- 02 қаң. 2020 00:00
- 275
Шыңдау күйі
Ұлы жүздың бір тарауы Сиқым руынан шыққан батыр Тайлақ, тек күшімен емес, сондай-ақ асқан сыбызғышы ретінде танылған батыр болған. Бір күні Тайлақтың аулына мезгілсіз кезде шапқыншылар келіп, жылқысын айдап әкетеді. Тайлақтың Секер және Барақ атты екі ұлы шапқыншыларды қуып кетеді. Барақ соққыдан қаза табады, Секер жауын жеңіп, аулына оралады. Секердің қаза болған ағасын алып келе
жатқанын алыстан көрген сексен жастағы әкесі сыбызғысын қолына алып ойнай бастайды, оның ойынынан:
«Секер менен Барағым,
Айналайын қарағым,
Біреуіңнен айрылып,
Бүгіле жерге қарадым», —
деген Тайлақтың зарлы жоқтауы естілгендей. Сыбызғының үнін естіген Барақтың әйелі бір жамандықтың болғанын сезеді. «Сыбызғы үні құлағыма келмесе екен» деп ол қапаланады. Сыбызғының жоқтауына жиналған жұрт, Тайлаққа көңіл айтады, бірақ ол ойнай береді, ойнай береді. Әлден уақыттан кейін қалжыраған Тайлақ, есінен айрылып, құлап түседі. Ықылас бұл күйді жаңа бояумен нақыштап қобызға салады.