Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 59 минут бұрын)
Мектеп директорларының қызмет мерзімі шектеледі: Білім министрі жаңалықпен бөлісті

Мектеп директорларының қызметіне қатысты маңызды өзгерістер енгізілуі мүмкін. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бұл лауазым енді өмір бойы атқарылатын қызмет болмайды. Министр бұл жаңалықты 24.kz телеарнасының "Түйін" бағдарламасында жеткізді.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазіргі таңда мектептердегі басқару жүйесін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Министрдің пікірінше, мектеп директоры қызметі – бұрынғыдай зейнетке шыққанша атқаратын тұрақты лауазым емес. "Заман өзгерді, басқару тәсілдері де жаңарды. Мектеп директорлығы – өмір бойы отыратын қызмет емес. Бұл лауазымға ұмтылатын білікті, білімді, шығармашыл мұғалімдер көп. Сондықтан сол талантты ұстаздардың арасынан мықты менеджерлер шығатындай жүйе қалыптастыруымыз керек", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Директорлардың қызмет мерзіміне шектеу

Алдағы уақытта мектеп директорларының бір орында ұзақ уақыт жұмыс істеуіне шектеу қою мәселесі қарастырылуда. Ұсынылып отырған жүйе бойынша, қала мектептерінде директорлар алдымен екі жыл қызмет етеді. Егер олардың жұмысы оң бағаланса, тағы екі жылға қызмет мерзімі ұзартылуы мүмкін. Осылайша, бір мектепте директордың ең ұзақ жұмыс істеу мерзімі төрт жыл болады.

Ал ауыл мектептерінде директордың қызмет мерзімі алты жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл бастама қазір арнайы жұмыс тобының қарауында.

Министрдің айтуынша, бұл жаңалықтар бойынша нақты шешім келесі оқу жылы басталғанға дейін қабылдануы ықтимал. Бұған дейін Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің жас ерекшелігіне қатысты мәселелерге тоқталған болатын. Оның сөзінше, жасы үлкен педагогтер кейбір жағдайда цифрлық технологияларды меңгеруде қиындықтарға тап болады, бұл білім сапасына әсер етуі мүмкін.

Жаңалықтар

Жарнама