Сәуленің күлкісі
(повесть)
Көзіне құйылған ащы терді күйелі саусағымен анда санда бір іліп тастап Балқия — кәдімгі айнамкөз аталған Балқия келе жатты. Ол, заводтың іргесіндегі жер үйлерден өте бере, талай таныстарына кездесті, «соға кетуін» өтінген талай жылы сөздерді де естіді, бірақ ешқайсысына бұрылған жоқ. «Темірім жылап қалады ғой», — дегеннен басқа сөз де айтпай кете берді.
Үйі қаланың шеті барып тірелген таудың етегінде еді, соған жетпей тоқтайтын емес. Тоқтамасқа әлі жоқ, әл жоқ болса да тоқтайтын түрі жоқ.
Оның қалжырағандығы сондай: иығындағы зілдей күрекпен бірге теңселіп, тербеліп келеді. Ол отызға әлі жетпеген жас болса да, өңінің тайғандығы сондай: қабығымен қатқан қара ағашқа ұқсайды, тек жанары үлкен нұрлы көзінің оты ғана жайнай түскендей.
Оның көк желкесінде булыға шыққан түтінін қазақ елінің ашық аспаны мен өр намысына бүркіп ағылшындар салған заводтың қара мұржасы тұр. Ол Арқаның өр кеудесіне қанжардай қадалып елу жылдан бері құламай тұрғанына қара қошқыл түтінін ауық ауық түйдегімен лақылдатады. Балқияның кеудесінен шыққан жалын сол қара қошқыл түтіннен де кесек.
Бұл — бірі мен бірі жалғаса, иін тіресе салынған жер үйлердің мұржасынан көк ала түтін қаптап ұшатын кешкі шақ еді. Завод мұржасынан шыққан қою түтін жоғарыдан сорғалап көп жер үйлердің төменнен көтерілген әлсіз түтінін іліп алып алысқа әкетіп жатқандай, бірақ, бәрі қосылып қаптаса да қазақтың кең даласын баса алатын емес, асқар тауынан аса алмай көк тұманданып төскейде тұнып тұр.
Спасский заводы Соран шоқысының күнгей жақ бетіндегі бір кішкене сайдың ішінде болатын. Сол сайдың өр жырасында ондаған жер үй бар. Завод иелерінің бес алты үйлерінен шыққан түтіні барлық жер үйлердің түтінінен басым, Балқияның көзі соған дейін еді, «өзі тоқтың түтіні де тоқ» деген осы екен ау, — деді ішінен. Ол аштық пен тоқтықты ойлап келе жатып үйіне жеткенін де білген жоқ.
Иә, күн шыға кеткен үйіне Балқия да жетті, шығандап барып ұясына күн де батты. Оның үйі қаңылтыр мұржасы мен тақтай есігінен басқасы аюдың үңгіріне ұқсас бірдеңе еді. Таң сәріден тұрғандар ғана сол қаңылтыр мұржадан шыққан түтінді көретін де, қайсы бірі: «Байғұс Сайдақтың өзі кетсе де оты өшкен жоқ», — деп шүкірлік ететін.
Сайдақ өткен жылы бір ағылшынның көзін шығарғаны үшін айдалып кеткен еді, сонан әлі қайтқан жоқ. Кеткеніне сегіз айдан асып барады, сонан бері нақтылы хабар да жоқ. Оның артында қалған әйелі осы Балқия мен бес жасар баласы Темір. Ол екеуін Қазыбек дейтін Қарағандыдан осы Спасскийге көшіріп әкелген-ді. Қаңылтыр мұржадан шыққан түтінге де шүкіршілік ететіндердің бірі де, осы жер үйшікті салып берген де сол Қазыбек болатын.
Балқия үйіне жетсе де, ішіне кіре алмай тәлтіректеп барып босағаға отыра кетті, иығындағы зіл көтерем күрегі де ұшып түсті.
Аз дамылдап алды да:
— Темір! А, Теміржан! Кел, балапаным! Мен саған тоқаш әкелдім, келе ғой, — деді ол көкірегін жалын қанша кернесе де көтеріңкі дауыспен.
Ол қанша қапаланса да, қамыққанын баласына сездірмейтін, көз жасының бір тамшысын да көрсетпейтін. Жүрегі қанша елжіресе де, егілген сөзді оған көп айта қоймайтын. Қанша қажып келсе де, сол әдетімен қайраттанып баласын аңсай күтіп еді, оның үйде жоғын білгеннен кейін көңілі қайта босап кетті.
— Тірі жетімегім ай, мезгілсіз қайда қаңғып жүр екенсің?
Ол соны айтты да еңіреп қоя берді. Сол төгілген көз жасы қасірет тасқынына айналғандай алуан түрлі қапас ойлар бірінен соң бірі соғып, оны тұншықтырып жіберді.
— Төгілші, қанды жас! Сайдақпен бірге кетіп, сол өлген жерде бірге өлмеген мені тұншықтыршы... батыршы қарамды... Міне, сегіз ай бойы зарланудамын, көздің жасы топан болып басса да қасірет оты сөнер емес, не істеймін? Қалай төзем бұл азапқа!
Ол осылай зарланған күйі үйге кірді.
Ұқыпты әйелдердің, қолындағы жай жүн де жібекке айналады ғой. Бұл үйдің сырты аюдың үңгіріне ұқсағанымен, іші қайсы бір сасық байлардың үйінен артық жайнап тұратын. Дүние жиһазы бай емес, не бары беті сүйекпен өрнектелген әдемі ағаш кереует, көздің жауын алатын сарыала сандық пен көнетоз болса да көз тартатын ала сырмақ. Ішіне азық-түлік салынып, үстіне ыдыс-аяқтар қойылған қызыл кебеже сол жақ босағаны жалғыз өзі алып тұр.
Күн сәулесі кеткендіктен, үйдің іші күңгірт еді. Бұлауланған көзіне Сайдақтың қыстырулы тұрған ақ құр белбеуінен басқа дүние түсе қойған жоқ.
— Иесіз қалған қу белдік, — деді ол белбеуге қадалып. — Сайдақ күреске түскенде шаршы топтың көзі саған да түсуші еді ау. Енді мынау, қайғымен түскен менің қабағым секілді салбырап тұрғаның. Сен бір тұрған қу белгі, белгі емес, көрген сайын жүрегімді өртейтін күйіксің. Турап-турап тастайын ба, қу адыра! — деп белбеуді кеудесіне басып, аз тұрды да, — иесіз қалсаң да, тұра тұршы, тым болмаса бір жыл тұра тұршы! — деді өксігін баса алмаған дауыспен.
Ол тәлтіректеп барып, пештің үстінде тұрған кетік қара шелектен су ішіп тұрған кезде есік жақтан біреу мұрнын тартып кеп қалып еді, селк етті де қолындағы ожауы түсіп кетті.
— Бұл кім? — деді ол босағаға сүйеніп тұрған Темірді енді ғана аңғарып. Темір үн қатқан жоқ, танауын тағы бір бүлк еткізді де, жаудыраған көзін төмен түсіріп жіберді.
Балқия баласының қапалы екенін қабағынан сезіп қалды да, құшақтай алып төсегіне қарай ала жөнелді.
— Құлыным ау, балапаным ау, қайдан келдің? Өзің жылапсың ғой, кәне бері қарашы!
Темір жауап қатпастан бұлқынып барып сандықтың үстіне отыра кетті.
Шешесі өз көзіне ұқсас оның мөлдіреген көзіне қарап сәл отырды да, қалтасындағы екі тоқаштың бірін қолына ұстай жақындады.
— Мен саған не деуші едім? Әкең сені темірдей берік болсын деп атыңды Темір қойған-ды, сен жасық болма, балалармен төбелесе қалсаң жылаушы болма дейтінім қайда?
Балалардан жылауды намыс көрді ме қалай, Темір өксігін баса алмаса да:
— Бала емес, — деді әлденеге насаттанғандай нығыздана түсіп,
— Енді кіммен төбелестің?.. Масқара, сен әлде үлкендерге соқтығып жүрген шығарсың.
Темірде үн жоқ. Ол шешесімін:
— Айт шыныңды, деп ақырғанына да міз баққан жоқ.
Шешесі жылы шырай көрсетіп жұмсақ үнмен:
Өзің жаурапсың ғой, қайдан келдің? Қинама шешеңді, — дегенде ғана барып амалсыздан үн қатты.
— Таудан.
Балқияның көзі шарасынан шыға шатынап кетті.
— Таудан!.. Онда нең бар?.. Кім сені онда ертіп барған?
— Ешкім ерткен жоқ, құдайдан қашып өзім бардым...
— Құдайың кім?
— Әлгі өзінен қылышы ұзын құдай.
— Ол кім? Мырқал ма?
— Иә.
— Сен онан неге қорқасың?
— Мен оның қылышын боқтадым, ол менің басымды шабамын деп тұра қуды, сонсоң мен қашып кеттім.
Балқия Мырқалға ызалана тұрып баласына зілді үн қатты.
— Сен оның қылышын неге боқтайсың?
Темір де алғашқысындай емес өксігін басып, ширығып алды.
— Өзің ешкімге тиіспе, тиіскенді аяма дейтінің қайда? Ішінде өзінің інісі Абзал да бар бір топ бала асық ойнап жүр едік, ол келді де менің сақамды қылышымен қақ бөлді, сонсоң мен оның қылышын...
Балқия оған енді ештеңе айта алған жоқ, сөзін бітіртпестен құшақтай алып, құшырлана сүйді де:
— Тым болмаса сен тірі болсаң екен. Сенің ер жетіп адам болғаныңды көрсем екен, — деді күбірлеп.
Осы кезде біреу есікті тықылдатып еді, Темір шешесінің қолында тұрған тоқашты ала салып төсектің астына бір ақ сүңгіді.
— Сол құдай, — деді ол күбірлеп.
— Кім болсаң да келе бер! — деді Балқия ашулы үнмен.
Темірдің үйге келуін аңдып жүріп келген Мырқал болар деген ой Балқияға да сап етіп есік жақтан көз алмай отыр еді, басында оқалы тақиясы, үстінде қос етекті көйлегі бар, көйлектің сыртынан барқыт қамзол киген сұңғақ бойлы ақсұр қыз сылаң етіп кіріп келді.
— Кеш жарық, жеңеше, — деді ол есіктен кіре бере.
Балқия қара көлеңкеде оның кім екенін жөнді аңғармастан:
— Кім болсаң да көңілін жарық болсын, — деп үңіле қарап сәл кідірді де: — Күнім ау, Зуражансың ба? — деді.
— Иә, менмін, жеңеше, сіз жұмыстан бүгін кеш келдіңіз ғой, ауру-сырқаудан амансыз ба?
— Күн шыға кетіп, күн бата келетін әдетімнен әлі танғаным жоқ. Денім де әзір сау. Келші, біраз отыршы қасыма.
Зура сандықтың үстінде отырған Балқияға қарай беттей бере «үй неден мұнша қараңғы» дегісі келгендей төбедегі терезеге қарай беріп еді, шекесінде тұрған тақиясы ұшып түсті. Ол еңкейіп тақиясын ала беріп, бар даусымен:
— Жеңешетай ай! — деп барып Балқияны құшақтай алды.
Темір өзінен Зураның сонша қорыққанына мәз болып төсек астында сықылықтап жатыр. Зура күлерін де ашуланарын да, не дерін де білмей:
— Ой, тентек, онан да Сәулені барып тербетсеңші, — деп аузына түскен сөзді талғамастан айта салды.
Темір төсек астынан тоқашын шайнай шығып, тақияны басына киді де:
— Зура тәте, осы тақияны маған сыйлаңызшы, — деді жалынышты үнмен.
Зураның Балқияға айтар сөзін оңаша айту үшін Темірді үйден кетіргісі келіп:
— Тақияны ки де, біздің үйге бар да, Сәулені тербете тұр. Қазір апан екеуіміз де барамыз, — деп еді, Темір өз санын өзі сабалап тұра жөнелді.
— Кешегі сұрағаныңызды әкеліп едім, — деді Зура, камзолының қалтасынан қағазға ораған бір қайнатым шайды алып жатып, — үйде қалғаны да осындай-ақ, өкпелей көрмеңіз.
— Рақмет, қалқам, бұл үшін мұндай мезгілсіз уақытта келмей ақ қойсан еді.
— Бұл үшін емес, сізді шақыра келдім.
— Жай ма? — деді Балқия үрейлене қарап, — әлде жездең келді ме?
— Жездем келген жоқ, тәтем сізге шай ішіп кетсін деді.
— Илаһи жай болғай, — деді Балқия үрейлі көзін Зураның көзінен алмай. — Мұрат кетпеп пе еді?
— Кеткен. Оны не үшін сұрадыңыз?. — деп Зура да сезіктене қалды. Бірақ екеуінің күдігі екі басқа, оны екеуі де айыра алмай отыр.
— Сайдақ ағаңнан хабар жоқ па? Мұраттың естіген білгені жоқ па екен?
Өз күдігімен алысып отырған Зура Балқияның не оймен бұлай барлап отырғанын аңғармастан:
— Тәтем болмаса мен Мұратпен сөйлесе алғаным жоқ, — деп еді, Балқияның өңі бұзылып, ерні дірілдеп сала берді.
— Онан да Сайдағың өлді, күнің сөнді, соны естірту үшін шақыра келдім, — десеңші дегісі келіп Зураның бетіне қадалып еді, оның жүзінде әлдене бір жұмбақ күлкі ойнап тұр екен. Соны көрген соң ғана Балқияның жүрегі жыли қалды.
Зура оның неге бұлай құбылып отырғанын сезген жоқ. Күдігін күлкісімен жуа түскісі келгендей жымия қарап аз отырды да:
— Жеңеше! — деді ол басын Балқияның иығына сүйеп, — сіз кешегі бір сөзді маған қалай айттыңыз? Әлде Мұраттың өзі мен жайында сізге бірдеңе деп пе еді?
Балқия өзінің кеше не дегенін есіне түсіре алмай сәл кідірді де:
— Мен саған не деп едім? — деді.
— Мұраттың бар сырын білетін бұл жаһанда бір ақ адам бар, ол — сенсің дедіңіз ғой маған, сол не сөз?
— Ол бекер ме? — деді Балқия сәл күлімсіреп,
— Бекер емес екенін қайдан білесіз?
— Сенің жүрегің неге мұнша безілдей қалды?
— Сіздің сол сөзіңізден қорқып жүрмін.
— Қорықпай ақ қой, Мұрат екеуіңнің тілектерін бірге жанса деген тілегімнен басқа түгім жоқ.
— Жасырмаңыз! — деп Зура қадала түсті, — сізге не Мұрат бірдеңе айтқан, не Мырқалдың қоңырсытып жүрген сөзін естігенсіз, екінің бірі. Егер, Мұрат бірдеңе деген болса жасырмай ақ айта беріңіз.
— Мұрат жайында өз тілегімнен басқа білерім жоқ, ал, Мырқал дегеніңді мен білмеймін.
— Мырқалды қалай білмейсіз?
— Кәдімгі Тайманның Мырқалы ма?
— Иә, иә!
— Сонымен сырласатын мен бе?
— Сырласпасаңыз екеуіңіздің сөзіңіз неге бір жерден шықты?
— Ол саған не деп еді?
— Сен оқыған қызсың, Мұрат сияқты наданға қор болма, өміріңді өксітпе дейді.
— Оған сен не дедің? Мың жыл оқысаң да Мұраттай бола алмайсың дедің бе, жоқ па?
— Онан да ауырлау сөздер айттым, — деді Зура Балқияның адалдығына да, өз күдігінің алдағанына да көзі енді ғана жеткендей болып, — мен оның бүгінгі бір сөзінен әркімді, әсіресе сізді арбағысы келетінін байқадым. Егерде, сізден бірдеңелер сұрай қалса, түк те білмеймін, аулақ кет, деңіз. Жүріңіз.
Зура соны айтты да ақырын күрсініп, қысыла дем алды. Бірақ, оның бұлай күрсінуінде және Мырқалдың сескендіре айтқан мына сөзінде не сыр барын Балқия сезген жоқ.
Ымырт жамылғанымен, түн қараңғылығы әлі түсе қойған жоқ еді, сонда сақтанғысы келді ме қалай, Зура үйден шыға бере бір қолымен шолпысын уыстай ұстап, екінші қолымен Балқияны қолтықтап алды.
«Егер, — деді ол ішінен, — егерде бұл кісі естіген хабарын Мырқал сияқтыларға айтып қойса бізге жақсы емес. Әсіресе Мұратқа қауіп. Керемет ау, осыны Мырқал қайдан білді екен? Мұрат оған айтпақ тұрсын, танымайды да. Мен айтқаным жоқ. Жездем айтқан жоқ, енді кім? Ол бүгін, бәрін естіп-білген адамдай ақ сұрады ғой менен. Екі ой жоқ, ол бірдеңені сезген, қалай сөзді? Мұрат, мен жездем үшеуімізден басқа кім біледі, керек десе тәтеме де айтқанымыз жоқ. Ал, оған: лай судан балық аулаған соқыр балықшыға ұқсамай кет десем: — білем, бәрін білем, бүгін жасырғаныңмен, ертең шыныңды айтасың, айтқызамын, дейді. Бұл, бар сырын білген кісінің сөзі емес пе?»
Осы кезде совдептің кеңсесі жақтан бір екеу келе жатыр еді. Зура соларды көре сала селк етті де:
— Мына бір екеу келе жатыр, бұзық ойда жүргендер болып жүрмесін, берірек жүріңізші, — деп Балқияны өзіне қарай тартып бұра жөнелді.
Дыбыс білдірмес үшін сылдыр қаққан шолпысын қалтасына салды да:
— Тезірек жүріңіз! — деді.
2
Домбырасының үнін кейде баяулатып, кейде дауылдата жөнеліп отырған Қазыбек өзінің бұл сапардан көңілді қайтқанын домбырасының күйінен де сездіргендей еді, домбырасын қағып-қағып жіберіп барып тоқтатты да:
— Ay, кемпір, бір сұмдықты, сұмдық болса да үлкен қызықты айтсам аузыңа ие боласың ба? — деді ол әйелі Баянға имене қарап.
— Е, байғұс, — деді Баян Қазыбектің сөзіне таңырқаған пішінмен, — отызға жетпестен кемпір атадың, алпыста не демексің?..
Қазыбек айтқалы отырған сөзінің жолын әнмен ашып алғысы келгендей, домбыраны да, өзінің көмейін де аңыратып қоя берді:
Әсеттей сал ән салсаң баяулатып,
Мал табады ер жігіт жаяу жатып.
Алты қырдық астынан ән шырқасам,
Дәтің қайтіп шыдайды ояу жатып.
Інжу маржан секілді,
Ал көріндің көркем ай,
Гүл майысып, құр жайнап,
Сен керек деп келсең ай,
Өз басыңда қолқам бар,
Өгейсітпей берсең ай,
Сейфіл Мәлік — Жамалдай
Бейнетіңе көнсем ай,
Қозы Көрпеш Баяндай,
Бір молада өлсем ау, дегізген
Баян еді ау, шіркін бір кезде.
— Е, байғұс, көңілін өмірінде бір көтерілген екен, ұзағынан жарылқасын.
— Көңілдің көтерілгенін большевик болғанда көрерсің әлі.
— Әлі болған жоқ па ең? Әнеугі күні емес пе еді, большевик болдым, большевиктерге қылыш, мылтық соғып беретін болдым деп гүрілдегенің.
— Оным рас. Бірақ онан да үлкен коммунист дегені болады екен. Оған нағыз ақ жүрек, адал адамдарды ғана алатын көрінеді. Жүрегімнің ақтығын, ниетімнің адалдығын олар да білген болу керек, жаңа келе жатып Галкин жолдасқа кездесіп едім.. Сен коммунист болғың келсе арыз .бер, аламыз, деді, Зуражанға сол арызды жаздырып алайын, ұмыттырмашы.
— Жазған ау, қартайғанда жалпылдай бермей, сол баланың тілеуін тілеп отырсаңшы үйде.
— Денің сау ма, ей, қартайғаның не айтып отырған? Егер мен коммунист болсам, пайдасын көретін сен емессің бе?
— Маған несі пайда?
— Коммунист болған адам әйелдерді өте қадірлейді.
Оларды бұрынғыдай ұрып-соғу бұлай тұрсын, маңдайынан да шертпейді. Мысалы, сен менен кетіп, анау елуге келгенше бойдақ жүрген Келдекбайға тием десең де еркін, жақ жазуға менің хақым жоқ. Себебі, сенің еркің өзіңде, коммунист адам өзінен басқаның еркіне қол сұға алмайды.
— Келдекбайың не ей, айтып отырған?
— Жай әншейін, сөздің өлшеуі ғой.
Осы кезде Зура мен Балқия кіріп келді де, екеуі де Қазыбекке аңыра қарап есік көзінде тұрып қалды.
— Сәлем, жезде! — деді Зура қуанышты үнмен.
— Кел, балдан да тәтті балдызым! Қарағым Балқия, — деді де Қазыбек әлденені айтып салғысы келіп мүдірді де: — Аман-сау жүрсің бе? — деп жылы сөздің құшағын ашып тастады. Бірақ ол құшаққа албырт Зура күмп бергенімен, Балқия сезімтал жүрегінің құлы болып тұрыл қалды. Ол үй иелерінің көрсеткен қошеметіне де ізет көрсете алған жоқ. Көзін Қазыбектің қабағынан айырмаған күйі ілгері бір-екі аттады да, ортадағы діңгектің, есік жақ түбіне отыра кетті.
«Сайдақтың бір хабарын алмай келмеспін деп кеткені қайда? Қайда сол әкелген хабары? Зураның шақырған шайы Сайдақтың қара сорпасы ма? Соны естірту үшін шақырды ма? Егер әкелгені қуанышты хабар болса сүйінші сұрар еді ғой».
Балқияға соққы болып тигендей осы. Зура соны сезгендей:
— Жезде, әкелген нендей жақсылығыңыз бар? деп еді, Қазыбек ауыр бір күрсінді де:
— Аумалы-төкпелі заманда жақсылық аз ғой, бірақ олжасыз да емеспін... А, Зуражан, есікті бекітіп, терезені қымтай салшы, әй Баян батыр, шайың қайнаса тезірек жасап жіберші! — деп Қазыбек Баянға иек қақты.
Балқияның қаяулы көңіліне манадан демеу болып отырған Қазыбектің осынау бір жарқын жүзі ғана еді, оның «тезірек» деген сөзінің артында бір пәле бұғып тұрғандай, қазір шайдың үстінде сол пәле өзін бас салатындай сезінді де діңгекке бетін қалқалай бере көзінің жасын төгіп жіберді.
— Шырағым Балқия, берірек отыр! деді Қазыбек шай жасалған дөңгелек столға жақындай бере күбірлеп, — менің саған әкелген қуанышым да бар, ренішім де бар. Алдымен осы үйден бүгінгі естігеніңді елге жаймасқа, ешкімге айтпасқа ант ет.
— Ағатай ау, Сайдақтан хабарыңыз бар ма, алдымен соны айтсаңызшы?
— Ешкімге әзір айта көрме, Сайдағың тірі, құдай жеткізсе бір-екі күнде өзің де көресің, бірақ...
Қазыбек өзіне қадалған үш әйелдің көзінен именгендей төмен қарап:
— Бірақ ол, — дей берген кезде біреу есікті қағып қағып жіберді.
— Бұл кім өзі?
— Аш, аш!
— Мырқалсың ба?
— Мені тергейтін сен емессің, аш жаның барында.
— Мұрындықсыз бұқадай, бұл кім өзі? — деді Қайыбек біле-тұра зіл тастап. — Е, өзіміздің тайынша бұқа екен ғой.
— Тарта сөйлеңдер тілді, — деді есіктен кіре бере Мырқал Зураға ызбарлана қарап.
— Сен бұрқырататын күліміз жоқ, төрімізге шық, деді Зура оған төрді нұсқап.
— Жоқ, шықпаймын, асығыспын, сені шақырып жатыр.
— Кім?
— Совдеп бастығы.
— Қайсысы?
— Бәрі де, Кирсанов та, Галкин де, Қарсақ, Сарсақ...
— Мені қайтеді?
— Өздерінен сұра. Мынау отырған Сайдақтың қатыны ма? Немене, байыңнан хабар-ошар бар ма?
— Атқа мініп жүрген азаматымыз сен білмесең ошақ басында от көсеп отырған мен не білейін? — деді Балқия сескенгенін сездірмеуге тырысып.
— Е, шорт біледі, қайда қаңғып жүргенін.
— Шорттан басқа өзіңнің де білерің аз ау! — деді Зура күліп.
— Тарта сөйле деймін мен саған.
— Ау, шырақтарым ау, — деді манадан қанша ойланса да Совдептің Зураны не үшін шақырғанына көзін жеткізе алмай отырған Қазыбек, — екеуің әзілді қойып, жөнге келіңдер де маған мынаны түсіндіріңдерші! Шақырған кім? Не үшін?
— Мен жарапазаншы емеспін, бір сөзді қайта қайта айта беретін, жаңа мына балдызыңа айттым, сол бәріңе де жетеді, әйде, Зура, киін тез!
— О, тоба! Мынаған не істесем екен, ә? Ей шырағым, сен өзімнің тілегі бір, мұңы бір, туған жылы да бір замандасым Тайманның баласы Мырқалсың ба, жоқ әлде, май бітсе құтыратын малсың ба? Адам болсаң бізге қоқаңдамай ана ағылшындарға, байларға қоқаңда. о, тоба! Тоба!
Мырқал әрі ұялды, әрі ызаланды. Бірақ Қазыбектің сөзіне жауап қайтара алған жоқ. Киініп жатқан Зураға алара қарады да:
— Ырғатылмай, бол! — деп зірк етті.
— Тоқтаңдар, мен де барамын, — деп Қазыбек те шайын ішпестен атып тұрды.
— Сізді шақырған ешкім жоқ, сондықтан сіз бармайсыз да мен барғызбаймын, — деп Мырқал күмпие қалып еді, Қазыбектің:
— Мені барғызбайтын кім? Сен бе? — деген даусы саңқ еткенде ол селк ете түсті. Осымен сөз бітті де, олар асыға киініп жөнеле берді.
Үйдің іші тым-тырыс. Тек Қазыбектің «бірақ ол» деген сөзінің ар жағында нендей сыр барын біле алмай О аласұрған Балқияның жүрегі ғана жаңа бір дабылды қағып тұрғандай. Сол дабыл өздеріне шаттығы мол бақытты күнді әкелетінін сезгендей төргі үйдегі нәрестелердің сықылықтаған әдемі күлкісі естіледі.
* * *
Аспаны ашық айсыз түн.Самсаған сансыз жұлдыздар сәулесін қанша төксе де қалың жамылған түн көрпесін серпе алар емес. Завод маңындағы бес-алты тас үйлердің терезесінен ғана көр шырағындай әлдене сығыраяды. Тірліктің дәл қазіргі белгісі сол ғана.
Сол қараңғыны сүңгіп келе жатқан Қазыбектің жаны да дәл қазір сол түндей, үміті де сол жылтыраған шырағданға ұқсас.
Алыстан шыққан поездың гудогі қара түнді тіліп өтсе де өмірдің түніне сүңгіп келе жатқан Қазыбекті селт еткізе алған жоқ. Тек Зура ғана селт етті. Ол Қарағандыдан көмір әкеле жатқан поезд екенін білді де.
«Мына шақырыс тегін емес, Мұрат бүгін де келгей», деді ішінен.
Бұлар есік алдына келгенде алдарынан Қарсақтың: — Тоқта, кімсіңдер? — деген даусы шықты.
— Біз! — деді Мырқал. — Бізін кім?
— Совдептің айдынды милициясы Тайманов Мырқалды танымайтын өзің кімсің? А, Қарсеке, сіз бе едіңіз, кешіріңіз, міне, бұйрығыңыз бұлжыған жоқ.
— Екеу ғой.
— Қасындағысы — жездесі.
— Жездесінің керегі не? Тоқта, мүмкін оның да керегі болар. Мен Кирсанов жолдастан сұрап шығайын.
Қарсақ соны айтты да, ішке кіріп кетті.
— Шырағым, Мырқал ау, сендердің ойларын не осы? — деді Қазыбек бұлардың сөз тұрпатынан енді ғана сескеніп.
— Тише, тәртіпті бұзбай тек тұр.
— Тәртіп бұзып не істедім?
— Тише деймін. Совдептің маңында олай сөйлеуге болмайды.
— Сөйлеуге болмайды? Берген бостандықтарың сөйлетпеу ме?
— Тише, қожайын келе жатыр.
Қарсақ қайта шықты да:
— Ағай, сіз жүре беріңіз! Қарындас, сен маңдайыңды соғып аласын, менің етегімнен ұста.
— Мен неге кірмеймін, мен совдептің жауымын ба, шақыршы сол Кирсанов деген әулиеңді.
— Жезде, таласпай ақ қойыңыз, — деді Зура ішке кіруге ыңғайланып, — өзім ақ барайын, бірақ кетіп қалмаңыз, қайтарда қорқамын.
— Тоба, тоба! — деуден басқа Қазыбектің айтары да, істер лажы да болған жоқ.
* * *
— Михаил Андреевич, — деді Кирсанов амандасып болмастан, — сенің сырқаттанып жатқаныңды біле тұра шақырғаныма ғафу ет. Совдепке түрлі қауіп-қатерлер төнгендіктен амалсыздан шақырдым.
— Нендей қауіп?
— Соңғы кезде түскен мәліметтерге қарағанда, біздің дұшпандарымыз жұмысшылардың өз ішінен шыға бастағаны байқалған еді...
— Жұмысшылар! — деп Галкин Кирсановтың бетіне қадала қалды.
Күнгірт жанған жалғыз шам Кирсановтың алдында тұр, оған таяу отырған Галкин ғана. Екеуі де шегір көз, екеуінің де әдемі мұрты бар, екеуінің де денесі сымбатты, екеуі де жап-жас жігіттер, сондықтан ба, жоқ әлде шалқи жанған шам сәулесі жөнді көрсетпей отыр ма, әйтеуір, екеуінің өңінен ешқандай өзгеріс байқалмайды, тек дауыстары ғана алшақ.
— Сөзді бөлмей қоя тұр! — деді Кирсанов қабағын шытып, оның таңырқарлық түгі де жоқ. Қараңғылықтың туманы кімді де болса адастырады. Өз ішінен дегенде жұмысшылардың ішіндегі адасып жүрген санасыздарын ғана айтып отырмын. Мен сонда да сенбей, ақиқатына жету үшін тереңірек тексеруді орынбасарыма тапсырған едім, қорытындысын бүгін беріп отыр.
Осы кезде Қарсақ есіктен қарады да:
— Келді, кірсін бе? — деді.
— Ауыз үйде отыра тұрсын, өзін, бері кел! — деді. Аржақтан Зураның:
— Ертең келсем қайтеді? — деген даусы естіліп еді.
— Анау әйел кім? — деді Галкин.
— Осы қастандықтардың құпия сырларын білетіндердің бірі. Мәнісін кейін айтармын. Мына тұрған Көжеков Қарсақ жолдастың тапсырған қорытындысына қарағанда бір топ қазақ жұмысшылары бізге қарсы ұйым ашқан көрінеді.
— Мақсаты не сонда?
— Мақсаты Совдепті құлатып, кілең қазақ жұмысшыларының өкіметін құру.
— Оларға мұндай күш қайдан келіпті?
— Оларды алдап бізге айдап салып отырған алаш. Алашты айдап салып отырған ағылшындар, ағылшындар мен алаштың Совдепті құлатудан аяры жоқ.
— Біз бастан кешіріп отырғандай дәуірді адам баласы көрген емес, сондықтан өмірде болмаған жайларға кездесуіміз ғажап емес, бірақ дәл осы сөзіңіздің қисыны аздау. Егер рас болса біз қалай байқамай келгенбіз?
— Олардың орталығы Қарағандыда көрінеді. Мұнда тек, бірлі-жарымды тыңшылары ғана келіп, жұмысшыларды үгіттеп жүрсе керек мысалы, өткен түні Шалқаров Мұрат дейтін келіп жасырын жиылыс ашыпты. Ол Қарағандыда болып өткен кешегі жиылыста Совдептің басындағылар үмітімізді ақтамай отыр деп те лепіріпті.
— Мүмкін емес, — деді Галкин басын шайқап, — мен Шалқаров жолдасты жақсы білемін. Ол алаштың адамы емес, оның жауы, алаштың жауы ағылшындардың да жауы.
Есік жақтан Қарсақтың даусы шіңкілдей жөнелді:
— Оны сізден гөрі мына мен жақсы білемін, мына мен! — деп ол кеудесін қағып-қағып жіберді. Көзі де ешкі көзденіп ежірейе қалған еді, төр жақта отырғандардың көлеңкесінен оның көзі көрінген жоқ.
— Сабыр, жолдас Көжеков, сабыр! — деді Кирсанов енді сайқалдана қалып, — жолдас Галкин, сенің Жаңағы сөзің алдау ма, алдану ма? Ашығырақ айтқанда өзің олардың алдауына түскенбісің? Жоқ, әлде олармен бірігіп бізді алдамақсың ба?
— Сіздің күдіктенеріңіз мен болдым ба? — деп Галкин суық жымиыспен күле сөйлеп еді, Кирсанов қанша сескенсе де түсін көп өзгерте қоймайтын қалпымен:
— Бұл сөзің Шалқаровтың ақтығына сенгендіктен айтылса оқасы жоқ, олай емес пе деп қорқамын — деді.
— Онда менімен бұл жерде, бұлай сөйлеспеңіз, — деді Галкин салмақпен, — әділ сотымыз жұмысшылар жұртшылығы болсын, солардың алдына барайық та секемді сөз, сенімсіз көңілдің барлық сырын жасырмастан ашып салайық. Тек екі жақ та іштегісін бүкпесін, түгел ақтаратын болсын.
— Сен дұрыс түсін, жолдас Галкин. Әңгіме сен жайында болып отырған жоқ, сенің адалдығыңа өзім де кепіл бола алам. Мәселе Шалқаров және басқалар жайында болып отыр. Сен олардың кілең қазақ жұмысшыларынан құрылған ұлт партиясы барын білмей босқа лағып отырсың.
— Алаш партиясы ма айтып отырғаныңыз?
— Жоқ, онан басқа, мақсат жағынан бұл да сондай, айырмасы — бұлар кілең жұмысшылардан құралған.
— Жаңағы бір айтқаннан басқа дәлелдеріңіз бар ма? — деп Галкин қанша қадалса да:
— Бәрін бірдей баяндау, яғни бәрін бірдей жария ету қажет емес. Менің сіздерге айтып отырғаным тек соның алғашқы дабылы ғана. Кімде-кім сол дабылға құлақ салып, ізіне түсе білсе, бәрін де таба алады, — деп Кирсанов тіресуден талған жоқ.
Ерегіспен егесіп өзін-өзі қайрай түскісі келгендей, Галкин де тайынар емес.
— Ізге түскіш болсаңыз қазақ жұмысшыларын революциядан бездіргісі келетін мына Көжековтің ізіне түсіңіз, — деді ол Қарсақты сұқ қолымен нұсқап.
Ол Қарсақтың:
— Құрметті Галкин жолдас! Өзіңіз үшін өтінемін, тезінен тіліңізге ие болыңыз, — деген шіңкілін шегірткенің шырылы ғұрлы да көрген жоқ.
— Ол бізге адал ниетпен келген жоқ, ішімізге кіріп алып осындай іріткі салу үшін келген алаштың атарманы. Жолдас Айғақов! Жолдас Жайсақов! Айтыңыздаршы Көжеков Қарсаққа сенуге бола ма?
— Біз әбден шаршап отырмыз. Мен ертеңнен бастап оқу жұмысын басқарудан кетемін, — деді Жайсақов.
— Кетсең кет, сенің орныңа жалғыз құрай, — деп Қарсақ ілінісе кетті.
— Ертеңнен қалмай кетпекші едім, енді ерегістім, қашан сен қуылғанша кетпеймін, — деп Жайсақов нығарлана түсті.
— Әлі де кеш емес, ойланыңыз! Ойланбай ұрынып өзімізге ор қазып жүрмеңіз! — деп Галкин қайтадан Кирсановқа бұрылып еді, ол столды сарт еткізді.
— Тоқтат ондай былшылды! Сенің ойыңша, жұмысшылардың ішінен ұлтшылдар шықпайды ғой сірә, саяси соқыр.
Екеуі біріне-бірі үнсіз қадалып барып тынды да, екеуі темекілерін қатар бұрқыратып үйдің ішін көк түтіндетіп жіберді. Кирсановтың ішіндегі түтін осындағы заводтың түтінінен де қою.
Манадан үн қатпай, кім сөйлесе соның ауызына ғана қарап, есік жақта отырған қаршыға көзді, қара мұртты, ақ сұр жігіт әлденеге бекінді де арыстандай атып тұрды. Галкинның жаңағы сөз тастаған Айғақов Кемелі осы еді. Ол жетіп барып Кирсановтың алдында сығырайып тұрған шамның білтесін көтеріп сәулесін молайта түсті де:
— Қарсақ! Сен бері таман келші, — деді бұйыра сөйлеп.
Кирсановтан басқаны бетіне қаратпайтын Қарсақ Совдептің орынбасары бола тұра Кемел сияқты жай , мүшесінен мынандай өктем сөзді күткен жоқ еді, не себеп екені белгісіз, жақ жазбастан Кемелдің қасына жетіп барды.
Кемел күс алақанын сарт еткізіп оның иығына салды да:
— Мына шамға қара да шыныңды айт! Өзің Зурадай сұлу қызды сүйе алмайсың да, сүйген Мұратты көре алмайсың. Оны ақсату үшін бар қазақ жұмысшыларының атын былғайсың. Оларда қандай әкеңнің құны бар?
— О, аңғал сорлы! — деді Қарсақ өтірік күле сөйлеп, — сорлы аңғалдың өзін-өзі орға құлатқалы тұрғанын қара.
— Сайқалданба! — деді Кемел саңқ етіп, — мен аңғал болсам да сендей сайқал емеспін. Орға құлатсаң да жығылман. Ал сен сияқтыларға жер жүзінін бәрі де ор... Егер сен салған мына лаңды, сен жапқан мына жаланы ести қалса жұмысшылардың қолы сенің мынау жалбыраған шашыңнан бір тал қалдырмайды да, мынау жылтыраған бетіңді күйеге айналдырып жібереді, оған иманың кәміл болсын, — деді де Кирсанов пен Галкингe қарап суырыла жөнелді, — қадірлі жолдастар! Қарсақтың қара қамы үшін революциялық ісімізді мансұқ етпейік. Егер Қарсақтың мына өсегіне ерер болсақ өзіміздің де, Совдептің де абыройын айрандай төгеміз. Соны осы бастан ескерейік.
Кирсанов столды сарт еткізді де зіркілдей жөнелді:
— Бұл нендей анархистік? Совдептің комиссары маған сенбе, оның орынбасарына сенбе, бұл не бассыздық?
— Бәрін бүлдіріп жүрген осылардың өздері, — деп қысылып отырған Қарсақ бір күңк етті де жым болды.
— Сіз нағыз бассыздықтың қайда екенін дәл білмей отырсыз, — деді Кемел қатулана түсіп, — бұл сұр бойдақтың ауыз үйде отырған қызда дәмесі бар. Оны сіз білмейсіз, мына мен жақсы білемін. Қыз мұнан гөрі әлгі айтылып отырған Шалқаров Мұрат дейтін жігітті ұнататын көрінеді.. Біздің қазақ жігіттерінің ежелден әдеті. Қызда кеткен есесін оның сүйген жігітінен алатын. Оны біле тұра мен неге сенемін?
— Кемел! — деді Қарсақ даусы дірілдеп, — жалынамын, жазым боларсың, жауласпа менімен.
Кемел мырс етті:
— А, сен мені осылай қорқытпақсың ба?
— Қорқытпаймын, сақтандырамын. Сен менің алғалы жүргенім басқа қыз екенін білесін, біле тұра жала жауып тұрсың. Оған түгім кетпейді, тек өзін жазым боласың, сорлы.
— Өтіріктен өзен ағызсаң да жылтыр бетің бүлк етер емес, бұл қалай? Әлде сенің бетің сіріден жаралған ба? Бері қарашы! — деп Кемел бетіне үңіліп еді, Қарсақтың көзі жыпылықтап барып түсіп кетті. Шындықтың өтіне шыдай алмай тыпырлаған оның көзі Кирсановтың да жанын тыпырлатып жіберді.
— Егер, жан керек болса мені алдама! — деді ол Қарсаққа тістене қалып.
Оның тісі не үшін шықырлай қалғанын Қарсақтан басқалар ұққан жоқ. Сол ғана ұқты да қайтадан қайраттанып алды.
— Егерде сенбесеңіздер, мұнан былай Шалқаровты сөз етуді мүлдем қояйық та, қашан Совдеп құлап, өзіміз қолға түскен күні түрменің ішінде сөйлесейік, — деді.
— Қарсақ, — деді Кемел қадалған көзін алмастан, түлкіше бұлаңдауың жетер енді. Патша әкімдеріне құйрығын тығып алып, туған елін тонайтын болыстарға ұқсама, Кирсанов жолдас патшаның әкімі емес те, сен болыс емессің.
— Мына жолдастардың алдында айтып қояйын, — деді Кирсанов Қарсаққа. шаншылып, — егерде сенің Шалқаров жолдасқа жала жапқанын рас болса аямаймын, ешбір сот тергеусіз жазаңды өзім берем, өзім атамын. Әзірше бұл жұмыс осымен тоқтай тұрсын, қыз қайта берсін.
Кирсановтың кенеттен былай жалт беруінде қандай сыр барын өзінен басқа ешкім сезген жоқ.
3
— Тоба, не дерсің бұларға. Осындай бір сұмдықтың барын білгендей келгенім мұндай жақсы болар ма, — деп Қазыбек өзіне-өзі риза болып келе жатты да, былай шыға бере Зураның білегінен ұстан, құлағына күңк етті. — Сен ештеңе сездің бе?
— Түгін сезсем бұйырмасын. Мені ауыз үйге отырғызып қойды да, өздері төргі үйде күжілдесті де жатты. Біреулердің атын да атады ма қалай, жөнді ести алмадым.
Ол Мұраттың аты аталғанын естіген еді, өзін туған қарындасындай көретін жездесінен ұялды да, оны айта алған жоқ. Қазыбек еңкейе қалып жан-жағын байқап алды да:
— Сереймей құлағыңды әкел, сен естімесең, мен бәрін де есіттім, сені не үшін шақырғанын да білдім, — деді, Зураның құлағына сыбырлап.
Зура сұңғақ бойлы еді, төрт бақтау Қазыбектің құлағына сыбырлау оған қиын тиген жоқ.
— Сіз далада жүрдіңіз ғой, қалай естідіңіз, — деді ақырын.
— Бір сойқанның барын сезген жездеңнің терезенің алдында тұрып, тың тыңдаудан басқа амалы болмады. Үйге барған соң бәрін де айтамын. Әй, қара бет Қарсақ, тұра тұр, — деді тістеніп.
— Ол не істеді?
— Кейін естірсің, әзір сұрай көрме.
Қазыбектің бұл сөзі Зураның Қарсаққа деген өшпенділігін күшейте түсті.
«Азғын! Айуан, маған жету үшін Мұратты құрбандыққа шалмақ, әкеңді айтып сойсаң да ол тілегіңе жете алмассын», — деді ішінен.
Ол екеуі осылай қайраттанса да әлденендей бір ауыр ойға түсіп, үнсіз тұнжырап келе жатыр еді, арт жақтан біреудің: — Кімсіңдер, ей? — деген даусы шықты.
— Өзіне кім керек еді, мен Қазыбек! — деп, Қазыбек тұра қалды.
— Ә, сен бе едің. Біреуді түрмеге апара жатқан Мырқал екен деп едім.
— Сездім, Тайманым, сездім, — деді Қазыбек күрсіне сөйлеп, — сен адамсың.
— Адам болсам бопты. Өздерің түнделетіп қайдан келесіңдер? Мынау Зуражан ба? — деді Тайман Зураның бетіне үңіліп, — шырағым ау, жеті түнде сен неғып жүрсің?
— Мырқалдың арқасында түнде жортатын аң болдық қой, — деді Зура мұң шаққандай болып.
— Шырағым ай, мына сөзіңнің төркіні неткен жаман еді, ол жүгірмек сендерге де соқтығып жүр ме?
— Әзір соқтыға қойған жоқ, жай сүйкеніп жүр, — деді Қазыбек мысқылмен мырс етіп, — мына баланы шақыра біздің үйге барып еді, темір болғанымен мылтықтың да буы бар ғой, сол буға пісіп біраз күмпиіп еді, дегенмен ұяты бар ит қой, мен отырып: «әй шырағым мен сенің әкеңмін», деп едім, қоя қойды.
— Тумай кеткір ай, құлағымды шулатып ақ бітірдің ау әбден. Танитын біреу кездесе қалса Мырқалдан көрген зәбірін айтар ма екен деп қыпыңдап тұрам. Қайтерсің бұл, не істерсің іштен шыққан шұбар жыланға.
— Саған айтпағанда кімге айтсын. Мысалы, өзімізге тиісе қалса да арыз айтар өкіметіміз өзіңсің. Сен оған оңашада құлағына құйып қой, тыңдамаса құлағын біраз бұрап қой.
— Ондай ақпақұлаққа айтылған сөз ағады да кетеді, енді төрт қазыққа керіп тұрып сойғаннан басқасы қалған жоқ.
— Жас бала ғой, біраз айтсаң ақылға көнер.
— Жоқ, ол атаңа нәлет жаман әліне де, жастығына да қарамастан сондай баққұмар, бақ құмар адам таяққа болмаса ақылға көнбейді.
Ол осыны айтты да, қош айтпастан өзінің үйіне қарай жүріп кетті...
