- 06 қаз. 2021 00:00
- 324
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов
Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы Ақмола облысындағы Алексеевка ауданының «Трудовое» селосында шаруа семьясында туған. Қазақ, КПСС мүшесі.
1942 жылы тамызда Қызыл Армия қатарына шақырылады да, 1943 жылдың маусымынан бастап майданда болады. Кубаньды, Донбасты, сондай-ақ Украинаның оң жағалауын азат етуге қатысады. Қызыл Жұлдыз және ІІ-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған.
Кеңес Одағының Батыры атағы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумның 1945 жылғы 27 ақпандағы Жарлығымен берілген. Бұл күнде генерал-майор Сағадат Нұрмағамбетов Кеңес Армиясында қызмет атқарып жүр.
1945 жылы 14 қаңтарда 1052-атқыштар полкі 301-атқыштар дивизиясының бірінші эшелонында болып, шабуыл жасап бара жатты. Алдарында Пилица өзені кесе-көлденең кезігіп кедергі жасаған шақта, жауынгер Висладағы Магнушевск плацдармынан 30 километрдей ілгерілеп те кеткен еді. Бақытқа қарай, өзеннің мұзы мызғымастай қалың еді. Капитан Нұрмағамбетовтың пулемет ротасы майор Емельяновтың батальонының құрамында болды. Гитлершілердің алғы шебі жайылма жағаға аттың тағасы тәрізденіп төбегеорналасқан-ды. жау біздің бөлімшелерді табиғаттың өзі әдейі құрып қойғандай «қақпанға» беттейді ғой деп ойлаған жоқ, сол себепті де жайылманың тұсына ешқандай да тосқауыл қоймаған.
Атқыштар ротасы мен Нұрмағамбетовтың пулеметшілері түнде білдірмей ғана өзеннен де, жайылмадан да өтіп алды, жау оларды тек траншеяның алдына келгенде бір-ақ көрді, бірақ қарсыласып үлгермей, қолайлы шептерінен қаша жөнелді.
Кеңес жауынгерлері табысқа мастанған жоқ, дереу жаудың қарсы шабуылын тойтаруға әзірлене бастады. Жау да көп күттірмеді. Гитлершілер өлген-тірілгендеріне қарамастан өршелене ұмтылып, өздері айырылып қалған шепті қайтып алмақ болып екі рет шабуыл жасады. Немістің бір танкісі тұп-тура пулемет расчетының атыс ұясына беттеді. Мұны көрген Нұрмағамбетов өз жауынгерлеріне жүгірді, бәрі бірлесіп пулеметті окопқа түсірді. Танк окоптың үстінен өтіп кеткен шақта, Сағадат орнынан атып тұрды да, танкінің бензин багына үсті-үстіне гранат лақтырды. Танк қара түтінге оранып жана бастады. Ал шайқас әлі жүріп жатқан. Міне, станокты пулеметтердің бірінің нышанасы саптан шығып қалды. Капитан Нұрмағамбетов «Максимнің» құлағын өзі ұстады да, оқты бората жөнелді. Оның дәл көздеп атқан оғы фашистің 65 жауынгері мен офицерін жер жастандырды. Пулемет ротасы участогінде жау 120 адамынан тек өлідей айырылды. Пулеметшілер атқыштар тобына көмектесе отырып, жаудың 12 атыс ұясының үнін өшірді. Жау төтеп бере алмай, кейін шегінді. Пилица өзенінің сол жағалауындағы плацдарм қолдан шығарылмады. Полк шабуылын жалғастыра берді.