Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 58 минут бұрын)
Құмар Ақсақаловтың басқаруындағы Қостанай облысы: Тоқаевтың үмітін ақтамады

Қостанай облысының басшысы Құмар Ақсақаловтың басқаруындағы өңірде мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануда елеулі кемшіліктер анықталды. Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеріс нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақсыздығы, жоспарлаудағы жүйелі қателіктер мен инвестициялардың азаюы сияқты мәселелер ортаға шықты.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Инвестициялар азайып, жол мен ауыл шаруашылығы зардап шегуде

Аудиторлар өңірдің жалпы өңірлік өнімі артқанымен, әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақсыз сипат алғанын атап өтті. Жергілікті бюджет кірісі артқанымен, меншікті кірістердің үлесі баяу өскен. Сонымен қатар, 19 миллиард теңге игерілмеген қаражат бола тұра, 30 миллиард теңге қарыз алынғаны анықталды. Бұл шығындарды жоспарлау мен қарыз жүктемесі арасындағы үйлесімсіздікті көрсетеді.

Тікелей шетелдік инвестициялар ағыны әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Жоспарланған 188 миллиард теңгелік 8 инвестициялық жобаның 6-уы әлі пайдалануға берілмеген. Өңірді дамыту бағдарламасы аясында жыл сайын ондаған инвестициялық жоба тізімнен алынып отыр. Бірқатар нысандардың құрылысында жобалық-сметалық құжаттамада жүйелі бұзушылықтар тіркелген, бұл нысандарды уақытында пайдалануға беруге кедергі келтіреді.

Кәсіпкерлерге көрсетілген қолдау тиімсіз

11 миллиард теңге көлемінде 352 кәсіпкерлік субъектісіне көрсетілген мемлекеттік қолдау нәтижесіз болды. Олардың жартысына жуығы қызметін тоқтатса, қалғандары жұмыс орындарын ашу жөніндегі міндеттемелерін орындамаған. Қаржылық тұрақты бизнесті жасырын субсидиялау фактілері де анықталды, бұл бәсекелестік қағидаттарын бұзады.

Өңірде жол құрылысының сапасына тиісті бақылау жоқ. 12 нысанды тексеру барысында асфальтбетон жабынының шөгуі мен бұзылуы сияқты ақаулар анықталды. Бұл кемшіліктер бұрын пайдалануға берілген жол учаскелерінде де кездеседі.

Агроөнеркәсіптік кешен өңір экономикасының негізгі салаларының бірі болғанымен, оның дамуы тұрақсыз. 2022 жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі төмендеп, мал басы азайған.

Мемлекеттік сатып алудағы заңбұзушылықтар

Мемлекеттік сатып алу саласында 12 миллиард теңгеге жуық заңбұзушылықтар тіркелді. Талаптарға сәйкес келмейтін компаниялардың жеңімпаз деп танылуы, «ерекше тәртіпті» негізсіз қолдану және төтенше жағдайды сылтау етіп бір көзден сатып алу фактілері анықталды.

Дәрігерлік амбулаториялар салу кезінде медициналық жабдықтардың құны шамамен 200 миллион теңгеге негізсіз өсірілгені белгілі болды. Кейбір құрал-жабдықтар жобалық-сметалық құжаттарда көрсетілген бағадан 18-46 есе арзан болғанына қарамастан, жоғары бағамен сатып алынған. Баға қалыптастыруда банкрот деп танылған компанияның прайс-парақтары негізге алынған.

Жаңалықтар

Жарнама