Тайманның жаңағы сөзі Қазыбектің жанына ұялап қалған еді. Ол сонан басқаны ойламастан барып үйіне кіре бере, қарсы келген Мұратпен сүзісіп қалды.
— Мұрат! — деді Қазыбек оған таңдана қарап, — жайшылық па, жарқыным?
«Мұрат! Мұратым!..» — деп соқты кейінде келе жатқа» Зураның жүрегі.
Мұрат Қазыбектің сұрауына жауап қатпастан:
— Зура қайда? — деп есікке қарай ұмтыла бере, көзі табалдырықтан енді ғана аттап келе жатқан Зураның көзіне түсіп еді, жаны күліп сала берді.
«Зураң мұнда! Мұнда...» деп соқты Зураның асау жүрегі.
Қазыбек Мұраттың Зурамен амандасуға да шамасын келтірген жоқ.
— Жол болсын, батыр, кеше әзір келмеспін ден кеткен екенсің, жайшылық па? — деді шыдамсызданып.
— Бір тығыз жұмыспен келіп едім, сіздерсіз өткен бес минут жанымды сығып жіберді. Өздеріңіз қайда барып қайттыңыздар?
— Еріккен немелер, ауырайын десе ауруы жоқ, бағайын десе малы жоқ, ерігіп жүреді де, қатын өсектің отына май құйып біз сияқтыларды тамыздық еткісі келеді.
— Тамыздық еткісі келгені кім? — деді Мұрат сескенгендей пішінмен, — мынауыңыз жақсы сөз емес қой.
— Олардың тамыздық еткісі келетіні мен, — деді Зура биіктігі бір қарыстан аспайтын кішкене орындыққа отыра бере.
— Сенде несі бар? — деді Мұрат оны көзімен аймалап көңілімен құшып.
— Несі барын өзім де әлі білгенім жоқ.
— Е, оттай берсін, есектің өрге басқан күні бар ма, тәйірі, — деп Қазыбек елемеген түр көрсетпек болып еді.
— Өсек деген өрт, өртті елемесек өртенеміз, — деп Мұрат өзімен-өзі сырласқандай аз уақыт үнсіз отырды да: — олай ойлаймын, былай ойлаймын, сіздерді не үшін шақырғанын таба алмаймын. Олай ойлаймын, бұлай ойлаймын, тіпті қисыны жоқ.
— Соны аяғымен барып, көзімен көріп қайтқан өзіміз де білгеніміз жоқ. Мені ішке кіргізбей, Зураны ғана апарған еді, бұған да ештеңе айтпастан қайтарып жіберіпті.
— Тіпті шақырғаны өтірік шығар.
— Манағы қояншықтың өзі шығар, — десті пеш түбінде тізерлесе отырған Баян мен Балқия жарыса сөйлеп.
— Шақырғандары рас, бірақ, өзді-өзі қиян-кескі болып жатыр, — деді де, Қазыбек Мұратқа көз тастады, — ал шырақ, түнделетіп келген шаруаңды айта отыр. Өзің немене жүдеп кеткенсің?
Зура жездесінің сөзіне сенбегендей түр көрсетіп, Мұратқа қарай қалып еді, шынында оның қара торы аталатын қоңырқай жүзі бозарып кетіпті де, көзінің аласы молайып, қырлы мұрны жоталана түсіпті.
«Өңінде бір тамшы қан қалмапты, мен кеше қалай байқамағанмын, әлде бүгін осылай ма», — деді Зура ішінен.
Мұрат өзіне Зураның телміре қадалған көзін көз қиығымен бір іліп алды да, көрмеген болып сөйлей берді:
— Өмірің жүдеу болса көңілің жүдеу, көңіл жүдеу болса, онда ажар қалмайды екен, — деді де бір күрсініп алып, — түнек дүниенің бұғауы басымызға тағы да төніп келеді. Сол үшін түн қатып, ызғар жұтып жүргенім.
— Бір сұмдықтың барын түріңнен ақ сезіп едім ау, айтшы, не болды?..
— Оны қайтып келіп айтайын, Зура, бір кесе су болар ма екен? — деп Мұрат Зураға қарап еді, екеуінің көздері кездесіп қалды да, екеуінің де жүрегі елжіреп сала берді. Әсіресе Зураның жүрегі лап-лап етеді.
— Қайда барушы едіңіз? — деді, ол Муратқа су ұсына беріп. Ой Қарсақтың қаны қарайғанын сезгеннен беpi Мұратты ойлаусыз өткізген бірде-бір минуты жоқ еді. Сол минуттың бәрі де Мұраттың қолына бұғау болып түскелі тұрғандай сезілетін, сондықтан оның даусы дірілдеңкіреп шықты. Екеуі кесенің екі шетінен ұстаған күйі бірін-бірі көзбен сүйісті де, ақырын күрсініп барып тынды.
— Совдепке, — деді Мұрат ақырын.
— Совдеп болғанда қайсысына? — деп Қазыбек Мұратқа жалт қарады.
— Жолдас Қирсановқа.
— Бала! Сен сол Кирсановтан аяғыңды тарта бастайсың, — деді Қазыбек әлденені айтар айтпасын білмегендей үзіп сөйлеп.
— Егер мен оларға бұл хабарды осы түнде жеткізбесем, ертеңгі тан, бізге атпайды.
— Атар таң мүлдем атпай, шығар күн мүлдем шықпай кетсе де тіл ал, бала! Сенің осы жақсылығыңа ол жаулық істейді.
— Соншама мен не жазыппын?
— Совдепті құлатып, кілең қазақ жұмысшыларынан өкімет орнататын ұйым ашпақ болыпсың.
— Мен бе Совдепті құлатқысы келетін, — деді Мұрат күлерін де, ызаланарын да білмей. — Қандай есалаң оны шығарып жүрген?
— Кім біліпті, қай иттің үріп жүргенін. Әйтеуір Кемел мен анау Галкин дейтін дәу орыс болмағанда Кирсанов аяғына кісен болатын еді де, Қарсақ қасқыр болып сені жейтін еді.
— Мыналар жынданар, — деді Мұрат ойланып.
— Жынданған болса ештеңе ем.ес ау, бай лай сын, да тастайсың. Мыналар адам терісін жамылған ұлы жылан болса қайтесің. Көзіне ілінсең тірі кетпейсің. Соны ойла да тіл ал! Оларға айтарыңды маған айт. Мен Галкинге барып айтайын, құдай үшін өтінемін, бер осы тілегімді.
— Жоқ, бүгін үйде бұғып қалсам, ертең тірідей көрге тығыламын, сондықтан өзім барып, өзім естіртемін бұл қайғылы хабарды.
Қазыбектің көзі шатынап кетті.
— Қайғылы хабар! Ол не? Мұрат айтарын да, айтпасын да білмей, бір нысанаға қадалып аз уақыт үнсіз отырды да:
— Біріңіз емес бәріңізге, әсіресе, қос жеңеше, сіздерге айтамын. Естігендеріңіз естіген жерде қалсын тіс жарып, тірі жанға сездірмеңіздер, — деді де Мұрат Қазыбекке қарап, — Омбыда ақтар өкіметі орнап, ондағы Совдепті құлатыпты. Олар уез уездің бәріне әскер шығарып, Совдеп атаулыны қиратып жатқан көрінеді, мұнда келуі мүмкін.
— Жаным ау, ол қандай өкімет?
— Байлар өкіметі, — деп Мұрат кетуге ыңғайланып еді.
— Аз кідірші, — деді Қазыбек ойындағысын айтар айтпасын әлі де біле алмай күмілжіп, — менің де айтар сұмдығым бар, менің де біріңнен емес бәріңнен тілерім, тірі жанға сездіре көрмеңдер.
— Айтыңыз!
— Осындағы Совдеп басшыларының ішінде Баранов деген бар ма?
Мұрат сәл ойланды да басын шайқады.
— Жоқ, оны не үшін сұрадыңыз?
Қазыбек жауаптың орнына сұрау берді.
— Солардың ішінде қазақ тілін жақсы білетін Кирсановтан басқа қайсысы?
Мұрат тағы да ойланып барып, басын тағы да шайқады.
— Жоқ, басқасы қазақ тілін білмейді.
— "Олай болса мені тыңда! — деген даусы булығып, қызыл шырайлы өңі до сұрланып кетті, — сендердің Совдептің комиссары деп жүрген құдайларың большевик емес, меньшевик, меньшевик болғанда нағыз қан ішер ақтың офицері меньшевик. Егер сен мына хабармен барсаң ол меньшевиктігін саған да көрсетеді, тіл ал!
Мұрат өз көзіне өзі сене алмай, осыны айтып отырған Қазыбектің есі дұрыстығына да сене алмай тесіле қалып еді, қанша шұқшиса да екі көзден найзағайдай жалтылдаған көктің отынан басқаны көре алған жоқ.
Сол оттан өз жүрегіне де от алғандай болса да, лаулап кете алған жоқ:
— Сіз басыңыз кететін сөзді айтып отырғаныңызды сезесіз бе? — деді ол сыбырлап сөйлеп.
— Сеземін! — деді Қазыбек тікірейіп кеткен қара мұртын жатқызғысы келгендей бір сипап, — оның аты Кирсанов емес, Баранов екенін де сеземін.
— Құрысын ойбай, өшір үніңді! Өшір тезірек! — деді Баян от басып алғандай ыршып.
— Ертең Сайдақ келсін, сонда көреміз кімнің үні өшкенін. Әйтеуір сол меньшевик екеуіміздің біріміздің үніміз өшетіні анық.
— Сайдақ, — деді Мұрат төніп тұрған қауіп-қатердің барлығын да лақтырып тастап, Қазыбектің алдына тізерлеп отыра кетті. — Ол қайда?
Сол сұрауды Балқия да бермекші еді, оның тоңғаннан он жағы қарысып қалды.
Қазыбек жаңа ғана тасқын секілді еді, енді арнасына түсе бастапты:
— Айғақпен бірге келе жатыр. Ертең кешке осы отырған төртеуміз, тіпті екі баламен алтауымыз оның алдына шыға Қарағандыға барамыз, сен айтатыныңды Галкинге айт та тез қайт. Сайдақтар Қарағандыға бізден бұрын жетіп үлгірсе оның жаралы екенін жасыра тұрыңдар! Тіпті өзін де құпия сақтаңдар.
Мұраттың жаңа ғана күнше күліп жадырай қалған жаны енді жылан жалап өткендей тулап, қаны мұз болып қата қалды.
— Жаралы! — деген сөзі де жалын болып атқандай.
— Оның қанын төккен меньшевикке сенің қаныңды төгу қиын емес, сақтан!
Мұрат сәл ойланып тұра келді де:
— Жоқ, мен не үшін келгенімді оның кім екенін білу үшін соның өзіне айтамын, — деді.
— Онда мені ерте кет! — деді Қазыбек те атып тұрып.
— Мейліңіз, күн желген, шекпеніңізді киіңіз, — деді
Мұрат ағаш шегеде қыстырулы тұрған шекпенді иегімен нұсқап.
Қазыбек қара лақтың елтірісінен істеген көнетоз бөркін киді де:
— Жалаң қабат кенеппен сен де жүрсің ғой, тарта бер, — деді есік жаққа иек қағып.
Оның, «жалаң қабат кенеп» деген сөзі Мұратқа жайлы тиген жоқ.
Көзі көйлек сыртынан кие салған кенеп кеудешесіне түсіп еді, өзіне телміре қарап отырған Зураға басын бір изеді де шыға жөнелді: оның, кеудешеге не үшін қарағанын, Зураға не үшін бас игенін өзінен басқа ешкім білген жоқ.
Мұраттың қабақты жай бір қағысынан көп сырды түйіп қалатын Зураның өзі де:
«Онысы не? Сүйер болсаң кедейліктің кебіні кенебімді емес, өзімді сүй дегені ме бас игені» деген оймен тербеліп қала берді.
Терістіктен соққан желдің ызғары күздің жақындап қалғанын сездіргендей еді. Есік алдына шыққаннан кейін Қазыбек үстінде ши барқыт кеудешесінің түймесін салды да Мұратқа ақырын күңк етті:
— Мынау у жеген қасқырдай теңселіп жүрген дәуде болса Тайманның Мырқалы. Оның. көзіне түспейік, бері жүр.
Екеуі үйдің сыртын айналып барып, түні тұнып тұрған сайға түсіп кетті.
Тайман есігінің алдына келген кезде үйдің ішінен Мырқалдың:
— Мен сендердің құдайларыңмын так... бағынасыңдар маған так... — деп шаңқылдаған даусы естіліп еді. Тайман беліндегі білектей кендірді екі бүктеп алып үйге кіріп барды.
— Құдай осында ма? — деді, ол есіктен кіре бере, ағаш кереуеттің үстінде екі қолын төбесіне, шолақ қылышын кеудесіне қойып шалқасынан жатқан Мырқалға қадалып. Әкесінің ашулы екенін көріп, Мырқал үндемей көзін жұма қойды.
— Мынау! — деп ағасынан зәбір көрген төрт жасар Абзал жылап жіберіп еді, бір жастағы Нұрлан Мырқалды нұсқап мынау дегендей саусағын шошайтты.
— А, елді құртып жүрген қу құдай сен бе едің. Әй, көптен қолыма түспей жүр едің, жақсы кез келдің ау.
Мені осынша кедей қылғандай не әкеңнің құны бар еді сенің,деп Тайман шалқасынан жатқан Мырқалды көк қарынның тұсынан тартып тартып жіберіп еді, ол қарнын сипалап ойбай сала атып түрегелді. Тайман және бір тартып жіберді де; оны жағадан алып, етпетінен түсірді де құйрыққа құйрыққа сартылдатып ала жөнелді: — сен неге байларға мырза, кедейлерге сараңсың? Құдай болсаң неге сен әділ болмайсың? Байларды ғана көретін патша мен болыссын ба?
— Ойбай, мен құдай емеспін, ойбай.
— Енді кімсің?
— Мырқалмын, ойбай!
— Жаңа құдаймын дегенің қайда? Түзде елге, үйде балаларға құдай болсаң, маған неге болмайсың? Қане болшы, көрейін, — деп алқымынан алып қысыңқырап жіберіп еді, Мырқалдың мұрнынан қан атқып кетті.
— Жын соққан ба сені, өлтірдің ғой, — деді отыннан жаңа қайтқан әйелі есіктен кіре жүгіріп.
Тайман оны қабағымен жасқайтын әдетімен ызбарлы бір қарады да, Мырқалды сығымдай түсті:
— Жаныңның барында айт, елге зәбір көрсетуді қоясың ба?
— Қояйын, көкетай, қояйын.
— Үлкен кісілерге тіл тигізгеніңді қоясың ба?
— Қояйын, көкетай, қояйын.
— Жаман сәурік құсап, көрінгенге қоқаңдауды қоясың ба?
— Қояйын, қояйын.
— Кеше Сайдақтың қаршадай баласын жылатын тауға қуып жіберіпсің, ендігәрі оған соқтығасың ба?
— Ант етейін, ешкімге соқтықпасқа.
— Біреудің бір сабақ жібіне тиесің бе?
— Тимеймін, көкетай, тимеймін.
— Бүгін Түсіпбай дейтін жұмысшының етігін тартып алыпсың, оны қайырып беремісің?
— Берейін.
— Ендігәрі мұндай иттікті істемейсің ғой?.
— Істемеймін.
— Бар ендеше! — деп бір тепті де қоя берді.
Кирсанов, кеңсесінен келгелі, торға түскен аюдай ерсілі-қарсылы теңселіп, терең ойда тұр еді, біреу есік қақты.
Арсалақтап Қарсақ кіріп келді.
— Александр Семенович, тіпті, мен бір минут тағат ете алатын емеспін. Манағы сөзіңіздің жалғасын айтыңызшы. Біз енді, Омбыға орнаған жаңа өкіметке қарайтын боламыз ба?
— Әлбетте солай. Уақыт аз, мәселе былай: Ертең Эгенсонды Ақмолаға жібереміз, сен... жоқ, сен мұнда керек екенсің. Сонда кім?
— Ол не үшін бармақшы еді?
— Ағылшын өкіметі мен біздің Россия патшасының ежелгі келісімі бойынша ағылшындардың мұндағы өндірісіне Россия өкіметі қорған болуға міндетті. Біздің Омбыдағы жаңа өкіметіміз сол шартты орындауға тиісті. Ол үшін былтырдан бері жұмысшылардың комитетінің бақылауында келген өндірістерін ағылшындардың өздеріне қайта алып беру біздің міндетіміз. Ол үшін бізге әскер керек. Эгенсон сол үшін барады.
— Әскер келер ме екен?
— Казармаларды әзірлей бер, — деді Кирсанов шолақ тұмсығын аспанға көтеріп.
— Иә, аруақ, айттым әкемнің асына арнаған құла қасқа айғырды.
— Айғырды емес, басқаны айт.
— Айттым оған қоса өзіңіз көздеп жүрген Шалқаров Мұратты. Осы келгенде мен оның көрін қазып келдім.
— Қалай?
— Тайманов Мырқалдың атынан арыз жаздырдым.
— Не деп?
— «Шалқаров бүлікші. Ол сонау Қарағандыдан осында келіп бүлік салып жүр. Ол қазір Совдептің басшыларына қастық ойлап жүр. Осы жұлдыздың он бесі күні түнде өзінің белгісіз жолдастарымен Соран тауының Көктал жақ бетіндегі бір иесіз қораға барып жасырын жиылыс өткізіпті. Сол жиылыста олар Совдепті қалай құлатудың планын жасапты». Міне, ол арыздың қысқаша мазмұны. Ал, шынында осындағы біраз жұмысшылардың сол күні жаңағы айтылған иесіз қораға барғаны рас көрінеді.
— Не үшін?
— Осында біреудің сиыры жоғалған екен, соны іздей жүріп барса керек.
— Шалқаров та барған ба екен?
— Жоқ, ол бармапты. Бірақ барды деушілер болса, барған біздер үшін сөз емес қой.
— Қолы қойылды ма?
— Қойылды. Бірақ, осының енді керегі бар ма?
— Неге?
— Ертең Совдептің өзі де құлайды, сонда ең алдымен шабылатын сол Шалқаровтың басы ғой.
— Қылыштың жүзі толқымалы. Оның қағып түсіретіні кімнің басы, ол әзір белгісіз. Өйткені Совдептің құлағанына жұмысшылар наразы болады. Сол наразылықты большевиктер жер-жерден тез ұлғайтып әкетсе өз басымыз қағылады. Сондықтан, біздің ендігі мақсатымыз оларды тобымен жамсату, менің бүгінгі мәжілісті кенет тоқтатқан себебім де сол...
— Онда мұныңыз данышпандық екен, — деді Қарсақ иесіне еркелеген итше бұлаңдап, — сол бақытты күнді қарсы алу үшін не істеуді бұйырар екенсіз?
Кирсанов оның бұлаңдап тұрған түріне де, алдап тұрған үмітіне де күлкісі келсе де қаһарлы үн қатты.
— Саған берілетін бұйрық мынау: ертең осындағы большевиктер тобы талқандалған кезде сен де солармен бірге тұтқындаласың, онан Ақмолаға айдаласың, соған осы бастан әзірлене бер. Қыс жақындап келеді, киімдеріңді сайлап ал!
Қарсақ оның бұл сөзін әзіл болар деген дәмемен жымия қарап, жылмия қалып еді, жоқ, олай емес, адал досы тажал болып шын жұтқалы отыр. Өз қанын өзі жұтқандай өңі сұп-сұр болып кетіпті. Дәл қазір түсінің қорқыныштылығы сондай, Қарсақтың бірден артық қарауға дәті жеткен жоқ.
Ол не істерін білмей көзі жыпылықтап аз тұрды да:
— Тақсырым ау, менің жазығым не? — деді мөлтеңдеп.
— Тақсырым ауды әзір қоя тұр. Мұндай үлкен күреске әдістің де үлкені керек. Сен Ақмолаға барғаннан кейін қашып құтыласың да, ел ішіне барғанда не істейтініңді кейін кезінде айтамын.
Қарсақтың сөнген оты қайта жылт етті. Қуанғаннан көзінен жас та ыршып кетті.
— Сізбен бірге айдалып, сізбен бірге қашсам арман жоқ, иә, арман жоқ, — деді арсалаңдап.
— Мен олардың қолына түспей жасырынған болып осында қалам да, жұмысшылар арасында большевиктерге қарсы үгіт жүргізем. Енді түсінікті болар.
Қарсақтың жаңа ғана жылт еткен оты тағы да жалп етті. Кирсановтың жауап күте қадалған көзіне тура қарай алмай:
— Түсінікті, — деп мыңқ етті. Бірақ, ол дәл қазір түкке де түсініп тұрған жоқ.
— Түсінсең қош бол! Маған қазір Эгенсон келмекші еді, енді үйді.босат!
Қарсақ түк айта алған жоқ, иығы салбырап сүмірейген күйі шығып кетті. Ол кеткеннен кейін Кирсанов столдың үстіндегі айнаның екі жағына әкеп, екі май шам орнатты да, айнаның алдына келіп:
— Ну, жолдас, Александр Семенович Кирсанов аталып жүрген Баранов мырза! Сөйле?! Алдында екі шырақ жанып тұр. Мұның, он, жақтағысы меньшевик те, сол жақтағысы большевик. Сол секілді сенің кеудеңде екі жүрек бар. Біреуі сыртында да, екіншісі ішінде; іштегі меньшевик те, сырттағы большевик. Он жақтағы шырақ пен іштегі жүректі жаңағы Қарсақ пен Эгенсон ғана біледі. Енді жұрттың бәрі көре берсін, сырттағы жүректі жұлып тастап, сел жақтағы шырақты сөндірсем қайтеді?
— Жоқ, мырза! Алдында әлі талай өткелдер бар. Сен қашан большевиктер жойылып, меньшевиктер берік орнағанға дейін осы екі шырақты қолыңа қатар ұстап, осы қос жүрекпен өмір сүресің. Сонда ғана Ертеңгі күні сенің Игнат Игнатьевич Баранов деген атын тарих бетіне алтын әріппен жазылады.
Біреу есікті тырс-тырс шертіп еді, Эгенсон болар деген оймен сол жақта тұрған шырақты жалп еткізіп сөндіре сала, есікке қарай ұмтылды.
— Келе беріңіз. Келе беріңіз.
Ол соны айтып есікке жете берген кезде қарсы алдына Мұрат кіріп еді, Барановтың көзі қасқыр көрген ешкінің көзіне ұқсап, мұрты тікірейіп кетті.
— Шалқаров! — деді ол кейін шегіне бере екі қолын артына ұстап. — Сені шақырған кім?
— Ешкім емес, бір үлкен жұмыспен әдейі сізді іздеп келдім.
Баранов үнсіз барып есікті қайта ашты да:
— Менің қазір жарты минут уақытым жоқ, ертемен кеңсеге кел, марш! — деді.
— Мен таңғы поезбен кетемін, ертемен келе алмаймын, — деп Мұрат та тіресе кетті.
