Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 11 сағат бұрын)
Шоқанның Саққұлақ шешеннен бата алуы

Жазда ауылына демалысқа келген Шоқан Саққұлақ шешенді қонаққа шақырып, бірнеше күн оның тағылымды əңгімелерін тыңдайды. Дидарласу кезінде жас Шоқан қонаққа тосыннан сұрақтар қойып:

— Ақсақал, біреу жолдан адасса, кімнен ақыл сұрайды? — дейді.

— Шырағым, көнеден сұрайды.

— Көне адасса кімнен сұрайды?

— Көне адасса көргендіден сұрайды.

— Көргенді адасса, кімнен сұрайды?

— Көргенді адасса, көптен сұрайды.

— Көп адасса, кімнен сұрайды?

— Көп адасса, көп оқығаннан сұрайды.

— Көп оқыған адасса, кімнен сұрайды?

— Көп оқыған неге адассын! Əлгінде ғана Сатыбалдының Жаманқұлына күдіктеніп, оның Үмбеталы жырау туралы дастанын өзің де меннен сұрап анықтап алған жоқпысың? — дейді шешен. Содан соң:

— Асылы, ақыл — адамды аздырмайтын ем.

Білім — таусылмайтын кен.

Адамның басшысы — ақыл.

Жетекшісі — талап.

Шолғыншысы — ой.

Жолдасы — кесіп.

Қорғаны — сабыр.

Қорғаушысы — мінез.

Біліп туған бала екенсің,

Тумысыңнан дана екенсің, — дейді Шоқанға риза болған шешен.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама