- 08 қаз. 2021 00:00
- 219
Қосмекенділер
Қосмекенділер — хордалылар типі, омыртқалылар тип тармағының бір класы. Қосмекенділердің 2 класс тармағы: доғаомыртқалылар, жұқаомыртқалылар, 3 отряды (құйрықсыз қосмекенділер, құйрықты қосмекенділер және аяксыз қосмекенділер), 25 - 30 тұқымдасына бірігетін 4 мыңнан астам түрі белгілі.
Тропиктік, субтропиктік және қоңыржай аймақтарда таралған. Көпшілік түрлері сырттай ұрықтанады, ал дернәсілдері суда тіршілік етеді. Дернәсілдерінің анатомиялық құрылыстары (жүрегінің екі камералы болуы, желбезектерімен тыныс алуы, т.б.) балықтарға ұқсас. Бұлардың жерде жүруге бейімделген буыны шар тәрізді, бірнеше бөлімдерден тұратын, 5 саусақты жұп аяқтары болады. Бас қаңқасы аутостилиялық (үстіңгі жаксүйегі бассүйекке бітісіп кеткен). Қосмекенділерде үлкен қан айналу шеңберінен басқа кіші (өкпелік) қан айналу шеңбері пайда болған. Жүрегі екі жүрекше мен бір қарыншадан тұрады. Денесінің ұзындығы 2-3 см-ден 1,8 м-ге дейін жетеді. Терісі жұмсақ, жалаңаш денесі шырыш бездері бөлетін шырыштан дымқылданып тұрады.
Тіршілігіне қажетті оттектің едәуір бөлігін терісі арқылы сіңіреді. Көпшілік қосмекенділердің сероз бездері бар, ол кейбір тропиктік түрлерінде өте улы келеді. Балықтардан айырмашылығы тері бездері ірі, көп клеткалы болады. Ересек қосмекенділер, негізінен, жәңдіктермен, ал дернәсілдері су өсімдіктерімен де қоректенеді. Қазақстанда қосмекенділердің 12 түрі кездеседі, оның 3 түрі (жетісу аяқты балығы, даната құрбақасы, қызылаяқ бақа) Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген.
Оқуға кеңес береміз:
Бразилияда 7 жаңа "мини-бақалар" анықталды