Photo: Pixabay (https://www.pexels.com/@pixabay) / Pexels
- 10 нау. 2026 21:30
- 21
Алматыдағы «Шайтан базар»: Кино түсірушілер жәдігер ұрлады деген күдік пен сатушылардың мұңы
Алматыдағы «Шайтан базар» сатушылары біреулердің «кино түсіреміз» деген желеумен кеңес дәуірінің жәдігерлерін ұрлап кеткенін айтып, алаңдаулы. Бұл жағдайдан кейін олар кино түсірушілерге келгенде аса сақтық танытады. Тіпті, арзанға сатылып жатқан заттарды да әркім қалағанынша бағасын түсіріп алғысы келетініне налыған сатушылар бар.
«Әнші мен әртістер тым арзанға сұрайды. Кино түсірушілер келгенде, бағаны жерге ұруға тырысады», – дейді сатушы Аспандияр.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Базардың тарихы мен тыныс-тіршілігі
Алматылықтар бұл сауда орнын «шайтан базар» немесе «бит базар» деп те атайды. Бұрын қазіргі Халық Арена орнында «Катализатор» сауда орны болғанда, осы базар сенбі-жексенбі күндері жұмыс істепті. 2015 жылы «Жетісу» базары ашылған соң, базар осы жерге көшірілген. Дәстүр бойынша, ескі-құсқы заттар тек сенбі-жексенбі күндері сатылады.
Сатушылардың көбі – зейнеткерлер. Олар үйіндегі артық заттарын әкеліп сатып, нәпақа табады. Арасында жұмыссыз жүргендер де бар.
Қосымша табыс көзі
Еркін есімді сатушы осы базарда он жылдан бері жұмыс істеп, қосымша табыс тауып жүргенін айтады. «Тәуба. Болады. Көп адамдар келіп, үйіндегі ескі заттарын өткізіп кетеді. Кеңес дәуіріндегі заттар су тегін сатылып жатыр. Сенбі, жексенбі күндері жеті-сегіз мың теңге тауып кетемін. Қыстыгүні аязда базарға кім келеді? Жазда да адам көп келе бермейді. Көктем мен күзде көбірек келеді. Бұл базарда сауда жасап, байып кетпейтінің анық. Тек нан мен шайың болады», – дейді ол.
Туристік орталыққа айналу мүмкіндігі
Еркін базардың антиквариат сатылатын туристік орынға айналғанын қалайды. Соңғы кездері шетелдіктер бұл жерге жиі бас сұғатын болған. «Шетелдіктер жақсы алады. Төсбелгілерді, дүрбілерді, жалпы, ұнатқанын алып жатады. Шетелдік туристер ескі заттарға қатты қызығады. Франция, Германия секілді елдерде де мұндай базарлар дамыған. Жергілікті билік органдары көмек қолын созып, сауда орындарын тартымды етіп жасайды екен», – дейді сатушы.
Оның айтуынша, мұндай базарлар Еуропада туристік орталыққа айналған. Қазақстанға келетін туристерді Сталин мен Лениннің портреттері, кеңес дәуіріндегі заттар, социалистік реализм туындылары қызықтырады.
Қолжетімді киім-кешек
Бұл жерде көне жәдігерлермен қатар, ескі тұрмыстық заттар мен киім-кешектерді де табуға болады. Сатушы Айгүлдің айтуынша, пайда болған соң сауда жасап тұрады. «Сауданың жүруі тауарыңызға байланысты. Өтімді болса, пайда табуға болады. Негізінен, темір-терсек сатамын. Қазір қыстың кезі. Тат басады деп шығармаймыз. Сондықтан қазір ескі киімдерді сатып жатырмыз», – дейді ол.
Оның сөзінше, қолы қысқа немесе уақытша қиындыққа тап болған адамдар осы базардан арзан бағамен киіне алады. «Қазір бәрі қымбат. Сондықтан ескі киімдерді сатып алады. Базар тек сенбі-жексенбі күндері істейді. Тұрақты істегенін қалаймыз. Бірақ сатушылар да, сатып алушылар да осыған үйреніп қалған. Жұмыс күндері басқа жұмыс істейміз. Сенбі, жексенбі қосымша табыс табуға шығамыз», – дейді Айгүл.