Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 9 сағат бұрын)
Шырғанақ

Шырғанақ (облепиха крушиновидная) — биіктігі 5 метрге жететін, өткір тікенекті, бұталы өсімдік. Қабығы көбінесе қара түсті болып келеді. Жапырақтары ұзынша келген, жіңішке, ұзындығы 8 сантиметр, ені 1 сантиметр, сағақтары қысқа. Өсімдік қос үйлі болып есептеледі. Аталық гүлдері бір бұтақта, аналық гүлдері екінші бұтақта болады. Гүлдері майда, сары түсті, гүл сабақтары қысқа. Аналық гүлдері бұталардың қуысында шоғырланса, аталық гүлдері кіші-гірім масақша тәрізді. Дөңгелек, сырты етті, иісі сүйкімді, қызыл сүйекті жемісі болады. Сәуір-мамыр айларында гүлдейді. Шырғанақ өзендердің жағаларында, ылғалды шабындықтарда, батпақтардың айналасында, тау етектерінде өседі. Дәрі жасау үшін шырғанақтың жемісін пайдаланады. Құрамында орта есеппен 45 процент аскорбин қышқылы, алма қышқылы, каротин, май, ксантофилл, квердетин, Е, В1, В2, Р витаминдері бар.

Өсімдіктің жемісінен шырғанақ майы (облепиховое масло) деген дәрі алынады. Бұл дәрі ғылыми медицинада өте жоғары бағаланады. Әсіресе радиоактивті сәулелердің әсерінен пайда болған терідегі жараларды емдеуде шипалық қасиеті аса күшті. Әйелдердің көптеген ауруларын осы шырғанақ майымен емдейді. Асқазанда және ұлтабарда жара пайда болғанда да осы дәрімен емдеу арқылы жақсы нәтижелерге қол жетіп жүр. Халық арасында шырғанақ жемісінің сулы тұнбасымен асқазан ауруларын емдейді. Ревматизмді емдеу үшін шырғанақтың жемісін жапырағымен қосып қайнап тұрған суға салып, сулы тұнбасын пайдаланады. Шырғанақ жемісінің 45 бөлігін, қанттың 55 белігін алып араластырса, қыста өте жақсы сақталады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама