Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
ҚазҰУ-дағы тың жобалар

Қазақ білімінің қара шаңырағы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көптеген игі бастамалар мен жобалардың ұйымдастырушысы. Университет болашақ ұрпаққа сапалы білім берумен қатар, қазіргі студенттің болашақ бәсекеге қабілетті маман, дүниетанымы кең, жан-жақты дамыған, ұлтжанды, саналы азамат  ретінде қалыптасуы үшін түрлі жобаларды іске қосуда. Оған өзіміз білім алып, қызмет ететін «Педагогика және білім беру менеджменті» кафедрасының қабырғасында жүзеге асырылып жатқан жобалар дәлел бола алады.

«ҚазҰУ студенттері оқуға тиіс 100 кітап», «Айналаңды нұрландыр!», «Салауатты өмір салты», «Жасыл қалашық» сияқты  жобалар жастарды адамгершілік пен эстетикалық мәдениетке тәрбиелеп, тұлғалық дамуы үшін жағдай жасаса, ғылыми және инновациялық жобалар студент-жастардың  дәстүрлі таным ерекшелігіне ұқсамайтын жаңа жүйені ойлап табу, білім мен материалдық мүмкіндіктерді пайдалана отырып көнені өңдеу, бар нәрсені жақсартып, кем нәрсені толықтыру, жаңа зат, жаңа әдіс, жаңа жол, жаңа орта жаңалығымен өмірді жаңарту қабілеттерін дамытуда зор үлесін тигізуде.

Сонымен қатар, қазіргі таңда білім ордасы «Жемқорлықсыз университет» жобасын белсенді түрде қолға алуда. Жобаның мақсаты: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жемқорлыққа қарсы әлеуметтік орта қалыптастыру арқылы кез келген жемқорлық құбылыстарының алдын алу болып табылады. Осы мақсатты жүзеге асыруда тиімді шешімдерді қабылдау үшін әлеуметтік зерттеулер және әлеуметтік инжиниринг қызметтерін орындау орталығы ректордың тұрақты сауалнама блогы арқылы студенттер, оқытушылар және жалпы әріптестер арасында өзара кері байланыс орнатады. Кері байланыс:

·  Оқытушы студент көзімен

·  Оқытушы әріптестер көзімен

·  Таза сессия

·  Студенттердің әл –ауқаты

·  Білім беру жүйесінің сапасы сынды тақырыптардағы сауалнамалар арқылы жүргізіледі.

Аталған жоба негізінде университетте нәтижеге бағытталған басқару жүйесі жолға қойылған. Нәтижеге бағытталған басқару дегеніміз - әлемдік бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін арттыруды көздейтін нақты индикативтік жоспарлау және жетістіктерді қадағалау үдерісі. Осы жүйе негізінде білім ордасы оқытушылар мен қызметкерлер жұмысын рейтингтік бағалауға көшті. 

Осылайша, өз кезегінде ҚазҰУ-нен бастау алған бұл бағыттардың іргетасы еліміздегі өзге де университеттер арасында табысты тәжірибесіге айналып, университетіміз ұстанатын тұрақты салауатты және шығармашылық әлеуметтік ортаны қалыптастыруға бағытталған жүйе әлемдік деңгейдегі сұранысқа ие бірегей бет бейне қалыптастырудың бастауы болады деген сенімдеміз.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама