Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Рұқсат қағаз

Кәмшат завод директорының қабылдау бөлмесінде ұзақ отырды. Іште өтіп жатқан жиналыс оған ұшы-қиырсыз, тіпті бүгін бітпейтіндей көрінді. Жазу машинкасын тынымсыз тықылдатқан хатшы қыздың көзін ала беріп, ішіне жиналған ыстық демін бір шығарып қояды. Сөйтеді де қайтадан отырады сарғайып. Біраздан кейін бұған да аздап бойы үйренейін деді. Бірақ манағы бір өрекпіген қобалжуы бәрібір басылатын емес. Неге соншалықты дегбірсізденеді?! Жүрегі неге сонша өрекпиді?! Бұрын-соңды мұндай үлкен адамның алдына кіріп көрмегендіктен бе?! Солай шығар-ау? Шамасы. Әлі мектеп қабырғасынан да шығып үлгерген жоқ. Ана алақанының жылуынан өзге не көрді!? Әлде жасы он сегізге толып, оң-солын айыра бастаған шағында өзінің туған әкесімен алғаш рет жүздескелі отырғандықтан ба екен?!

Ол әлі де ұзақ күтті. Көкірегін кернеген ауыр сезім сәл-сәл ыдырап, көңілі енді шын орнына түсе бастаған сияқтанды. Осы сапарға алғаш жиналардағы батылдықты да қайтадан түйсінген. Сонда ғана ол өз үстіндегі жұпыны шыт көйлек пен жайпақ өкшелі көнелеу туфлидің мынау кең де жарық, бай жабдықты бөлмедегі салтанатқа үйлеспейтінін сезінді. Тіпті әйнектері жарқ-жұрқ еткен биік терезелердің өзі мұның қораштығын әшкерелей түсейін дегендей еңселеніп кетіпті. Төргі бөлме есігінің астымен жорғалап, белгісіз жаққа сіңіп жоғалған өрнекті кілемше де мұның сирек көретін нәрсесі...

Кәмшат кенет салтанатында бір міні жоқ үлкен бөлменің бұрышында шүйкедей болып қана отырған өзін көріп, селк ете түсті. Байқамай көзі түсіп кеткен қарсы беттегі шар айнадан бетін тез бұрып әкетті де, енді ол жаққа қарамауға бекінді...

Осы мезетте оған әкесімен арасы сәт сайын алшақтап бара жатқан секілденді. Бір қызығы, бұған өзі соншалықты қапалана да қойған жоқ "Мен онымен тіл табысайын деп келіп отырған жоқпын ғой". Ол өзін осылай жұбатып қойды. Осы оймен ғана көңілін демдегендей. Сәлден кейін хатшы қыздың электр машинка үстінде ойнаған саусақтарын қызықтап кеткен...

Бір кезде әлдеқайдан қоңырау без-без етті. Саусақтары машинка үстінде тынымсыз әсем билеп отырған хатшы қыз бәрін тастай салып, төрдегі үлкен есікке қарай асығыс бет алды. Сәлден соң қолына әлдебір қағаздарды ұстап, қайтадан шыға келді де, дереу қоңырау шалуға кірісті. Енді бір сәтте Кәмшат "машина" деген сөзді естіп қалған. Сол-ақ екен өзінің неше айдан бергі бүкіл толғанысы, өзі өз болғалы қабылдаған шешімі, басқа облыстан шаршап-шалдығып әрең жеткендігі — бәрі-бәрі бекер кететіндей көрініп, мазасызданып кетті. Мұның аяқ астынан Маңғыстаудан сонау қиыр шетке қандай себеппен сапар шеккеніне түсінбей, аң-таң болған анасының кейпі көз алдына елестеп өтті. Ал бірнеше күннен кейінгі соңғы емтихан ше?!

Кәмшат өз шаруасының қазір бітпесе, ешқашан да бітпейтіндігін жақсы түсінді. Өйткені жұмыс күні аяқталуға жақын. Ал мұның еншісіндегі алда тұрған екі күн — демалыс.

Алдымен қандай амал ойлап табарын білмей, шиыршық атқан ой толқыны әсерімен орнынан тұрып кетті. Мойнына асып алған ұзын баулы қызыл сөмкесін бұлғақтатып, әрлі-берлі жүріп алды. Хатшы қыз машинкасын қоя салып, бір-екі рет алайыңқырап қарап еді, өз ойымен әуре Кәмшат оны тіпті байқаған да жоқ. Міне, іштегі кісілер де біртіндеп шыға бастады. Біреу... екеу...үшеу...он бір...жиырма...жиырма үш...жиырма сегіз...Уһ! Бітті-ау, әйтеуір! Осы мезет мұның төргі кабинетке оқталғанын байқап қалған хатшы қыздың өткір даусы саңқ етті:

— Мен Сізге мана ескерттім ғой. Ол кісінің уақыты жоқ. Жұмысыңыз болса, дүйсенбі күні келіңіз...

Кәмшат енді бөгелген жоқ. Хатшы қыз оған дүйсенбі күні емес, осы дәл қазір кіріп қалыңыз деп асықтырып тұрғандай-ақ жүгіре басып ішке қойды да кетті.

— Саламатсыз ба?

Үстелінің үстін жүре жинастырып, жұмыс бөлмесінен шығуға ыңғайланған ұзын бойлы көзілдірікті кісі мұның сәлемін ала берді де, қалт тұра қалды. Сонан соң көзілдірігін дұрыстап қойып, ат шаптырым кабинеттің арғы бетінен бері Қарата асықпай жақындады. "Таныды ма екен?!" — деген ой жүгіріп өтті Кәмшаттың басынан.

— Төрлет, қызым. Менде жұмысың бар ма еді?!

— "Қайдан танысын?! Өздерінің бір жұмысшысы деп тұрған шығар. Әлде жұмыс іздеп жүрген біреу деп қалды ма екен?!" Кәмшат оның сұрағына еш жауап қатпастан, босағадағы жұмсақ орындықтардың біреуіне дыбыссыз отыра кетті. "Енді неге тұр өзі?!" Көзін алмайды. Шынымен-ақ шырамытқаны ма?!

Бірақ..мені еш уақытта да көрген жоқ қой! Мамама ұқсауы мүмкін емес пе?!" Әне, ақыры ол да өзінің орнына барып отырды.

— Мұнда келші, айнам. Міне, мына жерге... — Ол өзінің қарсысында тұрған орындықты нұсқады.

— Жоқ, рахмет. Маған осы жер де жарайды. Сізде азғантай ғана шаруам болып келіп ем...

— Айта ғой.

— Мен — Ғалияның қызымын. Атым — Кәмшат. — Енді бұған не дер екенсің дегендей, бөгеле берген.

Анау адамның тағы да орнынан тұрып өзіне қарай келе жатқанын көрді. Көрді де, төмен қарады. Өзінің "бәленшенің баласымын" деп, әкесінің емес, шешесінің атын атап отырғанына ол осы арада тұңғыш рет ыңғайсызданған. Уытын бұрын сезбеген осы бір сөзбен ғана өмір бойы жат болып келген, дүниедегі осынау бір ең қымбат адамының алдында өзінің қораштығын, әлдеқандай бір сырт көзден жасырып жүрген кемістігін ашып қойғандай, көмейіне әлдене тығыла қалды.

— Өзім де солай-ау деп ойлап едім. Шешеңнен аумай қалыпсың...

Дәл жанынан шыққан мына үн Кәмшатты тез ширатып жіберген. Әлсіздік мінез танытуға оның хақысы жоқ болатын. Олай ету өзін ең бастысы, анасын қорлау деп түсінді ол. Көмейіне тығылған өксікті зорлана жұтып, туған әкесінің бетіне тұңғыш рет жақыннан тура қараған.

— Биыл мектепті бітіремін. Екі-үш күннен кейін соңғы емтихан. Соған байланысты... Тез-тез сөйлей бастаған Кәмшат кенет өзінің тағы да мазасы кете бастағанын сезді. Бойын бекітіп алу үшін бөгеле берген, назары тағы да төмен түсіп кетті. Кенет ... оның асыға басып орнына беттегенін көрді. Жүрісі шып ширақ Мамасының "жүрісің әкеңе тартқан" дейтінін есіне алды бұл да сергіп.

— Биыл мектеп бітіремін дейсің, ә? Не, мамаң әдейі маған жолық деген ғой.

— Дұрыс. Өте дұрыс істегенсің. Келгенің жақсы болды. Қазір... мен қазір... — Үстелінің суырмасынан әлдеқандай бір қойын кітапшаны алып шығып, әкесі әлденені асығыс іздестіре бастады. — Өзің қайсысын қалайсың? Кім болғың келеді? Ұялма, қайда барғың келсе де айт...

Кәмшат түсінбеген, сұраулы жүзін жоғары көтерді.

— Оқуды айтам. Қайсы оқуға барғың келеді?

— Политқа деп жүрмін...

— Ә... ә... Онда тіпті жақсы болды. Оның ректорын мен жақсы танимын. Қарашы, тіпті сәтінің келе қалуын. Түсетініңе сене бер. Мен тіпті қазір-ақ... қазір-ақ қоңырау шала қояйын. Е, көрдің бе, номері де жүр, міне. — Әкесі сол бойда телефон тұтқасына ұмтылған. Оның асып-сасқан қимылына таңырқай қараған Кәмшат мынау адамның өз келісін неменеге жорығанын енді ғана түсіне бастады.

— Маған... Мен үшін ешкімге де қоңырау шалудың қажеті жоқ. Ешқандай да ректорға қоңырау шалмаңыз! — Кәмшат шыр-шыр етіп, орнынан қалай ұшып тұра келгенін өзі де аңдамай қалды.

— Керегі жоқ?! Енді неге келдің? Әлде қаржы керек пе?

Кәмшат әлдеқандай бір ащы нәрсенің өзегін оңдырмай тіліп бара жатқанын сезді. Көзіне келіп қалған жасты әрең іркіп:

— Жоқ. Бізге ештеңе де керек емес. Кәмелеттік аттестат алатын күнім жақын. Әлі паспортым да жоқ Оларға сіздің емес, мамамның фамилиясымен жазылғым келіп еді, — деді.

Бір мезет кабинет ішін қапысыз тыныштық кернеді. Кәмшат өзін жаңа ғана көргендей тесіле қалған қос жанарға тағы да бір армансыз қарады. Бірақ бұл жолы көңілі әбден орныққандығы білініп, жайбарақат тұр.

— Рұқсат қағазға келген екенсің ғой...

— Иә, фамилиямды өзгерту үшін Сіздің келісіміңіз керек екен.

— Келісемін... Әрине, келісемін...

Сәлден соң қызының қолына рұқсат қағазын ұстатқан әке ауыр ой үстінде отырып қалды. Оның кенет салмақтана түскен мұңлы көздері әлдебір өкініш сазын шерткендей. Жүрегін белгісіз сезім оты шарпығанымен, Кәмшат бұдан әрі кабинетте қалудың ретін таппады. Жұмбақ әке өзінің жұмбақ өмірімен, жұмбақ отырысымен үлкен сәнді бөлме ішінде қала берді. Қолындағы бір жапырақ қағаз оның туған әкесімен арадағы соңғы байланысын да үзіп кеткен. Көмейіне тығылған өксікті шығарып алмау үшін ұзын сәнді дәліздің бойымен жүгіре басып, кетіп бара жатқан өзіне манағы кербез замандасының таңдана қарап қалғанын да байқаған жоқ. Тек қана зәулім үйдің соңғы есігін серіпкенде барып, тұншықтырған көз жасының ағытыла жөнелгенін білді.

Бұл көз жасы қыз көңілін талай рет жасытқанымен, кейде белгісіз, тәтті үміттерге де бой ұрғызатын әке бейнесін жоқтап, шын қиналудан туған еді. Өйткені өзі іздеп келген рұқсат қағаз, оны әке деу хақынан да біржолата айырған-ды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама