- 02 қаң. 2020 00:00
- 313
Шілдехана баталары
Берік болсын баулары балаңыздың,
Баспай өтсін біреудің ала жібін.
Ата-анаға қолғабыс тигізетін,
Дарыса екен бойына саналы ұғым.
Күн мен апта айлар боп өсе берсін,
Дені сау боп, күштері еселесін.
Ата-ананың тілегі қабыл болып,
Қыдыр Ата оңдасын пешенесін.
Күшті болсын Ата-ана денсаулығың,
Келіп жетті тілеген аңсар күнің.
Бала деген адамның бауыр еті,
Қуанышқып барлығың ән сал бүгін.
Қалжа сойып жасалды шілдехана,
Ат қойылды шақырып таңнан таза.
Есейгенде еліне қорған болып,
Ел сенімін ақтасын осы бала
Әмин, Аллаһу Әкбар!
*** *** *** ***
Сәби келді өмірге,
Сәби келді!
Бір күй кернеп, шалқытты ән іргемді.
Анасы аман босанды, қалжа жесін,
Ат ұстайтын азамат бар үйде енді.
Сәби келді шыр етіп, дүрліктіріп,
Өзінің кім екенін тұрды ұқтырып.
«Сүйінші» - деп
Шапқылап бара жатыр,
Інішегім тайына ырғып мініп.
Той басталды толайым –
Шілдехана,
Бала бақыт,
Мейлі ұл, қыз болса да,
Ағайын айналаға ат шаптырып,
Қуансын «Сүйінші» деп жүз босаға.
Шілдехана қосады ой-тілекті,
Бауы берік болсын, деп
Тойшы кепті!
Өмірге тағы да бір қазақ туып,
Сананы салтанатпен серпіп өтті.
Шілдехана – ұлы той, жан ұшқыны,
Желкілдеді ауылдың намыс туы.
Жігіт болар ертең-ақ,
Аман болсын,
Көрінген таудың бар ма алыстығы!?
Әумин
*** *** *** ***
Көтерейік білекті,
Нұрға бөлеп жүректі.
Бөбекке бата берейік,
Ағынан айтып тілекті:
Сәбиіміз сүйкімді болсын,
Өнер-білімге икемді болсын,
Бәйтеректей бойшаңданып,
Өрен, өршіл, өркенді болсын!
Жақсы жолды таңдасын,
Жамандық тәлім алмасын!
Даналардың дәстүрін,
Жаңаласын, жалғасын,
Шұғылалы шуақты күн кешсін,
Басын сұр бұлт шалмасын,
Қос топшысы талмасын,
Қырандай биік самғасын!
*** *** *** ***
Бір үйдің баласы болма,
Бүкіл елдің санасы бол!
Бір елдің баласы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала!
Өзегің толса, елдің ішін арала.
Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.
Өзіңе-өзің кәміл бол,
Халқыңа әділ бол!
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол!
*** *** *** ***
Аламан болып ер жетсін,
Ақсақал болып төрлетсін!
Қас батырдай көрікті,
Ғұмыры болсын берікті!
Азамат болсын аруақты,
Мінезі болсын салмақты.
Өнері болсын жан-жақты,
Осы айтқанның бәрі қабыл болып,
Аллаһ Тағала берсін зор бақты!
*** *** *** ***
Анасының аяулы
Жарып шыққан кемерін,
Қадам басып өмірге,
Жас шыбықтай бүр жарып,
Жаңа жайған желігін,
Торсық шеке, ақ маңдай,
Өсе берсін бөбегің.
Өмірі ұзақ болсын деп,
Көңілі нұрға толсын деп,
Ақ батамды беремін.
Азамат боп ер жетсін,
Қиын кезде жолдастан
Аямайтын көмегін.
Тойың тойға ұлассын,
Бола берсін дегенің!
Аллаһу ақпар!
*** *** *** ***
Артық болып несібің,
Дастарханың жайылып,
Ашық болсын есігің,
Өре берсін балалар,
Дұшпандарың болмасын,
Күншілдікпен табалар.
Алпамыстай тағы да,
Ұл артынан ұл тапқын.
Жарқыраған Шолпандай,
Қыз артынан қыз тапқын
Құтты болсын бүгінгі,
Шілдехана тойларың.
Тілектерің қабыл боп,
Орындалсын ойларың.
Әумин
*** *** *** ***