— Ондай асығыс болсаң жұмысыңды Галкин мен Көжековтердің біріне айт та кете бер! — деп Баранов та қайысқан жоқ.
Мұрат оның, бетіне қадалып:
— Омда қош болыңыз! — деді де шыға жөнелді.
— Қош! — деп Баранов қала берді. Бірақ Мұрат ұзап кетпестен ақ өкінді.
— Үлкен жұмыспен әдейі келдім деді, ә? Соншалықты ол қандай жұмыс екен? Мен оны неге айтқызбадым осы? Эгенсон келіп қалар деп қорықтым ау.
Ол есіктің тиегін іліп алып қайтадан ойға шомып отыр еді, біреу есікті қақты.
— Бұл кім? — деді есіктің алдына жетіп барып.
Ар жақтан:
— Мен ғой, Александр Семенович, — деген әйел даусы естіліп еді, қойды көрген аш қасқырдай Барановтың есі шығып кетті.
— Иә, сәт! Иә, сәт! — деді ол сілекейін шұбыртып.
Есік ашылар ашылмастан зып етіп ұзын кірпікті, ақ сұр қыз үйге кіріп келді.
— О, менің бақытым, менің жүрегім! — деп Баранов оны қапсыра құшақтай алды да, екеуі бұзауша жаласа кетті.
— Рақмет сізге, жетер енді! — деді ағылшынның арық қызы сөзді келте қайырып.
— Шешіндіруге рұқсат етіңіз!
— Көп рақмет сізге.
— Аяғыңыздың шаңын сүртіп жіберуге рұқсат етіңіз.
— Рақмет сізге.
— Мына бір вино сізге сақталған еді, ішіп жіберуіңізді өтінемін.
— Рақмет сізге.
— Сізге де рақмет, тіземнің үстіне отыруыңызды сұраймын.
— Рақмет сізге.
— Менің үйімді өз үйіңіздей көріп, еркін көсілуіңізді өтінемін.
— Рақмет сізге.
Баранов тілекті осылай еселеп қоя берді де, Эгенсонның кәрі қызы «рақмет сізгені» айта отырып, оның тілегін бұлжытпай орындай берді.
Қыздың қайтар мезгілі де жетті. Оны үйіне шейін шығарып салуға Барановтың беті жоқ. Кеткісі келмегендей қиылып есік көзінде қыз тұр. Ол қыңсылағандай ыңырсып Барановтың құлағына әлденені сыбырлайды. Барановтың оған айтар тәтті сөзі де қалмапты. Бір сөзді қайта-қайта айтып аймалай береді. Бар тауып айтқан махаббат сөзі:
— Өтінемін, әкеңізді маған тезірек жібере көріңіз, мен асығыспын, ұмыта көрмеңіз, киімдерін жақсылап өзгертсін, — деу ғана.
Ағылшынның арық қызы Барановтың осындай сөзіне іс семірген болу керек:
— Рақмет сізге, — деп оның. аузынан бір сүйді де, ұры итше сумаң етіп есіктен бір ақ ырғыды.
— Ойда жоқ жерде олжаға кездескенімді қара, — деді Баранов екі алақанын рақаттана сипалап. — Дәл бүгін мұндай олжалы боламын деген жоқ едім. Кирсанов аталумен еткен қорқынышты күндерім енді біткен болар. Бұл ағылшындар түлкіден де қу. Адамды алдап, дүниені билей біледі. Аллам біледі, Эгенсонның өзі қызын маған жіберген. Ол кәрі түлкі қызын кімге жұмсауды біледі. Қызы әкесінен де өткен түлкі.
— Бірақ, — деді ол басын ойлана шайқап, — Клашамен өткізген он минуттік уақытымды бұл сидиған ши борбай қыздың барлық өміріне. бермеспін... Шіркін Клаша, қандай қайырлы түнде құшағыңа алар екенсің, мен секілді отыңа айналған көбелекті. Мүмкін аларсың, мүмкін өлерсің. Ертең байыңды айдатып жіберсем, еркін қолыма бір түсерсің.
Ол соны айтты да бутылкадағы арақты кесеге толтыра қағып алып:
— Жоқ, — деді столды бір қойып қалып, — бүгіннен бастап мен большевик бола алмаймын. Меньшевикпін деуден қорқатын қара түн кетті. Совдеп атаулының өрт тиген қамыстай құсап жатқанын есіткен ел, ертең ақ көдедей жапырылып, меньшевиктердің қандай екенін бүкіл әлем таниды, сол кезде мен ешкім танымайтын большевик болып қалай жүрмекпін? Жоқ, жүре алмаймын. Меньшевик екенімді ертеңнен бастап жария етем. Оларға осы уақытқа шейін большевикпін деп алдап келгенімді де, ең ақыры өзімнің аты-жөнім де өзімдікі емес екенін де айтамын. Онда қайтеді?..
— Сабыр, сабыр! — деді ол өз-өзінен қолдарын ербеңдетіп, — сен, бүйтіп, қыз бен арақтың бутылкаларына билете берме ақылыңды. Әлі уақыт ерте, білдің бе? Большевиктер мен меньшевиктердің тіккен ұтысының номері тек Сибирьдегі Совдептің құлатылуы ғана емес, ол есінде болсын! Егер, мынау ел сенің бүйтіп, біреудің қанын төгіп алған документпен жүргеніңді білсе, қайнап тұрған қазанға тірідей тастап, сүйегіңді мыстың тортасы етіп жібереді, байқа!
Сол кезде мынадай бір қаны сорғалаған оқиға оның ойын бөліп жіберді.
Ол, осыдан екі ай бұрын болған еді. Иесіз жатқан Нұра өзенін өрлей, елсіз жолды кешіп, пар ат жеккен үш кісі келе жатты. Оның біреуі — Ақмоладағы партия ұйымының тапсыруы бойынша Қарағандыдағы жұмысты басқару үшін келе жатқан Александр Семенович Кирсанов дейтін жас большевик, екіншісі осы Баранов дейтін белгісіз біреу. Үшіншісі айдаудан жаңа қайтып келе жатқан Сайдақ. Аттардың иесі де, жемшігі де сол. Сайдақ, бұл ат-арбаны Спасскийдің Ақмолаға саудамен келіп жатқан Мырзаш дейтін бай саудагерінен алған-ды, Мырзаш «заман қандай боладыны» көбірек ойлайтын, екі дүниесінің тізгінін бірдей ұстағысы келетін, ол үшін қалтасы мен қанжарын қатар жұмсайтын айлалы адам. Қарсақ оның немере інісі. Сол інісінің Спасскийдегі совдептің мүшесі екенін бетіне перде етіп ұстап мұндағы совдептің адамдарымен жақсы танысып алған-ды. Айдаудан қайтқан Сайдақ та Ақмолаға осы тұста келіп, өзіне бостандық әперген совдепті келе тауып алып, адамдарымен, әсіресе, Кирсанов сияқтылармен тез достасып кеткен-ді. Совдептен нұсқау алып, енді еліне жететін көлік іздегелі шыққаны сол еді, ойламаған жердей Мырзашқа тап болды. Бірін-бірі көргеннен шұрқыраса кетті. Екеуінің кездескен жері совдеп үйінің ауласы болатын. Жөн сұрасып тұрған шақта терезеден Кирсановтың:
— Сайдақ, мен Қарағандыға сенімен бірге кететін болдым, көлікті екеуімізге бірдей іздегейсің, — деген даусы шықты.
Мырзаш совдептің басқа адамдарын жақсы білсе де, орталықтан жаңада келген Кирсано білмейді екен. Оның совдептің қандай дөкейі екенін Сайдақтан біліп алды да:
— Немене, сендерге көлік мұқтаж болып тұр ма? — деді.
— Иә, мүмкін болса, бізді ала кетсеңіз.
— Менің қайтуыма әлі бір ай бар, асығыс болсаңдар басқа бір амалын табуға болады.
— Жалынамын, табыңызшы.
— Жалынбай ақ қой, менің совдептен аярым болмайды. Жалғыз інімді аямағанда, екі аттың терін аяймын ба. Сонау менің күймемнің ар жағында тұрған қос күрең жарайтын болар, ләшенкесі су жаңа. Қашан жүргілерің келеді?
— Көлік қазір табылса — қазір.
— Қазір емес, аттар бүгін таң ассын, Ертең жүріңдер. Бірақ, ат айдаушы бере алмаймын, өзің ие боласың.
— Рақмет сізге. Ол үшін не төлейміз?.
Мырзаш сазара қалды:
— Жарты тиын.
— Кешіріңіз.
— Жоқ, кешпеймін. — Мырзаш мырс етті, — артықта емес, кем де емес, жарты тиын табасын, сонда ғана кешемін.
— Мен ондай ақшаны өмірімде көрген емеспін.
— Сыйды сатып бергенді мен де көрген емеспін. Қане, сөз саудасы осымен бітті, ат арбаны қашан қай, жерден алатыныңды айт.
— Оны өзіңіз айтыңыз.
— Мен айтсам, таңертең шайыңды ішкеннен кейін сонау төбесі көрінген көк шатырлы үйге кел, оған дейін мен аттардың жемін де, ләшенкенің майын да, жол азықтарыңды да әзірлетіп қоямын.
Сайдақ оның мырза екенін білетін, бірақ оның неліктен мұнша шүленсігенін білген жоқ. Сондықтан, дәл жүрерден бір сағат бұрын тан болып, айдаудан келе жатқан сорлы екенін айтып, ала кетуін тілеп зарлаған мына Баранов соның салып жіберген улы жыланы, меньшевиктердің Спасскийдегі совдептің жүрегіне сермеген қанжары екенін ол сезген жоқ. Әлі сол сезбеген қалпында келе жатыр.
Нұра өзені бір қоңыр бұйратты кесіп өтеді екен. Жолаушылар сол тауға түс ауа іліккен еді, қиясы мол бұран жол бұл таудан таң атқанша шығарар емес. Сайдақтың ойы тым болмаса жотадан әрі асып барып тоқтамақ. Ол үшін аттарды қатты айдайын десе кенеттен ауырып келе жатқан Кирсанов аяп келеді.
Әлсіреді ме, жоқ әлде жаны сәл сая тапты ма әйтеуір түстен бері Кирсановтың ыңқылы азайып келеді. Баранов бір қолын ауру Кирсановтың мойнынан алмай, тан атқалы құшақтап келеді... Сайдақ ауық ауық көз тастап Баранов да ішінен елжірей сүйіп:
— Досы үшін қолы сынса да елер емес, неткен жақсы адам, — деп мақтап та келеді. Ал, оның мақтап келе жатқан досы ең қымбат досын құшақтаған күйі ал, ал құшағына қалай беруді ойлап келеді. Күн батып, қас қарайған сайын оның қаны қарая түсіп, жол бір жазыққа келгенде Сайдаққа әмір етті.
— Жолдасымыздың халі нашарлап барады, қаттырақ айда!
Сайдақ бишікті үйіріп, ысқырып кеп қалып еді, аттар ауыздығын шайнай жөнелген кезде зуылдаған жел жүрегіндегі зұлым отты лап еткізгендей Баранов басын көтеріп алды.
Ол сұғанақ көзін барлай жіберіп, жан-жағын бір шолып алды да, демін ауыр алып қиналып келе жатқан Кирсановтың бетіне үңілді. Бұл кезде оның кірпігі ғана қимылдап жатыр еді. Баранов соны көре сала қуанып құшырлана құшақтады да, «жақындапсың, досым, енді қиын болмассың» деді ішінен.
Ол өз сөзінен өзі шошып, біреу естіп қалды ма дегендей жан-жағына жалт-жұлт етті де, жүрегінің дірілі басылмастан күрсініп барып үн қатты:
— Ей, дос! Жақын жерде ел жоғын анық білесің бе? — деді Сайдаққа күбірлеп.
Сайдақтың көзі қарсы алдында қасқайып жатқан Шатқалдың аңғарында, құлағы сол аңғардың ар жағынан еміс-еміс келіп тұрған иттің дауысында еді. Түн қараңғылана қоюланып Шатқал іші түксие бастағанымен, оның ел асатын аңғары алыстап аңқайып тұр. Сайдақтың көз сүзіп, құлақ тігіп келе жатқаны сол аңғар. Сол аңғарға қадалған қалпын өзгертпестен:
— Жақын жерде ел бар секілді. Иә, бар екен, — деді қуанып.
Сірә, оның бұл қуанышы қайғыдай тиген болу керек — Барановтың көзі шақырайып, мұрты жыбырлап кетті.
— Оны қайдан білдің? — деген даусы да үрейлі.
— Алыстан иттің үргені келіп тұр.
Ішінен «ой, иттің баласы, ой, айуан» деп Сайдақты бір сыбап алды да, жылмия қалып:
— Достым ау мана ғана емес пе еді, ертеңге дейін ел көрмейміз деп мені қорқытқаның? — деді.
— Айтушылар бұл маңда ел жоқ, деп еді, ана бір иттер бар деп тұр, — деді Сайдақ мырс етіп.
— Сонда қайсысына сенеміз? Адамға ма, итке ме?
— Өзім осы сапар итке сенемін.
— Мүмкін, сен маған да сенбессің, солай ма?.. Неге үндемейсің? — деп Баранов оның желкесінен қадала түсті.
Сайдақ оның құшағында жатқан Кирсановқа бір үңіліп алып кеудесін кері көтере бере:
— Сізге сенермін ау, дәл мына жолдастың кенет ауыра қалғанына сене алмай келемін, — деді сыбырлап.
— Неге?
— Кенет ауырып күрт әлсіреуі қалай?
Оның айтқысы келгені басқа еді, Барановтың өзінен сескеніп айта алған жоқ. Оның қандай ойда келе жатқанын Баранов сезген еді.
— Жауыз екенсің ә досым. Көрмейсің бе шөлдедім деуге де шамасы келмей ернін жалап келе жатқанын.
Сондықтан ақталғысы келмей «кешіріңіз» дей салды.
Барановтың көзі әлі барлауда. Ол сай-саладан бастап жыра-жылғалардың әр бұтасына дейін көзімен сүзіп шықты да:
— Кешірімді кейін өзінен сұра. Ол үшін шай қайнатып беріп, біраз дем алдырайық, өзеннің осынау ойпат тұсына тоқтай қал! — деді.
Өзеннің ар жағасында тұрған маяның түбінде екі адам отыр еді. Бұларды көре сала сүмп беріп маяға кіріп кетті. Оны Баранов та, Сайдақ та байқаған жоқ.
Сайдақ сол маяның өкпе тұсына төніп кеп тұра қалды.
— Аттарды тез доғар да, тоғайдан отын әкел, мен су әкелейін, тез, тез! — деді Баранов бұйыра сөйлеп.
Сайдақ оның нендей зұлымдыққа бекінгенін сезген жоқ, айтқандарын екі етпей аттарын тез доғарды да, балтасын ала сап орманға қарай тұра жөнелді. Қашан ол түн қараңғылығына сүнгіп кеткенше Барановтың көзі сонан тайған жоқ та, ойы зұлымдықтан қайтқан жоқ... мұнан әрі әкетуге болмайды. «Елге кездесе қалса, ана қазақ ауру мұны сол елге қалдырып кетеді де, мен мұның документтерін ала алмай қаламын. Сондықтан, мен үшін ең қолайлы жер осы. Өлігі табыла қалса өлтірушісін ешкім іздемес үшін оқты да жұмсамай, пышақ салып қан да төкпейін. Өзі құлап өліпті деу үшін мына бір жардан құлатайын да жіберейін, су терең екен, батсын да кетсін».
Ол ішінен айтып қана қойған жоқ, осыған берік бекініп алды да, Сайдақтың қарасы көзден таса болысымен Кирсановтың қалтасында бардың барлығын өз қалтасына салып алды да, өзін өзенге қарай сүйрете жөнелді. Ол құлағына келген әлсіз аянышты үнді де тыңдаған жоқ. Адамша ойланып кідірген де жоқ, қасқырша қимылдап жардан бір ақ лақтырды да, етпетінен жата қалды. Өйткені, дәл осы мезетте сатырлап келіп жарқ еткен найзағай: «Сақтаныңдар, көріп қалыңдар мына жауыздың қара жүзін», — дегендей айналаны жап-жарық қып жіберген еді. Баранов сонан қатты шошынса да есін тез жиып алды.
— Ах, азғын! Алдамшы! Сен өтірік ауру ма едің? — деді де, ол даусын созыңқырап: — көтер қолыңды! — деп зірк етті. Ол біресе өзі, біресе Кирсанов болып әр түрлі дауыспен Сайдақты осылай арбап жатыр.
Ұлы жолдың үстінде қара ниетті қас жаудың қолынан қыршыны қиылған жас жанның қазасына азаланғандай тау-тас діріл қаға күңіреніп, сылқ-сылқ күліп жатқан судың сұлу үні де қаралы жардың зарына ұқсап кетті. Соның бәрін бір ғана өзінің жүрегімен көтеріп Сайдақ тұр. Көзі көрмесе де жүрегі болған сұмдықты дәл сезгендей діріл қағып, қолындағы ауыр балтасын теңселтіп тұр...
Ол аяғын аңдап басып, ағаштан шыға бере көз тігіп еді, екі аттың алыстан елестеген сілемінен басқаны көре алған жоқ.
— Жақындама! Жақындама! — деген Барановтың оған ілесе екі рет гүрс еткен мылтықтың даусы шығып еді, Сайдақ оның бәрі өзін алдау екенін білмей айғай сала тұра ұмтылды.
— Ей, ей, ағайындар ау, жолдастар ау, тоқтасаңдаршы, не сұмдық буларын? — деп ол жалынып келеді, қорыққанынан қайта-қайта сүрініп те келеді.
Ол арбаға жақындай берген кезде қарсы алдынан Баранов келіп құшақтай алды.
— Қазағым ай, данышпаным ай! — деді ол алқына сөйлеп. — Ажал аузынан азар қалдым ау, ана жауыз мені өлтіре жаздады ау. Сен оның өтірік ауырып, бізді алдап келе жатқанын қайдан білдің? Айтшы деймін қайдан білдің? — деп ол күшін байқап алғысы келгендей барын сала қысып еді, Сайдақ оның қимылын шыбынның қыбыры ғұрлы көрген жоқ.
— Қайда өзі, көрсетші көзіме? — деп Сайдақ балтасын білеп жұлқынып кеп қалып еді, Баранов ұшып түсе жаздады. Сонда да ол өжеттеніп сыр сездірер емес.
— Есінен адасқан біреу ме, жоқ әлде большевиктер террор жасады деп бізге жаласын жабу үшін жіберген меньшевиктердің жанкештілерінің бірі ме, әйтеуір, ол мені екі рет атты да өзенге батып кетті.
Сайдақтың көзі қараңғы түнді де тесе жарқырап:
— Батып кетті! — деген даусы да түн қараңғылығын селк еткізді.
— Иә, өз көзіммен көрдім, қолын бір сермеді де, батып кетті, жек аттарды жылдам
.
Баранов соны айтты да теңселіп барып арбаның үстіне сылқ етті.
— Сорлы басым ай, енді қайттым? Көзімді жаңа ғана ашып едім, құм құйылды ау қайтадан. Әлі де іздеп көрсек қайтеді?
— Ізде, ізде! — деді Баранов құтырған қасқырдай өз-өзінен аласұрып, — данышпандығың мен ақымақтығыңның шекарасы онша алыс емес көрінеді, мүмкін тағы барсаң, балық болып сүңгі де алып шық.
Сайдақ оның кекесінін елеген жоқ, жасаураған көзін өзен жақтан алмай дір-дір етіп тұр: Егерде ол ерлік жасап өзенге жетіп барса, бір ғажайып адамдарға кездесетін еді. Олар кім? Ол мая түбіндегі манағы екеу. Олар жер бауырлап, су кешіп кеп дәл осы сәтте шала жансар күйде жағада жатқан Кирсановқа жеткен еді. Қақ қасында сондай алып адамдар барын білмей жапан түзде жалғыз қалғандай жаны күңіреніп:
— Бес күн дәмдес болған жолдас едік қой, бір ақыл берсеңізші, мен не істеймін? Сұрағандарға не деймін? Не бетіммен қараймын? — деді зарланып.
— Менің берер ақылым: сөзді қой да, тездет!
— Оған өз ақылым да жетеді.
— Басқа ақылдың саған әзір керегі жоқ. Оның елімін сенен сұрайтын да ешкім жоқ. Сұрайтындардың бәрі Ақмолада, оларға сен енді қайтып бармайсың.
— Неге бармаймын, — деп Сайдақ көтермені көтере бере тоқтап жауап күткендей сәл кідірді де, менің онда өзіммен бірге айдалған екі орыс, бір қазақ жолдасым ауырып, Ақмолада қалып қойды. Мен ол үшеуінің Қарағандыда қалған дүниесі мен өзімнің Балқиям мен Темірімді салып аламын да қайта барамын. Сонда олар менен сұрамай ма?
Баранов ішінен:«Иә, қайтып барасың, сені барғызармын мен», — деді алдына келіп өз орнына отыра бастаған Сайдаққа кекие қарап.
— Сонау Қарағандыдан Омскіге қалай қаңғырып барғансыңдар? — деді.
— Қаңғыру емес, намыс қуып айдалып барғанбыз, деді Сайдақ кеудесінен жалын ата күрсініп.
Ауыр күйінішті Сайдақтың ысқырығы зәрлі шықты ма қалай, оның ысқырық салып төбеге үйіре зуылдатқан бишігі шамына тигендей екі ат орғи жөнелді де, Барановтың әлсіреген қара жүрегін дір еткізді. Адамның өмірін шыбынның қанаты ғұрлы көрмей мақсатына жету үшін қан төгудің жолын оңай тапса да, жан рақаты табылған жоқ. Қайта, келешегі жоқ, тар дүниесі онан сайын тарылып, үміт шалқары суала түсті. Ол қанша қайраттанса да ес жия алмай бүрісе қалып басын жарасына тығып жіберіп, арт жағына бұрылып қарап еді, әлде не елестеп оның жанын сығып жіберді. Тіпті ол Кирсановтың аруағы қуып келе жатқандай үрейленіп:
— Айда! Айдашы тез! — деді булыға сыбырлап. Қашан манағы аңғардан асқанша өзімен өзін алыстырып, өзіне өзін жегізіп қойған азап бұғауынан құтыла алған жоқ...
Манағы иті үрген бір өлкедегі шөпшілердің иті екен. Бұлар оған да соқпастан түнімен жүріп отырып, ертеңінде, түс ауа бір иесіз бұлақтың басына келіп бір-ақ тоқтады.
— Бұл қалай? — деді Баранов Кирсановтың документтерін ешқайдан таба алмағанына қапаланып, — қалталарындағы қағаздың ішінде жоқ, киім салған жәшігінде жоқ, енді қайда? Әлде өзінің бір жерінде кетті ме?.
Қасқыр қақпанға түскен аяғын шайнап тастайтын. Барановтың күйі де тап сондай. Өз маңдайын өзі ұрғылап, өз бармағын өзі қарш-қарш шайнап отыр.
— Енді қайттым? Менің болашақ бақытымның кілті соның мандаты еді ғой мандатсыз қайда бармақпын? Қайта барғанда ондағыларға не демекпін? Өзін өлтірдім, бірақ документін ала алмадым десем, олар не демек? Сөз жоқ, аямастан айыптайды. Сонда тартар жазам қандай болмақ?.. Жоқ, ата берсін, аса берсін мейлі, қалайда қайтуым керек. Өлтірсе де сол өз адамдарым өлтірсін. Бірақ өлген адамға кімнің қолынан өлсе де бәрібір емес пе? Большевигі не, меньшевигі не. Жоқ, мен өлсем де жауымның емес, достарымның қолынан өлем, қайтамын, — деп жәшікті лақтырып тастады да, арбаның үстіне құлай кетті.
Бұл кезде аттарды отқа қойып жүрген Сайдақ та қайта оралған еді. Ол Барановтың лақтырып жіберген жәшігін қолына алып:
— Жолдас Игнат, сізге қажеті болмаса, мынау қараң қалған жәшікті отқа жағайыншы! — деп еді, Баранов шалқасынан жатқан күйі қол сілтеп:
— Өрте бәрін де, өрте! — деді.
Сайдақ арбадағы балтасын ала салып жәшіктің түп жағына періп кеп жіберіп еді, балта жөнді батпай қайқаң етті. Байқаса жәшіктің түбі екі қабат екен. Оның не себеппен қос түпті болып жасалғанын ойлаған Сайдақ жоқ, шетін ала қайқайып тұрып салып жіберіп еді, жарылған тақтайдың арасынан қағаздар дудырап шыға келді.
— Ой, Игнат! — деді ол, қорқынышы мен қуанышы аралас үнмен, — мынаны қараңыз!
— Ол не?
— Мынаның түбінен қағаз шығып жатыр.
Баранов арбадан қалай ұшып түскенін өзі де білген жоқ, бара қағаздарды құшақтай алды. Ол мұндай бақытқа тұтқиылдан кездесем деген жоқ еді. Бірақ, жәшіктің ішінен оны қуантарлық документтермен бірге ол үшін ажал оғы да шыға келді. Ол ақиқат нұрын әлемге шашып келе жатқан «Правда» газеті еді. Ол жалғыз емес, соңында ызалы күштің толқынындай, сөзі мірдің оғындай, келешекке тартқан жолы күндей жарқырап «Жұмысшылар жолы» газеті мен әр сөзі жауға оқша борап «Жұмысшылар мен солдат» газеттерінің бірнеше данасы бар. Таң Шолпаны секілденіп түнектің түбіне дейін сәуле шашып, кең даланы кезіп келе жатқан большевиктердің бұл жаршылары Барановты қалтыратып жіберді.
— Түсінбеймін, — деді ол сірескен жағын зорға жазып, — бұл газеттер мұнда қандай жолмен келді екен?
Ол соны айтты да, газеттерді уысына қыса түсіп Сандақ жағып отырған отқа төніп келді де, қайтадан кейін шегінді.
«Жоқ, — деді ішінен, — мүмкін, бұл газеттер өзімнің жұмысшылар арасына тез сіңіп кетуіме себеп болар. Онда көпшілігі қазақ жұмысшылары ғой, олардың надан көзін осымен ақ байлайын. Жағатын болсам от табылар».
Ол іштей осыған бекініп алды да газетке оралған документтерді қарап еді, арасынан Воля дейтін біреудің бірнеше хаты шыға келді. Сөз әлпетіне қарап, оның революционерлер екенін білсе де, Воля деген кімнің жасырын аты екенін бұл жерде ойлағысы да келген жоқ, өзіне пайдасы тиетін хат екеніне көзі жетті де қалтасына салды. Осы секілді берік құралдармен қаруланып қауіпсіз болған ол жайымен отырып, күнделік жазылған дәптерді ақтарып еді. Кирсановтың осылай аттанар кезде жазған мына бір күнделігі оның, көңіліндегі бір түйінді шешіп берді.
1918 жыл, 15 май.
«Мен Галяның бұлай өзгеруінен әрі қуанамын, әрі қорқамын. Бүгін таң атқалы осыны ойлаудамын. Түндегі Галяға айтқан сөздерім есіме түскен сайын денем түршігіп, өзіме өзім ызаланамын. Мүмкін ол, менің адал ниетті досым болар. Бірақ мен большевик адамға жатпайтын қылық істедім ау, мен жалған махаббаттың мазағы болдым ау, деп қорқамын. Өйткені алты ай бойы айтқан сөзге құлақ қоймай шығандап келген қыздың соңғы кезде ғана өзгеріп құшағына алуы қандай түсініксіз болса, мұнан екі күн бұрын саясаттан түк сауатсыз көрінген қыздың бүгін марксшіл бола қалуы онан да өткен түсініксіз. Ол да өкініш болмас еді, қайда баратынымды айтқаным қайғы. Енді бұл жерден тез кетпесем болмас. Алда жарық дүние күтіп тұрғанда қараңғы түнекті несіне ойлай беремін».
1918 жыл, 17 май.
«Мен ұлы жолға шықтым. Партияның мұндай зор сенім көрсетуі мен үшін үлкен бақыт. Сол бақыттың қуанышы Галядан күдіктеніп, екі күннен бері шошынған жүректі қайтадан шаттыққа бөлей бастады...»
Сайдақ, ернін тістеген күйі отырып қалды да, Баранов дәптерден өзіне керекті кейбір сөздерін ақ жеріне көшіріп алып, Кирсановтың қолымен жазылған жерлерін жыртып тастады.
Бұлар жайлау жолымен үш күн үдере тартып, төртінші күні үлкен жолға қарай ойысты. Баранов із тас таудың алуан түрлі айласын білетіндігіне насаттанып Сайдақты арқасынан қақты да:
— Ну, дос, түнере бермей әңгіме айт, — деді.
— Сізден бір сұрайтыным бар, соны айтпасам басқа айтарым жоқ, — деп Сайдақ.
— Сөз болса болды, не болса да айта бер.
— Осы сіз анық орыссыз ба?
— Е, орыс емей, — деді Баранов өтірік күлімсіреп.
— Қазақ тілін қалай жақсы білесіз? Әлде, қазақ аулында естіңіз бе?
— О, — деді Баранов көңіліне келе қалған бір қулыққа рақаттана күлімсіреп, — шешем ғана орыс, әкем қазақ.
— Әкем қазақ дейсіз бе? — деді Сайдақ таңдана қарап — Бұл қалай? Өзі — қазақ, аты Баран! Қазақта ондай ат болмайды ғой.
— Неге болмайды. Қазақта Қойшыбай деген ат көп емес пе?
— Иә, көп.
— Баран — қазақша қой деген сөз. Барановтың қазақшасы Қойшыбаев. Енді түсіндің бе?
— Ептеп, аз-маз? Ал енді тағы бір сұрақ: әйеліңіз бар ма?
— Бар, әкем орыс қызын алған соң, аралас болып жатсын деп мен қазақ қызын алдым.
— Онда мен сізді мұнан бұлай күйеу деп атайын, рұқсат па.
— Рұқсат. Ал, сенде әйел бар ма?
Сайдақ ауыр бір күрсінді де:
— Бар, Темір дейтін ұлым да бар, — деді.
— Әке-шешең бар ма?
— Жоқ.
— Өзіңнен басқа аға-інің бар ма?
— Жоқ.
Баранов тағы бір сойқанды қалай бастауды ойлап отырды да:
«Аяу деген не? — деді ішінен, — бұл жолдын өзі аяуды білмейтін жол. Жетім қалар баланы, жесір қалар әйелді аяйтын болсаң аяқ баса алмайсың. Мысалы әйелі мен баласын аяп мынаны жолшыбай жайратпасам, онда барғаннан кейін өзім жайраймын».
Өзіне қандай қатер төніп келе жатқанын Сайдақ әрине сезген жоқ. Оның бар ойлайтыны Балқиясы мен Темірі. «Соларды бір көрсем ау, екеуін құшақтап тұрып өлсем ау», дейді ішінен. Кейде осындай ойлар қапаландыра берген соң жадырамақ болып әнді де шырқап жібереді.
Барановтың, қандай ойда отырғанын сезгендей:
— Жапалақ жалпылдайды жар басында,
Немене жоқтың күні бар қасыңда.
Дос болып қас болғаннан сақта, құдай,
Қасқыр да қас қылмайды жолдасына.
Бұл өлеңді Баранов та тыңдап келеді екен, ол:
— Тамаша, ете тамаша! Әсіресе, «қасқыр да қас қылмайды жолдасына» дегені тамаша екен. Сен мұны ұғып ал!
— Ұқпасам жадымда сақталмас еді ғой, — деді де Сайдақ, басқа бір мұңлы әнді зарлатып, құлазып жатқан кең даланы күңірендіріп жіберді.
Құлазыған capы далада, сұлап жатқан қара адырлардан асып, үлкен жолдың деңгейіндегі қайқаңға шыға келіп еді, қалың кірешілер өтіп барады екен. Соны көргенде Сайдақтың көзінен жас шығып кетті де, Барановтың қанды көзі күлімдеп сала берді.
— Достым ау, сен неге жылайсың,? — деді ол көзі ұры итше жылмаңдап.
— Мынау елсіз даладан қорқып едім, ана кірешілерді көрген соң көзімнен жас шығып кетті.
Баранов көрсе де көрмегендей өтірік құбыла қалып,
— Кірешілер қане? — деді.
— Әне, анау қалың шидің ішінде кетіп барады.
— Бұлар қайда барады екен?
— Мұндай үлкен керуен Қарағандыдан басқа жерге бара қоймас. Күн де кешкіріп қалды ғой, бүгін осылармен бірге түнеп шығайық.
— Жоқ, достым, қашан Қарағандыға жеткенше ешкіммен сөйлеспеуге, шама келсе кездеспеуге тырыс.
— Неге? — деді Сайдақ жалт қарап.
— Мына қағаздарына қарағанда ол өтірік большевик болып жүрген меньшевик секілді. Олар Омбыдағы жаңа патшаның өкіметін дәріптеу үшін ел елге кетіп жатыр. Кірешілердің ішінде солардың бірі болса да бізге қатер, әсіресе саған қатер.
— Олардың менде несі бар? — деді Сайдақ түсінбеген түр көрсетіп.
— Ойлап қарасақ, Кирсановтың өлімі екеумізге де қатер. Қане, мен меньшевиктердің бірі болып тексерейін, оның қалай өлгенін айтып көрші.
Сайдақ біраз ойланды да басын шайқады.
— Айта алатын емеспін, — деді.
— Әрине айта алмайсың, сен түгілі мен де айта алмаймын, қатер дегеніміз сол. Сондықтан біз бұлардың қайда бара жатқанын білейік те, әрі етіп барып жолдан аулақ түнейік.
— Мақұл!
«Мақұл демеске лажың бар ма? — деді Баранов ішінен, — мен сені, өмір бойы қасыма сақтап жүре алмаймын. Менен бөлініп кеткеннен кейін көрген білгеніңді әркімге кәйітесін де, большевиктерді менің ізіме саласың, Сондықтан бүгін түнімен сен туралы оңаша барып тұрып ойлануым керек».
«Ат, арбаны қалай жоғалтамын? — деді ол тағы да ішінен. — Өз қара басымнан басқаның бәрі де осы түннен қалмай жойылуы керек те, өзім ертең мына кірешілерге еруім керек».
«Ә, таптым! Аттарды да, арбаны да — бәрін де суға батырамын. Таптым, таптым. Жаңа ғана аштым жолымды».
5
Бұлар кірешілер түнеген жерден он шақырымдай озып барып жолдан аулақ жатқан қамысты өзеннің жағасына барып түнеген еді. Таң жаңа ғана құлан иектеніп келеді. Барановтың көзі әлі ілінген жоқ... Бірнеше күн бойы елсізде елегізіп кірпігі айқаспаған сорлы Сайдақ басы жерге тиісімен қор етіп еді, тұяқ серіппестен әлі серейіп жатыр.
Барановтың күткен мерзімі де жетті, ол кеудесіне кеше күндіз ұялаған зұлымдығын түні бойы сарабына салып, берік бекініп алды да:
— Ей, Сайдақ, Сайдақ! — деді аяғымен нұқып, — тез қашпасақ қолға түстік, тұр жылдам! Тұр, жан керек болса, тез киін!
Сайдақ бүкіл даланы басқан ауыр ұйқының құшағында бір өзі жатқандай еді. Сонша ауыр ұйқыны қалай серпіп тастағанын өзі де білген жоқ, кірпігі айқасып жұмылып кеткен көзін жұдырығымен сүргілеп зорға ашты да:
— Немене дейсіз? — деді қарсы алдында тұрған Барановтың өзіне үрейлене қарап.
— Бетті басқа жаққа аударып тезірек кетпесек қолға түстік, тез киін. Мен аттардың кісенін аша берейін.
— Кімнің қолына? — деді Сайдақ киіне бастап.
— Жаңағы екі меньшевиктердің қолына.
— Қайдағы екеу?
— Ей, есің дұрыс па? Кирсано іздеп жүрген меньшевик екенін жаңағы екі солдаттың өздері де айтты ғой.
Сайдақ атып тұра келді.
— Солдат, білсем бұйырмасын.
— Е-е! Мен сені қорыққаннан өтірік ұйықтаған болып үндемей жатыр десем, олар келгенде шын ұйқыда ма едің?
— Олар қайда?
— Кешегі кірешілерге кетті. Егерде олар Кирсановтың өткенін көргеніміз жоқ десе кешікпей қайтып келеді де, екеумізді кескілейді, бол тез!
Сайдақтың есі шығып кетті, қазіргі түріне қарағанда кешікпей жаны да шығатын.
— Ойпырым ай, енді қайттік? Күйеужан ау, тапқыр . едің ғой, бір амалын тапсаңызшы тезірек.
— Енді бір ақ жол бар, — деді Баранов ойланған болып, — сен бір атқа мін де, мына судың тереңдігі қандай екенін байқап шық! Тез!Тез!
— Оның керегі не?
— Арбаны қамысқа тығамыз да, аттармен ар жаққа өтіп кетеміз.
Сайдақ қимағандай аттарға қарап тұрып қалып еді, Баранов оны арқадан қағып қалып:
— Бар, суды байқап шық, таяз болса арбаны да өткізіп алармыз, — деді.
Сорлы Сайдақ мойнына ажал бұғауы болып оралған улы жыланды достың қолындай көріп, түкті байқар емес. Екі аттың біріне қарғып міне сала суға түсіп еді, екі жары бірдей қамыспен жиектеліп жалпайып жатқанымен онша терең емес, үзеңгіліктен ғана келеді екен. Сайдақ өзеннің орта тұсына жете бере тоқтап, арбаны өткізуге болатынын айтқалы артына қарап еді, Барановтың наган ұстаған қолын артына тыға қойғанын көзі шалып қалды.
— Бөгелме! Қарама артына! — деді Баранов аузына түскен сөзді бақырып.
Сайдақ оның кім екенін енді ғана сөзді де көзінен көз айырмай қадалып қалды. Көзі Барановта, ойы қалай құтылудың жолын іздеуде.
— Ей, маған неге қарайсың? Ар жаққа неге өтпейсің? — деді қамыстың сыртында тұрған Баранов.
— Сізге емес, әне бір топ аттыларға қараймын, — деді Сайдақ.
Баранов үрейленіп артына жалт қараған кезде Сайдақ, атына қамшы басып жөнеле беріп еді, өзеннің арғы шетіне жете бергенде мылтық даусы гүрс етті. Бір емес, екі рет. Екеуі де мүлт кеткен жоқ. Сайдақтың өзін де, астындағы атын да жұлып түсті. Өңменіңен оқ тиген ат екі ақ рет орғуға шамасы келді, омақаса құлады да қамысты суға батып кетті. Сол жақ қолы салбырап суға құлап түскен Сайдақ тізесіне тұра қалып басын бір қылқитты да қайта батты. Ол батқан тұстың суы толқынданып, қамысқа қарай жылжып бара жатқанын Баранов көрген жоқ.
— Ойлаған ойымның бәрі осындай орнына келе берсе, енді бір жылдан кейін бүкіл саясатшылардың бәрі менің алдыма келіп тізе бүгер, — деді ол өзінін жауыздығына жаны рақаттанып. Арбаны итеріп апарып суға түсірді де, қалған торы атты соның дөңгелегіне мықтап тұрып байлады. Өзіне ажалдың, төнгенін сезгендей торы аттың, көзінен жас парлап тұр. Ол жалынғандай мұңая қарап, ақырын кісінеп те жіберді. Баранов оның зарын да, көзінің жасын да елеген жоқ. Бишікпен сабалап суға түсірді де, өкпе тұсынан атып келіп жіберді. Оқ тиген ат шыңғырып аспанға бір секірді де, байлаулы басын көтере алмай қайта сылқ етті. Ол жанталасып қанша туласа да, ұзаққа барған жоқ, арбаны сүйрете жұлқынып барып құлады да, жоқ болды.
Баранов осы қанды суретті көз жанарына түсіріп алып келгендей қадалып аз тұрды да, кішкене жәшігін қолына ұстап жолға қарай аяңдады. Оның ендігі ойы — кешегі жолда қонып жатқан кірешілерге ілесу.
Кірешілер түнеген жерінен күн шыға аттанған-ды. Олар келіп жеткенше қалай алдауды сайлап алған ол ең алдыңғы арба тақалғаннан ақ:
— Ой, әкетайлар ау. Мұсылманның баласысыңдар ғой, ала кетіңдер мен мүсәпірді, — деп зарлай бастады.
— Қазақшаға судайын қара өзінің, — деді ең алдағы арбада келе жатқан кіре бастығы қарт қазақ.
— Ей, сұмырайдай сұңқылдаған кімсің өзін? — деді кейінгі арбадағының біреуі.
— Өй, кешегі пар атты арбаның үстінде шалқайып бара жатқан ұлық қой, бұл неғып жүр мұнда?
— Ей, сен солмысың, ей? — деген дауыстар арбаның үстінде отырғандардың әрқайсысынан шыға бастады.
— Сол менмін, ағатайлар. Түнде ұйықтап жатқанымда қасымдағы жолдасым мені тастап қашып кетіпті.
Бұл кезде Сайдақ су болған киімдерін екі аяғының арасына қысып, сыңар қолымен сығып, жаңағы өзеннің жағасында отыр еді, оны ешкім білместен кете барды.
— Өзің бір иттік қылғансың ғой, иттің баласы.
— Иттей көріп сою керек өзін.
— Сойғанда ендігәрі есінен кетпестей қып сою керек, — деп ерігіп келе жатқан кірешілер тұс-тұсынан шуласып еді. Баранов нақ бір аштықтан бұралып өлгелі тұрған бұралқы иттей бүрісіп кетті.
— Не істесеңдер де өздерін біліңдер, ағатайлар. Менің әкем қазақ, шешем орыс, әйелім де қазақ қызы, қазақты жек көрсем, қызын алам ба? Сеніңдер құдайға, жолдасыма түк жазығым жоқ еді, обал қылды маған.
— Әкең аты кім?
— Семен.
Өз атың кім?
— Александр.
— Сендерде тағы бір әке болушы еді ғой, бірдеңе бірдеңе дәруіш деуші ме еді, немене еді?
— Александр Семенович Кирсанов десеңіздер бәрі де түгел.
— Онда сенің қай жерің қазақ, баласы?
— Алдайды, алдайды! — деп тағы біреулер дауыстады.
— Шешем өзінін әкелерінің атына жаздырыпты.
— Солай ма? Шешең қазаққа тиюді білгенде баласына қазақ, атын қоюды неге білмейді?
— Мынаның, өзі шығар өзгертіп жүрген, әйтпесе, қазақты өзі сүйіп тигенде, баласына қазақ атын қимай ма?
— Өзінің қазаққа ұқсас бір жері жоқ, қайдан қазақ баласы болсын.
— Әкесінің осалдығы шығар, кім біледі, әлде шешесі бір антұрған болды да.
— Ей, шыныңды айт.
— Осы атты қойған өзің бе, жоқ шешең бе?э
— Құдайға наныңыздар, ағайлар, шешем қойған.
Бір жағынан қорқып, екінші жағынан аяп, тоқтау айтқан үлкендердің сөзін елемеген жігіттердің бір-екеуі арбадан қарғып түсіп, жаяу келе жатқан Барановтың қасына келді.
«Мына бәлелердің ортасына қайдан қалдым, — деді ол ішінен, — наганымды суырып келсем ғой, бұлар мені арбаға әлдеқашан мінгізетін еді, енді қарашы, жалынған қадірді білмей басыма секірулерін. Бұлар ма, бұлар қорықса ғана жөнге жүріп, қорықпаса тебетін мал ғой. Қайдан шықса онан шықсын, қасқыр тиген қойдай дүркірегенін бе осы, — деп бір тұрды да: — қой, онан пайда таппаспын», — деді.
Ол осындай ойда келе жатқан кезде арбадан секіріп түскен жаңағы екі жігіттің біреуі оның иығынан ұстай алды:
— Сен бізге жиен болдың ғой. Әкемнің аты кім дедің?
— Жаңа айттым ғой.э
— Жоқ, оны сұрамаймын. Осы өзіңді дүниеге келтірген қазақтың аты кім?
— Әй, орыстан қатын алған шоқынды қазақтың атын сұрамашы әрі, деп біреуі арбаның үстінде отырып қол сермеп еді, оны жастар елеген жоқ:
— Айт, сол қазақтың аты кім? — деп сөз қышқашымен қыса түсті.
— Сабдек.
— Ей. анау сендермен қоса біздің жаңа өкіметімізді,. де мазақтап келе жатқан жоқ па! — деп арба үстіндегілердің біреуі жігіттерді желіктіргісі келіп айғай салды.
— Е, Сабдек деген ат қазақта жоқ па? Тіпті, сіздер мен біздер советтің баласымыз деуге де хақымыз бар, — деп Баранов жаңағы адамның «біздің өкіметіміз» деген сөзінен үміттеніп, өрлене сөйледі.
— Әй, осы сөзінің дәмі бар, — деді біреулер.
— Советшіл ғой өзі.
— Қайдан советшіл болсын. Киіміне қарағанда кемінде біздің Сарыбайдың малындай малы бар кісінің баласы шығар ау.
— Ой, Омбының бер жағында Сабдек дейтін атақты бай болатын, бұл сол Сабдектің баласы шығар.
— Ей, сен қай жердікісің?
— Омскілікпін, бірақ ол Сабдектің баласы емеспін, оған сенбесеңіздер, совдептеріңізге апарып мені тексертіңіздер.
— Сені апарғанда түу Спасскідегі совдепке апарамыз, сонан соң сен түндегі өзіңді тастап кеткен қазаққа не істегеніңді айтатын боласың, отыр арбаға!
— Жеткізсеңдер болады, содан кейін өлтірсеңіздер де ризамын, — деді де, «өңкей тағылардың ортасына түскендей болдым ау» деді ішінен.
— Мінгізбе арбаға! — деп дауыстады тағы біреу, — атасында көрмегенді ботасында бір көрсін, кеше ғана еді ғой, пар ат жегіп ойқастап өте шыққаны.
— О, қойыңдар әрі, далада жалғыз қаңғырып қалған адамды тастап кету қай атаңнан қалған мирас еді?
— Олай десең өз арбаңа мінгіз.
— • Мінгізсем мінгізем, кел ей, отыр мұнда!
Жаны жаңа ғана жай тапқандай болған Баранов арбаның үстіне шыға бере «уһ» деп бір күрсінді де, жаңағы өзін жақтап сөйлеген жігітті құшақтай алды...
...Жоғарыда өзінің басындағы екі рольге репетиция жасап отырған Барановтың көзінің алдынан өткен қанды оқиғалар осы еді.
Ол өзінің зымияндығымен ең алғаш осындай жеңіске жеткенін, онан Спасскіге келгеннен кейін Кирсановтың атымен қандай әрекет істегенін есіне рақаттана түсіріп еді, келешектің елесі ондай емес, қорқынышты екен.
«Жоқ! — деді ой тұңғиығына батып, тұнжырап отырған ол бір кезде басын көтеріп, — сырды әзір ашуға болмайды. Өзім арқылы большевиктердің әлсіздігін елге әбден көрсетуім керек. Ертең мен, мынау қараңғы елдің ортасына тастай батып, судай сіңіп кетемін. Сол кезде большевиктерді жақтайтын жұмысшылардың бәрі келіп жөн сұрайды. Сондағы менің оларға айтатын үгітім, сілтейтін жөнім халықты большевиктерге өшіктіру. Ол үшін...» — дей берген кезде біреу есік қақты. Белгілі қағыс, кім екенін ол сұрамай ақ білді.
— Кәрі арланның өзі де келген екен, — деп есікті ашып еді, жаңылмапты, үстінде қап-қара кенеп шекпені, басында ескі шляпасы бар Эгенсон кіріп келді...
Баранов Эгенсонның бас-аяғына көз жүгіртіп:
— Апыр ау, үстіңіздегіні қайдан тауып кигенсіз? Бүгінгі түн үшін Лондоннан арнап алдырғансыз ба? — деді өтірік күлсе де рақаттана сылқ-сылқ етіп.
— Жарасып тұрғандай несіне кеңкілдейсіз? — деп Эгенсон кейісті түр көрсетіп еді, Баранов жым болды да:
— Ғафу етіңіз, сізді түн ішінде әурелегеніме, — деді.
— Рақмет, — деп Эгенсон оның жаңа қызы сүйіп кеткен аузынан бір сүйді де, — сіздің әміріңізге бойсұнып, алдыңызда тұрған ағылшынның кәрі азбаны.
— Апыр ай, сізден бір тілек тілесем, қабыл алар ма екенсіз, мистер. Адамның меселін қайтарып, жігерін жасытатын осындай улы сөзді тастасаңыз екен.
— Не үшін тастай алмайтынымды өзіңіз де білесіз, біле тұра неге сұрайсыз? Әлде большевиктердің табанына орыстармен бірге бізді де түссін дейсіз бе?
Баранов басын иіп тұрып:
— Менің ондай ойдан аулақ екеніме өзіңіз де сенерсіз? — деді.
— Сенемін, тек сіз маған дәл қазір кім екендігіңізді, Александр Семенович Кирсанов пен Игнат Игнатьевич Барановтың қайсысы екеніңізді айтып қойыңыз.
— Александр Семенович Кирсанов.
— Жолдас Александр Семенович, бұйрығыңызды тезірек берсеңіз екен.
Баранов басын бір шайқады да:
— Не тізім екенін сұрамай ақ ұсталатын кісілерді өзіңіз тізе беріңіз.
— Әзірмін.
— Бірінші Көжеков Қарсақ.
— Ол кім? Балкиннің орынбасары жуан қазақ па?
— Иә, сол.
— Мұныңыз қалай? — деді Эгенсон жазуға ыңғайлаған қаламын кері тартып, — өз кісіңізді өзіңіз ұстап бермексіз бе?
— Жаза беріңіз, мистер, кейін бәріне де түсінесіз.
— Жоқ, істеріңіз жындының ісі сияқты. Мен жындыханада отырғаным жоқ, — деп Эгенсон тұра келіп еді, Баранов жабыса кетті.
— Өтінемін, мистер, отырыңыз! — деп Баранов жалына жабысып оны қайта отырғызды, бұл жындылық емес, нағыз данышпандық, жаза беріңіз!
— Жоқ, мұны жазбаймын, басқасын айта беріңіз, — деп Эгенсон қаламын қайта алды.
— Сіз оның бай баласы екенін білетін секілді едіңіз ғой?
— Білемін, сол себепті оны бұл тізімге жаза алмаймын.
— Жұмысшылардың байлармен одақтаса алмайтынын да білгейсіз, сондықтан да Көжеков мырзаны өз қолымызбен большевик жасап алуымыз керек екенін де біліңіз. Қорықпаңыз, қазір ұсталғанымен кейін босатылады.
Эгенсон сәл ойланып алды да:
— Онда жаздым, — деді. Мұнан кейін ол таласқан жоқ, Барановтың аузынан шыққан сөзді қағып алып жаза берді.
— Екіншісі Галкин, — деді Баранов тісін бір шықыр еткізіп.
— Тағы айта беріңіз.
— Үшінші! Шалқаров Мұрат.
— Өте дұрыс... тағы да.
— Төртінші, Айғақов Кемел.
— Тағы да.
— Бесінші, Александр Семенович Кирсанов деп мені жазыңыз.
— Неге?
— Жаза беріңіз. Ол да Көжеков секілді.
— Тағы да айта беріңіз.
— Алтыншы Алексей Иванович Волгин.
— Өте дұрыс, тағы да.
— Жетінші Жайсақов.
— Тағы да. Бөгелмеңіз, айта беріңіз?
— Әзірше осылар, өкімет қолымызға тигеннен кейін тағы да қарастырып, қауіптілерін тауып алармыз.
— Енді сіз маған мынаны айтыңызшы! — деді Эгенсон маңыздана сөйлеп, — сіздің мына планыңыз бойынша Көжеков пен сіз большевиктермен бірге айдаласыздар. Мұнан кейін бұл жерге қайтып келесіңдер ме, жоқ па?
— Көжеков түрмеден қашып шыққан болып қайта келеді. Ал, мен ешқайда кетпеймін. Әскерлер келіп, мына тізім бойынша большевиктерді тұтқындай бастаған кезде мен түрімді, киімімді өзгертіп қашамын да, осындағы большевик болғандардың үйіне тығыламын. Әзіргі межем, Волгиннің үйі.
— Неге басқаның үйі емес, — деді Эгенсон оның cөзiн бөліп.
— Волгиннің әйелі большевиктердің идеясына түсе бастаған адам. Байы айдалып кеткеннен кейін ол әйел большевиктердің жасырын жұмысына ашына кірісуі мүмкін. Егер, ол. солай болып шықса, біз сезікті адамдарды сол арқылы қолға оңай түсіреміз.
— Қалайша?
— Сіз, менің өз өкіметіміздің тұсында да большевик болып жүретін себебімді білсеңіз «қалайша?» деген сұрауды қоймаған болар едіңіз.
— Түсінікті. А, сіздің мына тізімге Қарағандыдан деп ешкімді кіргізбеуіңіз қалай?
— Біреуі кірді, басқасын сіздер келгенше дайындап, қызыңыздың қолына табыс етемін.
— Түсінікті, — деп Эгенсон түнере қалды. Баранов оның не үшін жиырыла қалып қанын ішке тартқанын сезсе де сезбеген болып, оның ойын басқаға тез аударғысы келіп:
— Осынын бәрінін кілті сіздің қолыңызда, — деді ол Эгенсонды бір қолымен құшақтап, — ол кілт — өндірістеріңізді қорғау үшін сіз әкелетін солдаттар. Егерде олардың ішінде большевизмнің сепкен бидайын теріп жеген бір соқыр тауық болса да біздің көзімізді шоқиды. Соны есіңізге қатты сақтаңыз.
— Сөз емес, — деп Эгенсон жаңағы тізімді қалтасына сала бастады, — соқыр тауыққа көзіңізді шоқытатын болсаңыз тау қыранымыз деп жүрген большевиктермен қалай алыспақсыз? Сіз онан да маған мынаны айтыңыз, совдептің құлауы халықтың бізге деген өшпенділігін көтеруі мүмкін. Сол өшпенділіктің өрті совдептің орнына біздің өндірістерімізді құлатар ма екен?
— Сіздер 1918 жылы майдың он жетісі күні құлап болғансыздар. Ол күн сіздің компанияңыз үшін қаралы күн емес пе? Сол күні емес пе еді — Лениннің бұл өндірісті мемлекет меншігіне алынсын деп қол қойған күні.
Енді құласаңыздар да онан қатты құламассыздар. Ол қаралы күнді қайта көрмеудің кілті өз қолыңызда. Тағы m айтамын, ол кілт — келетін солдаттар, солардың сенімділерін сұрыптай біліңіз. Әсіресе мынаны ескеріңіз, олардың ішінде Омбы қаласында бұрыннан тұрғандары болмасын.
— Мысалы, Баранов мырзаны танитындар болмасын дейсіз ғой.
Сол кезде біреу есікті қағып-қағып жіберіп еді — екеуі жерге кіріп кете жаздады. Екеуінің де тізесі бүгіп, үміті шөгіп барады. Әсіресе, Барановтың жаны сығылып кетті. Былтырдан бері бар өмірін жұмысшыларының өлім күтумен өтіп келе жатқан Эгенсоннан гөрі жұмысшылардың «досы», «большевик» Барановтың халі мүшкіл. Ол жалма-жан Эгенсонды тақтай кереуеттің астына сүңгітіп жіберді де, шамды сөндіре салып, есіктің алдына келді.
— Бұл кім?
— Мен ғой, Александр Семенович! Совдептің күзетшісі өзіңіздің Тимофейіңіз, — деген қарт адамның даусы естілді.
— Саған не керек?
— Сізге Галкин жолдас: «Тезінен кеңсеге жетсін», деді.
— Не үшін? — деді Баранов үрейленген пішінмен.
— Маған сізді шақыр дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ.
— Жүре бер, қазір барамын.
— Қанша уақытта келеді дейін?
— Жөнел қақсамай!
Тимофей қарт көк ала мұрт басқан аузын бір бұраң еткізді де, кетіп қалды.
Баранов терезеден ақырын бас бағып қарап еді, ол Интернационалды» ақырын әндетіп кеңсеге қарай кетіп барады екен.
Осы өлең безгек болып тигендей Баранов қалшылдап кетті де:
«Көрсетермін мен сендерге ақырғы зор майданды!» деді ішінен кіжініп, Эгенсон онан да бетер қалшылдауда. Ол төсек астынан шыға бере, тақтайға соғып алған ұшық шекесі мен қан сызғақтап тұрған орақ тұмсығын кезек сипап, төсектің аяқ жағында бүрісіп отыр.
Баранов келіп шамды жағып жібергенде түскен сәулемен оның көзінен жылтыраған жас көрінді.
— Кетті ме? — деді ол, жәбірленген адамның мүсәпір үнімен.
— Кетті. Ажалы жоқ екен байғұстың. Егерде есікті бекітіп қоймасам ол менің сізбен сөйлесіп отырғанымды көретін еді де, мен өзімді большевиктердің оғынан аман алып қалу үшін амалсыздан ол шалды тірі жібермейтін едім.
— Иә, сіз жаныңыз қысыла қалса мені де тірі жібермессіз, кетейін, — деді де, Эгенсон сүйретіле түрегелді. — Мен ертең ертемен Ақмолаға жүремін, қош болыңыз!
— Сіз ертемен емес, сезікті болмас үшін шаңқай тал түсте кетіңіз.
— Мені іздей қалсаңыздар, түсте осыдан, кешке Қарағандыдан табасыздар.
— Мақұл, қош болыңыз.
6
— Бұл барып тұрған қорқақтық, — деп Волгин қасақана столды қойып-қойып жіберді, — жолдас Шалқаров дұрыс айтады, қасық қанымыз қалғанша қарсы тұрамыз, біріміз қалғанша соғысамыз. Көжеков жолдас, қорқар болсаңыз үйіңізге барыңыз да жатыңыз.
Ол соны айтып көз қиығын Барановқа тастап еді, неге екені белгісіз оның, көзі сығырайып, шабдар қабағы түйіле қалыпты. Ішінде жылан жүрсе де сездірер емес. Қазыбек әкелген хабардың анығына жету үшін Галкин осы мәжілісті бастарда:
— Ақтар өкіметі өзін қалқайтып отырған ағылшындардың айтағы бойынша біраз әскерін бізге қарсы аттандырған көрінеді. Солармен қалай шайқасамыз? Күшімізді сайлап алып осы жердің өзінде күтіп аламыз ба, жоқ әлде алдарынан шығып жолын тосамыз ба? Осы жөнінде ойларыңды айтыңдар, — деген болатын.
Басқалардың бәрі де өз ойларын ортаға салады, бірақ Галкиндер үшін ойы ең керекті болып отырған Барановта әлі үн жоқ. Ол «әскер келе жатыр» дегенге сеніп, ішінен қуанып та отыр. Сол қуанышын жасыра түскісі келгендей қатты күрсініп қалып, алдында тұрған шамды жалп еткізді. Мүмкін ол, өңінен сыр білдірмес үшін әдейі сөндірген болар, отырғандардың онда жұмысы болған жоқ, әркімдер қалталарынан сіреңке іздей бастады. Тек, қараңғы жерден Барановтың:
— Неғып байқамадым? — деген күңкілі ғана шықты.
— Шырағым, жаңағы столды жұдырықтап сөйлеген батыр кіммен соғыспақ, — деді Қазыбек қасына отырған Мұраттың құлағына сыбырлап.
— Ойлансаңыз өзіңіз де табасыз.
Қазыбек ойланып тапқанша шам жанып, жұрт қайтадан жандана бастады.
— Жолдас Кирсанов, сіздің айтарыңыз бар ма? — деді Галкин Барановқа қарап.
Баранов көзін жағалай жүгіртіп өтті де:
— Сондай әскердің дәл біздер үшін сонша жерден келе жатқанына әлі сеніп те болғаным жоқ. Мүмкін емес, бірақ сақтанбасқа да болмайды, — деп түлкі бұлаңға сала жөнелді. — Егерде бұл хабар анық болса онда бар билікті Волгин жолдастың қолына беруіміз керек. Оның жауларды столды ұрғандай ұра алатынына мен сенемін.
— Ол сеніміңізге рақмет, — деді Волгин басын бір иіп қалып, — бірақ, қай жерде ұратынымызды ашық айтсаңыз екен. Жолдан тосамыз ба, осы жерден күтіп аламыз ба?
— Әрине жолдан тосамыз, бұл жерге әкеп бейбіт халықты оқтың астына тастауға болмайды ғой.
Ол өзіне құрылған тұзаққа тырнағын осылай іліндіре бастады. Өйткені бұл мәжіліс Қазыбек әкелген хабардың анығына жету үшін жасалған алғашқы амал екенін ол аңғарған жоқ.
— Волгин жолдастың бұл ұсынысына ешкім де қарсы бола қоймас, ә! — деді Баранов көзін тағы да жаралай бір жүгіртіп. — Ендеше ертеңнен бастап дайындалу керек те, екі күн, әрі кеткенде бес күннен қалмай біздің жауынгерлер тегіс аттану керек. Олардың қарсыласқан жауды түгел құртады деп совдептің атынан сенім білдіруге рұқсат етіңіздер. Жасасын біздің қызыл қырандар, ура, жолдастар!
— Ура!
— Ура!
— Ураның күні әлі ерте, — деді манадан бері ойын салмақтап үнсіз отырған Галкин орнынан түрегеліп, — менің ойымша, бұл, біріншіден, біздің жауынгерлерімізді жау қолына құтылмастай етіп түсіру, екіншіден, совдепті қолдан беру.
— Қалайша? — деп Баранов түнере қалды.
— Ойлаңыздаршы! Біз кімге сүйенеміз, соғыс құралы болса аз, сондағы арқа тірейтін күшіміз не? Баланың қурайы ма? Меніңше, Совдепті сақтап қалатын да, жауға төтеп бере алатын да ең негізгі күш осындағы жұмысшылар. Олардан бөліну — өлу.
Өлу ғана емес, көмілу, — деді есік көзінде отырған Кемел саңқ етіп.
Баранов оған суық түспен ызбарлана қарап:
— Әй, жолдас! Кочегарда тұрғаныңдай неге айқайлайсың? Мұның кенсе екенін білемісің? — деді.
— Кеңсе болса немене, біз сөйлесек төбесі түсіп кете ме? — деп Кемел отты көзін қадай қалып еді, Барановтың күмпиіп тұрып ышқынған ашуы бұралқы иттің құйрығындай бұраң етіп құлай кетті. Өйткені ол жұмысшыны ажалдай көретін де, еш уақытта қарсы келмейтін, Сол әдетімен жалбаң етіп, жымың етті де:
— Туысқаным ау, өзің емес пе едің: «Бөрі жоқ деме — бөрік астында, жау жоқ деме — жар астында» дейтін, — деді.
— Мен қазірде де соны айтып отырмын, — деп Кемел уыттана түсігі еді, Баранов сөздің бетін бұрып әкетуге асықты.
— Мен өлсем де көппен бірге өлетін адаммын. Галкин жолдастың ұсынысына мен де қосыламын. Өз атымнан айтарым осындағы барлық ұстаны жинап алып, қылыш, найза сияқты соғыс құралдарын соқтыра беруіміз керек, бұған не дейсіздер?
— Бұған сіз не дейсіз? — деді Галкин Қазыбекке қарап.
— Менің әзірміз деуден басқа айтарым жоқ. Оны бұрын да айтқанмын, бірақ тыңдаған құлақты көре алмадым, біз сіздерге оқ та жасап бере аламыз, тек сіздер бізге Эгенсонның мысынан көбірек мыс алып беріңіздер. Біз сіздерге қылыш та соғып бере аламыз, тек Эгесонның үйінің жанында жатқан көк темірлерді алып беріңіздер.
— Бәрін де, бәрін де әпереміз, — деді Баранов, — бірақ не үшін алатынымызды олар білмесін. Ол түгіл осы мәжілісте айтылған сөздің бірде-бірі сыртқа шықпасын. Кімнің тағы қандай ұсынысы бар?
— Менде бар, — деді Галкин, — мына Шалқаров жолдастың әкелген тағы бір хабарына қарағанда, кешеден бері Қарағандының жұмысшылары қатты қобалжуда көрінеді. Солардың арасына барып үгіт жұмысын жүргізіп қайту үшін екі кісі жіберуіміз керек. Оның бірі — сіз, екіншісі — мен.
Галкин оны айтқан кезде Қазыбектің де, Мұраттың да жүрегі бүлк етті.
«Нағыз қызық енді басталар», — десті екеуі де ішінен, бірақ екеуі де өңдерінен түк те сездірген жоқ.
Галкиннің мұны не оймен айтып отырғанын Баранов та сезген жоқ.
— Мен әзірмін, — деді ол қораздана қомақтанып.
* * *
— Е-е, қайрымды жандар ау! Ей, қайдасыңдар! Келсеңдерші, ей! — деді ұзын сапты қалақпен қайнап жатқан мысты араластырып тұрған Ефим дейтін жұмысшы тұншыға шыққан әлсіз үнмен.
Қақ қасынан біреудің:
— Иә, не айтпақшы едіңіз? — деген даусы шықты.
Оның кім екенін Ефим аңғарған жоқ, қайнаған мыстың ыстық лебі бет терісін сыдырып бара жатқан соң, басына бүркенген құрым киізді қымтай түсті де, қасына келген адамға даладан түсетін басқышты нұсқап:
— Анау көмір тасып жүрген әйел басқыштан құлап, көмірдің астында қалды ау деймін, тілеуіңді берсін соны тұрғызып жіберші, — деді.
— Сіз әкеңізді танымай қалған екенсіз, ә? Мендей әкеңізді бір жыл болмастан ұмытқаныңыз ұятсыздық емес ие? Әлде мені мүрдем кетті деп пе едіңіздер! Жоқ, большевик мырзалар! Мүрдем кететін сіздер, бізден аулақ болыңыздар, — деп жаңағы адам беліндегі резинке қамшысын жұлып алып, аз тұрды да, жүріп кетті.
Даладан кемір әкеле жатып басқыштан құлаған Балқия еді. Ол өзіне қарай келе жатқан Эгенсонның інісі Hөpe екенін таныды да, жылан көргендей атып түрегелді.
— Сүйіктім, сіздің кімді күтіп тұрғаныңызды білуге болар ма екен? — деді ол көзін сықсита қарай.
— Тақсыр, жығылып қалдым. Қазір, қазір, — деп, қапты арқасына сала бергенде:
— Мистерді тақсыр дегеніңіз үшін! — деп бір тартты да, жоғары қарай шығып кетті.
— Айуан! — деді Балқия білеуленген арқасын сипалап, — Сайдақ келсін, сазанды біз де берерміз, асықпа!
Сол кезде Ефимнің:
— Ей-ей, қайырымды жандар ау! Ей, қайдасыңдар? Ана сорлыны өлтірді ғой, бұл қандай айуан. Ей, барсаңдаршы ей! — деп безектеген даусы естілді.
— Ана тажал қашан келген? — деді Балқия арқасындағы бір қап көмірді Ефимнің алдына тастай беріп.
— Кімді айтасың?
— Былтырғы қашып кеткен Норсты айтамын.
— Hopс!?
— Өзіңізбен сөйлескен жаңағы сол ит қой. Сіз оны танымадыңыз ба?
— Ой, құдайым ай, ол шошқа қайдан келе қалып еді... Бірақ ол, қанша қорқау болса да, біздер оған жегізбейміз. Қанды азуларын жұлып алармыз, — деді де, терең ойға батқандай қолындағы қалағына сүйеніп тұрып қалды, — түсінбеймін, тіптен түсінбеймін. Қайнаған ой, жанымды күйдіріп жатқан мынау мыс секілді. Бұл тозақты қозғаған сайын менің жүрегім де қозғалады. Мыс қайнаған сайын қаным қоса қайнайды. Түсінбеймін, тіптен түсінбеймін?..
— Несіне түсінбейсіз?
— Бәріне де, тіпті түсінген түгім жоқ... Шырағым, көмірді сала түс... Мен ойлағалы қашан! Әлі жоқ, әлі жоқ. Күнде таңертең не істейсіз десеңші! Түнімен жақсы жақсы түстер көріп шығамын да, ояна салысымен далаға жүгіріп шығып, ең алдымен Эгенсонның үйіне қараймын. Не керек, түсің де түс, өңің де түс болады да шығады, «аш тауықтың түсіне тары кіредінің» кері, түсінбеймін.
— Сіздің не айтып отырғаныңызға түсінсем бұйырмасын.
— Әрине, түсінбейсің. Сен түгілі өзім де түсініп тұрғаным жоқ, түсініксіз дүниеден не түсінуге болады.
«Мына бишара есінен адасқан шығар», — деді Балқия ішінен.
— Тұра салысымен Эгенсонның үйіне қарауыңыздың себебі не?
— Ей, байы бір күн жоқ болса да, әйелдердің мисыз бола қалатыны ай осы... не үшін дейді ғой. Қарағанда таңырқап қарайды ғой деймісің, жабырқап қараймын да. Егер ол түнде қашып кетсе мен жабырқап қарамас едім, күліп қарар едім ғой. Өзің ойлашы! Эгенсон қашып кетсе анау саңғыраған ағаш үй мұнда қалады. Ал, сол үйге тоғыз қыз, бір ұлы бар жер үйшікке тығылып отырған мына мен сияқтылар ие болмағанда кім ие болмақ? Айтшы, кім ие болмақ? Ефим түні бойы жұмыс істесін. Оның үстіне он бір жанның ортасында көрдей жерге тұншығып түнімен ұйықтай алмай шықсын, сондай күйде жүрген Ефим есіз үйге ие болмайды, ә? Жоқ, бикеш, мұныңа түсінбеймін, тіптен түсінбеймін! — деп мысты қаттырақ қозғап жіберді.
Оның бұл сөзінен үміт оты жылт етті де, Балқияның көзі жайнап сала берді.
— Эгенсондар кете ме екен? — деді, ол қуанышты үнмен сыбырлай сөйлеп.
— Е, кім біліпті иттерді, есек дәмемен әбден қатырды ғой сілемді. Ой, дүние ай, біздің де үй сияқты үйге кіріп, адамша өмір сүретін күніміз болар ма, жоқ па? Бар, көміріңді әкел, мыстың қайнауы әлсіреп барады.
— Түсінбеймін, — деді де, Балқия өз-өзінен күлді, — осы шалдың түсінбейтініне әдеттеніп кетпесе игі едім.
Ол көмір салатын қапты алып, жөнеле берген кезде, манадан соның кетуін күтіп далада тұрған Степан Ефимнің қасына жетіп келді.ъ
— Папа, мен қазір Эгенсонды алып Ақмолаға жүргелі жатырмын. Кирсанов жолдасқа жолыға кетейін деп едім, ретін таба алмадым. Соған сіз оңаша жолығып, түнде оның, былтырғы қашып кеткен інісі Норстың келгенін, сол келгеннен бері Эгенсонның қуанышты екенін, сол қуанышында үлкен бір сыр бар секілді екенін айтты деңіз.
— Эгенсонның үй іші де кете ме? — деді Ефим қалбалақтап.
— Жоқ, өзі ғана.
Ефимнің қуаныш оты тез сөнді де, қабағы қайтадан салбырап кетті.
— Түсінбеймін, тіптен түсінбеймін, — деді ол теріс айнала бере күңкілдеп.
— Әлі бәріне де түсінесіз, әлгіні ұмытпаңыз, оңаша ғана айтыңыз. Ол болмаса Галкинге айтыңыз. Қош! — деп қолын ұсынып еді:
— Ей, сен қолыңнан бұрын құлағыңды әкелші! (Степан құлағын әкесінің аузына тосты.) Сен ғой, түнеугі күні заводқа да, үйге де, барлық дүниеге өзіміз ие боламыз. Эгенсонның ағаш үйіне сені кіргіземіз дедің, соның қайда осы?
Степан мырс етіп күлді де:
— Жаңағы айтқанымды орындасаңыз бәрі де болады.
— Қашан жүресіңдер?
— Қазір машинаға май құйып алысымен жүреміз.
— Қош, сау қайт!
— Көп ойланып, аз ұйықтайтын болыңыздар, — деді де, Степан шыға жөнелді.
— Көп ойланып, аз ұйықтаңдар! Түсінбеймін... Ех, Ефим! Ефим! Сен көп ойланып, аз ұйықтаған еңбегің жанып, Эгенсонның ағаш үйінің терінде шаншып бір жатсаң ау... Түсінбеймін, тіпті өзімнің жалғыз ұлыма да түсінбейтін болып барамын, бұл қалай? Әлде заманның өзі түсініксіз бірдеңе ме? Әлгі ақымағым Эгенсонның жансыз арбасына мінгеніне мәз, ой ақымақ.
— Ол кім? — деді даладан көмір әкелген Балқия, Ефимнің кімді айтып тұрғанын біле алмай.
— Оның кім екенін қоя тұр да, сен маған Кирсановтың үйі қай жерде екенін айтшы?
— Мен қайдан білейін?
— Галкиннің ше?
— Оны білем, оның керегі не?
— Мен айтқаныммен сен оған түсінбейсің, түсінетін тек қана мына мен. Жұмыстан шығысымен сол үйді маған көрсет. Жарай ма, ұмытпа!
Балқия белі талған соң сылқ етіп отыра кетті де:ъ
— Түсінбеймін! — деді.
7
Қазыбек айтқан кірешілер сол күні кешке жақын Қарағандыға жақындаған еді.
Кірешілердің көзіне алыстан түскен Қарағандының көркі — тұмандай тұнып, бұлттай шөгіп жатқан қара түтіні ғана. Сол түтінге телміре қарап екі адам келеді. Оның бірі жаралы, екіншісі бала. Жаралы жан аңсаумен егіле қараса, бала Қарағандыны бұрын көрмегендіктен қызыға, тесіле қарайды. Екеуі бір арбада жеке келе жатыр. Баланың аты Таусоғар да, жаралысы — өзіміздің Сайдақ. Ол, оқ тиген сол жақ иығын таңып алыпты да, қолын мойнына асып алыпты. Оң жамбасынан жантайып, Қарағандының қара аспанына қадалып, көзінің жасын парлатып келеді.
Таусоғардың көзіне Қарағанды өртеніп жатқан қорда секілді көрінді.
— Аға, анау ара өртеніп жатыр ма? — деді ол Сайдаққа үн қатып.
Сайдақ көзінің жасын сүрту үшін бетін баланың арқасына басып сүйкеп – сүйкеп жіберді де:
— Жоқ, шырағым, шахталардың түтіні ғой, — деді.
— Адам тұншықпай ма онан?
— «Тұншығады» деу де, «тұншықпайды» деу де қиын, шырақ.
Манағы бір кезде алыстан шумағы қалың бір шаң көрініп еді, сол шаң жақындап келеді. Кейінде қаншасы бары шаңнан белгісіз, екі жағында он шақты солдаты бар үш боз атты қатар жеккен күймелі біреу келе жатыр.
Кірешілердің алды жалпақ жарыққа келіп килікті, олар да келіп жетті. Бірақ озып кеткен жоқ. Жарығы мол жолсыз жермен жортып келе алмады ма, жоқ. әлде әдейі жай жүргісі келді ме, әйтеуір кірешілермен қатарласып жүрді де отырды.
Солдаттар он шақты да, арбалысы екеу екен. Соғыс құралдары тиеліп, кенеппен жабылған соңғы арбада ат айдаушыдан басқа екі солдат отыр. Құралдан көзге кесек түскені тұмсығы ғана қылтиып тұрған бір пулемет қана.
Алдыңғы күймеде былғары тужуркелі, былғары кепкелі біреу отыр. Ол кепкесін көзіне түсіре киіп алып, ұзыннан ұзақ тізбектелген жүз қаралы арбаның үстінде отырған кірешілердің бірде-біреуін құр өткізбестен көзімен жағалай сүзіп келеді. Үңіле кезген көзі Сайдаққа келгенде ғана байыздап еді, Сайдақ та оған қадала кетті. Екеуі де үнсіз, екеуі де кірпік қағар емес.
— Ана бір жаралыны дәрігерге тез жеткізейік, менің қасыма әкеліп отырғызыңдар, — деді кепкелі адам өте бере солдаттарына иек қағып.
Екі солдат аттан түсе қалып:
— Біздің командир сізді өзімен бірге ала кеткісі келеді, жүріңіз! — деп еді, Сайдақ ыршып түсті.
— Қайда?
— Дәрігерге.
— Қайдағы?
— Спасскідегі.
Темірі мен Балқиясын бір көруді көксеп келе жатқан арманы ойлатқан жоқ, Сайдақ арбадан бір-ақ секірді. Ол, тіпті, қасындағы Таусоғармен де, өзін бірнеше күннен бері мәпелеп келе жатқан алдағы арбадағы Айғақпен де қоштасқан жоқ, екі солдатқа еріп кете барды.
Кепкелі адам онымен амандық үшін алысқан қолын босатпастан қасына отырғызды да, ат айдаушыға иек қақты.
Бұл кезде жол жазыққа шыққан еді, манадан ширығып келе жатқан үш боз қаша жөнелді. Сайдақтың көзі қасындағы адамда. Ол кепкесін көзінен көтерместен өзгеше бір бақытты жүзбен күлімсірей қарайды, Сайдақ соған аң-таң.
— Мен сізді бір жерден көрген секілдімін, — деді ол көзін алмастан қадалып.
Кепкелі адам енді ғана кепкесін шалқайта киіп, Сайдаққа қарай қалды.
— Мені ме? — деді ол күлімсіреп, — мүмкін емес, сен мені еш уақытта көрген жоқсың.
— О, ғажап, адамға адам ұқсай береді екен ау. Сіз менің қанды көйлек киіскен бір қымбат досыма ұқсайсыз, — деді Сайдақ кірпік қақпастан қатып.
— Ол кім еді?
— Кирсанов деген большевик.
— Қайдағы большевик? — деді Кирсанов кепкесін шалқайта түсіп.
— Осыдан екі ай бұрын Баранов дейтін меньшевиктің қолынан қаза болды.
— Бекер айтасың, меньшевиктер большевиктерді өлтіре алмайды.
— Олла, біллә, мен өз көзіммен көрдім. Құдай үшін мұны ешкімге әзір айта көрмеңіз.
— Өз көзіңмен көрсең неге құтқармадың?
Сайдақ ауыр күрсінді.
— Кеш сездім ғой, ол иттің кім екенін. Ерте білсем сол өзенге өзін тірідей батыратын едім ғой. Ол иттің баласы өзінше мені де өлтірдім, суға батырдым деп кетті. Ал мен айламды асырып тірі қалдым. Бірақ оның, оғы иығымда әлі келе жатыр.
— Қамықпа! — деді кепкелі адам оның басын бетіне басып, — большевиктер меньшевиктердің оғынан өлмейді, өлсе де тіріледі. Мысалы, мына мен!
Сайдақ сенерін де, сенбесін де білмей,. оның бетіне тесіле қарап үнсіз отырып қалды.
— Сен мені әлі танымай келесің бе? Мая түбінде түнеп жатқан екі пішеншіге тап болып тірі қалған мен сол Кирсанов емеспін бе?
Қуаныштың денені түгел дірілдеткенін Сайдақтың тұңғыш көргені осы еді. Ол дір-дір етіп түк айта алмастан жалғыз қолымен Кирсановты құшақтай алды. Көзінің жасы да қайнап шыға келді.
— Сабыр, сабыр! Ертеңге дейін сабыр ет! Ол күндер әзір құпия сақталсын, — деді Кирсанов оның басын құшақтай түсіп.
— Әй, біреуің барып керуен басына айтыңдар, бүгін осынау өзекке түнесін.
* * *
Қарағандыға жақындаған сайын Таусоғардың, кеудесі қысыла түскендей еді, гудок үні жас жүрегін селк еткізді
— Ататай ай, бұл не сұмдық? — деді ол қорыққанынан Айғақты құшақтай алып.
Сайдақ кеткеннен кейін ол Айғақтың арбасына барып мінген-ді.
— Ол гудок қой, қорықпа, балам, — деді Айғақ оның маңдайынан сипап.
— Гудок деген не?
— Әй, соны өзім де жөндеп айта алмаспын. Әйтеуір, осы бар болғыр бақырғанда, жұмысшылардың жер астына қарай қаптайтынын ғана білем.
— Ә, білдім, білдім. Мұрат ағамның айтатыны осы екен ғой. Қазір түскен жұмысшылар қашан шығады? Мұрат ағам да түсіп кетер ме екен?
— Кім біледі, қазір түссе күн бата шығады ғой.
— Ататай ау, күні бойы жер астында жүруге жаны қалай шыдайды?
— Шыдамасқа амал не?
— Сонда қалай, күні бойы дем алмастан істей ме?
— Оны менен гөрі Мұрат ағаң көбірек білер, сонан сұра! — деп Айғақ қарт жауап бере беруден жалыққан секілденді.
— Мұрат ағамды тауып берсеңіз басқадан өзім де сұрамаймын. Ол осыдан табылар, ә? Әйтеуір Спасскіде жоғын анық білемін. Сонда осында болмағанда қайда? Әрине осында. Солай емес пе?
Ол екі жылдан бері көрмеген ағасын іздесе, Айғақ кешегі солдаттар алып кеткен Сайдақты іздеп, бүкіл Қарағанды аймағын қиялмен кезіп келе жатыр.
— Солардың Спасскіге барамыз дей тұра басқа жаққа кеткені қалай? Масқара басым ай, алдап әкеткен сол Барановтың бандылары болмаса игі еді?
Осындай ойдың құшағында келе жатқан оның құлағына Таусоғардай баланың сөзі кірген жоқ. Ол жауап қатпаған соң, Таусоғарды да күдікті ойлар тағы тори бастады. Бұл кезде кірешілердің алды жұмысшылар тұратын жер үйлерге жақындаған еді. Бет тақтайы сынып, ортасына түскен ескі қабыр секілді үңірейіп тұрған жер үйлерді көргенде, аузын ашып аңырап қалды. Ол жерге шөгіп, мыжырайып тұрған жер үйлердің аңырайған есік, терезелері де, қаңылтыр мұржалары да жанасқанды жалмайтын әлдене бір тажалдай көрінді. Қайсыбір жер үйлердің үстінде нанның күйігін кеміріп отырған кемпір-шалдарды, оған телміріп отырған үстінде іліп алар лыпасы жоқ жас балаларды көргенде жанын шарпыған әлдене бір жат сезім бойын биледі де, жүрегі елжіреп сала берді.
Кірешілер осы жыпырлаған қалың жер үйлерді жағалап, шахтаға қарай бет алып келеді. Жолшыбай талай адамдар кездесті. Дәл бір, осы кірешілердің әкелгені ағаш емес, соларға арнап әкелген азаптай, бірде-біреуі жөн сұрап сәлемдеспейді, тұнжыраған бір ел.
— Ата, мыналар не? — деді жер үйлерге қарап Таусоғар, — мал қора дейін десем төңіректе бір де бір мал көрінбейді.
— Жоқ, мал қайдан көрінсін, балам ау, бұл жұмысшылардың үйі ғой.
— Астағыпыралла, шын айтасыз ба?
* * *
Кеңсе ашылғанша Мұратты тауып алайық деген оймен Таусоғарды ертіп, жұмысшылар тұратын жер үйлерді аралауға шыққан Айғақ, былай шыға бере ақ Мұраттың осында екенін білді. Бірақ қай үйде тұратынын ешкім айта алмады.
— Бала, енді қайттік? — деді көрінгеннен сұрай-сұрай жалыққан Айғақ жүресінен отыра кетіп.
Таусоғар ештеңе дей алмайтынын жаудыраған көздерімен сездірді де, ақырын күрсініп, тына қалды. Бұл енді Мұратты іздерін де, іздемесін де білмей тұр еді, шахта жақтан біреу келе жатыр. Иығында мұқыл қайласы бар, үсті-басы жалба-жұлба біреу, бет аузының күйесінен тек жылтыраған көзі, ақсиған тістері ғана көрінеді.
— Ататай ау, мынау не адам? — деді Таусоғар үрейленген пішінмен.
— Қорықпа, шырағым, шахтадан келе жатқан жұмысшы ғой. Егер сен Мұрат ағаңды жұмыстан қайтып келе жатқанында көрсең танымас едің, — деді. Келе жатқан жұмысшы орыс жігіті екен, оқымаса да орыс тілін сөйлегенде көмейі бүлкілдейтін Айғақ жаңағы жұмысшының алдын кес-кестеп тұра қалды да қолын ұсынды. Жұмысшы оның қолын қаттырақ қысты да, он бойына бір қарап жөнін сұрады.
— Мұрат Шалқаров дейтін жұмысшыны білесің бе?
— Жоқ, оның керегі не еді?
— Мына бір бала соның інісі екен, сонау алыс жол, айлықтан іздеп бізбен еріп келіп еді, таба алмай жүр.
Жұмысшы біраз ойланып тұрды да:
— Өзінің қазір қайда екенін білмеймін, үйі сонау жер үйлердің арғы шеткісі — деп шахтаның солтүстік жағындағы өзекке тақалған жер үйлерді нұсқады.
— Рақмет, шырағым, рақмет, бағың ашылсын.
Бұл екеуінің не дескенін Таусоғар ұққан жоқ, тек Айғақтың: «Жүр шырағым, ағаңды табатын болдық», — деген сөзін естігенде Таусоғар алақайлап, түсі «жаман» жаңағы адамнан жақсы адам жоқтай көріп секіріп-секіріп түсті.
Жолшыбай қайсы біреулердің терезесінен байқамай аттап кетіп, қайсы біреулердің терезесінің балшығын түсіре жаңағы жұмысшы мегзеген шеткі үйге келіп есіктен қарап еді, аядай үйде отыз шақты адам біріне бірі сүйене жатыр екен. Біреулері киінгелі жатыр, енді біреулері киімін тазалап отыр. Есіктен келген таңертеңгі ызғар өкпесін қапқандай қайсы біреулері күрк-күрк жөтеледі. Сүт орнына көзінің жасын жұтып, нан орнына шешесінің жұдырығын асап, ызыңдаған балалар да отыр. Қай бала қайсысының баласы екенін білу мүмкін емес. Басқа бас түйісіп аралас жатқан бір ел. Қайсыбір далаға шыққысы келгендері аяқ салар жер таба алмай жатқандардың үстінен киікше орғып жүр.
— О, қауым, амансыздар ма? — деді Айғақ босағаға жүресінен отыра кетіп.
— Сәлем бердік, ақсақал.
— Өзіңіз де амансыз ғой! — деген дауыстармен қатар:
— Ұйқы бермей, сұңқылдап отырған бұл кім өзі? — деген киімшең жатқан біреудің ренішті үні де шықты.
— Шырағым, ғафу ет. Жұмыстан жаңа келген екенсің ғой, ұйықтай ғой, біз бір осында Мұрат деген жігітті іздеп келіп ек.
— Әй, құдай үшін біреуін ана шалды қақсатпай қуып жіберіңдерші! — деп жаңағы адам тағы кейіді.
— Ақсақал, оның сөзіне ренжімеңіз, ол бүгін «ақ ауыз» болып келген еді. Соған қиналып жатыр. Ал, Мұрат бұрын осы үйде тұрушы еді. Соңғы кезде қайда тұратынын білмейміз, — деді киініп түрегелген бір жұмысшы.
— Ата, «ақ ауыз» деген не? Ауру ма? — деді Таусоғар былай шыға бере Айғақтың салбырап кеткен қабағына имене қарап.
— Жоқ, шырағым, ол аурудан да жаман бірдеңе, ақыңыз деп күнімен істеген еңбегіне бір тиын ақы ала алмай, енбегі еш болғанды айтады.
— Ақысын неге алмайды?
— Қожайындардың міндеттеген жұмысын толық орындай алмағаны үшін, ала алмайды. Ал, шырақ, сенің ағаңды кеткенімізше осыдан, мұнан табылмаса Спасскіден іздеп табармыз. Мен кеңсе жаққа барайын, сен қосқа бара бер.
— Мүмкін бір жерден кездесерміз, сізбен еріп жүрейінші.
— Мейлің.
Екеуі подрядчикті іздей іздей шахты бастығының кабинетсымағына келіп еді, Бакашкин сонда отыр екен. Ол, бір жаңалық хабарды естігендей ентелеп, Акунонның аузына аузы жабысып қалыпты. Ара-арасында:
— Ой құдай ай, ой құдай ай! — деп қутыңдап, қуанышын білдіріп те қояды. Тіпті Акунон иек қақпаса есік алдына келіп тұрған Айғақты ол білетін де емес.
— Саған не керек? — деді ол артына жалт қарап.
Айғақ үн қатпастан өзімен жасасқан шарт қағазды ұсынды. Ол қағаздан қолына бірдеңе жұғатындай шімшіп ұстап жерге тастады да, бетіне көзін бір жүгіртіп қайтадан Айғаққа қарады. Тәрізінде бұрынғы жылмаң қылығының бірі жоқ, мұрнын шүйіріп паңдана қалыпты. Бір көзін баса, бір көзін аша қарап отырды да, қағазды аяғымен сырғытып жіберді.
— Шық! — деді ол есікті нұсқап.
— Heгe?
— Ағашты шартсыз ақ, аламыз.
— Е, онда жөн. Қағазды лақтырмай-ақ, шық демей ақ айтсаң да болады ғой.
— Ақша алатын шығарсың.
— Тиесі ақшамызды неге алмаймыз?
— Мә, саған ақша! — деді Бакашкин екі саусағының арасынан бас бармағын көрсетіп. — Ағашты көрсетілген мезгілінен Неше күн кешіктіргеніңді білемісің?
— Білем, үш-ақ күн асты.
— Үш күннен бері шахтаны тоқтаттық, ол үшін мен мына отырған қожайынға күніне екі жүз сомнан алты жүз сом айып төлейін. Оның үстіне тағы мен сендерге ақша беруім керек, ә?
— Қайтейік, жауыны құрғыр бөгеді.
— Жауын! Қайдағы жауын? Жаз бойы жарты тамшы тамған жоқ, сен кімді ақымақ көріп тұрсың? Көзіңді ағызайын ба осы! — деп жетіп келіп еді, Айғақ «келсең кел» дегендей қасқиып тұра қалды.
— Сен менің көзімді ағыз, мен бұлттың ала, жердің шала болатынын білмейтін сенің мынау ақымақ, басыңдағы шалапты ағызайын! — деді сірескен жағын зорға жазып. — Жөніңе көш, қоразданбай!
Бакашкин не істерін білмей қолын бір сермеді де, Акунонның қасына барып отыра кетті.
Акунон қоңқақ мұрнын қос қосымен тартыңқырап алды да, өздерінің отты өзгенің қолымен көсейтін ежелгі әдетімен Бакашкинге әмір етті.
— Шық деп қана қоймай, шығарыңыз?
— Боқ мұрын неме? — деді Айғақ шыдай алмай. Бірақ ол бұл сөзді қазақша айтқан еді, Акунон оны ұға алмай Бакашкинге жалт қарады да:
— Мынау не айтып тұр? — деді.
— Білмеймін. Ей, не айтып тұрсың? Боқтап тұрсын, ғой, ә? Көзіңді ағызып, миыңды аузыңа түсірейін бе, неге боқтайсың?
— Іздегендерің жанжал болса мен оны да тауып бере аламын, кірешілерді ертіп келсем олар сұсындарыңызды қып-қызыл қан қып қандыра алады.
— Сен онымен кімді қорқытпақсың?
— Қорықпасаң ақысын төлемей көр, елдің қанына толған мынау шертиген қарыныңды бір-ақ ессін.
— Тақсыр, мынау сізді боқтап тұр, — деді Бакашкин Акунонға қарап.
Акунон былқ-сылқ етіп бұрала басып Айғаққа қарай келе жатты.
— Сіз менің кім екенімді, кімнің баласы екенімді білетін боларсыз. Білмесеңіз мынау тақыр басыңызды кеудеңізге қарай қағып жіберсем қайтеді?
Оның, бұл сөзіне Айғақтың қаны қайнап кетті. Ол тас болып түйілген дәу жұдырығын тұмсықтан перуге ыңғайлап:
— Сіз менің басымды кеудеме қарай қағыңыз, ал мен сізді тірідей жерге қағайын. Қане, Эгенсонның ғана емес, иттің баласы болсаң да айқасып көрейін, соқтықшы!
Акунон не айтарын білмей, соқтығуға батылы жетпей мелшиіп аз тұрды да:
— Мен сізбен төбелеспеймін, не істесем де заңмен істеймін. Сіз бұл қылығыңыз үшін заң бойынша жазаға тартыласыз, екіншіден, ағашты мезгілінде жеткізбей, шахтыны тоқтатқаныңыз үшін шығынымызды өтеумен бірге бес жүз сом айып төлейсіз.
— Ол қандай заң, кімнің заңы?
— Оны ертең көресіз.
— Сендер ертең көрсетіңдер, мен сендерге бүгін көрсетейін, Әй, бақылдақ мырза! Мына шарт бойынша ақшамызды төлейсің бе, жоқ кірешілерді ертіп келіп сенімен жұдырықтасайын ба? — деп Бакашкинге түйіліп еді, оның түсі алғашқыдағыдай емес, жылмия бастапты.
— Мына кісімен сөйлесейін де, жауабын берейін, сен бара тұр.
Бакашкиннің жүрегінде нендей арамдық барын Айғақ сезген жоқ. Ол үміттің жетегіне еріп есік алдына шығып еді, манадан бері оны тосып тұрған Таусоғар етегінен ұстай алды да.
— Ататай ай, мына келе жатқан не пәле? — деді Спасскі жақтан келе жатқан машинаны нұсқап:
— Қорықпа, қорықпа! Автомобиль деген осы.
— Автомобиль деген не?
— Кісі мінетін арба.
— Жеккен аты жоқ қой!
— Оның, аты от. Отпен, сумен, маймен жүреді.
— Ой, тамаша!
Таусоғар бір орнынан қозғалмастан аузын ашып тұрып қалды.
Үйде қалған екеу күбір әңгімеге кірісті.
— Буларға мынадай айла істеу керек, — деді Акунон Бакашкиннің иығына қолын асып, — шахты жұмысын біраз күн қамтамасыз етерліктей ағашын ал да, қалған ағашын алудан бас тарт.
— Қалғанын ше, Спасскіге апарыңдар дейміз бе?
— Сіз менің ойыма түсіндіңіз бе?
— Соларға апарып сатсын дейсіз ғой?
— Жоқ, мен сізден гөрі көбірек білемін. Міне көрдіңіз бе, оп-оңай тұрған олжаны білмей отырғаныңызды. Оларға ағаш керегі жоқ, және бұлармен жасасқан шарттары жоқ болғандықтан ағаш ала алмай, бұлар қайта қайтады. Осылай әрі сәріде жүрген кезде, бір тиын төлемей ақ алатын заман да келіп жетеді.
— Иә, жаңа түсіндім. Өкімет тегісінен қолға түскенше соза тұрайық дейді екенсіз ғой, дұрыс дұрыс...
— Қалай, мен сізден гөрі ақылдымын ба, жоқ па?
— Әрине сіз ақылдысыз. Егер сізден ақылды болсам менің орнымда сіз, сіздің орныңызда мен... ым.
— Өзімнің осындай тапқыр данышпан екенімді өзім ғана сезем, онан кейін сезген сіз ғана. Ал, әлгі біздің алжыған әкей ылғи мені ақмақ, ақылың жоқ деп сөгеді де отырады. Өзінің ақылы менің ақылымның бақайынан да келмейтінін білмейді.
— Ол рас, бірақ сіз байқаңыз, әке балаға сыншы келеді, оның да көзі бірдеңеге летіп жүрген болмасын.
— Түк те олай емес, оның ақылың менің. өгей шешемнің астында...
Сол кезде машинаның даусы естілді.
— Тағы сол шығар келген.
— Тоқтаңыз, совдептің жаназасын шығаруға келе жатқан әскер болар.
Екеуі таласа барып терезеден қарап еді, машинаның кабинкасынан түсіп келе жатқан Эгенсон көрінді. Баласы мен Бакашкин жарыса ұмтылып есікке жеткенше қарсы алдарынан Эгенсон ентелей басып кіріп келді де:
— Амансыздар ма, мырзалар. Амансыз ба, ақымағым? — деп баласына қарады. — Зимин қайда?
— Торғай атуға кетті.
— Құдайым, барлық ақымақ атаулыны менің төңірегіме жинап ақ берген екен, ә! Ал мырзалар, мен асығыспын, есікті жап... Россиянық таңы қайтадан ата бастағанын естідіңіздер ме?
— Мен оны сізден бұрын естігенмін. Анық хабар бар ма өзі?
— Бұрын білсең неге күдіктенесіз. Ақымақ, оның анық екені менің өңімнен ақ көрініп тұрған жоқ па? Бірақ мен келгенше дабыра қылмай қоя тұрыңдар.
— Сіз қайда барасыз?
— Ақмолаға барамын, онан келетін әскер бар, соны тез жеткіземін. Әскер, әскер!
Ол қуанғаннан ерсілі-қарсылы кезіп алғысы келіп еді, төрт орындық пен жалғыз столдан басқа түгі жоқ тар бөлме оны еркін көсілдірген жоқ.
8
Қасқырдың ініндей тар, қараңғы үңгір. Сол үңгірдің түбінде қамаудағы арыстандай жұлқынып Мұрат жатыр. Ол жата қалып қолындағы қайламен қоса жұлқынады. Ол жұлқынған сайын қара жер өзегі суырылып жатқандай солқылдайды. Ол ауық ауық тың тыңдап, аяқ жағында жерге шөгіп тұрған май шамның өлеусіреген сәулесіне ауық ауық көз тастайды. Тасталған сайын көздері томағасы жаңа ғана сыпырылған қыранның көзіндей жалт-жұлт етеді.
Ол астынан өткен ызғарды да, қабырғасын қысып, төбесінен басқан забойдың тарлығын да бүгін елейтін емес. Бақыт дүниесін көруге көзі жеткендей, өр көңілмен еркін қимылдайды. Ол қайласы көмірді емес, осы забой секілді — қол-аяғын жаздырмай жаншып келген тар өмірді құлатып жатқандай, кешеден бері ғажайып шаттықта болатын. Оның миына ұялаған ойдың сәулесі — мына ғасырлар бойы жиһанды жалмап келіп көріне төніп тұрған кәрі дүниені құлататын майданды, болашақ жаңа дүниені елестеткендей басын көтерді де:
«Бүгін осында не үшін келдім? Түу, ойым қуанышта, жаным азапта екен ғой менің», — деді ішінен.
Осы кезде жоғарғы жақтан:«А-а-й, а-а-й, кісі өлді-ей! А ай, жүгіріңдер-ей», — деген дауыстар естілді. Мұрат дауыс шыққан жаққа еңбектей жүгіріп келсе, ауыз жақтағы бір пеш құлаған екен. Штректе жиылып тұрған жұмысшылардың:
— Ойпырым ай, енді қайттік?
— Тоқта, дауыс естіледі.
— Шулаған өз құлағың шығар.
— Не де болса аршып көрейік.
— Өзімізді басып қалар! — деген дауыстарынан біреуді көмір басып қалғанын сөзді де, қараңғы қуыстан шыға келіп:
— Неге шулап тұрсыңдар, қалған кім? — деді Мұрат.
— Әлгі бір Максим дейтін бала.
Өзі оған бір құпия жұмыс тапсырған еді, соны сездіріп алып біреулердің қолынан жазым болды ма? — деген ой сап ете қалды да, даусы саңқ етті.
— Максим?!
Мұрат өз даусынан өзі сескенгендей денесі тітіркеніп, құлаған жерге жетіп барды да:
— Атаңның басына қарап тұрсыңдар ма, келіңдер! — деді.
Көрдей тар қуыста соғысқан он шақты адамның бірі көмірді қазып, бірі күреп, бірі тіреу қойып, әп – сәтте тар забойды талқандай ала жөнелді.
— Ойбай, қожайын келе жатыр! — деді кейінгі жақта жалқау қимылдап жүрген бір жұмысшы, ауыз жақта келе жатқан біреудің қолындағы шамның сәулесін көргеннен үрейі қашып.
— Келсе келсін. Қасқыр көрген ешкідей осқырмай күре алдыңдағыны!
Адам үшін жұлқынған дененің қимылынан, жел тұрғандай, забойдың іші қара боран. Ауыз, мұрынға қаптап кірген қара тозаң өкпені қауып күркілдетсе де елейтін түрлері жоқ.
— Бұл не? — деді штрекке дейін алып кеткен тозаңға қақала сөйлеп тұрған десятник, анадайдан дауыстап.
— Көзін ашыңқырап қараса өзі де көреді, жігіттер алаңдамай қимылдаңдар!
— Жұмыс тастайтын правоны кім берді сендерге, ә? — деп ол тепсініп жетіп келді.
— Сендердің бір уыс көмірлерін, қандай, адамның өмірі қандай?
— Онда менің жұмысым жоқ. Егерде жұмыстарыңа бармасаңдар бәрлеріңді де «ақ ауыз» деп есептеймін.
— Тақсыр, тақсыр, мен қазір, мен қазір барайын, міне барайын, ақ ауыз қыла көрмеңіз! — деп жаңағы жалқау тізесін бүгіп отыра қалып еді, Мұрат жетіп келді де желкесінен ұстай алды.
— Немене, арқаңа ер батты ма? Мә, мынаны ал да шап! — деді қайласын соған ұстата беріп, десятниктің қарсы алдына тұра қалды, — сен не дейсің?
— Жұмыстарыңа бармасаңдар, «ақ ауыз» боласыңдар деймін.
— Қан жеген қара ауыздар енді бізге «ақ ауыз» деген атақты таға алмайсыңдар. Көтер өкшеңді. Ана, құдайларыңа айт. Забойдың бәрі тіреусіз құлағалы тұр, тез ағаш берсін, бар, жөнел!
Десятник міңгірлеп тағы бірдеңе дегелі келе жатты да, тұмсығына тақап тұрған Мұраттың жуан жұдырығын көргеннен соң, кейін шегіне берді. Сол кезде қуыстың түп жағынан:
— Ой, жаным ау, тірімісің?
— Амансың ба? — деген қуанышты дауыстарына ілесе Максимнің «уһ» деген үні де естілді.
— Жолдастар! Демонстрацияның уақыты болып қалды. Қазір сыртқа шығындар. Максим, мыналарды өзін бастап кел! — деді де, Мұрат жоқ болды.
* * *
— Ей, біздің Қарамендеге қараған жігіттер, көліктеріңді тез суарып келіңдер, кешке таман жүреміз! — деген Айғақтың даусы шыққан кезде, арбаның астында жатқан кірешілер:
— О, неге?
— Ағашты өткізбейміз бе? — деп шу ете түсті.
— Мына жынды қойдың миын жеген немелер... «шартта көрсетілген күннен кеш келдіңдер» деп ағашты тегіс алмай отыр. Дауласа келіп отыз арба ағашты мұнда қалдырып, қалғанын «үлкен заводтың» өзіне апаратын болдық.
— Мәссаған, «үлкен завод» алмаса қайттік?
— Иә, онда еңбегіміздің далаға кеткені ме?
— Кетпес! Мыналар босқа сандалып отыр. Заводты жапса амал жоқ, әйтпесе ертең ақ көзінен бір-бір ұшар ау осы ағаш.
— Ұшқаны бар болсын, ақша біздің көзімізден ұшқалы тұр ғой. Енді қайттік?
— Алпыс күн азаптанып қатынымызға бір көйлек апара алмасақ өлім ау өзі.
— Апыр ай десеңші, сенің әйеліңнің мінезі шәлкес еді, құр алақан барсаң шыбын жаныңды қуырдақтай қуырады ау, сорлы! — деген сияқты, біреуінен ызалы, енді біреуінен әзіл сөздер кірешілерден шыға бастады.
— Ай, мынау не ей?
Дауылды күнгі теңіздей толқынданған айдынды қалың топ лек-лек болып заводтың оңтүстік жағындағы төбеге қарай жан-жақтан ағыла бастады. Көпшілігі шахтадан жаңа шыққан беті: қайла, күректерін иықтарынан түсірместен, беттің күйесін жумастан, жалба-жұлба киімдерін шешпестен аш күйлерінде ашынып, ашынған сайын айдынданып келеді.
Осылардың қақ ортасында бір қолымен Темірін жетектеп, бір қолымен Сайдақты қолтықтап Балқия да, Сәулесін Қазыбекке көтертіп Баян да, басқаның бәрінен биік болсын дегендей Нұрланын төбесіне көтеріп Тайман да келеді. Бұлар Сайдақтың жау оғынан жараланып келе жатқан хабарын ести сала түнделетіп сонау Спасскіден осында келген-ді. Төбенің басындағы желмен жүйткіп тұрған Қызыл ту өзіне қарай қаптап келе жатқан қалың топқа қол созғандай біресе батысқа, біресе шығысқа көлбеңдейді, біресе болашақты нұсқағандай толқынданып алға серпіледі, біресе сол бостандық іздеген, сая іздеген халықты құшағына алғандай үйіріліп келіп бауырына оралды.
Қайғымен сарғайған сансыз көздер жанары сол тудың нұрымен ұштасқан секілді, ту қалай жүйткісе солай төңкеріледі де, кеудеден шыққан ыстық жалын да сол тудың лебімен қыза түскендей болады. Ызаның оты шашырап тұрған бет пен әлдекімге сермеуге әзірленгендей білеуленіп жұмырланған құрыш білектер бірінен емес, бәрінен де көрінеді.
— О, мерейлерің үстем болсын, халайық! — деді ортадағы топтың алдында келе жатқан дембелше бойлы қара жігіт, өз тобымен қатарласа келе жатқан екі жағындағы топқа бар даусымен айғай салды.
Оған жауап ретінде:
— Айтқаның келсін!
— Бірге болсын! — деген дауыстар екі жақтан бірдей шықты.
— Тегіс келдіңдер ме?
— Тегіс! Сендер ше?
— Біз де.
— Серік ау! «Біз де» дейсің, Жұман жоқ қой! — деді өз тобының бір адамы.
— Жұманы кім?
— Өзіңнің ағайының Жұман ше?
— Ол қайда?
— Таңертең жұмыстан қайтқан, сонан кейін көргем жоқ.
— Әлде естімеді ме екен?
— Солай шығар.
— Оның киімін бір солдат киіп келеді, — деді біреу қасындағының құлағына сыбырлап. Оның айтқаны кешегі солдаттардың бірі болатын. Ол жалғыз емес, бәрі де, тіпті сыртынан қазақ шапанын, басына тымағын киіп алып Кирсанов та осы топтың ішінде келеді. Сау қолымен Қазыбек пен Балқияға сүйеніп Сайдақ та осы топтың ішінде келе жатыр. Осылардың ізін баса, бір жасқа әлі толмаған Сәулесін көтеріп Баян да келеді.
— Мына бір топ біздің шахты жақтан келеді ғой.
— Анау бастап келе жатқан Максим емес пе?
— Сол екен. Әй, бала болса да дана ау өзі.
Сол кезде алдыңғы жақтан Мұрат жетіп келді:
— Жолдастар! Тезірек, аяқтарыңды сүйретпей көтере басыңдар. Алыста қалсаңдар сөз ести алмай қаласыңдар. Тезірек, тезірек!..
Топтың қимылы қыза түсті.
— Уа, халайық ау, байқаңдар, қасапшылар келіп қалып жүрмесін.
Біреу көңілді дауыспен:
— Қасапшының қолында пышақ болса, бізде қайла бар...Айда, бас аяқты! Ей, сендер неге кейін қалдыңдар? Мына жүрістеріңмен социализмнің төрі түгіл, есігіне де жете алмай тозақтың түбінде қаларсыңдар. Бас аяқты. Тез, тез!
— Шырағым, сорпа ішпегеніме көп болып еді, біраз ет алайын деп едім, жаңағының қасапшысы кім екенін білдің бе? — деді топтың ең соңында келе жатқан Жантақ молла, қасында келе жатқан бір жұмысшының бетіне үңіліп.
— Кісі соятын қасапшыларды осы уақытқа дейін көрмей қайда жүрсіз? Былтырғы Төлеутайды ұрып өлтірген кім еді?
— Ой, оны қайдан білсін. «Үйінде бір еңкейіп тұрғаныма татитын түгі жоқ қу» деп өзіңіз жаназасына келмей қойған жігіт десең білер!
Ел ду күлді. Елдің осындай күлкісі мен кекесін сөздері оқ болып қадалғандай Жантақ молла мықшиып қала берді.
Бұл кезде топтың алды ту түбінде тұрған топқа араласа бастаған еді. Молланың ойы басқа топтың ішіне кіруге кетті.
Ел басына түскелі тұрған қасірет бұғауын кері серіпкендей, ұзын сырыққа шегеленіп, обаның үстіне қадалған тудың желбіреген екпіні бұрынғысынан күшейе түскендей. Оның түбінде Галкин мен Баранов тұр, оған Мұрат барып қосылды.
Жұрт дөңгелене келіп үлкен обаны қоршалаған кезде, Мұрат көрнекке көтеріле түсіп:
— Жолдастар! — деді біресе батыс жағына, біресе шығыс жағына қарап. Оның тастүлектің даусындай саңқ етіп тоқтаған даусына елеңдей қалған жұрттың самсаған сансыз көздері енді оның күйе-күйе беркінің астынан жалт-жұлт көрінген көзіне қадалды.
— Жолдастар, менің топты бастар кесем, сөзді бастар шешен емес екенімді көпшілігіңіз білесіздер. Мен тек орталарыңызға бір сұрау тастайын да, сөзді Кирсанов жолдастарға берейін. Мақұл ма?
— Мақұл, мақұл!
— Сұрауыңды бер.
— Алдымен қояр антым бар, — деді Мұрат көзін әр тұсқа бір тастап, — бәріміз де анадан тудық. Айтқанымызды айнымай алған бетімізден қайтпасқа сол аналардың ақ, сүтімен ант етейік.
Мұрат жауап күткендей сәл кідіріп еді, жұрттың:
— Ант етеміз! — деген үні лап етті.
— Өзімізді дүниеге әкелген, әлпештеп адам еткен сол қасиетті анамыздың жүрегіне қанжар салған қарақшыға біз не істер едік?
— Өз қанжарын өзіне жұмсар едім, — деді манағы Максим дейтін бала.
— Мен күніне бір сағаттан сығымдап тоғыз ай, тоғыз күн азаптап өлтірер едім, — деп күркіреді қарт қайлашы Деев.
Мұрат жұрттың қанын осылай қыздырып алды да,
— Тағы да бір сұрау: Совет өкіметінің біздер үшін сол туған анадан айырмасы бар ма?
— Жоқ, жоқ! — деген дауыстар тағы ду етті.
— Соңғы сұрау! Қызылжар, Омбы жақтағы совдептерді құлатып, оның орнына байлар өкіметін қайта орнатып жатқан меньшевиктердің сол бандыдан айырмасы бар ма?
Жұрттың:
— Жоқ! — деген ызалы даусы әрі бірден ду етті, әрі тым айбынды шықты.
— Ендеше меньшевиктерді қай жерде кездессе, сол жерде құртуға ант етейік.
— Ант етеміз! Ант етеміз! Ант етеміз!
Халықтың солай деп үш қайтара саңқылдаған даусының қаһарлы шыққаны сондай, Барановтың өзі де:
— Ант етеміз, — деді міңгірлеп.
Мұрат күлкі үйірілген көзінің қиығымен оның бетіне бір сызып өтті де, топқа қарап:
— Меньшевиктердің дәл осы тұрған біздерге не істегенін, енді не істемек екенін, оларға біздің не істейтінімізді айту үшін сөзді Кирсанов жолдастарға беремін.
Оның басқа Кирсановы кім екенін көпшілік білген жоқ. Тіпті большевик Кирсановтың атын жамылып жүрген меньшевик Барановтың өзі де сезген жоқ. Мұраттың ойын сезбегендіктен, ол сезіктене алмай, жаттап алған жалынды сөздерін ағыла жөнелгелі тамағын ақырын бір кенеп алып:
— Жолдастар! Шалқаров жолдас өте дұрыс айтады, — деді де көмекейіне тас тығылғандай аузын аңқайта ашқан күйі қатып қалды. Өйткені оның қанталаған көзі Кирсанов пен Сайдақтың көзіне түсіп кетті. Ол екеуі құшақтасқан күйі топтың алдына шығып Барановқа қарама-қарсы тұра қалған еді, Кирсанов басындағы тымақты да, үстіндегі шапанды да жұлып тастап, көзін Барановтың көзінен алмастан қалтасынан пистолетін ақырын суыра бастады.
— Сөйлеңіз, Баранов мырза! — деді ол ызалы күлкімен. — Болашаққа жөн сілтейтін революциялық сөзіңізді, сіз ол дүниеге жіберген біз де тыңдайық. Бірақ большевик Кирсанов емес, меньшевик Баранов болып сөйлеңіз. Мүмкін әлдекімнің оғы тесіп кетер, мандатымды өзіме қайтып беріңіз!
Баранов соңғы оғын атып омы да ала елуді ғана арман етіп жан-жағына қарап еді, Галкин мен Шалқаров екі жағында тұр екен. Кирсанов оның сол ойын сезгендей:
— Сіз ойланудан енді кеш қалдыңыз. Халық сізге айтар үкімін жаңа ғана айтты. Халық үкімі орындалмай қалған емес. Қолыңызды көтеріңіз!
Қалық жұрт сеңдей сіресіп тына қалды. Бәрі де үнсіз, бәрі де қимылсыз. Бәрінің де кекті көзі Барановта. Оның шарасынан шыға шатынаған қанды көзі өзіне қарай ауыр салмақпен жүріп келе жатқан Кирсановта.
Сол екеуінен көз алмастан, үн қатпастан тұнып тұрған қалын, жұртты бір жас нәрестенің сықылықтаған күлкісі тербеп жіберді. Тіпті кекті жауымен шайқасқалы бара жатқан Кирсанов та сәбидің күлкісі шыққан жақ-қа жалт қарады. Бірақ ол күлкінің бір жасқа әлі толмаған Сәуленің күлкісі екенін ешкім білген жоқ. Әкесінің кеудесінде жатқан оның, көзі сонау биікте, ұзын сырықтың басында желмен жүйткіп, аспанға құлаш ұра алысқа ұмтылып тұрған Қызыл туда. Ол соған мәз. Дүние қазір сол сәбиге ұқсас еді.