Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Сен де бір кірпіш дүниеге..

Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы.

Н.Ә. Назарбаевтың 2015 жылғы «Қазақстан жаңа  жаһандық нақты ахуалда» жолдауынан

Тынымсыз да тоқтаусыз тыныс-тіршіліктің текеметтей түрленген табиғатына, талпыныс пен тартыстың тегеурінді таласына, тағдырдың тосын сыйы мен тосыннан тулаған толқынына, тым тереңге тартқан темірқазығы мен теперішіне, «таяқтан» түйсіндіретін тағылымына, тояттамайтын тағаттарына, түңілте жүріп тірілтетініне, тар жол, тайғақ кешуінен өткізетіндігіне бірден бір себеп-таңдау.

Адам баласы дүниеге келіп, есін біліп, қоғамның жеке тұлғасына айналғаннан бастап ерте ме, кеш пе, жақсы ма, жаман ба, әйтеуір, оған таңдау жасауға тура келеді. Жеке өмірінің, карьерасының, азаматтық көзқарасының, ой-санасының, жалпы айтқанда, «мен қалай өмір сүруім керек?» деген сұрақ негізіндегі өре деңгейінің жауаптарды іс жүзінде әрекетке бастап, қалыптастыратын күші-осы таңдау. Жаңа да жасампаз, адам капиталы ерекше маңызға ие болған бүгінгі заманда бай да бақуатты, бақытты өмірдің негізі-адамның миында, ақыл-ойында, жаңашылдығы мен жеке бас қасиеттерінің артықшылығында, өзіндік «мені» мен даму жолын қалыптастыруында. Ең бастысы, осы айтылғандарды ортақ іске жұмылдырып, жүйелейтін механизм- еңбекқорлығында. Себебі, жетістіктің бір пайызы Микеланджелодан, тоқсан тоғыз пайызы еңбектен тұрады. Әлемдік тәжірибе-бұған дәлел. Міне, осындай таңдаулардың ішінде ең маңызды таңдаудың бірі-мамандық таңдау. Біреулер еріксіз таңдар, біреулер сүйіп таңдар, ол-маңызды емес, маңыздысы-мамандыққа деген махаббаттың бумеранг ережесіне бағынатындығында. Сондықтан оны таңдауда сенімді, ерікті болған дұрыс. Неге десеңіз, әрбір саналы адам қиялының қысыр қалмай, қырандай қалықтауын, арманының ада болмай, алыстарға жетелеуін, Көктөбедей көңілінің көкжиегінің жауапкершілігін өзінің болашақ мамандығына артады. Жалынды жастық шақтың үлкен өмір алдындағы ең бірінші таңдауы осы болмақ. Бұл таңдаудың қалай жасалатынын қарапайым қоғам өмірінің үзінділерінен  аңғаруға болады.

 Апайтөс далада арғымаққа мініп, туған топырағының самалына еркелеп өскен, дана бабалардың ділмәрлығын бойына сіңіріп, сыр бүккен тарихын санасына тоқыған ауыл баласы да, қаланың қым-қуыт қайнаған қазанындағы қала баласы да әрбір күнінің жартысынан көбін алтын ұясында өткізеді.

Алтын ұя деп бекер айтпаса да керек, себебі әрбір баланың қалыптасу үдерісі осы мектепте жүреді. Ұстазының шабытын шыңдап, шыңдарға шабыттандырғанында, таным баспалдақтарымен жетелеп, жаңа соқпаққа салатындығында әрбір жеке тұлғаның тағдыры, тұтасымен алғанда, келешек буынның болашағы жатыр. Түбінде, білім ордасында өмірге деген көзқарас қалыптасады. Ал,өмірдегі көзқарас күші- өмірді өзгертетін негізгі күш.

Әлеумет тұрмысындағы зор кемшіліктердің бірі-әлеуметтің мүшесі-әр адам өз орнында қызмет етпеу, «кетігін тауып, қаланатын жерін анықтай алмау». Естеріңізде болсын: адам қалай болса солай сүйреуге көне беретін тулақ емес, қалай қақса солай домалайтын алланың «добы» да емес. Адам-өзінің ыңғайымен, еркімен қызмет ететін жаратылыс. Кісі іштен туғаннан-ақ белгілі бір өнерге, қызметке икемді болып туады, басқаша айтқанда, әр адамда бір нәрсеге талап, ыңғай, қабілет пен зеректік болады. Біреу бала оқытуға, біреу етік тігуге, біреу әкім болуға, біреу мал бағуға, біреу әскерлікке, біреу жазушылққа, біреу дәрігерлікке, біреу саудаға, біреу дауға ыңғайланып жаралады. Өмірде түк жұмысқа икемі жоқ жан сирек болады, ең болмаса, өтірік айтуға зерек болып жаралады. Кімде-кім  өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен жүріп қызмет етсе, өз басына да әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. «Өз орнында» істеген адамның жұмысы да өнімді, біркелкі болмақ. Қайғы сол: өз жолын шу дегеннен тауып алатын адамдар сирек болады. Адамның көбі ана жолға бір, мына жолға бір түсіп, өмір бойы өз соқпағын таба алмай, сенделумен күні өтеді. Өз жолымен қызмет істемеген адамның жұмысы берекесіз болғаны өз алдына, ондай адам ісіне көңілі жарымағандықтан, өмірге, тағдырға налып, зарланып, бақытсыз жан болып күнелтеді.Әлеуметтік тұрмыстағы кемшіліктер- осы жағдайлардағы үлкен мәселелер болып есептеледі.

Әр адам, бір жағынан, әлеуметтің мүшесі болып, оған  пайда түсіруі керек. Екінші, әр адам өз пайдасын, өз мақсатын көздемек. Бас мақсатын біржола ұмытып, әлеумет қызметіне түгел берілетін адам болуы мүмкін емес, ондай адам кемде-кем. Біреу әлеумет үшін еңбегін көп жұмсайды, біреу бойын тежеп, бас мақсатын көбірек ойлайды. Айырма жалғыз осында. Бұл- адам табиғатынан туатын заң. Себебі, әр адамға тіршілік ету керек. Азды-көпті өмірін әркім өз көңіліндегідей мұңсыз өткізуге талпынады. Сондықтан ең күшті мақсат- бас мақсаты. Қайткенде әрі жеке адамның, әрі әлеуметтің пайдасы бірден табылады? Қай уақытта әлеумет тілегі мен жеке адам тілегі тоғысады?

Әр адам табиғатынан  біткен қабілетіне, ыңғайына, зеректігіне қарай маман атанып, өз орнында қызмет етсе, сонда ғана табылады.

Әлеумет тұрмысы оңдалу үшін, онымен бірге әр адамның тұрмысы түзелу үшін, әр адам қолынан келерлік, пайда берерлік іс істеу керек. Әр адам қабілетіне, ыңғайына қарай өз орнында қызмет етпесе, әлеуметке пайда орнына зиян келтіреді. Екінші, әр адам өз жолымен жүре алмай бөтен жолға түссе, оның бір озаттығы, таланты шыға алмай жерге көміледі. Ондай адам өмірге разы да болмайды. Сондықтан әркім сүйегіне біткен икемділігіне қарай қызмет ету керек. Ол үшін адам өзінде қандай талант, қандай зеректік, қандай қабілет, бір сөзбен айтқанда  қандай ерекшеліктер барлығын білуі қажет. Дәлдеп айтқанда, әр адам өзін-өзі тану керек. Өзін-өзі танымаған өзгені тануға да шорқақ. Демек, қоғам үшін пайдалы әр адам- жігері мол, өзіне сенімді, білікті маман. Осы орайда орта ғасырлық ойшыл Жүсіп Баласағұнның «құт негізі- білік» деген сөзі еске оралады. Яғни, өмірден өз орнын табу- әрбір әлеумет мүшесінің бақыты.

Қорыта айтқанда, бақыттың, бақуатты өмірдің негізі- әр адамның неге арналғанын түсінуінде, армандарын кәсіп білігіне артуында, армандары мен оған қол жеткізуге бағытталған іс-әрекеттерін үйлестіре білуінде. Міне, осындай адам- бақытты, бақуатты.

Умирзақ Мөлдір Жәнібекқызы

№52 М. Өзтүрік атындағы жалпы орта мектептің 9-сынып оқушысы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама