Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 21 минут бұрын)
Шымкентте 2,7 миллиард теңгеге салынған бөгеттің бір бөлігін беймәлім тұлғалар қиратты

Шымкентте Бадам өзенінің бойындағы құны 2,7 миллиард теңгеге бағаланған бөгеттің бір бөлігі беймәлім адамдардың әрекетінен қирап қалды. Жағалауды бекіту жұмыстары аяқталғанына бірнеше ай ғана болғанда, 40 метрдей бетон құрылымы зақымдалды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бөгеттің бүліну себебі

Шымкент қаласының жайлы қалалық ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, белгісіз тұлғалар өзен арнасынан тікелей тас өндірумен айналысқан. Осы әрекеттері салдарынан гидротехникалық құрылыс зақымдалған.

Нәтижесінде, шамамен 40 метрдей бетон бөгетке нұқсан келді. Құқық қорғау органдары кінәлілерді анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ведомствоның хабарлауынша, өзендегі жағдай тұрақты. Қазіргі уақытта жақын маңдағы аумақтарды су басу қаупі жоқ.

2,7 миллиард теңгелік жоба

Жағалауды бекіту жұмыстары өткен жылдың желтоқсан айында аяқталған болатын. Бадам өзенінің бойында 5,3 шақырым жағалау сызығы бекітілді.

Игілік, Жаңаталап және Көкбұлақ елді мекендерінде мамандар өзен арнасын тегістеп, еңістерді бетонмен қаптап, гидротехникалық құрылыстарды нығайтты.

Жобаны іске асыруға бюджеттен 2,7 миллиард теңге бөлінген еді. Жаңартылған бөгеттің су тасқыны қаупін азайтатыны күтілген болатын.

Бүлінген учаскесін мердігер ұйым өз есебінен қалпына келтіреді. Нысан жеті жылдық кепілдік мерзімінде.

Жаңалықтар

Жарнама