133. Таңдап жүргеніңде тазға, ақылы азға жолыққыр, қаншық.
134. Тас төбеңнен түсіп, табаныңнан шықсын.
135. Тәңірдің оғы тиер, оттың шоғы тиер.
136. Тосқауылға жолық.
137. Төбеңді көрме, шешек.
138. Төрт аяғым төбеңде ойнасын.
139. Тұқымың құрысын.
140. Түйіншек болғыр.
141. Тышқағың тыйылмасын, төсегің жиылмасын.
142. Тіл аузың байланғыр.
143. Тіл-аузың байлансын, ымдаумен күнің өтсін.
144. Тіліңді тістеп өт.
145. Тіліңе күйдіргі шыққыр.
146. Уылдырығың шірісін.
147. Үйің күйсін.
148. Үнің өшсін.
149. Шалқаңнан түскір, шешек.
150. Шегің жарылып, әйеліңе жолықпай өлгір.
151. Шешек шыққыр.
152. Ішкен-жегенің бойыңа жұқпасын.
153. Ішің күйсін.