Сеңкібайдың «Ақиық сұңқар» атануы
Сеңкібайдың жас шағында Мойнақ би атасының қолында шәкірт боп жүрген кезі екен.
Бірде алыстан Алтай жағы мен Қаракесектің екі адамы Мойнақ биге даумен келіпті. Әңгіме әліптеріне қарағанда, Алтай жағының адамының ісінде шикілік бар екенін Сеңкібай бірден аңғарып қалады. Жаңағы кісілерді билік тыңдауға кіргізер алдында ол киіз үйдің есігін ашып тұрып:
— Жақсы, ата! деп Мойнекеңді өзіне қаратып алып, оң қолын кеудесіне басып шығып кетіпті. ол есікті жапқан соң Мойнекең сәл күлімдеп:
— Әлгі Боқ тентек не деп кетті? — деп қасыңда отырған ауыл ақсақалдарынан сұрайды.
Олар ешнәрсе сезіп, білмегендерін айтады. Сонда Мойнекең:
— Қарнына тартпағанның қары сынар, — деп кетті емес пе? Дәуде болса Алтайдан келген кісінің дауы анаған текке жабысқан жала шығар, — деп өз байламын айтқан екен.
Ол кезде жесір дауы, жер дауы үзіліп көрмеген ғой. Оның ақыры барымтаға дейін ушығып, елдің береке-бірілігіне, жұрттың тыныштығына кесірін тигізіп, сүттей ұйыған ағайынды алакөздікке дейін жеткізген. Осындай дүрбелеңі үлкен бір даушарға бітім айтуға ел Мойнақты шақырады. Жасы келіп қалған, әрі сырқаттанып жатқан би Сеңкібайды шақырып алып: «Бұл жолғы егесті шешуге сен барасың. Ал сөз реті, дауласушылардың іс-әрекеттеріне қарай мынаны айт, ананы істе!» — деп бұрынғыша тағы да тапсырмалар береді.
Сеңкібай ол кезде он бес жаста екен. Ол билік айтуға аттанарда есік алдына жете беріп, Мойнекеңе бұрылып, тымағын қолына алып, екі қолын қусырып тұрып:
— Жақсы, ата, сауға! Сізге бір сөз айтуға рұқсат па? — дейді. Мойнекең табиғатында түсі суық, ызбарлы адам болған. Ол Сеңкібайға тесіле қарап:
— Айт тілегіңді! — депті. Сонда Сеңкібай:
— Жақсы ата, сіз маған дау-шарды шешеріңде «олай де, бұлай істе» деп тапсырма беріп жатырсыз. Солай үйреткендеріңізді сөздің реті келсе айтайын ба, жоқ болмаса, «Жақсы атам пәлен деп еді, түген деп еді» деген оймен бопсалай берейін бе? — дейді.
Атасы оған жалт қарайды да, сұсты пішінмен:
— Боқ, шіркін, бара ғой; бара бер енді, — деп төмен қараған бетінше үнсіз қалады.
Сеңкібай «Жақсы атасына» ізет көрсетіп, тағзым етеді де, жөнеп береді...
Осыдан былай атқа Мойнақ би орнына Сеңкібай мінеді. Ол ел арасына іріткі салатын қандай да бір шиеленіскен, ушыққан істердің шешімін «Жақсы атасынан» кем таппайтын, әділ қазылығына екі жақ та риза болатын дуалы ауыз би атанады.
Одан кейін біраз жылдар өтеді. Ел-жұртына сыйлы болып, «ожаң» атанған оның орта жастан асқан шағы екен. Бұл Абылай ханның қалың жасағымен бірге болып, жоңғар басқыншыларына қарсы жойқын шайқасқа қатысқан оның үлкен баласы Сеңкібай өз жеріне жеңіспен оралып, отау көтеріп, меншік алған кез болса керек. Он үш жыл — бір мүшелде табиғат құбылысы өзгеріп тұратындай, Арқада тағы бір қатты қыс қайталанады. Енді әкесінің ақылымен сыр бойына жылқы қыстатуға Сеңкібай өзі бас болып аттанады.
Әлгі елге «Оразғұл деген байдың қалың жылқысы келе жатыр» деген хабар лезде тарайды. Бұл сөзді баяғыда қарыз серкештің құны үшін Ожаң шекпенін шешіп берген адам да естиді. Ол сол кезде дәулет құрап, балалы-шағалы болған бір ауылдың ақсақалы атанған екен. «Сеңкібайлар ауылға жақындап келіп қоныпты» деген хабарды құлағы шалған жаңағы кісі жылқышылар қосын әдейі іздеп келіп, амандық- саулық айтысқаннан кейін:
— Сіздің елде сенің әкеңнен басқа оразғұл бар ма? — деп Сеңкібайдан сөз тартады.
Сеңкібай оған өз төңірегінде әкесінен басқа Оразғұл деген есімді адамның жоқ екенін айтады.
— Олай болса осы бет алып келіп, қос көтерген аймақ — менің мекенім. Қыстай жылқыларың осы жердегі кең жайылымда жайылып жата берсін. Оған ақы да сұрамаймын. Тек көктем шыға еліңе қайтар шағыңда маған жолыға кет, — деп жаңағы кісі Сеңкібайға қатты тапсырады.
Жылқы қыстан күйлі шығып, биенің алды құлындай қайтысуға соғыпты. Ақсақалдар оны құшақ жая қарсы алып, қонақ етіп, сый-құрмет көрсетеді. Жайғаса отырып, дәм-әңгіме үстіңде ол:
— Біз осы өңірге ертеден мекендеген ел екенбіз. Әкеңнің таршылықта маған жасаған естен кетпес адамгершілік қарызы бар еді. «Тағдыр сол Оразғұлмен бір кездестірсе» деп армандаушы едім. Міне, бүгін Алла жазып сол тілегім орындалып, тұңғышы сенімен кез болдым, — деп сонау бір жоқшылық арқаға батқан кедей кездегі уақиғаны еске түсіреді.
Содан кейін әлденеге жан сезімі толқып кеткен ақсақал бойжеткен бір қызын шақырып алып:
— Ең жақын көрген досына қыз беріп, қыз алысқан еліміздің ертеден қалыптасқан ата дәстүр-салты бар. Мына баламды сенімен бірге аттандырғалы отырмын. Әкеңе апарып қос. Ел сыйлаған ожаңның аяғында жатса да, қор бола қоймас, — деп көзіне жас іркеді.
Сеңкібай ертеңінде қасындағы досын жылқыға шаптырып, құйрық-жалы сүзілген бір үйірлі кілең қарагер жылқыларды алдырып, қыздың «қарғыбауы» ретінде ақсақалға ұсынады. Сөйтіп, төрт аяғынан тең жорға ақбоз атқа қызды мінгізіп, еліне бет түзейді.
Тарихи шежіреде айтылғандай, 1726 жылы Бөгенбай батыр он мың қолмен Алакөл шайқасына бара жатқанда жолшыбай Қарқаралының жарлы өзенінің бойына тоқтап, жасағын демалдырып, жүздіктерге, мыңдықтарға бөліп, әртүрлі ұрыс тәсілдерімен жаттығулар жүргізеді. Ол сол шақта Қожас батырдың ауылы жайлауда отыр дегенді естіп, «әкесінің досына сәлем берейін және бата алайын» деп арнайы іздеп барады. Оның келгеніне өте разы болып, үлкен қошаметпен қарсы алады. Қожас әулеті бай баласы оразғұлға бірнеше арнайы үй тіктіріп, Бөгенбай батырға ерекше сый көрсетеді. Әсіресе, ожаңның үлкен баласы Сеңкібай қонақты күтуде өте бір ілтипат, тапқырлық көрсетеді. Бөгенбай жас Сеңкібайдың ақылдылығына шексіз риза болады.
Қожас осы жолы Бөгенбай батырға шөбересі Сеңкібайдан зор үміт күтетінін айтады. Сеңкібай қарт атасының тәрбиесінде болып, жас күнінен садақ тартып, найзаласуға, жекпе-жекке шығуға машықтанады. Сөйтіп, ат құлағында ойнап өседі. Он бес жасында ауыл арасындағы, ағайын ішіндегі реніш-қуаныштарына ортақ болып, даулы мәселелерге билік айта бастайды. Сеңкібайдың әділдігі, ақыл-парасаты жас кезінен дараланып, ел көзіне түседі. Бөгенбай батыр жорыққа аттанар алдында Сеңкібайдың түр-тұлғасына, жүріс-тұрысына қызығып, оны өзімен бірге ала кетеді. Бұл кезде Бөгенбай қырық бес жаста болса, Сеңкібай он жеті жаста екен.
Қазақтың сайын даласында шапқыншылық тоқтамаған кез. 1725 жылғы Алакөл шайқасы, 1728 жылғы Шұбартеңіз жағасындағы және Балқаш көлінің оңтүстік өңіріндегі қырғын соғыстар қазақ қолының жеңісімен аяқталып отырған. Орта жүзден жиналған қалың әскерге басшы болған Бөгенбай батыр Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында қалмақтарды ойсырата жеңеді. Нұра даласындағы жоңғарларға қарсы бұл соғыста жиырма жасар Сеңкібай Қонтайшының немересі Әмірсана басқаруындағы он мыңдық қолмен жекпе-жек шыққан ноян Қоренге бетпе-бет келеді. Жас Сеңкібай астындағы «Көкдауыл» атанған атын ойнақтатып, оған қарсы шабады. Ноян Қорен онымен жас шамасы қатарлас болғанымен ірі денелі, қара дәу, атандай жуан, білектей ұзын айдарлы, қабағынан қар жауған сұсты еді. ол: «Ал, қазақ батыры, арманда кетерсің, алғашқы кезекті сен ал!» — деп айғай салады.
«Көкдауылға» қамшы басқан Сеңкібай аттың еті қызды-ау деген шақта сол қолында найзасы, оң қолында Қожас атасының жеті бүктемелі ақ семсері жарқылдап, құйғытқан беті жауға жақындай береді. Қалмақ батыры болса одан аса қауіптенбей күпірлене, менсініңкіремей, жайбарақаттау тұрады. Сеңкібай атын ағызған бетте сол қолындағы емен сапты найзасын ноян Қоренге кезене беріп, ақ семсерін жаудың мойын тұсынан сілтеп қалады. Тегеурінді күшпен сілтеген ақ семсер жау батырының мойнын қиып, басын жерге домалатып түсіреді. Жеңіске жігерленген қазақ қолы «Ақжолдап» ұрандап, жауға қарсы өрлене шайқасады. осы жолы Бөгенбай, Малайсары, Қойкелді жауды оңтүстік-шығысқа қарай ығыстыра қуады. Сөйтіп, жас батыр Сеңкібай бұл жеңіске осылайша жол ашады.
Сеңкібай сынды жас батырын айбынды Абылай хан «ақиық сұңқарым» деген екен. Мұның мәнісі былай:
...Түн ортасы ауа Абылай қалғып кеткен екен. «Аттан! Ат- тан! Жау келіп қалды!» деген үрейлі дауыстан ол атып тұрады. Есік алдына көлденеңдей тартқан атқа қарғып мінеді де: «Баян батыр, өз мыңдығыңмен жауға қарсы аттан, Сеңкібай, сен жасағыңмен орданы қауіпсіз жерге орналастыр. ордаға ие болу сенің міндетің», — деп атына қамшы басады.
Айсыз қараңғы түн. Нөсерлетіп құйған жауын, аттандаған үрейлі үн. Қапылыста тиген жау қолының қанша екенін болжап білер емес, жан-жақтың бәрі айқай-шу. Кім жау, кім өзімдікі екенін ажырату қиын. Толассыз құйған нөсерден қалың қамыс арасы аздап дегділеу болғанымен, оның айналасы мибатпақ. Аузы тұмшалаған, қом салынған түйелер тайғанақтап жүре алмайды. Сеңкібай жасағы қарсы келіп қалған он шақты жауды шаншып тастап, Абылайдың: «Орданы өзеннің батыс жағына көшір!» — деген тапсырмасына кіріседі. Бірақ ол жақ сор батпақты және ашық алаңқай болатын.
Қаптаған жаудың ұрандаған дауысы құлақ жарады. Қалың қамыс ішінен жол тауып болар емес.
Сеңкібай орданы алып шығудың лажын келтіре алмай қатты сасады. Әбден қысылған ол атынан қарғып түсіп, құбылаға қарап қол жайып: «иә, аруақ, Алаш бабам, Қарқабат анам жар бола гөр! Қырық Шілтен әулие өзің қолда!» — деп бетін сипай бергенде, көз алдына саңқылдаған бүркіт елестейді. Ол «иә, аруақ!» деп атына қарғып мініп, жасағына «орданы осылай қарай тартыңдар!» деп өзі бастап қалың қамыс ішіне сұғына кіреді. Бүркіт үні қалай естілсе, солай қарай жүреді. Әйтеуір, өлдім-талдым дегенде таң да атып, жан-жағы қалың қамыспен, өткелсіз жалпақ сумен қоршалған үлкен алаңнан бір-ақ шығады. Сеңкібай жасағымен Абылай және Баян қолын іздеп кетеді. Кешегі батырлар кеңесіндегі шешімдері сәтті болып, жауды қапылыста қансырата тас-талқан етіп жеңіп шығады олар.
Абылай түнгі ұрыс қорытындысын шығарып, Сеңкібайдың орданы қауіпсіз жерге орналастырғанына ризалық білдіреді. Орда ішіндегі адамдар Сеңкібайдың тапқырлығына, қараңғыда жол тапқанына бүркіт үнінің саңқылдағанын өздері де естігеніне алғыс сезімдерін білдірді. Бұл тосын жағдайды білген Абылай: «Иә, Сеңкібай, онда сен айсыз түнде, нөсерлі жаңбырда қалың қамыс ішінде адаспай жүретін түнде ұшатын Алтайдың ақ сұңқары болдың ғой. Бұдан былай сені «Ақиық сұңқар» деп атайық!» — депті. Содан былай Сеңкібай Ақиық қыран, көріпкелі бар киелі батыр атанып кетеді.
Оқуға кеңес береміз: