- 06 қаз. 2018 00:00
- 251
Шаруа күні
Бүгін және «Шаруа күні» деген мейрам еді. Жақсы өсірілген шаруа өніміне өкімет бүгін бәйге бермек.
Әркім-ақ өз шаруасының бір-бір нұсқасын алып келіп, көрмеге қойған. Көрген комиссиялар барлығын жазып- сызып, үлгілі шаруаның алдыңғы бәйгесі мен мақтау қағазын Бадыраққа тағы әкеліп берді.
Жұрт жалпағынан құттықтап жатыр.
Бұларға Бадырақ пен Жеңсік ақ шатырдың астында тұрып, бас иіп ризашылығын білдіреді. Дәл осы кезде Бадырақтың көңілі тасқындап кетіп жан-жағына қарады.
Айналаның бәрі де қалалы қазақ шаруасы. Жұрттың бәрінің өзің ажарлы, киім киісі салтанатты. Біреуден біреудің дәулет артықшылығы жоқ секілді. Баяғы «бай, жалшы» дейтін қазақ ұғымы мұнда жоқ. Бәйгеден келген екі аттың үстіндегі екі пионер немересі жұртқа көсемдік қылып тұр. Қуанышқа кенелген Жеңсігі қасында, автомобилі астында.
Осыны көріп Бадырақтың көңілі тау суындай тасып кетті. Жүрегі ойнақтап тайдай тулады. Өткен бұлдыр күннің азабынан жүректің түкпіріне бұғып қатқан шер-мұңы босанып, бусанып, тас балқып, мұз жібіткендей болды. Өмірдегі бейнет теперішінде темірленген денелерде сіңірлер сықырлап жұмсарып, кедейлікте кепкен жүйкенің жүйесі босады.
Тасқындаған жүректің әлегімен алапты шарасынан алған екі ескі көз жаутаң қағып, кірпіктен қуаныш әсерімен жылым жас жерге төгіліп-төгіліп кетті.
Бұл жас біріншіден — өмірдегі денеде қалған жан жарасының ертедегі езгіндігінің шайындысы еді.
Екіншіден — жаңа дәуірдегі дәулетке тасыған жүректің тамшысымен көпірген көңілдің көбігі еді.