Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
«Шымылдық қарағайдағы» шайқас

Ұлы жүз — үйсін мен Кіші жүз — жағалбайлылардан құралған жасақтардың тегеуіріндеріне шыдай алмай, тым-тырақай шегіне бастаған ойраттар Текеліге жеткенде бастарын біріктіріп алып, Жолбарыс сайы, Балдырғанды, Қызқұлаған беткейлерінің солтүстік теріскейіндегі таспадай тартылған табан жолмен шұбырып «тосқауыл» тәсілін шебер пайдаланып отырыпты. Амалы көп айлакер жауды түре қуып, ақтық жеңіске жете алмайтындықтарын аңғарған Ескелді батыр бастаған қалың қол аз-кем мәжілістесіп алған соң, жаудың соңына қозы көш жерден көрініп отыратын қос атты жасақтарды ғана қалдырып, өздері Күйелі, Көксу, Сандықтас, Қарағайлы арқылы жауды алдынан орап түсуге оқталыпты.

Жер жағдайына жетік әскер бір тәулікке жетпей-ақ өздері діттеген Қызылауыздан шығады. Бірақ негізгі күшті арттарындағы Қарағайлының қалың ну орманына жасырып қояды. Қызылауыздағы қақтығыс көпке созылмайды. Қазақтардың шамалы екендіктерін сезіп қалған қалмақтар өңіреңдеп қуып береді. Қашқан қазақтар Қарағайлыға жеткен кезде қақ жарылып, бір тобы оның шығыс жағын, екінші тобы батыс жағын алып, тік қабаққа өрмелей жөнеледі. Қалмақтар да қалмай, екіге жарылып өкшелей түседі. осы сәтті ғана күтіп тұрған Ескелді, Балпық батырлардың Қарағайлы ішіндегі қалың қолдары шыға келіп, екіге жарылған жаудың бастарын біріктірместен тас-талқан етеді.

Ескелдінің тікелей қолбасшылығымен жасалған бұл «Аран» тәсілге қайран қалған қалмақтардың қонтайшысы қолға түсіп тұрып:

— Тайқазандай төңкеріліп жатқан мына беткейдің ну орманын қалай атайды? — депті. Қазақтар «Қарағайлы» десе, ол басын шайқап:

— Жоқ, бұл — біздің көзімізді байлап, көңілімізді қараңғылаған шымылдық қарағай, біз алданып қалдық, — деп бармағын тістепті. Сол күннен бастап, ен жайлаудағы сол жерді тұрғылықты халық та «Шымылдыққарағай» деп әйгілеп кетіпті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама