- 07 қар. 2019 00:00
- 292
Қорқақ
Ертеде бір қоян жүрек адам болыпты. Қаншама қорқақ болса да, оның өзінше қулығы бар екен, өзінің сужүрек екенін әйеліне сездірмеу үшін көп айла-амал жасапты. Әйелі ақылды адам болса керек, оның соншалық қорқақ екенін сезіп жүріпті.
Бір күні түнде қорқақ әйелімен далаға шықса, ай сүттей жап-жарық екен. Жерге түскен ине табылатындай жарық түнді көрген қорқақ:
— Бәйбіше, бүгін нағыз ұрлық қылатын түн екен, — дейді.
— Япыр-ай, мынау айтқаның жақсы болды-ау, көптен жас сорпа ішсем бе деп жүруші ем, ал онда тез аттан.
Өз сөзінен өзі ұсталған қорқақ амал жоқ атқа мініп, қарына құрығын іліп жүріп кетеді.
Біраз уақыт өткеннен кейін жан-жағына алақтап келе жатқан қорқақ қалың қопаның ығында тебінде жатқан көп жылқыны көреді де, шетіне барып қайтып, бір тобын бөліп айдап кетпек боп көп жүріп қалады. Бір кезде арт жағынан түсірлеген ат дүбірін естіп, қорқақ қаша жөнеледі. Қуғыншы көп ұзатпай қуып жетіп сойылмен бір салып өткенде, мұрттай ұшқан қорқақ жансауға айтуға шамасы келмей бұғып жата
береді. Қуғыншы атынан түсіп, басын көтермей жатқан қорқақты тік көтеріп ап:
— Өлтірем! — деп ақырады.
Қорқақ:
— Айтқаныңды етейін, тақсыр, тек жанымды қалдыра гөр, — деп зар еңірейді.
— Жарайды, бір жолы кешірім жасадым, енді қайтып бұл жерді басушы болма! — деп қуғыншы қорқақты босатып жіберіпті. Ажалдан әрең құтылған қорқақ атын байлауға шамасы келмей, қамыстан жасалған сененің сыртқы есігінен кіре, біреу белбеуінен тартып жібермей тұрып алады. Зәресі ұшқан қорқақ: — Батыр, батыр, кіре сөйлесейік, — деп ішке қарай ұмтылады. Осы кезде албар жақтан келе жатқан әйелі:
«Байғұс-ау, беліңе ағаш қыстырып, кептеліп тұрғаның не? Жолың болды ма?» Сенің-ақ қалжының таусылмайды-ау», — деп, қорқақтың белбеуіне қыстырылған құрықты алып тастайды.
Есін әзер жинаған қорқақ әйелінің бетіне қарап: — Сен қуғыншы емессің бе, дауысың соған ұқсап тұрғаны, — депті.