- 06 мам. 2021 00:00
- 181
Құқықтық тұрғыдан шөліркеген оқырманға құқықтық кәусарлардан дәм татуға мүмкіндік берген «Заң» газеті
Газет әрбір мақаласымен халықтың құқықтық санасын арттырып, заңды білуіне атсалысты, Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде елімізде болып жатқан саяси оқиғаларға, құқық саласындағы өзгерістерге айрықша үн қосты. Газетте ҚР Президентінің Жарлықтары мен өкімдері, халыққа Жолдаулары, ҚР Парламенті қабылдаған заңдар, Үкімет қаулылары жарияланады. Көлемі 4 баспа табақ. Таралымы 17000 дана(сол кездегі). Бүгінде жалпы таралым - 40640. Ирак Елекеев «Заң газетін ашу арманымыз еді» атты мақаласында: «Сонда ғой «құқық» деген сөздің алғаш қолданысқа енгені. Өзіміздің бұрын заң жасау тәжірибеміз болмағандықтан заң терминдерін қазақы қалыпқа түсіру оңай болған жоқ. Пікір қайшылығы, көзқарастардың сәйкеспеуі жиі орын алатын. Солардың бір парасы осы «құқық» сөзі төңірегінде өршіді. «Бұл қайдан шыққан сөз? Құқық деп тұтығудың қажеті қанша?» деген сөздер айтылды. Алайда, осы сөздің қолданысқа енуіне қарсы болған небір мықты тіл саласының маманы мен ғалымы «право» деген орыс сөзінің «құқықтан» артық баламасын таба алмады. Ақыры, осы сөз заңның төл термині секілді қолданысқа еніп кетті». Парламент Мәжілісінде талқыланып жатқан әрбір заңды газет бетінде сарапқа салып, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары заң терминдерінің қалыптасуына ықпал еткен басылым жыл өткен сайын қанатын кең жайып келеді. Уақыт өте «Заң» және «Фемида» журналдарымен қатары толыққан корпорация уақыт көшінен қалмай, Zanmedia.kz сайтын да өмірге әкелді. Әділдік іздеген талай жанның арыз-шағымдарын тиісті орындарға жеткізіп, заңды шешімін табуына ықпал етіп келе жатыр.
Газеттің алғашқы редакторы Марат Тоқашбаев: «Бүгінде еліміздің бұқаралық ақпарат кеңістігінде өз орны бар осынау басылымды құруға, алғашқы нөмірінен бастап газетті үш жыл басқару бақыты маған нәсіп болыпты. Бұл басылымның дүниеге келуіне мұрындық болған, қиын сәттердің бәрінде қол ұшын беріп отырған еліміздегі құқықтық реформалардың атасы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Әділет министрі, көрнекті заңгер, марқұм Нағашыбай Шәйкенов еді. Демократияның атасы саналатын Томас Джефферсон «Табиғат заңдарына қайшы заңдар қабылдау – артынан өзіміз оларды жазалайтындай қылмыстар туғызу» деген екен. Газет өз қызметінде мемлекетті тек халыққа пайдалы заңдар қабылдауга шақырды. Әр азаматты өз құқығын білуге үндеді. Құқықтық тұрғыдан шөліркеген оқырманға құқықтық кәусарлардан дәм татуға мүмкіндік берді» дейді.
Газеттің мынадай айдарлары бар: «Бүгін», «Құқық», «Әлеумет», «Қазына», «Адвокат», «Биік мінбер», «Демография», «Алқа», «Ашық әңгіме», «Оқырман хаттары», «Заң тәпсір», «Безбен», «Қоғам», «Төртінші билік», «Аймақ», «Шартарап», «Ізкесер», «Руханият», «Соңғы бет», «Спорт», «Эксклюзив», «Нормативті құқықтық актілер». Еліміздің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, ең бастысы – құқықтық өміріндегі тақырыптарды арқау еткен мақалалар “Заң газеті” басылымының тұрақты оқырмандарын қалыптастырып, қазақстандық журналистика саласында өз орнын айшықтап берді.