Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Сырым батыр мен Нұралы хан (ІІІ нұсқа)

Сырым жасында астында тұлпардан туған торы төбел аты бар жалғыз келе жатса, сәске түсте Жайықтың арғы тұсында Нұралы хан құсбегілері, билері, аңшыларымен сейілде аң аулап жүр екен. Сырым бұларды көрген соң: «Бұл жүргендер Нұралы ханның аңшылары болар, тілдесейін», — деп бұрылып келіп Нұралы ханға сәлем береді. Сол күнде Сырым батыр он сегіз жасында екен.

— Сен қай тұқымсың? — депті Нұралы. Сонда Сырым:

— Қыдырқожаның баласы — Сұлтан Сиық, онан туған — Байбақты, Байбақтыдан Шолан, Шоланның баласы — Дат, Даттың баласымын, атым — Сырым, — дейді.

Сонда Нұралы тұрып:

— Е, Құдиярдың көп тентегінің тұқымы екенсің ғой, — депті.

Сырым:

— Сақбар суының бойындағы әңгі төренің тұқымы едің-ау! Сенің де тұқымға күлгенің бе? — деп, атының басын бұрып алып жөніне жүре беріпті. Содан Нұралы хан бір төбенің басына шығып, билерін, аңшыларын шақыртыпты. Билер, аңшылар қасына келгенде, Нұралы:

— Билер, сіздерді мезгілсіз шақырып тұрмын. Шақырғанымның мәнісі — анау кетіп бара жатқан қазақтың бір бозбаласы келіп, сөйлесіп тұрғанда байқасам, көзінің бір тамыры үш тарау болып бөлінген екен, мұнан не шығар екен деп сөзбен шабына түртіп қойып ем, ойымда «кейін шегінер ме екен» деген едім, шегінбеді, қайта өзіме қарсы ұмтылды. Найзамның ұшын бұрап кетті. Билер, сол бала кім болды? — деп, қасақана қайта сұрапты. Сонда билер өз руындағы пысық жігіттерді атап, пәленше болар, түгенше болар деп бәрі де жігіттерін айта бастапты. Сонда алаша Алтай деген кісі тұрып:

— Тақсыр, бөркіңді алшысынан кигізіп кетті ме? Ол әлі күніне жетпей келе жатыр, күніне жетсе, бөркіңді қырынан да кигізер, қырқып та кигізер... оның аты Сырым болар... — депті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама