Рух ұстазы
Неге бұлай боп кеткенін қайдан білейін, бұл ғасырдың толқынысы тым бөлек. Баяғы бабалардың рух тәрбиесі туралы қалыптастырған ілімі біртұтас, ортақ дүниетанымға қызмет жасайтын. Солай өмір сүретін. Қазір қазаншының еркі өзінде болған заман. Еркі өзінде болған соң қайдан құлақ шықпайды? Бізге жат түрлі мәдениет «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болғысы» келіпті. Түрлі ағымның жетегінде жүрген елдің Жарылқаушысын жаттан тапқаны да көп. Атам қазақтың адами болмысы сағынышпен еске алатын сағымға айналғаны қашан...
Айтматов жарықтықтың «Шыңғыс ханның ақ бұлтын» оқыған шақта кір басқан жүректің Құдайдан алыстап, берген нығыметінен көз жаза бастайтынын «саусағын жайған жас жүрек» тым терең түйсініп қойған еді деп айтсақ, асылық болар. Балаң кезде оқыдық қой. Ер мен әйелдің жұптасуына қатаң шектеу қойған Ұлы Шыңғыс Қағанның қосынынан әйелдің жүктілігі байқалып, ол сорлы айуандықпен найзаға түйрелген сәтте Қағанға саясын түсіріп, бірге көшіп жүретін шөкімдей ақ бұлттың ғайып болғаны айтылушы еді ғой онда. Бізге ондай мұғжиза бұйырмаса да, ту бастағы тазалықтан қалай көз жазып қалғанымыз жайлы ойладық па екен деші. Адасқан тұсымызды дәп басып таппасақ та, жүрегіңді бір шымшып өтетін кезеңге мойын бұрдық па? Рухыңа ұстаз болар баяғыңнан ұлағатты не бар?..
«Ел басына күн туып, Алтайды тастап үдіре көшкен жұрттың Гималай асып, Үндістанды ендей өтіп, Түркияға табан тірегені — тарих бетінен қанмен жазылған қазақ тағдырының бір парасы. Қазақ өзіне сенгендей басқа жұртқа да солай сенгіш халық. Гималайды бетке алған ел, тілінде кәлима, қолында Құран бар деп дүңгенді пана тұтқан әу баста. «Бұтаны паналаған торғай да аман қалады». Қазақта түсінік солай-ды. Амал қанша?! Тілінде мұсылмандық болса да, ділінде мұсылмандық жоқ екен ол жазғандардың. Қытайдың қанды қылышынан әзер қашып құтылған елдің басына ақырзаманды сол дүңген деген пәле орнатып еді...». Көзі жасаурап, өткен күннен сыр шертіп отыратын атам Сәлім жарықтықтың үнемі қозғайтыны осы тақырып болатын. Алтайдан арып-ашып Тибетке барған елді бір түнде дүңген әскері басып, бүкіл ауылдың шаңырағын ортасына түсіріпті. Атам қасына екі жолдасымен тірі қалыпты. Қан сасыған далада рулы елінен айырылған үш жаяу бағытын Алтайға бұрып, азғантай оқ-дәрісі бар жол шегеді. Неше күн, неше түн жүргенде азық-түлік те түгейді. Тек мылтықтың таңдайында бірнеше тал оқ қалады. Қоңыр аңы қойдай өріп жататын ен даланың да пейілі тарылып, тірі тышқан жолықпайды. Әл-дәрмені қалмаған үш бейбақ жығылып, сүрініп бір жерге келгенде біреуі сәл алға озады. Атаммен қасындағы жолдасы ақылдасып, алға озған кісіні атып, тірі қалудың қамын ойластырады. Соңғы оқты мылтықтың таңдайына басып, алға арқан бойы озған сорлының қосөкпесін көздейді. Жанарларынан қанды жастары сорғалап, енді масаны баса берген мезетте Құдайдың құдіретімен өздерінен сәл қиыс жерден қарақұйрықтың лағы жүгіре жөнеліпті. Мылтықтың ұңғысы бұрыла бере лақ та жер сүзе құлайды. Құмайша шүйліккен үшеуінің әп-сәтте асқазандары майланып, көздеріне үміттің шамы жанады. Біраз күнде ел шетіне де ілінеді...
Атамнан талай рет: «қарақұйрықтың лағы кездеспегенде шынымен ана кісіні атып жейтін бе едіңдер?», — деп сұрағанымда, атам жарықтық: «Е, е,е.. балам! Ниеттеніп қойған соң жедің не, жемедің не бәрі бір емес пе?! Құдай кешірсін, сол күнәнің бұл дүниеде қайтарымы бола ма, болмай ма? Көзімді жұмсам болды аузынан қан сорғалап, адам етін жеп отырған үрейлі түстер көрем. Күні бүгін мазалайтыны сол мені! Елге оралып, есімізді жиған соң қасымдағы жолдасым екеуміз жетегімізді алып, оққа байлаған ана пақырдан кешірім сұрап бардық. Кешірдім деді. Әй, ол кешіргенмен Алла кешірер ме екен?..», — деп еңкілдеп жылап алушы еді. «Атып жемеген соң несіне таусыла береді екен?». Мен түсінбейтін сауалдың үлкені осы. Шынымен несіне таусылады сонша? Әлі түсінбеймін...
Өмір болған соң санаңа талай нәрсе кіріп, шығады. Күнделікті қоғамдық көліктерде келе жатып мәлкілдеген шал-кемпірлерге амалсыз орныңды берген кезде де «жатпай ма екен үйінде. Осыларға не бар екен таң атпай қақшаңдап» деп, іштей бір қомпылдап алып, нарау қозғаласың. Біреудің жақсылығына да ішімізден қуанып кетпесек те, өтірік мәз болған сыңай танытуға мапандай боп алдық. Үйреншікті ғадет. Ниетті қойып, жасап жүрген іс-әрекетіміздің күнәлісіне үңілерге уақыт тапшы. Қашан, қайда адамшылыққа жат пиғылдарға орын бергеніміз туралы дерек атымен жоқ. Біздікі сол өмірге келіп қалған соң әйтеуір жүрген секілді...